Мұрат Әбенов: «Ақпарат бар жерде ұрлық азаяды»
Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов мырзамен сұхбатымыз ақпараттың ашық әрі көпшілікке ұғынықты болуы жөнінде өрбіді. «Мемлекеттік органдар халыққа аса қажетті мәліметтерді жария етпей отырады. Жұрттан жасырады. Міне, бұл - нағыз жемқорлық», - дейді депутат.
-Елбасының биылғы дәстүрлі Жолдауында елімізге қатысты мәселенің бәрі терең әрі жан-жақты айтылды. Менің сұрағым, мемлекет сыбайлас жемқорлықты жоя ала ма?
Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов мырзамен сұхбатымыз ақпараттың ашық әрі көпшілікке ұғынықты болуы жөнінде өрбіді. «Мемлекеттік органдар халыққа аса қажетті мәліметтерді жария етпей отырады. Жұрттан жасырады. Міне, бұл - нағыз жемқорлық», - дейді депутат.
-Елбасының биылғы дәстүрлі Жолдауында елімізге қатысты мәселенің бәрі терең әрі жан-жақты айтылды. Менің сұрағым, мемлекет сыбайлас жемқорлықты жоя ала ма?
-Сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселені үнемі көтеріп щтыруымыз қажет. Тек қана мемлекеттік органдардың қызметкерлері құқықтық жағынан бақылап, қылмыс жасағандарды жауапқа тартып қана қоймай, сонымен қатар жаңаша технологияларды ендіру керек. Қоғамды осыған тарту үшін, халықтың белсенділігін арттыру кезек күттірмейтін мәселе. Әрине, бұндай әрекеттің қажеттіліктен туындап отырғанын ескертіп өткенім дұрыс шығар . «Нұр Отан» саяси партиясының сайлауалды науқанында халықпен кездесуде ұққаным, біздің еліміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес көбіне мемлекеттің шаруасы деп қарайды екен. Мемлекет аңду керек, мемлекет ұстау керек, мемлекет қамау керек, мемлекет заң шығару керек дейтіндер жетеді. Ақиқатын айтсақ, қазіргі заманда мемлекет барлық мүмкіндігін қанша сарп етсе де сыбайлас жемқорлықты жеңе алмайды. Өйткені сыбайлас жемқорлықпен қоғам болып күресетін кез әлдеқашан жетті. Жаңа ақпараттық технологиялар, жаңа әдістерді қолданып, оны барынша ертерек қолға алған дұрыс деп ойлаймын.
- Яғни, жаңа ақпараттық технология арқылы халықты жұмылдыру керек дейсіз ғой.
- Жаңа технологиялар, жаңа әдістер, ақпараттың ашықтығы, оның жариялығы.. Бір сөзбен айтқанда, ақпараттық технологияны дамыту керек. Сол кезде сыбайлас жемқорлықты азайтуға мүмкіндік бар. Мысалы, мемлекеттік органдардың қызметтері жайлы ақпарат өте аз. Кейбір мемлекеттік органдар ақпаратты әдейі қасақана аз таратады. Нақты қандай кезде? Мәселен мемлекеттік органдарға пәтер бөледі. Жеңілдіктер жасайды. Жер береді. Несие береді. Әлеуметтік көмек көрсетеді. Оған ел бюджетінен арнайы қаржы бөлініп отырады. Тапсырмалар беріледі. Соған қарамастан, кейбір органдар ақпаратты аз таратады.
- Себебі неде?
- Өйткені, аз таратса, сұраушылар да аз болады. Сұраушылар аз болса, өзіне жақындау,өзінің ықпалында жүрген, өзіне қажет адамға көбірек көңіл аударады. Ал бөтен адамдарға мойнын бұрмайды. Бұл барып тұрған сыбайлас жемқорлықтың өзі. Себебі мемлекеттің тапсырған тапсырмасы бойынша атқарылған шара туралы ақпаратты жасырып қалу, сыбайлас жемқорлық болып саналады.
