Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3530 0 пікір 15 Наурыз, 2012 сағат 05:48

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІ

Бұл қысты мен базарға ашық келіп, жасырын қайтып жүріп өткіздім. Соңымнан сол барлаушы ғана емес, қара көрінсе қашып, басқа жолмен айналып қайтып жүрдім. Қашқын Дәмештің ізі суый келе оған шешесін де, Бәйкенді де ерте келіп көрістірдім. Оларды жыластырдым да, күлістірдім де. Жазғытұрым қар кетіп, жер қарая келе Дәмеш менің тапқан төте жолыммен кештетіп үйіне де барып жүрді. Дәмештің өз үйі тұрақ болмайтын нысай байқалды.

Панасыз гүлге пәле көп, ол үйдің қожаларынан да Дәмештің бетіне үңілуші-қызығушы шықты. Шешесі оны "жамағайын туыстың қызы, күйеуі бар" деп жариялап қойыпты. Сөйтсе де, соқтықпалы рай байқалған соң Дәмеш үйіне тым сирек барып қайтатын болды. Саудагер "жаңгүдейдің" торушыларының да толастамауы анық еді. Қызығушысы көп мұндай қылмыстыға түрмеден басқа орын қайдан табылады? Сондықтан әкем, өзіміз сияқты шеткірек қонған қалтқысыз туыстардан қауіпсіз қуыстар тауып, орын ауыстыра қамады.

Екі үйлі жанға бір ауыз үй тарлық етіп, сұлу қылмыстымызды қыспай қамау қолымыздан келмей жүр еді. "Ағылық" көшесінде екі қора жайы бар Шерік дейтін момын ұйғырдың ескілікті аурулы кемпірі әкеме тамырын ұстатып, дәріленбекші болыпты да, Еміл жағасындағы ескі қорасынан екі ауыз үй беріпті. Пәтерге ыңғай өзіміз сияқты қазақтар орналасқан кедей қолды кең қораға біз дереу көшіп орналаса қойдық.

ІІ

Бұл қысты мен базарға ашық келіп, жасырын қайтып жүріп өткіздім. Соңымнан сол барлаушы ғана емес, қара көрінсе қашып, басқа жолмен айналып қайтып жүрдім. Қашқын Дәмештің ізі суый келе оған шешесін де, Бәйкенді де ерте келіп көрістірдім. Оларды жыластырдым да, күлістірдім де. Жазғытұрым қар кетіп, жер қарая келе Дәмеш менің тапқан төте жолыммен кештетіп үйіне де барып жүрді. Дәмештің өз үйі тұрақ болмайтын нысай байқалды.

Панасыз гүлге пәле көп, ол үйдің қожаларынан да Дәмештің бетіне үңілуші-қызығушы шықты. Шешесі оны "жамағайын туыстың қызы, күйеуі бар" деп жариялап қойыпты. Сөйтсе де, соқтықпалы рай байқалған соң Дәмеш үйіне тым сирек барып қайтатын болды. Саудагер "жаңгүдейдің" торушыларының да толастамауы анық еді. Қызығушысы көп мұндай қылмыстыға түрмеден басқа орын қайдан табылады? Сондықтан әкем, өзіміз сияқты шеткірек қонған қалтқысыз туыстардан қауіпсіз қуыстар тауып, орын ауыстыра қамады.

Екі үйлі жанға бір ауыз үй тарлық етіп, сұлу қылмыстымызды қыспай қамау қолымыздан келмей жүр еді. "Ағылық" көшесінде екі қора жайы бар Шерік дейтін момын ұйғырдың ескілікті аурулы кемпірі әкеме тамырын ұстатып, дәріленбекші болыпты да, Еміл жағасындағы ескі қорасынан екі ауыз үй беріпті. Пәтерге ыңғай өзіміз сияқты қазақтар орналасқан кедей қолды кең қораға біз дереу көшіп орналаса қойдық.

Бұл бізге өте қызығарлық тұрақ болды, қызығарлығы - қызу жұмыс басталған жер екен. Тасжол құрылысы мен Емілге салынатын көпір жұмысы басталыпты да, маңайының бәрі жұмысшылар тұрағына айналыпты. Байлар мен "жаңгүдейлерден" аулағырақ, еңбекшілер еңсе көтеріп жүре алатын өз әлінше думанды көше болып шықты.

Бұл көшеде қырсық борату қолынан келерлік үлкен қожа - жол құрылысының бастығы, салбыраған ұзын бурыл мұртты, қара шұбар Құсайын атты егде адам екен. Әйелі мен жалғыз қызы - нағыз қазақ. Атымен кейбір сөз алысы - татар. Бет әлпеті - өзбек. Артық ауыз, ұсақ-түйек ғайбатпен жұмысы жоқ, айтарын шорт айта салатын мінезіне, жүріс-тұрыс әрекетіне, байсалдылығына, үн-әуеніне қарағанда орыс дәстүрлі, жұмысшыларға бір қалыпты, тең қарайтын қарапайым бастықтың қырсық-қырыстық атаулымен сыбайластығы жоқ екені белгілі бола қалды. Үйі біз түскен ауланың дәл алдындағы жол құрылысы кеңсесінде екен. Әкеме әйелінің науқасын қаратып, бізбен байланыса кетті ол.

Сөйтіп, бақылаушылар мен шолғыншылар еркін тіміскілей алмайтын жерге келгенімізді білдік те, Дәмешті оншалық тұмшаламай "ауру көрсете келген жиеніміз" деп кеңірек түрмеледік. Сұлулықтың қылмыстысы бұл жерде де көз тартқанымен, бұл көздер сұқ көзден емес, сойқансыз көздер болғандықтан, суық сезінбедік. Оның үстіне, тасжол жұмысшылары арасында да, Емілдің арғы-бергі жағалауынан да туыс-жекжаттарымыз көп табылды. Тұрмысымыз өте тапшы болғанымен, туысымыз өте тапшы емес. Іргелі елімізге қосылғандай өгейлік сезініп, селкілдей бермейтін болдық.

Дымды жерде қалып шіріген бір уыс талқан мен көгерген бір екі момы көтеріп Бигелді келді бір күні. "Жаңгүдейіне" көрсетіп тұрмыстарын жақсартып тұруды талап етуге келіпті. Ауыр жұмыс пен ащы талқан мүлде титықтатыпты өзін, үні де бітіп сыбырлап қалған екен. Шаупаңдағы жұмысшылар талаптарын жеткізу үшін жұмысты жақсы істеп көзге түскен Бигелдінің халін көрсін деп, "бетке ұстар" ретінде әдейі сайлап жіберіпті.

"Шашты жаңгүдейдің" сәулетті ауласына ағамыз мені ерте барды. Бір күтуші әйел алдымен "жаңгүдейге" хабарлай кірді де, қайтып шығып бізге есігін көрсетті. Кеңсе сияқты мәутілі бірнеше стол, шкаф, алтын потолмен гүлденген кантра меш, жібек перделі үлкен-үлкен терезе түсті көзіме. Үш-төрт "Шәнсіңнің" төр жағында, қара көк костюмді, майланып бір жағына жыға таралған жылтыр қара шашты, семізше ақ ханзу отыр. "Шашты" осы екен. Бигелді ескі шүберек белбеуінен ханзуша жазылған арыз қағазын алып, соған ұсынды. Ескі қағазға оралған шірік нан мен сасық талқанды үстеліне апарып жайды да, шегініп келіп орнына тұрды. "Жаңгүдей" өзінің бергізіп жүрген тамағына көзінің қырымен қарай бере тыжырынып қалып, қолын сілтеді. "Әкет" дегені еді.

- Сіздің өзіңіз көрсін деп жұмысшылар беріп жіберді! - деп сыбырлады Бигелді, - татып көріңізші, адам жеп жүрген тамақ қой!

- Ал деген соң, ал! - деді таяу отырған бір "шәңсің", - көрсеттің, болды!

Бигелді қайта барып қойған нәрселерін жиып алды да, пештің есігі жақ іргесіне әкеліп тастай салды. "Жаңгүдей" суық тәкаппарлығын өзіндегі бар сыпайлығына әрең сыйдырғандай кердиіп, қазақша бір сыдырғы үнмен сұрады:

- Атың кім?.. Мұнда сені кім жіберді?

- Атым Бигелді, мені осы арызға қол қойған жұмысшылар жіберді. Бәріміз ауырып қалдық, ахуалымызды айт деп жіберді. - Сені жақсы деп еді, ең бұзығы сен екенсің, ә!..

- Жоқ, жаңгүдей, мен бұзық емес, мына тамақ бұзық! Бәрімізді қыратын болған соң әкелдім!

- Мына қағазды кім жазды?

- Жабыла жалынып, жолдан өтіп бара жатқан біреуге жаздырдық.

- Өтірік сөз, кімнің жазуы екенін білемін, оны мен тексерім!.. Сен барып істей бер! Мына астық бітпей, жаңа астық берілмейді!

- Олай болса, мен істей алмайды екенмін, ауырып қалдым. Менің ақымның қалғанын бергізіңіз!

"Жаңгүдей" аяқ жақтағы "шәңсісіне" ым қақты да, жұдырығын столға түйіп қалып, шығып жүре берді. Тізімін ашып, есеп-шотын екі-үш рет қағып тастаған "шәңсің" екі сәрі беріп бізді жөнелтті.

Бигелді жалданған шаупаңның бергі жағында - Ақсуда оның жұмыс істесін көріп жүрген Малың дейтін шағын жер иесі хұйзу жолдан сөйлесе кетіп: "Жылдық ақыңа екі ағаш борми, бір ағаш бидай егіп беремін, маған тұр!" деп жабысты Бигелдіге. Тасжол жұмысының айлық ақысынан сол егінді тиімді көрген Бигелді соған барып жалданды. Оның жайлы орын тапқанын артынан білдік.

Бірақ, Биғазы жалданған Рузы қасапшы құмар ойнап, бір-ақ түнде құри ұтылыпты да, үй мүлкін де беріп құтылыпты. Өз құйрығынан айырылған қасапшыдан енді "бос түрме" табылар ма, жас тоқалы да басын ашып кетпекші болып жатқанда, Биғазы бұрынырақ шығып қайтып келді, сөйтіп жол құрылысына жарты еңбек күш болып орналасты.

"Әр ұлттың өз тіл жазуында мектеп ашылады" деген сөз мені елеңдетіп еді де, артынан "оқытушылардың еңбекақысы да, мектеп отыны да оқушылардан алынады екен" деген бір хабар қайғы болып орнай қалды. Мектеп шығындарын төлеп оқуды былай қойғанда, мына тұрмыста қағаз, қарындаш тауып оқу да мүшкіл еді. Он жастағы мені оқыту үшін, тоғыз жастағы Биғаділ кеудесін қақты.

- Қырау, отынды мен таптым, боқ тереміз, оны апам тапалайды, үйге де жағамыз, сенің мектебіңе де береміз! Оның жігерін шешем қостай кетіп, толықтыра түсті:

- Және маңайдан лақ, бұзау жиып берейін, күзге дейін соны өзің бақ! Молданың "жұмалығына" содан бірдеме құралып қалар!

Сөйтіп, мен кәрі кәсібімді қайта таптым. Емілдің көк жасаңы Ілушіндегідей отты еді. Мұнда да лақшы, бұзаушы көп екен. Олардың көбі өзім теңдес "қаңғыған қазақтың" баласы. Тіндәй сияқты зорекер қожайын бұл арада кезіге қоймады, ойын үшін ұйғыр балалар да келіп жүрді қасымызға, олардан бізге оншалық астамдық көрінбеді. Ондайлардың көрінбеуін мен алғашында "біздің көптігімізден" деп ойлап едім, кейінірек одан басқа да жаңалық жағдай бар екенін байқадым.

Бізден ересектеу, Үсен атты бір ұйғыр бала біздің "сарт" деп шақыруымызға шақшия қалды бір күні:

- Сарт демеңдер! Екінші олай айтсаңдар, гуңжуге айдап апарып қаматамын!

Менің достарым күлісе жауап қатты оған:

- Сартты "сарт" демей енді "шарт" деп айтайық па?! Бізді "қазақ" деп шақырсаңдар оған біз намыстанбаймыз ғой!

- "Сарт" қып туғызған әкеңнен көрмей, бізге неге шақшиясың?!

- Біз сендерді "қаңғыған қазақ", "қалендыр қазақ", "қоңқабай" дегендеріңе де көніп келеміз ғой.

- "Сарт" деген аттарың бастарыңа сарт ете түсетін тас емес қой. - Бұл сөздерге Үсеннің өзі де күлді. Ол бізден гөрі сауатты семьяның ескіше болса да оқып жүрген баласы екен, бізге анықтап түсінік берді:

- "Сарт", "қытай", "қоңқузы", "Қоңқабай" деген атаулардың бәрі де қорлау үшін шығарылған. Оған қазір «Гұңанжүй» (КГБ) қатты тыйым салып жатыр. Шың Дубан атамыздың шығарған алты саясатының біреуі - "ұлттар теңдігін" орнату. Енді он төрт ұлт тең болады, бірін-бірі қорламайды. "Ұйғыр", "қазақ", "ханзу", "манжу" өз атымен аталады.

Шың Сысайдың "алты ұлы саясатын" мен тұңғыш осы рет естіп, аңқиып қалыппын. "Алты саясатты" жаттап алыпты өзі, саусақпен бір-бірден санап айтып берді. Бұлардың ішінде мені ойландырмай-ақ түсінікті болғаны - "Совет Одағымен дос болу" деген екіншісі. "Өзі Совет Одағының жәрдемімен үкімет болған, досы емес пе" деп түйе салдым. "Енді мектепте Совет Одағындағы сияқты өкімет шығынымен оқытса екен!" деген үміт-тілеу қосыла қалды оған. Шашты "жаңгүдейдің" жауыздықты шауиеше ақыраңдамай, "жұмсақ" қана жүргізуі де, жол құрылысына Құсайынның бастық болуы да осы саясаттың салдары екенін байқағандаймын.

