Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 6449 29 пікір 12 Ақпан, 2021 сағат 11:39

Мемлекеттік тіл жайлы жазба кімдерге ұнамай қалды?

(Шала бүлінудің қажеті қанша?)

Фейсбук желісіндегі парағымда жарияланған «Қазақ тілін үйретудің бес әдісі» деген жазбам қоғамдық санада соншалық жаңғырық туғызады деп ойламаппын. Әсіресе, орыстілді оқырмандардың жеке пікірлерім үшін маған «фашист!», «нацист!», «есуас!» деген ат байлап, айдар тағып, барынша ғайбаттағанына таңмын. Олар РФ-ның Путин, Жириновский, Федоров сияқты аса көрнекті мемлекет қайраткерлері мен саясаткерлері биік мінберлерден Қазақстанның мемлекеттілігі жөнінде теріс көзқарастарын ашық білдіргенінде мұншалық ашуланбаған шығар...

Шындығында, фейсбуктағы оқырмандарыма ой туғызу мақсатында ұсынған бес әдістің бірде-бірі билік тарапынан қолға алынбайтынын әрбір саналы адамның пайымдайтынына шүбәм жоқ. Айталық, қазақша қақпайтын министрлер мен Парламент депутаттарына Елбасының: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген аталы сөзінің мән-мағынасын кімдер түсіндіріп, кімдер үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе алады?.. Керісінше, солардың өздері мемлекеттік тіл саясатының нәтижелі жүзеге асуына мүдделі болуы керек қой. 

Біздің елде қаншама жылдар бойы жемқорларға, парақорларға, алаяқтарға қарсы бас бостандығынан айыру жазасы қолданылып жатса да, шенеуніктер мен кәсіпкерлердің барлығы бірдей әлгі қылмыстардан бас тартты ма! Ашыла сала жабылып қалған қылмыстық істер қаншама... Демек, келешекте министрлер мен қалталы алпауыттарға айыппұл салу арқылы қазақ тілін үйрету мүмкіндігін қарастырудың өзі артық. 

Мемлекеттік тілде іс жүргізбейтін, қызмет көрсетпейтін жүз мыңдаған мемлекеттік мекемелер мен сауда-саттық орындарын жабу жөнінде Мәжілісте мәселе көтерілуі тіпті мүмкін емес. Ендеше, Президент әкімшілігі, Үкімет, Парламентті тарқатып, мемлекеттік тілді меңгерген кадрлармен қайта жасақтау жөніндегі пікір біреулердің күлкісін тудырмаса, ашу-ызасын тудырмауы керек еді... 

Алдағы уақытта мемлекеттік тілді мәжбүрлеп оқыту лагерьлері ашылса, Қазақстан миллиондаған адамдар қамалатын мыңдаған лагерьлер еліне айналып кететіні сөзсіз. Айтпақшы, Жоғары Сот төрағасы, Бас Прокурор, Ішкі Істер министрі мемлекеттік тілді білмесе, оларды мәжбүрлеп оқыту лагерьлеріне қамау жөніндегі үкімді кімдер дайындап, кімдер іске асырады?.. Сұрақ көп, жауап жоқ. 

Әрине, Елбасы да, Президент те әлгіндей қадамға бармайды. Бұл анық жайт! Үй сыртында АҚШ, Батыс елдері мен солтүстіктегі ата көршіміз тұр...

Соны біле тұра, неге олай жаздың? – деп сұрарсыз. Жауап берейін. Мемлекеттік тілдің мүшкіл жағдайын оңалту жөніндегі мәселе айтыла-айтыла әбден жауыр болды! Бұл тақырыптың жұртшылықты ығыр қылғаны соншалық, ешкім тыңдамайды. Билікке құлақ түргізіп, қоғамдық сананы селт еткізу үшін радикалды ұсыныстар айтуың керек екен. Басқа амал жоқ. Мен соны түсіндім. Мақсатыма жеткендеймін. 

Ендеше, мәселенің байыбына бармай, менің жазбамның орыс тіліндегі аудармасына барынша шүйліккен азаматтардың алаңдауы негізсіз. Әрине, авторды табалау оңай болғанымен, орынды ой, пікір айту оңай емес. Әйтсе де, оқырмандардан тың ұсыныстар күтемін. 

Арман Қани,

Палодар қаласы

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458