Біз қазіргі таңда элекронды пошта, сайт ашып, онымен жұмыс жасауды бастап кеттік. Бірақ сол сайтты ашып көрсеңіз, бүгінгі мемлекеттік сатып алу туралы хабарламалар көптеген мекемелерде тек орыс тілінде жарияланған. Қазақ тілінде ешқандай ақпарат жоқ. Өз кезегінде бұл да сыбайлас жемқорлық. Сол арқылы олар тендерге қазақ тілді азаматтарды қоспай, қатысушылардың санын азайтып отыр. Және құжаттарды да, хабарламаны да, осыған қатысты жұмысты да тек орыс тілінде жүргізеді. Біз бұған кей жағдайда ішкі кемшілік, бәрі келе-келе реттеледі, орнына келеді деп көзді жұмып, жұмсақтық танытамыз. Алайда, іс бұлай жалғаспау керек. Өйткені, бұл да сыбайлас жемқорлықтың бір көрінісі. Мұндай жағдайда азаматтар өз құқығын пайдалана алмайды, діттегеніне жете алмайды. Жалпақ тілмен айтқанда, бизнес сол тендерден мақұрым қалады. Мұны дәл осылай түсінген жөн. Екіншіден, пәтер беруге келсек, неге оны да ашық жариялап, мәселенің мәнісін түсіндірмеске? Аймақтағы өңірлерге барғанда, алдымнан шығатын ең көп сауалдар кезекке қалай тұру керектігі жөнінде. Ол ауруханаға болсын, тұрғын үйге қатысты болсын, балабақша кезегі болсын, бәрі бар. «Неге мені ол тізімге кіргізді?», «Қазір не үшін шығарып тастады?» «Неге менен кейін тіркелген адам пәтер алды?» , «Кезек қалай жылжиды?» деген сияқты тағы басқа сауалдар көп халықта.
- Бұл жерде мәселе тағы да ақпараттың жетіспеушілігі екені белгілі. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов өзінің халыққа есеп беру жиынында осыған қатысты «Егер менің үзеңгілес әріптестерім адаммен адамша сөйлесе білсе, жағдай ушықпас еді» деп еді..
- Рас, халыққа ақпарат жетіспейді. Жауапты адамдар дұрыстап түсіндіруге тырыспайды. Дәл сол сияқты Қазақстанда жер теліміне қатысты ақпарат жоқтың қасы. Ондай ақпарат алу мүмкін емес. Жергілікті әкімшіліктер мен жер қатынастарын реттеп отырған агенттіктерде осы уақытқа дейін компьютерлік жүйе жасақталмаған. Қай жерде қандай жер телімі бар? Қай жер бос тұр? Ол неге бос тұр? Мына жерді кім алды? Қалай сатып алды? Ешқандай ақпарат жоқ.
- Әйтсе де, бірқатар салаларда мұндай жүйе бар. Мүмкін жерге қатысты мәліметтерді технологияға енгізу қиын шығар?
- Білім, мәдениет, салық тағы басқа салалар, айтып кеткен жөн, рас жүйеленген. Ал енді неге жер саласы жоқ? Өзіңіз айтқандай талай саланы технологияға ендірсек, бұл саланы да картаға түсіріп, оны жасау қиын ба? Мен бұны да сыбайлас жемқорлық деп білемін. Агенттік өз ақпараттарын жасырып, осылайша азаматтардың құқын шектеп отыр. Біз соны дұрыс түсінуіміз керек. Мысалы, қазір Ақмола облысы әкімінің сайтын қарап отырмын. Қарасаңыз, әкімдермен қай кезде кездесуге болады, қандай шара өтеді, Президент қандай тапсырма берді, ол туралы не жұмыс істеуге болады деген ақпарттардың орыс тілінде нұсқасы бар, қазақ тілінде жоқ. Бұл жерде әкіммен қалай кездесу керек, сұрағын қалай қою керек екенін білмей жүрген қазақ тілді азаматтардың құқы тағы да шектелуде.
-Осы ретте айтсам деймін, жақында өзім Астана қаласы Әділет департаментінің сайтына кіріп, не себепті бланкілердің қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ деп, департамент басшысына қысқаша сауал жолдадым. Бір қызығы, екі күннен кейін Карлығаш Жүнісбекова есімді азаматтан жауап келіп тұр. Жауап хатында ол өзінің бұл мекемеде осыдан үш жыл бұрын жұмыс істегенін, сұрақ қою бөліміндегі мекен-жай сол уақыттан бері әлі өзгертілмегенін айтты...
- Міне, көрдіңіз бе, бірінші кезекте мемлекеттік органдарды халыққа ақпарат жеткізуде мәжбүрлеуіміз керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті осыдан бастауымыз керек. Себебі ақпарат бар жерде, ұрлық та азаяды. Сондықтан мемлекеттік құпия саналмайтын ақпараттың бәрі ашық, әрі халыққа қолжетімді болған дұрыс.