Тілеуім ол жылы да қабыл болмай, қыс бойы бізге көршілес, бір қаридың үйінде жүгініп құран жаттап шықтым. Менің оқи алуыма 1936 жылдың күзінде ғана мұрсат болды. "Қазақ мектебі" атына "Шәуешек көшесінде" мешіттің ауласынан екі ауыз үй, Төрт көшенің батыс жақ аузындағы жесір қатынның тап-тар ауласынан бір ауыз үй беріліпті. Мен сол жесір қатынның үйіндегі "бөлімше мектепке" түстім. Бір-екі жылдан бері татарша, ұйғырша-қазақша аралас тілде оқып жүрген ауқатты семья балалары мешіт үйіндегі негізгі мектепке қабылданыпты. Олардың мұғалімдері де әдемі киінген, ыңғай сұлу мұрттылар екен. Ал бізді оқытуға бөлінген мұғалім мен бір молда сүмірейінкілеу, өздерінің жалба-жұлба қораш оқушыларына лайық қораш мұғалімдер болып көрінді. Қораш болмаса "тілашары" мен "жұмалығы" жарытымсыз, ыңғай қораштардың балаларын оқытуға бөліне ме, негізгі мектептің оқушылары біздің мектептің алдынан тұмсықтарын көтере өтеді. "Диуана мектебі" деп қорлай өтеді.

Мен сол "диуана мектептің" сынауына үш күнде-ақ толдым да, бірінші кластан екінші класс қатарына көштім. Екінші кластың міндеттісі - Атабай дейтін мұғалім екен. Ана тілі мен есеп сабағын екі класқа да сол кісі беретін. "Байтұрсынов" емлесі маған бейтанысырақ болса да, дін сабағын бұрын біраз көргенімді байқап, өз класының орындығына отырғыза қойды ол. Нәбиолла атты молдамыз қынжылды оған:

- Бар тәуір шәкіртімді сен тартып әкете берсең, мені тотитады екенсің! - деп күлді.

- Осы бір бөлмеге отырған бар оқушы екеумізге ортақ емес пе, молдеке? Бірер айға жетпей-ақ қатарға қосылып кететін баланың алдын тоспаған жөн. Қайда отырса да дін сабағын сіз бересіз, "сенікі", "менікі" дегенді қоялық!..

Қытымыр екенін үш күнде білдіріп қойған молданың сабағын жақсы оқып жүрсем де, оған үрке қарап отыратын болдым. Ең қорқынышты белгісі - алға қарай итіне біткен шоқша қара сақалының сабағынан мүдірген шәкіртке ұмтыла қалтырайтындығы еді. Шәкірттер пешке жағуға әр күні қолтықтап келіп жүретін шидің ең ұзынынан іріктеп ширатқан өрме таяғын әмсе білеп отырып оқытатын. Ол: "Үй, дө...рыт аяқ!" деп қалғанда шәкірттердің бірі қайқаң ете түспейтіні қалмайтын. Өйтетіні, сол сөз шығысымен жуан өрме ши біреудің жауырынына шарт ете түсетіні, күн күркірегенде найзағай жарқылдағандай, бәріміздің арқамызға белгілі құбылыс еді.

Мен бұрын күннің күркіреуін "құдайдың ақыруы" деп түсінсем де, оның не деп "ақыратынын" ұқпайтындай болатынмын. "Тегі, құдай тағала да пенделеріне найзағай ойнатарда "өйт, дө.. ырт аяқ!" деп ақырады екен ғой! Деп ойлап, бұл тілді осы молдадан ұққандай сездім. Бірақ, күлкімен емес, тітіреп отырып "түсіндім". "Бір жауырынға шарт ете түскенде бар жауырын бүлкілдеп кетеді. "Найзағай" түсіп жатқан жаққа қарай алмай, бәріміз де бұғамыз. Мұнымызға Атабай мұғалім күлетін.

Бір күні менің алдымда емле жаздырып отырып, ақырын ғана сұрады ол:

- Сен де таяқ жеп пе едің?

- Жоқ, мені ұрмады.

- Онда неге дірілдеп отырсың?

- Білмеймін.

- Сен қорқақсың ба, ұялшақсың ба?

- Екеуі де, - деп мен тұқыра түстім. Мұғалім күліп жіберді:

- "Екеуі де" болып қалай күн көрмексің? Соның екеуі тұрмақ біреуі де болма, қорқарлық қылмысың болса, қорыққан жөн. Ұятты ісің болса, ұялу тіпті дұрыс. Ал, бекерге қорқа беретін болсаң, бір күні жүрегің қабынан шығып кетпей ме! Тектен текке ұяла берсең, өмір сүруге қабілетсіз ынжық боласың! Тұрмыс деген - күрес. Күресе білмесең күн көре алмайсың. Осы сөзді мен бәріңе айтамын! - деп мұғалім оқушылардың бәрін жағалата қарап шықты. - Қорқу да, ұялу да артық болып кетсе, жамандықтарың болады.

Екі-үш шәкіртін қатарынан шартылдатып өткен молда да бұл сөзді тыңдай қалып еді.

- Не бопты? - деп мұғалімге қарады.

- Сіз ана жаққа ақырғаныңызда, мына жақтағы балалар қалтырап жазуларын бұзып алды.

- "Тышқақтың арты өзіне аян", - деп күлді молда, - бұлар да ана үшеуінің ісін істеп отырған ғой. Өзара сөйлессеңдер, айтқанды тыңдамасаңдар, бәрің де ұстаз таяғынан құтыла алмайсыңдар, қорыққандарың жақсы!

- Молданың сабақ уақытында сөйлеспеңдер дегені дұрыс! - деп құптады мұғалім, - егер ұқпағандарың болса бізден сұраңдар! Сұраудан тартынбаңдар, түсіндіру біздің міндетіміз. Өз алдарыңа сөйлесіп кетсеңдер болмайды. - Күннің күркіреуіндегі әлгі бір мөлшерімді сұрап алғым келіп, молдаға қарай беріп едім, оған батылым жетпеді. Емле жазылып болысымен алдымдағы мұғалімге ұмтыла түсіп, ақырын ғана сұрадым:

- Мұғалім! - деп қалып едім, ол да ұмтылып, еңкейе тыңдады. - Күн күркірегенде "дөрт аяқ" деп күркірей ме?

- Не дейсің? - деп күлімсіреді мұғалім.

- Жазда күн күркірейді ғой, бірдеме деп ақырғандай естіледі ғой, сонда ол да "дөрт аяқ!" деп ақыра ма?

Мұғалім күліп алды да, аңыра қараған молдаға білдіргісі келгендей, күннің күркіреуін екі тасты бір-біріне ұрғанда шығатын дыбысқа ұқсатып түсінік берді.

- Оны кейін жаратылыс ғылымынан оқисың, - деді сонан соң, сөзін күбірге айналдырып жалғастырды, - бірақ молдаға мұндай сұрау қойма, мені мысқылдады деп түсінеді ол! Өзінің оқытып жатқан сабағынан білмей қалғаныңды ғана сұра!

Сөйтіп, мен бұл екі ұстаздың екі түрлі қалыптан шыққанын түсіне бастадым. Бұл жәйт "жұмалық" пен өздері көшіріп беретін оқулықтарының ақысын алуда айқын көрінді.

Әр бейсенбі күні әкелген тиын-тегеш жұмалығымызды молда шұқшия қарап, санап алады да, азырқанса бізге алара қарайды. Көзінің сондай ағын көріп қалған оқушы сабақ уақытында "су ми", "көзсіз", "ақпақұлақ" деп аталады да, сол күні оған "найзағай" көп түседі. Разы еткен оқушы маңдайы жарылып, "озып" шыға келеді.

Ал Атабай мұғалім санағаны былай тұрсын "жұмалыққа" қараудан да ұялады. Сондықтан, әкелгенімізді терезенің алдына қоя саламыз. Сабақ бітіп қайтар кезде қызарыңқырап барып жиып алады.

- Биылша осылай болды, балалар, - деді бір күні жиып алып жатып Атабай, - келер жылы үкімет ақысы шыққан соң бұл ұяттан құтылармыз!.. Қазір де молда екеуміздің айтарымыз: бізді разы етеміз деп ата-аналарыңды қинап қоймаңдар, шама шарқына қараңдар!

Мұғалім бұл сөзге келгенде сол молданың құйрығы қоныс таппай қипыжықтап кетті. Күле сөйлесе де күйе тойтарды:

- "Құдай берсе, қойныңа сал" дейді әпәндім, өзіміз жиып отырғанымыз емес, хукумат ал деп отыр ғой!.. Шәкірттердің тауанын қайтарма, бұлардан алмай кімнен аламыз.

Атабай мұғалім күлімсірей қарап сөйледі бізге:

- Молдекеңнің айтары әлі бар, балалар, қазір есіне түспей тұр, мен қосып қояйын "жоқты тап деген - кәпір" демекші бұл кісі.

- Иә, ол да бар ғой,  бірақ, бір теңгесі жоқ ата-ана баласын оқуға бере ме, "барды жоқ деген - кәпір" деп алдымен айтылатын.

- Иә, ол да дұрыс, - деді мұғалім оған да күліп, - бірақ, "барға - қанағат, жоққа - салауат". Жұмалығың аз деп жұмаламаймыз, көп деп те көкке көтермейміз. Әйтеуір қайсысың жақсы оқысаң, бізге соның жақсы! Естуімізше, бейсенбі күннің жұмалығы үшін сейсенбі күннен бастап қыңқылдайтындарың бар екен, ол дұрыс емес. Бар болса әке-шеше өзі-ақ береді, бере алмай қалған күні үндемей жүре беріңдер! Оқыта білген молдаларың кешіре де біледі.

Оқуға уақытында түсе алмай, ақыл тоқтата келген өңшең естияр балалар масайрап жымиыса қарасты бір-біріне. Ширыққан молданың есіктен алдымен сақалы шыққанда ептеп күлісіп те алдық. Артынан ілесе шыққан Атабай мұғалімге молда ашуын білдірді:

- Әпәндім, "оқыта білген молда ақысыз да оқыта біледі" дедің бе ақырында! Жұтқыншағы жоқ, нан да жемейді деп қосуың ғана қалды ғой!..

Мұғалімнің күлкісі ғана естілді. Не деп жауап қайырып бара жатқанын ести алмай қалдық. Бірақ, дәл осы түйеше адымдап жүретін мол денелі, қызыл сары атандай Атабай болмаса, биыл да оқи алмайтындығымды түсіндім.

Расында да, осы ұстаз, өз жолында жүк қалдырмайтын нардай, молданың үлкен көмекейіне көлденең тұрып алған бөренедей көрінді бізге. Тері шалбары мен көнекөз қазақи күпісінің қыс бойы бір де ауыстырылмауынан тұрмыста қаншалық тапшы адам екендігі күнде мәлім бола тұра, ақша керек ететінін бір де көрсетпейді. Басқан жерлерінен құйын ойнатып, боран соқтыратын көп "дөрт аяқтың" арасында бір рет ашуланғанын да көрмеппін. Солай бола тұра сөзді  тыңдатады ол. "Күн күркіреп", "найзағай жарқырап" тұрғанда да тәубесін ұмыта беретін тынышсыз "пенделер" Атабай мұғалім сабақ өткенде тып-тыныш отыратын болды. Сыйлау ғана емес, оны біз анамыздай аяймыз. "Жақсылықты білетін естияр оқушылар қасында отырған "есуасты" қабағымен иә, шынтағымен шектей салады". Сөзі де, жазуы да тайға таңба басқандай ап-анық, аз сөйлесе де нақ сөйлейтін осы алғашқы ұстаз зерегірек оқушыларға ғана емес, кейінірек бар оқушыға осындай аяулы болып кетті. Өзінің әрқандай оқушысына тең қарайтындығы әрқайсымызға терең әсер қалдырыпты.

Бойларына тоғытпайтын сұлу мұртты мұғалімдер, сол қыс аяқтай бере "диуана мектебіне" келгіштеп, біздің сабағымызды, өлеңімізді тыңдап кетіп жүрді де, "қораш" мұғалімімізді ортаға ала бастады. Артынан байқасақ, "негізгі мектепте" оқушылар айтатын ән-өлең жоқ екен. "Диуаналардан" соны үйреніп қайтуға келіп жүріпті. Қыстай үйренген төрт-бес өлеңіміздің әнін бізге айтқызып үйреніп, өлең сөзін мұғалімімізге жаздырып әкетті. Бәрі де Атабай мұғалімнің өзі шығарған өлеңдері екен.

Бір күні сұлу мұрттылардың үшеуі бір-ақ келді. Біреуі бізге сабақ өтіп, екеуі мұғаліміміздің екі жағына отырды. Үшеуі үш қарындаш ұстап күбірлесті де, үнсіз тұнжырап ұзақ отырысты. Екі жақтағы екеуі бір жазып, бір өшіріп, бастарын сипалай берді де, Атабай мұғалімнің астаудай басы бұрқырап кетті. Біз мүшкіл халге душар болғандықтарын білдік. Екі рет демалысқа шығып қайтып кіргенімізде бізге үнсіз отырып сабақ пысықтауды тапсырды да, төртеу болып күбірлесіп, жазғандарын талқыға салды. Бұл күні "дөрт аяқты" босырақ айтып, "найзағай" түсіре алмаған молдамыз да келіп, арттарынан қыдиып тұр еді.

- По!.. Бәрің өлең жазып, Абай болыпсыңдар ғой, - деп жымия тігілді.

- Жаңа үкімет Абай болмасымызға қоятын емес, молдеке! - деді Бірке атты кексе мұғалім, - он екінші апрель мерекесіне оқушылар тым болмаса бір күн кешке айтуға жететін ән керек екен. Мына сары атамның өркешіне келіп жабысып отырмыз, мақтау-алқау сөзіңіз болса мынаған біраз қосыңызшы, жеткізе алмай отырмыз!

- Жаратушы тәңірге де бір ауыз мақтау өлең шығара алмай жүргенде менен не шықсын! - деп сықылықтай күлді молда, - "қиссасіләмбия" мен "Бәдуамды" айт десең мен дайынмын!..

- Шыңдубан жанабына оныңызды қимайсыз ғой бірақ, - бір күлісіп алды да, өлеңдеріне қайта үңілісті олар.

- Сенің мынауың ауызға толымды сияқты, осыны басынан алайықшы! - деп Атабай мұғалім үлкенірек қағазға қайта реттеп, оқи көшірді:

 

"Данышпан көсем Шыңдубан,

Бостандық күнін туғызған..."

 

Молда бұған да бір сықылдап алды:

- Бәсе, сары атаныңыздың аузы толарлық қаңбақ табылмай ашығып отыр екен ғой!

- Молдаеке, балалардың сабағына қараңызшы! Біз тойып алып бір-ақ тұрамыз енді.

"Толымды мақтау", "толымсыз мақтау", "сиымды", "сиымсыз" десіп отырып, жазғандарының бәрін сыйғызған мұғалімдер, бір шумақтың үстінде ғана қағытпа пікірлер жүргізді.

 

"Жүз отыз қазақ баласын,

Оятып сезім-санасын,

Мектеп беріп оқытқан,

Керім Шиянжаң жасасын!"