- Қолжетімді болу керек дейсіз, бірақ ақпарат алу қиын ғой. Қарапайым адам түгілі, кейде біз де қажетті ақпаратқа қол жеткізе алмаймыз...
- Елбасының Жолдауында, ең бірінші ақпарат мүмкіншіліктерін пайдалану керек деген жоқ па? Оны кейбір басшылар дұрыс түсінбейді. Қандай мекеме болмасын, тұрғындарға қажет деген хабарлар олардың сайтында ашық тұру керек. Өзім Жол полициясына қарапайым азамат ретінде шағымдандым. Бір жарым жыл өтті. Әлі жауап жоқ. Сондағы жазғаным - өзім куә болған сыбайлас жемқорлыққа қатысты хабарлама еді.
Байқап отырсам, сол сайттың жұмысы жүйелі түрде ұйымдастырылмаған. Арыз-шағым бөлімінде он жыл бұрын шыққан бұйрықты енгізе салған. Арыз қалай жазылады, кімге жазылады, оның тәртібі қандай, ережесі қандай, яғни бұларға қатысты ештеңе таба алмайсың.
- Есесіне айыппұлды қанша төлеу керек екендігі бар десеңізші...
-Арыз-шағым бөлімін реттеуге оларда мүмкіндік бар. Тек өздері мүдделі болмай отыр. Өзіңіз айтқандай айыппұлды қалай төлеу керек екенін жазады, әрбір ереженің бағасын көрсетеді, қауіпсіздік белбеуін қалай тағу керек екенін түсіндіреді, оның бәрін жариялауды біледі. Бірақ елдің арызын тыңдауға, олардың шағымына жауап беруге құлықсыздық танытатыны қынжылтады. Сондықтан жүйені ақпарат жүйесін жетілдіруден бастаған жөн. Ақпарат мүмкіншілігін пайдалану керек деп, Елбасы осыны айтқан деп ойлаймын.
-Әңгіме барысында құқық жүйесіне қатысты жаңа құқықтық механизмдер туралы айтып өттіңіз. Оқырманға түсінікті болу үшін тарқатып айтсаңыз...
- Жақында «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» автодәлізі бойынша туындаған еңбек дауына қатысты іссапарға барып келдім. Онда азаматтар жұмысқа шықпаймыз деп отыр. Мәселе неден басталған? Жұмыс орнына жаңадан басшы келіп, ол бұрыннан істеп келе жатқан жұмысшылардың құрамына, жұмыс тәртібіне өзгерістер енгізеді. Сонымен қатар жұмысшыларға жаздан бері төленіп келе жатқан 165 литр жанармай бағасын, үнемдеу мақсатында қыстыгүні 115-ке бір-ақ түсіріп тастайды. Шегіне жетті. Бір-екі көлік жанармай тапшылығынан жетер жеріне жете алмады. Жұмыс тоқтады. Мұның басында мемлекеттік қызметші тұр. Яғни, ол -еңбек инспекторлары. Олар еңбек дауына қатысты жұмысшылардың құқын қорғау керек емес пе? Өкінішке қарай, олар мүдделі болмай тұр. Неге десеңіз, олардың жұмысына баға бізде басқаша беріледі. Мысалы, қанша айыппұл салдың? Қанша акт толтырдың? Қанша хат жібердің? Болды. Бітті. Құқықтық механизмдер жоқ.
Сондықтан, еңбек инспекторларынан «Қанша дау- дамайдың алдын алдың?», «Қаншасын тоқтаттың?», «Басталған мәселені ушығып кетпеуі үшін қандай шара жасадың?» ,- деген талаптар қоюылуы керек. Өкінішке қарай, бұл жайында ешкім ештене білмейді.