 

- Мектепті бар ұлтқа Шыңдубан ашқызып отыр ғой, қазіргі қарайған, бар табысыңызды Дөрбілжіннің Керім Шияжаңына (әкім) ғана жазсақ, бұрмалағандық болып шықпасын?!

- Дубан жанабы мына жесір қатынды қайдан біледі! - деп молда төтелей соғып жіберді, осы Шиянжаң болмаса мешіттің анау үйі де, жесірлердің мына үйі де бізге биыл жоқ еді.

- Иә, ұлы данышпанның ұлы қамқорлығын бастан-ақ айтып келеміз ғой, мына кісінің еңбегі де қалмасын!

- Үлкен мектеп салғызып бергенде үлкен адамға арнап жазармыз, қазірше осылай тұрсын! Біреу көлденеңдеп мектебің қайсы десе, ұлы көсемге ұят болып қалар!

- Үй, осы мектеп жөнін айтып "жасасын" десек, мына кісі де ұялып жүрмесін, осы шумақ қалса қайтеді?!

- Жоқ, қалдырмайық! - деп күлімсіреді Атабай мұғалім, - ұялатын жәйт екенін білетін, қолынан келетін адамның ұялғаны пайдалы, қосалық! Бұл өзі біздің жай-күйімізді аян ететін шумақ. Балалардың несі кетеді, айта бермей ме! --бұған бәрі күлді де, келісе қалды.

Шың Сысай өкіметі құрылған он екінші апрель мерекесін біз сол жылы осы өлеңмен құттықтап шықтық.

Алдымен "негізгі мектеп" оқушыларына қосылуға барып едік. Олар мерекеге біркелкі жаңа көк киім киіп дайындалыпты, бізбен бірге тізілуге намыстанып, "бөлек жүрсін!" деген күңкіл шығарды да, шулай жөнелді:

- Мұғалім Әбзи, аналардың киімі бір түрлі екен, бөлек жүрсін!

- Халпе әбзи, аяқтарын да бірдей алып жүре алмайды!

- Біздің тәртібімізді бұзады, молда Әбзи!

- Халпе әбзи, айырым мектеп қой, айырым жүрсін өздері!

- Қараңызшы, диуана сияқты, осылармен қайтып бірге жүре аламыз!

- "Диуана мектебі бізден аулақ жүрсін" Кет, пәлекет!.. Шайқы-бұрқы!..

Олардың мұғалімдері де күлісті бұл сөзге. Бәрі Атабай мұғалімді әжуалап тұрғандай көрінді. Мерекеге дайындаламыз деп ата-ананың мазасын алмауды айтқан сол кісі болатын: "жаңадан жаздық киім ала алатындарың мерекеге қарсы көк пұлдан алғызып киіңдер! Жаңадан ала алмайтындарың бұрынғы киімдеріңді жуғызып, жаматып кисеңдер де болар!" деп еді бізге. Мырза сабақтастарымыздың айбарына шыдамай біз де соған қарастық. Мұғаліміміз "еш оқасы жоқ" дегендей күлімсіреп қана, Исабек дейтін кәртең мұғалімге қарады. Мектеп бастығы сол кісі екен.

- Оқушыларымыздың халі осы!.. Жә, сіз не айтасыз? "Диуани мектебі" деген атпен "айырым", "аулақ" жүрейік пе?!.. Олай болса, қақпадағы мектеп туының біреуін бізге бере тұрсаңыз болғаны, біздің жігіттер де туысқансырай қоймас!

Исабек оқушыларының алдына келіп, ызбарлай қарап шықты.

- Сендерге айтарым, мектеп деп кім ұқтырды?.. "Диуана мектебі" дегенің қайсысың? Бұлар сендердің сабақтастарың! - деп ақырып жіберді Исабек, оқушылары жым-жырт бола қалды, - намыстанғандарың былай шық! - оқушыларынан ешкім шықпай қойған соң бізге қарады, - сендердің киімдерің ұқсамайды, мыналарға жалғасып, артына тізіліңдер! Егер енді бөлектейтіні болса, маған дереу мәлімдеңдер! Направ-во! Шагом... марш! - деп команда берді онан соң.

Ілушіндегі айбарлы Тіндайдың командасынан мына кісінің командасы жұмсақ та, ұғынықты естілді маған. Сонысы болмаса, сәулетті "армияның" артындағы шаңдай болып, көңілсіз ілестік. Лек-лек болып ағылған оқушы мен халық "Шәуешек көшесінің" басындағы "ұйғыр мектебінің" үлкен көшесіне қараған дарбазасы алдына келіп, сап-сабымен тұр екен. Қып-қызыл болып жасанған мереке сахнасы, керме тулар, "алты ұлы саясаты" бейнелейтін алты бұрышты жұлдыз сызылған қызыл тулар бүкіл көшеге қызыл дүние орнатып, қызыл нұр шашып тұрғандай көрінді. "Диуана мектебінің" оқушыларынан басқа адам біткен мәз-майрам. Ыңғай жақсы киінген жұрттың ішінде біз ғана диуана сияқты  бұрынғыдан да жүдеп тұрдық, жамаулы қоңыр көйлек пен шоқпыт қара сымыма қараудан өзім ұялып, сахна жақтан көз алмай қойдым. Сонда да әлгі бір өлеңімізді әндетіп тұрдық. Әр ұлттық мектептер өз тілінде өлең айтып, ұрандатып-ұрарлатып кетті де, біздің өлеңіміз өзімізден басқаға естілмей қалды.

"Шиңжияң сөйлейді" деген сөз естілісімен сахнадан дөңгелек қара сақалды, жеңіл қара шұға пәлте-шляпалы, имек қара таяқ ұстаған келбетті бір ұйғыр көрінді.

Шатырлаған қол шапалаққа ол да қол шапалақпен жауап қайырып тұр.

- Дөрбілжінге жергілікті ұлттардан тұңғыш Шиянжаң болған осы кісі шығар?! - деп күбірледі Атабай мұғалім.

- Бұл кісі Совет Одағынан - Өзбектен келіпті, - деп оған қасындағы Бірке мұғалім жауап қайырды, Жиңшурын өкметіне қарсы төңкеріс кезінде Қожанияз қажыға ақылшы болып қосылған екен.

Керім Шиянжаңды бірінші рет көріп, көз алмай қарадым.

Ол көпшілікті аралай қарап, бір қолын кеудесіне қойды.

- Салам, халайық! Апрель байрамы мунасуаты білән хәммаңызларны тәбіркләймән!

Халықтың шатырлаған қол шапалағына қосыла көтерілген ұран ұзаққа созылып, дүркіреп кетті. Шиянжаң бір қолын көтеріп, үнсіз тұрып қалды да, жұрт алғысы саябырлаған соң сөзін жалғастыра жөнелді, ұзақ сөйледі.

Батыс түстік жақ алдымыздағы сахнаға қарап тұрған біздің бетімізді жарқыраған ыстық күн шыжғырып тұр. Желсіз тымырсық тұншықтырып бара жатыр. Сондықтан оқушылар күбірлесіп Шиянжаң сөзінен ұққандары бойынша "алты ұлы саясатты" бір-бірден құрап санай берді. "Жаһангерлікке қарсы тұру", "Совет Одағымен дос болу", "ұлттар теңдігін орнату", "парақорлықты жоғалту", "тыныштықты қорғау", "Шиянжаңды жаңаландыру" деп рет тәртібімен санап шықты бір ұзын бойлы оқушы.

- Өте данышпандық, әділ саясат, ә! - деп деді біреуі. Мұның "данышпандық" пен "әділдік" жағын түсінгенімен, "саясат" дегеннің не екенін де, бұлардың қайдан келгенін де түсінбейтін көпшілік жүрегін әйтеуір Шың Сысайға төсеп, қаужаңдаса түсті. Қаужаңдасақ та қаңсып, тіліміз аузымызға сыймай кеуіп бара жатыр едік.

- Қабыкен! - деді бір жас әйелдің дауысы, жеңіл киініп бетін қара салыммен перделеп алған Дәмеш екен, "шөлдедің бе?" деп бір бөтелке сүт ұстата салды да, жан қалтасынан үш-төрт жұмыртқа алып берді.

- Шөлдегем жоқ, тәте, қайтып кет! - деп сыбырладым мен.

Ол дереу бұрылып, оқушылардың арасынан шыға бергенде, алдынан сұр киімді бір сақшы тоса қалды. Не деп тосқаны да, Дәмештің не деп жауап қайырғаны да маған  естілмеді. Сақшы "жүр" дегендей ишарамен оны ертіп әкете берді. Жүрегім арпалысып тыпырши қарадым артыма. Көп халықтың далдасынан көз жазып қалып, жүгіріп шетке шықтым. Төменгі жақтағы көшеде көлденең тартылған керме тудың астынан өтіп барады екен, Дәмештің артынан екі сақшы ілесіпті. Соңдарынан маңғазсып дөңгелек шляпалы біреу кетіп барады. Ол Дәмешті кейінгі сатып алып әйелденген "Жаңгүдей" болса керек. Тұтқын тоты торға мықтап түсіпті!.. Қалтырап кеттім. Жан-жағыма алақтай қарасам жақын таныстардан ешкім көрінбеп еді, көбі Дәмештің соңынан кетіп барады екен. Менің шешем де, Дәмештің өз шешесі де, Бәкен де, Биғаділ де, тіпті Биғайша да бар, көшенің екінші жақ шетімен тұтас жүріп барады. Бөрі көрген ешкідей елеңдеп, топтасып алыпты. Көзімнен жас шығып кетіпті. Жаңа ғана пысынап, ыстықтап, еріп тұрған денем енді тоңып бара жатқандай, тамызда аяз қақағандай бола қалды.

- "Ұлы көсеміміз Шыңдубан жасасын!" - деген ұран көтерілді. Шақыру бойынша мен барып өз орныма тұрдым. Қып-қызыл тулар  желбіреп, жалаулар бұлғаңдап, көшеде жүріс салтанаты басталды. Ұрандар жер көкті жаңғыртып тұрды. Менің жүрегім әлем-тапырық, қызыл туларға қалтырай ілесіп, өлеңге де, ұранға да үнімді қалтырай қостым. Қолымдағы қызыл қағаз жалауым тіпті қалтырады.

"Тергеушім", Шынжаңда көтерілген алғашқы қызыл туға енді ілескен менің көңіл-күйім осылай болған. Тау сарымсағы: "тоғыз қабат торқаға оранған мен мына халге түскенде, жауқазын байқұс не күйде екен" депті. Сірне талшықты сарымсақ осы жанашырлықпен тітірегенде, ет бауырыммен мен қалай қалтырамаспын. Сақшы мен сатып алған қожаның алдында қашқын Дәмеш қандай күйге түсті екен?! "Қашқын күң" деп енді оны қалай тұншықтырар екен!.. Мәңгілік түрмеде сөнеді-ау сол нұр, мәңгіге солады-ау сол гүл!.. Сары ала, қара ала таудың астында үш ағаш бидайға сатылып, күңге айналған қайран Дәмеш енді жақсы саясат жаңғырыққанда жауланып, қызыл ту астында қылқынады-ау". Менің қылмысты диуана жүрегім осылай ойлаған да, осылай кемірілген. Жүректі қылмыс кеміреді, қылмыс мүжиді. Қылмысың болмаса бірыңғай киінген  "әдемі сабақтастарым" "кет бәлекет, шайқы-бұрқы" деп қуалар ма еді. Өмірдің көркін, көңілдің сұрқын кетіретін - қылмыс қана.

 

ІІІ

 

Көше жүрісі тарқасымен сақшы мекемесіне қарай жүгірдім. Туыстас - тұқымдастардың көбі-ақ сол мекеменің айбынды қақпасы алдына жиналыпты. Екі босағада қақшиып алыпты. Дәмештің шешесінен басқа ешкімді кіргізбепті, қуалап қақпа маңына жолатпай тұр. Шляпалы "жаңгүдей" Дәмешті де, шешесін де қаматып кеткен көрінеді. Күн батқанша олар шықпады.

Біздің туыстардан сол кезде Дөрбілжінге атағы жайылған Құрышбек, Нұрасыл дейтін екі жігіт бар еді. Ерліктерімен ешкімге есесін жібере қоймайтын, өжеттіктерімен, шешендіктерімен олар "қос бөрі" аталыпты. Жұбын жазбай қосарлана жүретіндіктен "қос" болып аталған екеуі екі кәсіптің адамы. Құрышбек - құрылысшы, тамшы, Нұрасыл - ұсақ-түйек бұйым саудагері екен. Дөрбілжінге келіп қоныстанғалы екеуіне екі түрлі абырой бітіпті. Құрышбек үлкен байлардың ғана сауда дүкендерін, үкіметтің ғана қамба - түрмелерін жаратын "Жұрт сүйген ұры" болыпты да, Нұрасыл саудагер, ара түскіш адвокат болыпты. Сөйтіп бірі аудан ұрыларына "Құрекең" аталыпты да, бірі саудегерлерге "Нұрекең" аталыпты. Мен сақшы мекемесінің алдына келсем, сол екі дос екі түрлі пікір көтеріп отыр екен. Сақшыға екеуі де сыр мінез таныс болғандықтан қалпақтарын көздеріне баса киісіп алып, көшенің қақпаға қарсы шетінде, көпшілік арасында отыр.

- Іргесінен суырып әкетпесе, бұлар есігінен адам шығарушы ма еді, - дейді Құрекең, - қарындасты өзім-ақ шығарып апарамын, Жәке, - сіздің үйден сақшыға ешкім көрінбесін, қайтып кетіңіздер!

- Дәмешті іргеден шығарып әкетсең, шешесі түрмеде шірімей ме? - дейді Нұрасыл, - тіпті осы келген жанашыр-жақындарының бәрін бірақ қамаудан ерінбейді бұлар! Одан да Керім Шиянжаңға бәріміз қол қойып арыз кіргізелік! Осы үкімет уақытында үш ағаш бидайға сатылған жетімді жаңа үкімет құтқарар, ауыздары жақсы ғой!

Нұрасылдың бұл пікірін үлкендер қолдады да арыз жазуға кірісті. Қамалған Қанипа мен Дәмешке "Қорықпай мықты тұрсын" деп шай кіргізушілерден сәлем айтып қайтысты. Бір шетте жалғыз жылап отырған Бәкенді Биғаділ екеуміз үйге ертіп қайттық.

Құрышбек пен Нұрасыл арызды ұйғыр тілінде жыздырып, Дәмештің жанашыр жақындарынан басқа өз сыбайластарынан да, абырой аты бар дегендерінен жүз шақты адамның қолын қойғызып Шиянжаңға кіргізген екен.

- Мәселе жетім қыздың еріксіз матылып барғандығы ғана болса, шығартып берейін, - депті Шиянжаң, -  әйелдер еркіндігі қорғалады, бірақ, бұл әйелде басқа бір үлкен күнә бар деп естідім: ерінің бар ақшасы  мен бар алтынын алып кетіпті.

- Шиянжаң тақсыр, Жаңгүдейдің ол айтқаны - жала, - депті Нұрасыл, - бұл баланың оған әйел болып келгелі сандықтың кілті тұрмақ, есікке салынатын құлыптың кілтін де ұстап көрмегені анық. Сұмдықпен байыған саудагер екі жыл бойына айырым үйде қамалып жатқан тұтқын әйелге қазынасының кілтін ұстатып қоя ма! Екеуін де өз алдыңызға шақыртып, беттестіріп көріңізші!

- Көрейін, - депті Шиянжаң жылы жүзбен күлімсіреп, - біз де оған әлі толық сеніп кеткеніміз жоқ, тексереміз!

Екі-үш күн өткен соң істің ұлғая түскені байқалды. "Жаңгүдейлердің" де топталып Шиянжаң жамбылға кіргіштеп жүргенін байқаған қазақ саудагерлері Құрышбек пен Нұрасылға дем беріп топтала түсіпті. Ұйғырдың бай саудагерлерінен де бірнешеуін ертіп, Шиянжаңның алдына топ-топ болып кіріп жүріпті.

"Жаңгүдейлер" жағы "Дәмеш бұлап кетті" деп тізген алтын ақшаны молайтып жіберіпті.

«Әйел шығамын десе өз еркі, бірақ, ол алып кеткен алтын мен ақшамызды қайтарып беріп шықсын! "Әйел еркіндігі" деп бұлап кетуге жол берсек, саясатты дұрыс атқарғандық бола ма?» деп саясатшы "жаңгүдейлер" зіл тастапты Шиянжаңға. Дәмешті құтқаруды жақтаушылар да кем түспепті.

- Олардың жаласынан қорқып, жетім қызды күңдікке тағы байлап бере алмаймыз, алты саясатта адам ұрлап, малша матап, құлдана берсін деген статья жоқ шығар! Қарыс жердегі шешесін көрсетпей, екі жыл қамаған жауыз, оған алтын қазынасын көрсетіп пе!

- Жиңшурын уақытында күңдікке байланған қызды алтынның құлыбын былай қойып, тіпті өз басының құлыбын аша алмай зарлап, түрмеде жатқан жетім қызды енді жаламен зарлауына мұсылман баласы шыдай алмайды! - десіп шығыпты.

Шиянжаң қалыс, білікті деген адамдардан тексеру алқасын құрыпты да, қала Ханзуларының бір шаңиясы мен қала қазағының Күнтуған атты шаңиясын бастық етіп сайлапты. Бұл алқа алтын мен ақшаның ұрланған-ұрланбағынан анықтап, тексеру материялы мен өз шешімдерін Шиянжаңға жеткізбек екен.

Бір күні түстен кейін Қанипа шеше мен Дәмештің "ақырғы тергеуі" болып жатқанын естіп, мектептен қайтысымен Шиянжаң жамбылының алдына бардым. Жамбыл алды адамға толып кетіпті. Көбі қызынып даурығысып тұр. Дәмеш пен шешесін сақшы түрмеден әкеліп ішке кіргізіпті де, "адвокат, шешендеріміздің" ешқайсысын жолатпапты. Жамбыл қақпасының алдына көп сақшы қойылыпты, адамның көбейгендігінен қауіптенсе керек, биік дуал үстіндегі қарауыл орындарының бәрі сұп-сұры әскер.

- "Жаңгүдейлер" келсе, мына қабаған иттер үндемей кіргізе береді. Жесір қатын, жетім балаға ес болуға біздің де бір адамды неге кіргізбейді. "Ұлттар теңдігі дейтін" қайда?! - деп саңқылдады бір жігіт.

- Жалақорлардың бәрі жетім қызды бүйіше торлай түссін дейді ғой!

Құрышбек бір топ адаммен жекерек барып сөйлесіп отыр екен, мен солар жаққа бардым. Құрекең "құлып сиқыры" болып аты шыққан Қасен дейтін ұры досына бірдеме айтып отыр екен. Мен арт жақтарына барып тұрғанда көсе қара Қасен күле жауап қайырды:

- Құреке, ол бәрімізге ортақ қарындас қой. Екеуміз тірі тұрсақ оны қайдан болсақ та құтқара аламыз. Бірақ мына үкімет қалай бітірер екен, артынан бағалайық!

- Ұйғыр саудагерлерінің үш-төрті бұларға жақынырақ жерде сөйлесіп тұр еді. Олардың бір сөздері менің құлағымды жұлып әкеткендей болды:

- Қанша пұл болса да мен төлер едім! - деді қырма сақалдың бірі.

- Бек пәкіз бала екен, бұл үшін кеткен пұл халал!

Бұлардың сөзі қалжыңға ауып күлісіп алды да, күбірге көшті. Бір қақпаның дәл алдында тұрған Нұрасылды шақырды. Қаңсарлы келте танауын көтере Нұрасыл саудегерлерге күн сала қарады да қолын сілтей, ірі басып бері аяңдады.

Нұрасыл мұрнын қулана тыжырды да, көзін бір қысып қалып, байлардың қасына барды. Олар Нұрасылды ортаға алып, ауашаға әкетті.

Біздің елдестерден бес-алты шешен шал көшенің қарсы жағындағы балапан теректердің саясында отыр еді, Нұрасылды ортаға алған жаққа олар да қарады. Шалдардың қасында ауқатты қазақ саудагерлердің бірнешеуі отырғанын көріп, олардың сырт жағынан барып тұрдым. Шалдар құдалық сөйлескен жандарша астарлап, мақалдасып, желпініп отыр екен. Олар былай сөйлескенде мен түсіне алмай қалатынмын. Көзімнің астымен әрқайсысына бағдарлай қарап тұра бердім. Алдыңғы жылы Шәуешек тасжолында тұз ұрлаған Жолдыбай би барынша көсіле сөйлеп отыр. Ол Дәмештен дәмелі болған бір қырқылжың саудагерге дән риза сияқты. "Бірақ, мына тергеудің арты не болар екен, баламызға қандай кесім шығар екен, соны білейік" деді де маған жалт қарады.

- Е, сен екенсің ғой, әкең қайда, балам?

- Білмеймін,-  дей салдым.

- Мұндай жерге Жәкең келсін бе, - деп кекей күлімсіреді біреуі, - ауру кемпірлердің қасында отырған шығар.

- Жәкеңнің мұнда келмегені де жақсы! - дей салды Қанас дейтін шоқша сары сақалды кісіміз, бұл былтыр бір қыс бірге отырған Жанастың ағасы еді. Әкемнің бұл жаққа келгелі, тұйықталып, момын болып кетуін ел адамдарынан осы кісі ғана құптайтынын білетінмін. "Бұл жерге келмеуі Дәмешті сыртынан сатпауы үшін де жақсы бопты!" деп ойлай жөнелдім.

Бәйкен жамбылдың қабырғасына сүйеніп, тағы да жалғыз мөлейіп отыр екен. Шақырайған ыстық күнге қарсы отырып қалғанын өзі сезбеген сияқты. Жалаңбас жақында ғана қырылған тақыр басы қып-қызыл болып күйіп кетсе де мизер емес.

- Апаң мен тәтеңді көрдің бе? - дедім қасына отыра беріп.

- Көрдім, - деп тұқыра түсті. Үнінен өксік білдірмейін дегендей, ақырын айтты.

- Жүдеп пе?

- Апам арықтап қалыпты.

- Тәтемнің беті ашық па екен?

- Ашық. Ол еш нәрсе болмаған секілді.

- Еш нәрсе болмайды, тез шығады! - дедім мен, өзім де анық сенгендей.

Бірақ басқа бір қауіпімді айтқым келмеді: "Жаңгүдей" саудагерлерден құтылса да, Жолдыбай саудагерлердің тағы біреуі сатып әкетеді-ау" деген күдік, сырттан саудаласып жатқандарды көрген соң мені мықтап шармап еді.

Қалың адам жапырласып, қақапаға қарай ұмтыла түсті бір кезде. Бірнеше сақшы қылыштарын жалаңаштап шақ-шұқ ете түсті. Көпшілігі олардың сермеген жағынан жолды әрең ашты. Дәмешті қайта айдап шыққан екен. Алды-артындағы сақшының зекіруіне қарамай, әпкеміз көпшілікке жағалата қарап шықты. Бұрынғыдан да нұрланып кеткендей көрінді маған. Бүркенуді, бұғынуды мүлде тастапты. Жеңіл жаулығы иығында, жалаңбастанып, қатты ширап алыпты. Көзі шоқтай жайнап, Бәйкен екеумізге де қарап алды. Бір сақшы "тез жүр" дегендей ақырып еді, қайырыла қарап, ханзуша сөйлеп тастады.

- Ағалар, мен ұры да, кәззап та емеспін! - деп жүрісін баяулата, қазақша сөйлеп кетті ол, - мені ұры деп жала жабушының өзі ұры, өзі кәззап!.. "Адам ұрлап жейтін бұлаңшы", сондықтан өзі беттесе алмай, қағаздарымен қаматып отыр!

- Бұл жөнінен қамсыз бол, қарындас! - деп қалды

Құрышбектердің арт жағынан қажырлы бір үн. Сақшылар сол жаққа қарап тіміскілей қалғанда, шығыс жақ бүйірден бір үн шықты:

- Ағаларыңның біреуі тірі қалса, сені құтқарады!..

Көпшілік арасынан өтіп кеткен Дәмеш естігенін білдіргендей, артына бір қайырылып қарай кетті.

Қанипа шеше айырым айдалып шықты. Оны қызымен сөйлестірмеу үшін бөлек ұстап тұрған сияқты. Ол тұсынан өте бергенде Нұрасыл сөйлеп қалды:

- Әпке, аман құтыласыздар, қайғы ойламаңыз, ел-жұртыңыз бар!

Қанипа жыламсырап тұрған Бәйкенге қарап өтті. Бәйкеннің қолтығынан ұстадым мен, "біз қасындамыз, алаң болма!" деген ойымды солай білдірдім.

Сақшының бір сібе "дүңшесі" Нұрасылға дүрсе қоя берді:

- Ей, сен не дедің ана кемпірге?! - Нұрасыл оны қомсынғандай танауын көтере күлімсіреді:

- Мен аман құтыласың дедім, қате ме, тақсыр?! Ұлы алты саясаттың, көсеміміз Шыңдубанның заманында адамға жала жақпайтынына сенетіндігімді білдірдім, маған шікірейе көрмеңіз!

Қазақша тілді жетік білетін дүңше Нұрасылға қарай шікірейе алмай, күлімсіреген болып кете барды, тексеру алқасының бір бастығы болған Кунтуған шаңия шыққанда көпшілік ұмтыла берді. Тергеудің қандай болғанын, саулыққа жармасқан көп қозыдай-ақ, жамыраса-маңыраса сұрап қалып жатыр. Шаңия мүйізін тосқандай, тұқара бұлтарып, біріне тоқтамай өтті, ешкімді жанастырғысы келмейтін сияқты. Жалпақ тақыр басын бір шайқағаннан басқа, аузын жапқан қалың қара мұртын да бір қыбырлатпай, ешқайсысын бойына тоғытпағандай ірілене өтті. Көзі қып-қызыл, дүниенің бар ауырлығын өзі ғана көтергендей, ырсылдай, мамырлай басады. Ағытып тастаған бешпетінің екі шалғайы екі жақта, тойған құмайдай томпиған "бөтегесі" ғана көрінді көзіме.

Қанас би оған өзінің сарғыш қасты биік қабағын түйе қарап қалды. Айтып салғыш тура мінезді кісі еді, шоқша сары сақалы дір ете түсті.

- Көмейі толмаған жерге көзі қиыс еді, япырмай, мына таздың көзі қисайып кетіпті-ау! - деді ол маңайына жағалата қарап, - "жаңгүдейлерден" тойып алған ба, қалай?!

Нұрасыл жүре сөйлеп, шаңияның артынан кетті:

- Бұл кісі "қымызханада" ғана сөйлейтін, арақ ішемісің ей, Құреке, жүр! - деп Құрышбекті ерте жөнелді.

Бәйкен екеуміз арттарынан баспалай еріп отырдық, күн еңкейе салқын түсе бастап еді, бір шағын асхананың алдына таман барғанда Нұрасыл дауыстап шақырды, шаңия артына жалт қарап тұра қалды.

- Шаңия жарықтық, бір жақсы жерде ұстаттыңыз-ау, киелі мекен ғой, кіре кетелікші!

- Үй, сен... Қызыл табан, қандықол жауапкеріміздің өзі емеспісің, талапкерлердің біреуі көріп, дау шығарып жүрмесін, басқа бір күні кірсек қайтеді?!

- Жарықтық-ай, шөлдеп тұрсаңыз да қыздай қылымситыныңыз бар-ау, дауымыз шияңжыңпуда қалмады ма, демалатын жерде оның несі бар! Қане, тура төрге тартыңыз, сізге босамайтын төрі көр болсын!

Олар асханаға кірісімен біз есіктің сыртқы босағасына тұра қалдық. Нұрасыл аспазға заказын қысқа айтты да, шыңиянның қарсысындағы орындыққа барып отырды.

- Ұстам, бізге шөп қоспай, ыңғай майлы еттен қуырып жіберіңіз! Алдымен екі бөтелке мен үш стакан!.. Шаңия тақсыр, не бұйырсаңыз да жауапкеріңіз алдыңызда ғой, маған бүгін қандай кесім шығардыңыз, соны айтыңызшы!

- Өз кесімімізді Шиянжаңға ертең жазбақпын!

- Сөйтсе де, іс арты қалай болатын сияқты?! - деп Құрышбек араласты сөзге, - біздің қарындасқа бостандық тиетіндей ме?

- Мәселе ауыр, алтын мен ақшасын қарындастарыңның алып кеткені рас көрінеді. Алқадағы "жаңгүдейлер" күмәнданбай-ақ кесіп айтты, тым мықты тұр.

Үндеспей қалып, тамақтарын қырынғандарынан бір рет көтерісіп алғандықтары байқалды.

- Сіз өзіңіз сендіңіз бе соған?

- Алтыны мен ақшасының қарындастың қашқан күні жоғалғаны рас.

- Беттестірдіңіздер ме? - деп Нұрасыл еңкейе сұрады.