Қазір дүниежүзінде конфликтология деген ұғым бар. Ол бүтін ғылымның бір бағыты. Нарық экономикасы болғандықтан жеке адам бизнеспен қарым-қатынаста болмай тұрмайды. Сондықтан арада келіспеушілік, пікір қайшылықтары болатыны заңдылық. Осындай қайшылықтардың алдын алу үшін, болған күнде де дұрыс шешімін айту үшін конфликтология әдістерін біз де білуіміз керек, қолдануымыз керек. Қарапайым жол полициясының қызметкерін алайық. Ол көбіне жаяу жүргіншілер өтетін жолдан кейін тығылып тұрады. Жолаушы жол ережесін бұзса екен дейді. Бұл және ағып келе жатқан машина адамдарды қақса екен деген сөз ғой. Неге жол полициясы көрініп тұрмайды? Оны байқаған жүгенсіз жүргізуші жәймен өтуге тырысады. Өз тәжірибемнен білемін, шетелде қызметкерлер әрбір жаяу жүргінші жолының алдына шығып тұрады. Сондықтан құқық бұзушылық аз, тіпті кезеспейді. Бізде тоқтамай өткеннен кейін, алдынан атып шығады, әкімшілік хаттама толтырады. Ереже бұзғанша көрінбей тұратынын елдің бәрі біледі. Себебі бізде көзқарас басқа. Тағы бір мысал айтайын. Біреудің тауық ұрлағалы жатқаны туралы хабар түссе, тиісті орган үндемейді. Ұрлағанын күтеді. Оны үйіне апарғанын аңдиды. Сосын тауықтың піскенін сарыла тосып отырады . Ұрлықшы тауықтың бір санын аузына енді апара бергенде төбеден түскендей тарпа бас салады. Бұл құқықтық ескі механизм. Неге ұрлықтың алдын алмасқа? Әй, саған, сол туралы ақпарат түсті ғой. «Қой, тыныш, абайла» деп ескертсе, ол адам да аяғын тартар еді. Осындай көре тұра көрместік бар. Бұл адамгершілікке де жат іс. Біле білсек, қылмыстың алдын алу деген еліміздің ең басты құжаты Конституцияда айтылған. Сонымен құқықтық ескі механизмдерді өзгерту керек. Бұл біздің мемлекеттің қажеттілігіне мүлдем жатпайды. Яғни сол механизмдерді керісінше қолданысқа енгізген жөн. Қанша қылмысты болдырмадың? Қанша қылмыстың алдың алдың? Қалай шештің? Қалай тоқтаттың? Дер кезінде қалай үлгердің? Сол әдістерді тек біліп қана қоймай заң жүзінде соны тапсыруың керек. Заң талаптары өзгеріп, бәрін алдын алуға жұсаудың уақыты жетті.
- Сізге шағым айтып келушілер көп екенін білеміз. Сонда жергілікті жердегі билік азаматтардың үніне құлақ аспай ма?
- Рас, маған азаматтардан арыз көп келеді. «Өз құқыңды талап етіп арыз жаздың ба?» деп сұраймын бәрінен. Ешкім жазбаған. Біз ешкімнен сұрамауымыз, жалынбауымыз керек. Мәжбүрлі түрде талап етуіміз керек. Қазақшылыққа салынып, арыз жазуды ұят санамаған жөн. Арыз жазу -арызқой атану емес, өз құқығыңды талап ету деген сөз. Егер ұялып арыз жазбасаң, өзгенің құқығын шектеуің мүмкін. Алысқа бармай-ақ қояйық, сенің сауатсыздығыңнан жаныңдағы жақындарың зиян шегеді. Адамда азаматтық сауаттылық болу керек. Айт. Талап ет. Жаз. Егер сен талап етпесең, өзіңе тиісті нәрсені ала алмасаң, сенің балаң баратын бақшаға заңсыз жолмен басқаның баласы баруы мүмкін, отбасың жемеген тағамды, басқаның отбасы жейді, сен тұрмаған пәтерге сыбайлас жемқорлықпен біреудің танысы тұруы мүмкін... Біз халыққа осылай түсіндіруіміз керек. Елбасы айтқан Жолдаудан әркім сабақ алса деймін. «Мен қалай және қандай жолмен өзгеруім керек?» деген сұрақты әркім өзіне қойса деймін. Баласағұн айтқандай, «Менің пайдам қалай болады деп сұрама, елдің пайдасы қалай болады деп сұра, өз пайдаң соның ішінде». Мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрессе, тыс қалуға болмайды. Заң мен құқық қорғау органдары арқылы жемқорлықты жеңбейміз, тек қана қоғам болып жеңеміз. Бастықпын деп жұртты басып тастамай, кішірейіп елге қызмет ететін басқарушы болсын, атқауршы болсын қарапайым азаматтардың белесенділігін арттырып, қоғамға азаматтық сауаттылықты дәріптеген абзал.
- Әңгімеңізге рахмет!
Гүлмира Аймағанбет, «Абай-ақпарат