- Ей, Нұрасыл, бұл сөзді доғаршы! - деп шаңия сөзден тайқай қалды, - онан да арағыңды құй!

- Тақсыр-ай, кенезеңіз кеуіп-ақ қалған екен, - деп Нұрасыл күлді, - құяйын-құяйын, бүгін нәр тартпағансыз-ау тегі!

Тағы бір рет молынан қағысып алғандай болды. Тамағын бір кенеп алып, Құрышбек жалғады сөзін.

- Бұл кісінің нәр тартпағаны сол, түс уақытында Лию "жаңгүдейдің" арақ бөшкесіне түсіп шыққан. Беттестірмей-ақ "шындыққа" көз жеткізген соның күші ғой?!

- Кім барыпты оның үйіне, Құрышбек, мына жаланы қайдан тауып отырсың?

- Шаңия, жасырынбақ ойнауға қаншалық шебер болғаныңызбен, менен жасырар еш жеріңіз қалған жоқ, - деп шаңияның арқасынан қағып-қағып қалды, - беттестірген-беттестірмегеніңізді де, қалай кесетініңізді де енді сұрамай-ақ қоялық! Ұстам, әкел қуырдақты, шаңиямыз мас болып қалмасын, халық үшін күресіп, шаршап шыққан адам ғой!

- Жөн білетін-ақ жігітсің, Құрышбек, дұрыс сөз осы! - деп күлді шаңия, тағы бірді қағысып жіберді, - қаншалық қиын болса да халқым үшін істемейін деп жүргенім жоқ-ау, бірақ, құрығыр істеткізбей жүр ғой!

- Жарықтығым-ау, соныңды айтшы онан да! - деп Нұрасыл қудалай қалды, - сізді буып жүрген не қырсық еді?

Шаңия бірдеме деп сыбырлап қалды, "ақша" деген екенін кейінгі сөзінен аңғардым.

- Мен қазірге дейін сол алқаны түгелімен аузыма қаратып болар едім, әттеген ә, жан қалтам бос тұр!

- Қарға болсақ та халықпыз ғой, шаңия, - деп күрсінді Нұрасыл, - бәріне болмаса да, өзіңіз қанағаттанарлық бірдеме табылар, бірақ, онымыз біздің қара ісімізді ақтап бергендік емес, талапкерді жауапкерге беттестіріп, айтысқан дәлелдерін Шиянжаңға дұрыс жазып жеткізсеңдер, жығылсақ та дауымыз азырақ болар еді.

- Қарындастарың өте дәуперім екен, бетпе-бет сөйлестірсек, күйеудің бетін шиедей қанға бояп шығаратын түрі бар, сондықтан, шатақ шыға ма деп екі жақтың да дәлел-пәтуасын айырым-айырым сөйлетіп шығардық. Оның алдында ақша жоғалған үй мен қарындастың тұратын үйін көргенбіз!

- Кектінің көзі өткір, шыншылдың сөзі өткір, ашулының қолы өткір, - деп шұбырта жөнелді Құрышбек. Тосын бір қуаныш пайда болғандай, тым жайраң үнмен ағытылды. - Майданға түспей жау жеңбес, беттестірмей іс бітер ме! Қарындасымыздың райы солай болғанда, беттеспей қоймайды, беттестірмей біз де бітісе алмаймыз енді! Шаңия, алқаңыздың абыройын сақтағыңыз келсе, өз еріктеріңізбен беттестіргеніңіз жөн.

- Беттестіргенде де, ол қанша шатақ шығарса да, тайынша тулап ыңыршақ қирата ма, пәлеге өзі қалады ғой! Мәселе қарындастарыңның мойнына толық түсіп отыр, талапкерлер тапжылдырар емес, шатақ үстіне шатақ тауып алмасын деп, ақыры мойнына түсетін болған соң беттестірмей-ақ абыройларыңды жыртпай, ақшамен бітірсек деген ойға келдім мен. Қаны бір қарындасым болғандықтан жаным ашыды!

Нұрасыл қарқылдап күлді бұл сөзге.

- Жаныңыз қатты ашиды екен, жарықтық, иә төле, иә бар көмейді толтыра пара бер, "жаным ашыды" деуіңіздің өзі сыпыра кедей туысыңыздың терісін сыпырып алып, бас сүйегін тауға қою болмас па?! Қарындасымыздың бір етік, бір пальтодан басқа киім де алып шықпағанына маңайдағы бүкіл ел куә. Тіпті өтіп жатқан ай мен күндер де куә. Отырған күркесі мен жатын орны да куә болады! Соншалық алтын мен ақша бір жерден болмаса да бір жерден жылтырап көрінбей ме. Шаңия, сіз басы бар адамсыз, тым болмаса бірер орам амалыңыз болмаса, шаңия бола алмас едіңіз. Біздің енді басқа талабымыз жоқ, менің мына бір кеңесімді ғана есіңізге сақтаңыз. Алқа "жаңгүдейге" құйрығын қаншалық төсегенмен, беттеспей іс бітпейді. Сіздер беттестірмей кесім еткендеріңізбен, басқа бір орын беттестіреді. "Ақ иіледі, сынбайды", күнде көрісіп тұратын ағамызсыз, беттестірмей жығып беру жағына қосылып, туыстарыңыздың алдында масқара бола көрмеңіз! Айтарым осы ғана. Қанеки, енді күлкімізге көшелік.

Асхана босағасында тұрған Бәйкен екеуміз арақтың мылжың күлкісін күтпей-ақ қайта бердік.

Біз жаздық демалысқа шыққанша бұл іс белгісіз себеппен бітпей қалды. Біздің жақ беттестіру жөнінде мықтап бір арыз кіргізді де, соның жауабын күтті. Тергеу басталғалы екі ай өтсе де, Дәмешті былай қойып, түрмеден Қанипа шеше де босамады. Біздің жақ төрт жүздей адамның қолын қойғызып, қатал арыз дайындады да, ең мықтысынан он адамға ұстатып, Шиянжаңның алдына кіргізді. Оның ішінде дәмелі "күйеулерден" де бар екен.

Арызды көрісімен Шиянжаң орнынан ширай тұрыпты:

- Мен тергеу бөліміне де, алқаға да беттестіруді тапсырғанмын. Беттестіріп көріп, анықтау жұмысын әлі жүргізіп жатқан шығар деп ойлап едім, не қылық бұл?! - деп тергеу бөлімі бастығын өз алдына шақыртыпты, - сіздер бүгін қайтып тұрыңыздар, мен ұғысып көрейін, шешіліп қалар!

Шешіледі деген жерге шегедей қадалмаса болмайтынын бірнеше рет көрген Нұрасыл тергеу бөлімінің алдына барып тұрып алған екен. Шиянжаңның дауысы қаталырақ шыққандықтан соның терезесіне таман қайта барып тыңдапты.

Шиянжаң ханзуша тіл білмесе керек, тергеу бөлімі бастығының жауабын аударушы арқылы тыңдап болып, наразылық айтып отыр екен. Сөз бажайына қарағанда негізгі талапкердің өзі "жолаушылап кетіпті", істің соны тосып тұрғандығы баяндалыпты.

- Бұл сізше қалай?! Дәл беттесу кезегіне келгенде талапкердің өзі шыдамай қашқандығы емес пе!.. Олай болмаса, барлық сомасын бұлатқан саудагер жалаңаш кедей бұлаңшысын ізі суымай тұрғанда өндіріп алмай кете бермек пе?!

- Анасы опат болып, соны жерлеуге Үрімжіге кетіпті.

- Бұл себеп емес! - депті Шиянжаң, - екі айда жерленіп болмайтын қандай кемпір ол! Мұның себеп бола алмайтынын заң қызметкерлері, мырза, сіз де білесіз, бұл оның беттесуден безіп, әйелді түрмеге ұзағырақ қамату үшін ғана тапқан сылтауы! "Беттестірсе шатақ шығар, жүйкесі тозған әйел" деген анау уақыттағы сөздеріңіз де осындай негізсіз сылтау болатын. Сақшысы бар үкімет бір-біріне қол жұмсамай беттестіре алмай ма?! Мен сол кезде-ақ осы нұсқауды айтқанмын, есіңізде бар ма?! Жесір кемпір, жетім қыз қазірге дейін талапкерін таба алмай, бекерден-бекер түрмеде жатса, кішкене балаларын кім бағып отыр? Тыңдаңыз, заңда беттесуден өзі қашқан талапкердің жауапкерлері қамалып жата беру белгілемесі жоқ. Кепілге беріп, қоя берерсіз! Бүгін орындалады!

Шиянжаң сөзін естіп қалған Нұрасыл шыға жөнеліп, кепілдік етуге шарты толатын ауқаттылардан он шақтысын жамбыл алдына ертіп келіп тосқан екен. Сақшыдан Қанипа шеше ғана босап келіпті, Дәмештің өзі жөнінде сақшы бастығы "Шиянжаңмен сөйлеспек" екен... Қанипа шеше алдымен біздің үйге келіп, Бәйкенді ертіп қайтты да, бірге келген Нұрасыл тынығуға қалды.

- Әй, осы екі басты үкімет болды-ау! - деп күрсінді Нұрасыл! - жуйжаң "жаңгүдей" не қырға салар екен, "жаңгүдейлердің" қарулы тірегі ғой, бұл бір жауыз еді!

Нұрасылдың бұл сөзі дұрысқа шыға бастады: Дәмешті кепілдікке бермей жатқызып қойыпты. Құтқарып алу талабында жүргендер ертеңіне сақшыға барса "ол шықпайды" деп қайтарыпты.

- Екі басты үкімет екені рас болса, құдай біледі, Шиянжаң мен жуйжаң өзара арбасып жатыр, - деп қайтты Нұрасыл! - Енді жоғары жаққа жүгініседі.

Талапкер "жаңгүдей" келмей тағы бір ай өткен соң айыпкер жақтың өзі талапкерге айналды. Заңды талаппен күшейіп зор арыз көтерді. Жуйжаңды Шиянжаң осы кезеңге жеткенде жеңді білем, Дәмеш кепілге босап шықты.

Бірақ, тағы бір дау көтере шықты: делодағы сомаға толар дәулеті жоқ Құрышбек пен Нұрасыл кепілдікке толар ма.

Сақшы "жаңгүдейлері" негізгі кепілі ретінде қырма сақалды ұйғыр саудагерді ұстаған екен. Ол кепіл "түйін шешілгенше біздің үйде тұрады" деп Дәмешті өз үйіне тартыпты, оның "кандидат күйеуі" екенін естіген Дәмеш азар да безер болып, өз шешесінің қасына жөнеліпті. Қылмысы жүзінде тұрған қылмыстыны шалатын қырсығы аз ба? Шешесі мен үлкен бауыры жалданған қожайынның да қырсық екені белгілі еді. Одан қауіптенген қырма сақалды қырсық, Дәмештің өз үйінде тұруына келіспей, бір күннен соң-ақ өз үйіне әкетті.

Бұл жәйтке Дәмештің жанашырларынан сырт дәмелі қазақтар да дүрлігісіп, байдың қорасына топырласып кепілдікке тізілді: Дәмештің кепілінен сол күні-ақ кепілдікке алып шықты. Бұл байдан кепілдікке алып шығушылар да, әрине, сомасы бар сом қазақтар еді. Бірақ, бұлар "Дәмешті берді, құдай берді" деп үйіне жетектеп ала жөнелуден ұялды. "Бақа тілін балық біледі" дегендей, "қарға тамырлы қазақ" жөнімен, біздің туыстарға қайтарып берді. Сөйтіп, Дәмеш қойдан қоңыр мінезді Жаппардың үйне қайта оралды.

Кепілдің кепілінен кепілге әрең шыққан ақылды Дәмеш көбейген "иесі" мен "қормалдарының" ешқайсысына жылы шырай көрсетпей, әкемнің айтқанын орындай берді. Өзі жақтырған бір жаққа ауғаны білінсе, көп кепілдер арасында айқай сүрен, өрт шыққандай еді.

- Басы ашылмаған баланың басын ауыртпаңдар! Қазірше ешқандай жаушы келмесін мұнда! - әке-шешеміздің алыс-жақынға қайтарар "әликі сәлемі" осы болды. Талапкерлерінің дауын күткен айыпкер, сөйтіп, "басы ашылмаған" күйі, енді біздің үйде түрмелене берді. Қашқан талапкер қайтып келе қоймады да, айыпкер жазасын осылай тартып жатты.

"Тергеушім", күштінің құйрығы диірмен тасынша дөңгелеп, ұн тартатынын сіз білсеңіз керек. Бұл жәйтті күшті болуға құмарланған кісі түсінбесе, кім түсінсін, күшті дағуагер бетпе-бет келуден қашып жүріп-ақ сақшысына қамата береді. Менің сол әпкемді Шың Сысайдың алғашқы, қызыл перделі дәуірінде бір күшті дағуагер осылай көрінбей жүріп-ақ көп қаматқан еді. Мен сол әпкемнің де мұрагері болдым. Даладада тұрып дәлелдеп, қашып жүріп қаматушы да дағуагерім қазір маған да көрінбей әр тұстан, әр қолмен қағаз жаудырып жатыр-ау. Дәмеш ол кезде кеңірек түрмеде жатып еді. Мен қазір темір қапаста жатырмын. Тегі менің дағуагерім оныкінен де күшті болса керек. Көп атаулы "қылмысты" деген сөздің бір мағынасы - әлсіздік қой. Күштіге қылмыстың дағы жұға ма, әлсіздік шіркін дағуаргер қаншалық күшті болса, соншалық айқындалмай ма. Менің қылмысымның тым айқын көрінуі содан шығар. Күштінің адам жүрегін суырып жегені көрінбей, әлсіздің өз түкірігін жұтынғаны көрінетіні бұрыннан бар құбылыс.

 

ІV

 

Дәмештің бір жұмысымен "Шәуешек көшесінің" басындағы оның үйіне барып, батыс жақ сырт көшемен төтетелеп келе жатсам, бір үлкен сыры қақапаның маңдайынан қазақ нақышымен өрнектелген жасыл сарлы зор тақта жарқ ете түсті. "Дөрбілжін аудандық қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымы" деген ірі қызыл жазу көз сүріндірердей көркем жазылыпты. Бұрын жоқ еді. Қазақша дәл мұндай сұлу жазуды бұрын көрмегендігімнен бе, әлде өзім бұл жаққа өткеннен бері "қазақ" деген атаудың қорлау ретінде аталғанын көп естігендігімнен бе, бұл жазуды көргенде көзім жайнап кеткендей болды. Көңіл бұлты ашылғанда дүние көріктеніп, нұрлана қалғандай болатыны бар-ау, сөйтсе де, бұл көшенің жағалауындағы теректер жиі де тәртіпті екен. Бүгін ерекше түрленіп, жас бұтақ пен жасыл жапырақ лүпіген самалмен ойнап, еркелеп тұрған сияқты. Сәскеге көтеріле түскен күн нұры сол көлеңкелі көшедегі сырлы жазуды одан әрі жарқыратып жіберді. Мен недәуір уақыт тұрып қалыппын. Неше рет қайталап оқыдым. "Мәдени ағарту" деген сөзде не керемет барын толық түсіне қоймасам да, басында "қазақ-қырғызын" түсінсем ғой, ең көп көшетін жүреген халық, түйесі болмаса тайыншасымен де көше бермеуші ме еді. "Мына сәулетті жазу қайдан келіп тұр, және ыңғай ұйғыр байларының ортасындағы қақпада қорықпай нағып қасқиып тұр?!"

Мен бұл нақышпен жазудың көркемдігіне мақтанышпен құмарта қарадым. Ұйғыр мектебінің төменгі жағынан осындай жазулы тақтаның ұйғыршасын алдыңғы күні көріп едім. Мынау онан үлкен де айшықты жазылыпты. "Тегі надан қазақтың көзі алыстан көрсін" дегені шығар!..

Ар  жағында кім бар екенін  білгім  келгендей  қақпаны  итеріп, басымды  сұға  қарап едім, ауланың  төр  жағынан  ақ сұры  жүзі  қатпарлы, күнқақты  көнелеу  шляпалы  қазақ  келе  жатыр  екен, шегіне  қалдым. Ол  шыға  келді де, маған  күлімдей  қарады.  Мен  сәлем  бердім.

- Уағалейкумассалам, балам! Кірмекші  ме  едің, кіре ғой!.. Біреуді  іздеп  жүрсің бе? - деп  қақпаны  кеңінен  ашып  тастады. Сәлем  алысының  ықыластылығы  мен  салдырлай сөйлеген қоңыр  даусының  жылылығы  мына  пейіліне қосылып, тым  кішіпейіл  адам  екенін  тез  аңғартты. Аулада  көп  ат  байлаулы тұр.  Сәнді  ер-тоқым - пыстандары  жарқырайды. Екі-үш жерде  топталып  өңшең  тымақты  қазақтар отыр. Балпиған  жуан  қарындылары  көп  көрінді.

- Жоқ! - дей салдым  мен, шалаңдау  қырма сақал-мұртты, ат жақты, орта  бойлы  арықтау  кісі  менің  бас-аяғыма  бағдарлай қарады.

- Оқушымысың?

- Иә, екінші  класс  қана  оқыдым.

- Жақсы, осы  көшенің  аузындағы ашық алаңда  сендерге  мектеп  салдырып жатырмын. Тоғызыншы ай толысымен осы жаңа мектепте оқисыңдар. Мектептің де, осы ұйымның да қаражаты мына  мықтыларға міндеттеледі. Бүгін осы үкірдай, зәңгілерге жиын ашпақ едік, соған жиылып отыр... Осы мәдениет отауларың  құрылғалы екі-үш күн ғана болды. Бұл әлі кеңейеді, кітапханасы да, дойбы-шахматы да,  ойын-сауығы да, бәрі болады!..

Бір оқымысты кейіпті кісінің баласындай ақтарыла қауқалақтай жеткізген жақсы хабарына не  дерімді білмей қуырыла  түстім мен. Бірақ, ол  менен жауап  күтпейтін де  сияқты.

"Олар толықтанған кезде  мұнда жиі келетін боласыңдар!" деген  сөзді қоса айтты да, қайта кіріп жөнеле берді. Салынып жатқан  мектепті көре кетуге асығып мен де жөнелдім. Әйтеуір оқу  мүмкіндігі толықтанды ғой, келешегім нұр жайнап тұрғандай көрінді. Мұндағы  ұзақ  түнекте  өмір  кешірген  ұлттардың  оқу-ағарту жақтан көзін ашуға тарихи рөл атқарған, Шың Сысай  дәуірінің  Шыңжанға әкелген бір  ірі  жаңалығы болған  осы ұлттық  оқу-ағарту  ұйымдарына мен  тұңғыш рет  осылай  әсерленіп едім. Дөрбілжін  аудандық  қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымын құруға күш салушы әлгі  кішіпейіл адамның  аты-жөнін жол-жөнекей сұрап ұқтым .

- Елсадық Құрманұлы дейтін кісі екен. Атын естісімен еселеп  атап, көңіліме мықтап түйдім. Оқу жағымнан бір қиыншылық туыла  қалса, осы  кісіні іздеп табуым  керек  сияқты.

Жіңішке қана корридоры бар, алты бөлмелі мектеп үйі қаланып, биіктеген сайын оқушылардың оған келіп тамашалауы да жиілей  түсті. Киім зары өткен жалаңаш баланың өзіне  арнап  тігіліп  жатқан  жаңа киімге қарауы сияқты, құрылыс басына келіп ап құштарлана  қарап  тұратын  болдым. Оқу аңсауымыз соншалық  еді, сол  меткеп  сыланып, терезесі салынысымен-ақ, шақыруды күтпей жиналып алыппыз. Мектеп құлақтандыруы біз жиналып болған соң бес күн  өткенде  шықты.

Біздің үйдің оқуға сайланған баласы тағы да жалғыз мен ғана  болып шыға бердім. Болжаусыз басқа шығындарды былай  қойғанда, он екінші апрель мерекесінде мен киетін киім де әке-шешеміз әрең  өтетін қиын өткел болып көрінді.

- Мен оқысам екі ешкі мен лақтар жоғалады, үй отынсыз қалады,  молда болмай-ақ қояйын! - деп Биғаділ қолын сілтеді.

- Осы балам ғана диуана аталып, жасымай оқысыншы, - деп әкем  қорытты, - бәріміз жалға тұрсақ та осыны қамдап оқыталық.

Өткен оқу маусымында бізді "шайқы-бұрқы диуана" атандырған мырза оқушылармен парталас бола қалдық сөйтіп. Бұл сөзді айтушы Сейітхан дейтін, мұрты тебіндеп қалған соқталдай жігіт оқушы еді. Мектепке келісімен ең момынымыз - соның өзі болып, монтанси қалды. Себебі, сынау қатты алынып, кластар қайта реттелді. Емтихан комиссиясының бастығы болып, қазақ ұйымынан Елсадықтың өзі келді де, жанасқыш "қалпе әбзилер" қатты  шектелді. Мырзалардың құйрығы тым бос екенін айқын  әшкереледі. Бұл сынауға дейін "жұмалықты" көп беріп, көлиіп жүре  берген ғой. Аға оқушылардың төртінші класқа көшерлік ешкімі болмай, бәрі үшінші класқа қайта түсті. Тіпті Сейітханды үшінші класқа өсіп келе жатқан әдемі мұрты әрең іліндірді. Сөйтіп, ол енді "диуаналарға" мүрит болатынын біліп  жуасыды.

Мектептің ең жоғары класы - біздің үшінші класс болып қалды  да, бірнеше мұғалім қыр мектептеріне ауысты. Атабай бір районда,  Исабек бір районда мектеп басқаруға тағайындалып кетіп, Қалым  дейтін сары мұртты бір кексе біздің  мектепке бастық болып  қалды. Ең сәтсіздік жәйт алдымызға Набиолла молданың әптиегін қолтықтап, "дөрт аяқ" деп кіріп келуі болды. Оның үстіне,  программада есеп пен ана тілі сияқты дін сабағы да әр күні бар  екен. Жағырапия мен табиғат бізді тамсандырғанымен, үш  күнде бір сағат болып әрең  жетті. Екі иығы қомданған "саясат" дейтін дәу сабақ келіп састырды бір күні: оның бетін есеп сабағын оқытатын Арысбек мұғалім ашты. Қара тақтаға «саясат» деп үлкен әріппен жазды да:

- Саясат деген не? - деп сұрады бәрімізден. Жауап беруге ешкім қол көтермеді. Әрқайсымызды нұсқап тұрғыза берді, бәріміз төмен қарадық. Арт жақта отырған Қиялзат дейтін сабақтасымыз өздігінен құлшынып, қол көтере қойды да, атып тұрды бір кезде. Ауыр жүктен құтылған тынысымыз кеңи қалып еді.

- «Саясат» деген - қулық деген сөз, - деп салмасы бар ма, бәріміз ду күлдік. Арысбек мұғалімнің күлкісі оқыс қатты шығып кетті де, тез тиылды. Қысқартып тегіс қырқылған қалың қара мұрты тікірейе қалды. Ит көрген қара мысықша күржиген сол мұрттың құйрығы ойнақтай берді, сөйтсе де. Күлкінің қысуымен күп-күрең бола қалған сопақша жүзі қаңғып жүрген ашуларын асығыста әрең жиғандай зорға зейілденіп, суынып алды. Саясаттың тым қатал сабақ деген сөз екенін мұғалімнің соншалық зорланып, ашулануынан түсінгендей болдық.

- Қулық деп кім үйретті саған?! - деп ақырды мұғалім. Қиялзат ұяла күлімсіреп жазықсыздығын білдіре жауап қайырды.

- Мұғалім әбзи, саясатты елдің бәрі қулық деп түсінеді ғой, - деді, - қулығы көп адамды саясатшы деп атайды. Өзім ес білгелі осыны естіп келемін. Былтыр мұғалімдер қалжыңдасқанда біріне-бірі «сенің мұның - саясат» дегенін естігенмін.

- Қай мұғалім, - деп Арысбек тағы ақырып қалды да, мырс ете түсті. Мұрты тағы күржие жыбырлады. Қиялзат оған жауап қайырмай төмен қарап жымыңдай беріп еді, мұғалім күлкісін шошына жиып, қатаң үнмен қорқыта тойтарыс жасады, - сен мына сөзіңді екінші айтатын болсаң, талай адамды арандатасың да, ақыры өз түбіңе өзің жетесің. Алты ұлы саясатты «алты ұлы қулық» деп түсіндірмексің.

Арт жақтағы жігіт сабақтастарымыз «астапыралла» десіп қалды. Біз саяси сауат оқуды осылай иман үйіре отырып бастадық. Сөйтсе де, жарық класс, жаңа парта, өзімізге таңсық пәндер араласқан сабақ мендей «диуаналарды» өзінің мағыналы қызығымен баурап әкетті. Тағы бір қызығы көшеде бізге тұмсығының тесігінен қарайтын бай балалары класқа кіргенде «төрт көзімен» түгел қарайтындығы болды. Әсіресе есеп тапсырмасында, сұрауларға жауап беруде біздің иығымыз олардан көтеріліңкіреу отыратындығы, шынайы диуана біз емес, өздері болып шығуы тым қызық болды.

Біз отырған қора сатылып кетті де, үйіміз тағы көшіп, Емілдің шығыс жақ жағасымен недәуір өрлеп барып қоныстанды. Қаланың шығыс-терістік жақ ең шетіндегі сортаңнан біздің руластар бірлесіп, арзан жер сатып алыпты да, тұтас бір көше құрапты. Біз соның ең шетіндегі Ерсұлтан дейтін Қожан шалдың іргесіне туысқаншылап, екі ауыз үй салып алдық. Бұл шет үйіміз көңілді қоныс болса да, мектепке шалғай жер еді. Әсіресе Емілден төте кешіп өте алмайтын маусымдарда төмен қалған көпірден өтіп, екі-үш есе артық жол басып жүріп оқыдық.

Емілдің суын мұз буып, арнадан аса құтырған кездерде, қар мол жауып, жол бітелген кездерде, біздің көшенің оқушылары сағаттап қар омбылайды, елең-алаңда кетіп, ақшамда қайтып жетеміз. Сөйтсе де, ауырып жүре алмай қалғанда болмаса, оқудан қалмай, өлермендене оқыдық.

Уақытымыздың көбі жүріспен өтіп, сабақ пысықтау уақытымыз қала ішіндегілерден әлдеқайда қысқа болғанымен, жалаңаш иығымыз олардан көтеріңкілеу жүретін болды. Ащыны көп көрген басымыз, тұншыға кірген соң құмарта төнгендіктен күнделікті «қара жарыста» әмсе алдын бермейміз. Бірақ, шын жарыста алдымызға түсіп алатын мырзалар шықты. Өйтетіні, оларға емтихан сұрауларының жауабын «емізіп» қоятын жанасқыш мұғалімдер бар еді. Комиссия болып Елсадықтар келмеген сынаулардың бәрінде де «ұрлап еметін» күйлі сабақтастар солай озып жүрді.

Термелей бәйге алып, сағымызды тосыннан сындыратын бұл жағдай, олардың қомсынуын қойғызбады да, «диуаналардың» кегін қозғай берді. Ал жайшылықта біздің озуымыз олардың көре алмастығын қоздырды. Ойында да, күлкіде де, күресте де, жарыста да сабақтастардың жаққа бөлінушілігі, іштей егесі күшейе түсті. Сағат арасындағы демалыстар төбелессіз аяқталмады.

Мен іштей қозданғаныммен, «шақсыз, жақсыз етістік» болуға тырыса түстім. Мінездің өзі ең үлкен сабақ қой, номерімді ол жақтан тағы кеміткізіп, одан әрі қорланғым келмеді. Сөйтсе де, «жанасқыш» мұғалімдерді ішімнен қатты жек көретін болдым. Кішкене кездегі мінезім сол бойы қалыптаса түсті. Енді мылқау емес, тұйық болып қалдым. Ондай мұғалімдерден ұялу сезімім жоғалып, қорқу сезімім қайта өршіді.
Мен осы райымды жек көріп қалғандығымнан ба, немесе өзінің «ұрлап емізетін» тайыншыларының шағыстыруынан ба, Арысбек мұғалім менің атымды атамай «Текекөз» деп шақыратын болды. «Көзің лақ текенің көзінше бақырайып, жауапты бас жоқ, аяқ жоқ шұнтита салатының не!» деп ұрысып еді бір күні. Содан бастап қара мұрттың бауырынан «Текекөз» деген атау аталатын болды да, мен оған тұқыра қарайтын болдым.

Оның есесіне, мені әділ мұғалімдер мен талапты оқушылар жақсы көреді. Бұл бөле қарамай өз атыңмен шақыратын мұғалімдердің бәрі әділ сияқты, ондай мұғалімдер маған нұрдай көрінеді. Оларға күнге қарағандағыдай ұяла қарайтын менің қысыңқы көзім еш уақытта «Текекөз» болып көрінбеген шығар. Өзім жоғары санаған адамдардың атымды дұрыс атап, мені адам қатарында көруі - ішкі жақтан теңдікке жеткізуі, рухи азық беретін жанама тамыр сияқты болып сезілді.

Елсадықтың лебі мектепті ғана емес, бүкіл қоғамды да маған сондай жылы көрсете бастап еді. Дәмештің бостандық алуы тіпті жылытты.

«Дөрбілжін аудандық әйелдер қоғамы» атты тағы бір ұйым құрылғанын естіген болатынбыз. Дәмеш соған арыз айта кірген екен. Ұйым бастығы «Талиқа апай» атанған кексе татар мұғалима да ұйым атынан арыз жазып қосып, бірнеше кемпірді Дәмешке ілестіріп, Шиянжаңның алдына кіргізіпті. Керім Шиянжаң сұқ саусағымен сақшы мекемесін нұсқаған екен. Кемпірлердің екпініне жол-жөнекей кезіккен әйелдің бәрі ілесіп, оның ішін шаңқылға толтырыпты. Совет Одағындағы әйелдер теңдігін көріп, шекара аттаған өңшең «сәйгүлік» кемпірлер қойсын ба, жүйжаң қалай бұлтарса да, қоймай басып жетіпті де, оның «тақымындағы» «лақты» тартып алып бір-ақ шығыпты.

Дәмеш енді ешкімге көкпар болмайтындығына сенгендей қуана қайтты үйіне. «Жаңгүдейдің» түрмесінен алғашқы қашып шыққандағысындай, Дәмештің маңайына сүйіне қарап, тынысын кең алып, салысын желкесіне түсіре, аязды алқыммен қаймықпай соға кетіп бара жатқанын көрдім.

- Кім білсін, бейбақты көкпарға тағы да жоқшылық салар, - деп қалды шешем артынан қарап тұрып.

Расында да, жоқшылық жоғалмай байлық байлауын қояр ма. Көпе-көрнеуде ешкім байлап әкете алмаса да, көмескіде талап жеу бар ғой? «Мына шырай тұрғанда шырмауға түспейтін заман қайда» дегендей күдік Дәмеште қазір жоқ сияқты, өте қуанышта қайтты.

Үйіме мектептен кеште бір-ақ қайта алатын болғандықтан, түскі шайды күн ара Дәмештің үйіне барып ішіп тұрдым. Сол көшеде тағы бір нағашы әпкем бар еді. Менің басқа үйден тамақ іше алмайтын ұялшақ әдетімді білетін осы екеуі өз үйлерінен тамақтандырудың сылтауы ретінде түрлі тапсырма - «ала кел», «бере кел» міндетін беріп тұрады.

Бір күні түсте солай өрлеп бара жатқанымда, әлгі «ұрлап еметін» күйлі сабақтастарымның үлкені артымнан қуып жетіп өте шықты. Сен түскі тамақта ыңғай диуаналық қыласың ә?! - деп ажуалай өтті. Жайшылықта сөйлемегеніммен мұндай күйдіргі сықаққа қарсы сықақ дайындап өскендігімді көрсеттім.

- Сонда да ұры тайынша тектес күн көрмеймін ғой, үйіне бармасам ұрысатын әпкелерімнің қолынан әшкере шай ішемін!

«Жетім бала кекшіл», тең түсер жауап қайырсам да, кегім тарқамай қалды. Ол ашық ажуалап өткенде менің сықағым жұмбақ күйінде жабық қалғандай, «ұры тайынша» деген сөзді бір кезі келгенде мұны нақтап ұқтыруды көңіліме мықтап түйдім.

Әр күні таңертең класта мұғалім кіруден бұрын өткен күнгі есеп тапсырмасы жайында сыбайластар ара күбірлескен талқы болып тұратын, кейбір қиынырақ есептер тапсырылған күндерде де өзара көмек сұрасуы тіпті көбейіп кететін. «Ұрлап еметін күйлі тайыншылардың» қатты қағылатын кездері де сол кез еді. Артқы парталарда отыратын тайынша «құнан өгіздер» күбірлесіп, есепті шығара алмаған күндерінде алдыда отыратын «мықты бұзауларға» сүйенуге келетін. Ондайда жылы сөзбен жарқылдап күле, ентелеп келіп отыратын қасымызға. Маған сыбайлас «бұзаулардың» есепке нелер мықтылары бар.

Сол мықтылардан бір күнгі тапсырма есепті ешкімге көрсетпеулерін өтініп, «құлыптап» қойып отыр едім, әлгі «сүйікті дұшпаным ел кезіп» - әр партаға бір отырып, бір тұрып, күле қыдырды да, менің артымдағы партаға келіп отыра кетті. Жалт қарасам, онда отырған көршіме жабыса қалыпты. Иығына қолын салып, бетіне «қызықсына» қарап отыр екен.

- Айтпаймын, кешегі есептердің төртіншісін қалай шығардыңдар, ей? - деді бір кезде. Біз жақта әркім әртүрлі шығарыпты.

- Сен енді құзғын сәріден қайыр тілеп жүрмісің? - деп күлдім мен.

- Не бопты? - деп жымиды ол.

- Класқа кіргелі ел ақтап құйрығың қоныс таппады ғой, бейшара, енеге жасырын жанасып әдеттенген тайынша едің, енді еркек бұзауды да емгің келіп жүр ме, қалай?

Сабақтастар ду күлді. Ол қызарақтай күлімсіреді.

- Мен сенен сұрамадым ғой!

- «Диуана» деп алып, енді менен қай бетіңмен қайыр тілерсің? Жағалауыңнан-ақ жайыңды түсіндім, мүсәпірім, келе ғой, көшіріселік менікінен! - деп тапсырма дәптерімді алдына тастай салдым. Ол орнынан ыршып тұрып жүріп кетті.

Біздің сыбайластар тау бұлағындай үздіксіз сықылықтап еді. Менің сөзімнен гөрі өңменіне солардың күлкісі қатты тиді білем, шегір көзі тұздай болып, әрқайсысына булыға қарады. Содан бастап оған оңаша кезікпеуге тырыстым да, «диуаналығымды» көрсетпеу үшін әпкелерімнің үйіне де бұрыс көшемен барып-қайтып жүрдім. Оқудан бос уақыттарда ол менің жолымды неше рет тосып көрді. Біздің шықшыттағы қиыр көшенің оқушылары ынтымақты да, әділетті де болатын, мені зерікпей қорғап жүрді. Жұбын жазбайтын болғандықтан ешқайсымызға батып тиісе алмай жүрді ол!..

Мен қорқақ болғандықтан төбелес жағына жоқ едім. Жанжал туылатын жерден тайқып кететінмін. Сағаттық демалыстарда оны айтақтап салған төбелесқұмар сыбайластары біздің ауылдастарға неше рет тиісіп, олармен неше рет соғысып та алды. Мен жайыма қалып, өштік төбелескендер арасында қатты ушықты.

«Диуана» аталудан намыстанғандығымнан, әке-шешеме он екінші апрель мерекесінен бір ай бұрын қыңқылдадым. Сол жылы қала маңындағы тасжол бітіп, оның жұмысынан босай қалған Биғазы менің мерекелік киімім үшін жалдамалы жұмысты асығыс іздеп, бір саудагер ұйғырға арзан жалдана салды. Жұмыспен өтеуге төрт метр көк триконы алдымен алды. Апрель тойына оқуды жауып қойып, биыл бір ай бұрын дайындалдық. Алтай аймағының дутыңы Шәріпхан төреге қорғаушы әскер болып тұрған Айтбек Далабаев дейтін бір атақты күлдіргі жігіт, әскерліктен босап, Дөрбілжіндегі үйіне қайтып келген. Елсадық оны қазақ ұйымына қызметке тартыпты. Айтбектің әншілігін де, жаяу бәйгеде Алтайды тыйған жүйріктігін де естіп жүргенбіз. Сол келіп бізге әскери жүріс пен физкультура үйретті. Оның білетін марш әндеріне Елсадық сөз жазып беріп, бұл реткі мерекеге мектеп өлеңі жөнінен де недәуір жаңалықпен дайындалдық.

Ұлттық мәдени ағарту ұйымдары мен ұлттық мектептер бәсеке жарысқа қатты дайындалып жатқандықтарын Елсадық жұмылдыру ретінде хабарлап, бізді жаппай аттанысқа келтірді.

«Көрінісі ұлттық, мазмұны, алты саясаттық бәсеке» - «апрель мерекесін» әр ұлт өз жетістіктерімен қарсы алады. Дөрбілжін ауданында халық санының басым көпшілігін қазақ құрайды ғой, біздің артта қалуымыз енді ұят болады» деп кесетті ол.

Жазғытұрымның «қара өзек шақ» делінетін ұзын сары күні - «жуанның жіңішкіреп, жіңішкенің үзілетін» кезі. Біз қызыл жілік, қарасан болғанымызға қарамай, сол дайындықта жүрдік те, сол бір ай өзара қырғи қабақтықты ұмытып қалдық. Қабақ түйісуі жайына қалып, Айтбек құлағымызды да салбыратып жіберді. Біріміздің үстімізге бірімізді кірпішше қалап мұнара жасады. Үлкен сабақтастар ең астыға қаланатындықтан мен «сүйікті дұшпанымның» иығына табанымды қойып, төбесінде ойнадым да, менің төбемде де өзімнен кішірек біреу жортып жүрді. «Тайыншылар» пыс етіп, мүйізін шайқап қойғанымен, шарасыз қынжылса да қыңқ етпей көтеруге тиісті. Ұйыма шойындай сом денелі, зор дауысты Айтбектің қолындағы шыбығы де жерге Айтбектің өзінше тік шаншылып тұратын. Біз тік шаншылуды сол шыбықтан үйреніп көтердік.

Он екінші апрель күні Дөрбілжіннің Тарбағатай жақ желкесіндегі Бәйге төбеде солай тік шаншылып, ойындарымызды көрсеттік. Талай тік түсіп, ұшып-жығылып жүріп үйренгеніміз шыжыған ыстықта абыроймен орындалды. Қып-қызыл сахнадағы Шиянжаңдар миығынан күліп, табысымызды көп қол шапалақпен құттықтады. Үкімет қана емес, Айтбектің өзі де разы болғандықтан қолындағы шыбығын лақтырып тастай салды.

Сабақтастар иығындағы ауыр жүктен құтылғандай жадырасып, дүние сөзіне енді оралды. Сонда да сабымызды бұзбай күрес майданының бір жағын қорғап, қоралай келіп отыр едік.

- Ойпырай, мойныма мініп алған бір диуанадан әрең құтылдым-ау, - деді менің дұшпаным, - өзінің қоржын дорбаларынша асылып, желкемнен түссеші!

Маңайындағы қостаушылары  күлісіп, қаужақтасып қалды.

-  Қайда өзі? - деп жорта сұрады біреу.

Мен олардан төменірек отыр едім, киіміміз бірдей, басымыздағы сыпыра дөңгелек           көк жепек болғандықтан, бір-бірімізді сыртымыздан танымай қалатынбыз.

- Әне, әне! - деді мен жалт қарағанда біреуі.

- Мойныңа диуана әлі талай мінер! - дедім мен. Бұл сөзді менің жақтастарым қуаттап, құбылтып жіберді:

- Мұнан кейін мойнына өзің мінбей-ақ қоржыныңды асып қой.

- Көтере алмай пыс ете түссе де, омақассын, келер жылы мен де асайын!.

Естігендер түгел қарқылдап күлісіп кетіп еді, майданның арғы шетінен:

- Жәнібек! Жәнібек! - деген зор ұран естіліп, күлкі тез доғарылды.

- Дөңгелек қара сақалды бір жуанды шешіндіріп, бір топ адам  күрес майданына алып шыққан екен.

- Қапас палуан шықты, - деді бір сабақтас, - бұған түсетін палуан жоқ!

Шақырылған ұраннан керей руы екенін ұқтық. Ол жақтан күреске дайындалып отырған он шақты плауанның ең басына апарып отырғызды оны.

Аттылы-жаяу, арбалы болып, кең қыратты қаптап алған халық еді. Ол кезде Толы ауданы - Дөрбілжінге қарасты район болатын. Бестаудың жалшы, малшысы егіншілерінен басқа еркімен жүре алатын ер-әйелінің бәрі-ақ келген сияқты.

- Еркөкше, Еркөкше!

- Қабанбай, Қабанбай!

Майданның үш жағынан үш ұран көтерілді де палуандар үш жаққа тізіліп отырғызылып жатты. Дөрбілжін маңындағы он сұмын қалмақ палуандарынан да бірнешеуі біздің алдыңғы жағымызға шығарылды.

- Биғабіл! - деп шақырған бір әйел үнін естіп жалт қарасам, арт жағымда Дәмеш келіп тұр екен. Әкелген сусынын ішіп алып, қайта кеп отырдым. Дәмеш кетісімен әріптесімнің көк көзі тағы да жарқ ете түсті:

- Қытайға сатылған әпкең сүт пен жұмыртқаны қайдан әкеледі, ей?

- Онда нең бар еді! - деп бірнешеу қадала түсті оған. Менің жауабымды Жәкен атты көрші сабақтасым қайырды:

- Өз әпке-қарындастарың әркімге телмірумен сені ұмытып кеткен соң, мұның әпкесін көре алмай отырсың ғой.

- Ей, тіліңді тарт! - деп ақырып қалған ұзынның көк көзі қанталап кетті. Оның сыбайластарынан бірнешеуі тағы жекірісіп қалғанда, Қуанышқан дейтін бірі Жәкеннің бүйірінен түйіп жіберіп те үлгеріп еді. Жәкен оны шықшыттан соққанда, тәртіп сақтаушы мұғалімдер келіп, олардан жауап жұдырықтарын ұрғызбай тоқтатты. Тісін басып кіжіне-кіжіне барып отырды Қуанышқан.

- Тұра тұр, бәлем, көрсетемін әлі-ақ!

Күрес алдымен қазақ-моңғол палуандары арасында болды да, атақты Марғалдай палуан жығылған соң, моңғол палуандар майданнан шығып киінісіп алды. Күрес қазақ рулары арасында өтті онан соң. Бұлардың бас палуандарынан көбі әлі түспеп еді. «Еркөкшенің» Мұштари атты атақтысы кәртейгендігін айтып, майданға шықпаған екен. Ал қалғандарынан Қапасқа ешқайсысы беттемеді білем, «Жәнібектер» жақ  майданды жаңғырықтырып тұрғанда, тосыннан «Қабанбай» ұраны саңқ ете түсті де, ұзын бойлы сары жігіт күле түрегелді орнынан.

- Қыдырмолда, Қыдырмолда!...

- Қыдырмолда құмарынан енді шығатын болды, - деген жайран үндер естілді, - былтырдан бері Қапаспен бір түссем-ау деп жүр еді.

Сыртымыздағы жұрттың қаужақтаған сөздеріне қарағанда, «Орқашар - қожыр, Тарбағатайды тыйған» жас палуан екен. Қапаспен күресуді өзі талап еткендіктен майданның дәл ортасына өзі адымдай барып, тұра қалды. Көтермелеуге біздің Нұрасыл ғана еріп барып «Жәнібек» жақтан Қапас палуанды талап етті.

Қапасты жуан-жуан он шақты ел адамы ортаға алып, салтанатпен әкелді. Екі иығына екі-екіден төрт кісі мінгескендей тұтас біткен жуан Қапас, басқа адамдар арасында биік көрінгенімен, Қыдырмолдадан едәуір аласа, көрінді. Жастығынан болса керек, Қыдырмолда сәл сидаңдау. Сөйтсе де, балтыры мен бұлшығы шәугімдей бөлек-бөлек шығып тұр.

«Қабанбай» мен «Жәнібек» аттары Құлыстайдың жер-көгін жаңғырықтырғандай болды. Өштескен бұқаларша сүзе қарасып, бір-бір айналып өтісімен, атылуға ыңғайланған жолбарысша жер бауырлап аңдыған Қапас «жауының» көзіне екі уыс топырақты атып-атып жіберді де, бақалшығынан шап ете түсті. Лезде жерден жұлып та әкетті. Қыдырмолданы ортан белінен бөренеше көлденең құшақтап, басынан асыра тік көтерді де, жерге періп қалғандай болды. Қаусатты ғой деп қалып едік, Қыдырмолданың екі аяқ, бір қолы жер тірей қалды да, «жауының» қарнынан бұрай ұстаған бір қолымен тірей түрегеліп, ол да көтеріп әкетті. Лақтырып кеп тастады. Найман мен уақ қана емес, тіпті ұйғыр, моңғолдар да қосылып, түгел «Қабанбай» ұранына басып ала жөнелді. Етпеттей түскен Қапас палуан екі аяқ, екі қолмен бірдей жер тіреп қалғанда, ыршып барып міне түскен Қыдырмолда «жауының» күдірейген желкесінен түйіп қалып, жуан басын жерге тұқыратып бара жатты.

- Неге ұрады, ей! - деген біреудің үнін қостап, керей жақ шу ете түсті де, аттарын тебінісіп қалып лап берді. Әлі де жауырыны жерге тимей еңбектеп тұрған Қапасты бірнешеуі көтеріп әкетті. Қарсы жақ та, бейтарап жақтар да оларға қарсы ұмтылды, алдыңғы жақ қамшы салысып, мереке зор соғысқа айналғалы бара жатқанда ұлттық ұйымдардың, үкімет жақтың адамдары көбейіп барып айырды. «Екі палуанның күші тең» деп бағаланып, екеуі тең сыйлық алды.

Рушылдық даурық мұнымен тоқтағаны сол, таңертең кеткен екі жүз шақты бәйге екінтіге таман қайта оралғанда тіпті ушықты. Мереке тымақты қазақтардың рушылдық айқай сүренімен аяқталды.

Олар бір-біріне қамшы білеп ұмтылысқан орайда біздің сабақтастар бір-біріне жұдырық түйе ұмтылысып еді, бұл кішкене шайқасты мұғалімдер тоқтатты. Бірақ тымақтылар «керей», «найман» ұрандарымен бөлінсе, біздің бөлінісіміз бүтіндей басқаша, тымақтылар таңқаларлықтай бөлініс болды: біздің «Қабанбай», «Жәнібек», «Еркөкшелермен» таныстығымыз да, оларда бұйымтаймыз да жоқ тәрізді. Біздің жақтастар құрамында арғын да, найман да, керей де, уақ та бар. - Екі жағымыздың құрама жауынгерлер екені айқындалып жатыр.

Екі күннен соң Елсадық қазақ ұйым мүшелері мен мұғалімдерді қосып жиын ашты да, бәсеке нәтижесі жайынан бастап, недәуір ұзақ сөз сөйледі. Бәйге төбедегі күрес майданында болған рушылдык егері туралы сөзге келгенде қарапайым қаудырлаған қоңырша дауысы қатайып нық-нық айтып тастады: «Таптық жанжал ғой, әрине, болмай қоймайтын тартыс. Тіпті, тіршілік үшін зәру күрес. Ал, көпшіліктің тұрмыс-тіршілігіне титтей де байланысы жоқ бірдеме үшін қызып, ру ұранымен быт-шыт болатынымыз бар біздің! Надандықтың ішіндегі ең көрсоқырлық - осы рушылдық!.. Біздің халыққа тарих бойына жабысып келе жатқан қырсық та, жұт та осы. Масқара мазаққа айналуымыз да - осы рушылдықтан болған деп тастады!

Ашуға мүлде жат адамның бұл сөзді неліктен қатал айтқанын да, рушылдықты «жұт», «қырсық» деп неліктен атағанын да кезінде жете түсінбеп едім. Әйтеуір, бұл кісі айтқан соң, әрине, дұрыс болады, білмей айтпайды. «Анық жұт, анық қырсақ» сол болса керек - жете білмесем де жетемде осылай сақтауға тырыстым.

Үлкен егес қанды соғысқа айнала алмай тарқап, тау-тауға бөлініп кете беріп еді. Біздің кішкене егес содан төрт-бес күн өткен соң дәл Төрт көшеде лап ете түсті де, қантөгіске айнала қалды.

Уақиға абайсызда туылды: мектептің түскі демалыс уақытында Жәкен екеуміз қағаз-қарындаш алуға Төрт көшеге барып едік. «Жауымыздың» үш-төрті алдымыздан шыға келді де, бізді кес-кестеп тұра қалды. Жуан тұғыр күшті Жәкеңді қоршай қалғанда, Жәкеңнен кейінірек келе жатқан мен лып етіп бір топ адамның далдасына тығылдым. Қуанышқан алқымынан ала түскен Жәкеннің екі қолынан екі «жау» ұстай алды да, біреуі көпшіліктің көзіне арашалаған болып көрінді. Қуанышқан Жәкенді жақтан мықтап бір ұрды да, жағасынан екі қолымен бірдей ұстап үн шығармай қылғындыра берді. «Арашаға түскен» көккөз бәрінен зор бола тұра, қолын айыра алмағансып Жәкенді қинап жатқанда, мен шыдап тұра алмадым. Бірақ, бойым да, жасым да сол төбелесіп жатқандардан кішкене еді. «Жәкен олармен жауыққанда мен үшін жауыққан ғой!» - қорқақтығымнан ба, қанішерлігімнен бе, әйтеуір, дүние күп-күрең болып, көзім қарайып кеткенін ғана білемін. Ыршып шығып Қуанышқанның артына жетіп келгенімді ешқайсысы байқамай қалды. Кішкене жұдырығыммен жауырын ортасынан түйіп жіберіп едім, ол шыбын шаққан құрлы көрмеген сияқты, жалма-жан секіріп қалып, шықшыттан ала сілтеп едім, Қуанышқан жалт қарағанда қолым мұрнына барып қонбасы бар ма. «Жау» қаны шүмектен құйылғандай сау ете түскенде, алқымы мен қолы босай қалған Жәкен «арашаның» өзін бір салып үлгеріп еді. Қуанышқан тұмсығын бір қолымен мықтап басып алып, маған тап бергенде, батыс жақ көшемен безгелдекше безіп ала жөнелдім.

- Мынау не деген пәле еді! - деп қалды базаршылардың біреуі. Артыма бір қарағанымда Жәкеннің «ханзу» көшесімен шығысқа қарай зытқаны, үшеуі соны қуып кеткені байқалды.

«Енді мені өлтіреді-ау, ұзын борбай Қуанышқан қояр ма, ә!» деген қауіп келгенде қайда тығыларымды білмедім. Аяғым жерге тимей қанша ұшқаныммен Қуанышқан қусырып, жақындап қалғандай көрінді. Киімнің алды қып-қызыл қанға боялған сол көрінісі маған нақтылы қанды ауыз «хазірейілдің» өзі болып елестеді. Қорқыныш шын төнгенде ұят шіркін шіркейше безе ме, қалай, «жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деген ғой, мен де қолға түсуді қаламадым. Қорғалайтын бұтақ  іздеген торғайша зырқырап келіп, бір ашық қақпаға сүңгідім де, есігі ашық тұрған бейтаныс үйге атылып кіріп, төр үйіндегі сәкіге сарт ете түстім.

Көрпесін төрге жайып салып, іс тігіп отырған қазақ әйелі ғана көрінді көзіме.

- Иә, алқын-жұлқын болып тау көшіріп келдің бе, шырағым?! - деп менің сиқыма қарай қалды. Сәкі шетіне аман-сәлемсіз ілініп, алқынып отыр едім, - одан да зор жұмыс бітіріп келген сияқтысың ғой! - деп аңырды әйел. Менен жауап шықсын ба. Кексе сары әйел мырс ете түсті де, сырттан аяқ  дүбірін естіп терезеге қарады, - е, бәсе бұтаға қорғалап кірген екен ғой! - деп сәкінің екінші жақ шетінде отырған екі ересек баласын жұмсады. - Барыңдар есікке, қанға боялып біреу келеді, кіргізбеңдер!..

Алғаш кіргенімде көрмей қалыппын, ауыз үйде екі кемпір отыр екен, сыртқы есікке бәрі барып тұра қалысты. Қуанышқан тосқауылды бұза жара ауыз үйге енгенде, әлгі әйелдің өзі барып төр үйдің есігінен бөгеді.

- Шығарып бер ана қанішерді! - деп ұмтыла міңгірлеген Қуанышқанды кеудесінен итеріп жіберіп, есігін жауып алды әйел.

- Түйедей болып қаршадай баладан таяқ жеген өзіңде бір сойқан бар ғой! Ары жүр. Ары, қаның жұғады, үйімді былғатпаймын!...

- Шығарып бер!

- Кішкене баланы саған өлтіру үшін берейін бе?!

Әйелдер жабыла даңғырласа жүріп Қуанышқанды ауласынан шығарып жібергенде ғана жаным қалғаны сезіле бастады.

- Өзіңнен үлкен адамды неге ұрдың?! - деп жазғыра қарады әлгі әйел қайта кіріп.

- Олардың төртеуі жабылып менің жолдасымды ұрды, сыртынан келіп жағынан ұрып едім... Тұмсығын өзі тосты! Әйел күлімсіреді де:

- Ал, көрінбей кетіп қал енді! Ол үлкен көше жаққа кетті, сен мына сырт жақпен кет! - деді.

Мен қақпадан баспалай қарап шыға қаштым да, сырт көшемен айналып мектепке жеттім. Сабақ басталып кеткен екен, зал тып-тыныш. Мұғалімдер бөлмесіне қарасам онда да ешкім жоқ. Класқа кіріп барсам, таяқ жеген Жәкен екі қолымен екі кірпіш көтеріп жазада тұр да, Қуанышқаннан басқа «жауымыз» жайбарақат қана партасында отыр. Қуанышқан қанын тазартуға үйіне қайтып кетіпті.

Терезе алдында отырған Арысбек мұғалім мен молда маған шатынай қарады да ұшып-ұшып тұрысты. Құтқарушы әйелге қайтарған жауабымды бұларға да айттым. «Дөрт аяқ!» деп ақырған молданың қаһарынан, мұғалімнің қаһары әлдеқайда жоғары кетті. Күнше күркіреп қана қоймай, найзағай тастағандай шарқ-шұрқ ете түсті. Ақталу жауабымды тыңдар райы болмаған соң, сөзді қойдым. Үлкен екі кірпішті маған да көтертіп, дереу үкім жариялады: кешке дейін кірпіш көтеріп тұрып, кеште осы класта қалмақпын. «Жауларым» естірте масқаралап отырса да, мұғалім «естімеді». Мен қарамадым. Мықты Жәкеннің қолы қалтырап, кірпішті бір рет түсіріп алғанда мұғалім шапалағы бетіне қатты бір тиді де, екінші рет түсіріп алғанда кешіріп оны партасына отырғызды.

Жаза майданында жалғыз қалдым. Қанқұйлы қас «жаудың» өзі болғандығым үшін әділі осы ғой, мызғымай тұруға тырыстым. Алғашында тым ауырсынбасам да, сабақтастар демалысқа бір шығып келгеннен кейінгі уақытта екі кірпіш зіл болып басып, жерге кіргізіп бара жатқандай қабырғамды қайыстырып әкетті. Түсіріп алсам шапалақтың ең қаттысы ғана тиюге тиісті. Жығылсам да түсіргім келмеді.

Сәрсең болып семген екі нәзік  бұтақ сияқты екі білегім шырт етіп үзіліп түсердей дір қағып кетіп бара жатқанда, қыр мектептерінің біріндегі Атабай мұғалім кіріп келді. Сағынышты ұстазымның сағым сынып масқара болып тұрғанымда келуі маған ең ауыр жазадан да ауырырақ тигендей, төмендеп бара жатқан кірпішті қатулана көтеріп алдым. Бетіме шоқ түскендей дуылдап ала жөнелгенде басымды төмен салып, тұқыра түсіп едім. Атабай алдымнан өтіп бара жатты да, еңкейіп үңіле қарады.

- Үй, мынау Биғабіл ма?! - деп барып Арысбекке қол берді, мынаған не болған, жуас еді ғой!

- Ең пәлесі осы. Үндемей жүргенімен, бұдан сүзегені жоқ.

- Ей, Биғабіл, не болды саған, соншалық бұзылып кеткенің бе?!

«Жауларымның» алдында жасымауға қаншалық тырысқанымен, тамағымның бүлк-бүлк ете түскені сезілді. Сөйтсе де, тісімді-тісіме басып үндемей тұқыра бердім. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деген, менің жалынарым да, сыйынарым да осындай мұғалім еді. Бірер рет құтқарып жіберетініне сенсем де, ұяттан өлердей семіп тұрдым.

Солай біраз сөгіп алды да, Арысбек пен Нәбиолладан кезек сұрап азат етті мені.

«Тергеушім», әр заманның өз қастерлісі өзінде болмай ма. Сол қастерліге қарсы тұру - заманға қарсылық, төңкеріске қарсылық болып саналады. Мен сол заманның өзінде-ақ қастерліге  жай ғана қарсы тұрушы емес, осылай тұмсығынан қанын сорғалатқан кері төңкерісші едім. Қазіргі қылмысымның негізі қашан пайда болғанын пайымдап отырған шығарсыз!

(жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450