Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3541 0 пікір 24 Наурыз, 2012 сағат 11:28

Бекқожа Жылқыбекұлы. «Қара жалын» немесе «Жаңаөзен қанды қырғыны» туралы өлең-жырлар шеруі

 

1976 жылы 8 қаңтарда қытай халық республикасының халықшыл да қарапайым примьер министрі Жу Ынлай қайтыс болғаннан кейін оның мейір-шапағатын өте жоғары бағалайтын халық қатты қайғырып, оған деген шексіз құрметі мен сағынышын білдірген жырлар мен жоқтаулар жаза бастады. Олар бұл өлең-жырларды көлемді қағаздарға көрнекті етіп жазып, Тяньаньмэнь алаңындағы қаһармандар ескерткішінің айналасына бірінен соң бірін іле бастады. Бұл түрдегі өлеңдер қытай халқының қабыр сыпыру мерекесі болған 5 сәуірдің алды-артында мемлекет көлемінде тіпті де жоғары деңгейге көтеріліп, бұқаралық өлең-жыр жасампаздығы қимылына айналды.

 

1976 жылы 8 қаңтарда қытай халық республикасының халықшыл да қарапайым примьер министрі Жу Ынлай қайтыс болғаннан кейін оның мейір-шапағатын өте жоғары бағалайтын халық қатты қайғырып, оған деген шексіз құрметі мен сағынышын білдірген жырлар мен жоқтаулар жаза бастады. Олар бұл өлең-жырларды көлемді қағаздарға көрнекті етіп жазып, Тяньаньмэнь алаңындағы қаһармандар ескерткішінің айналасына бірінен соң бірін іле бастады. Бұл түрдегі өлеңдер қытай халқының қабыр сыпыру мерекесі болған 5 сәуірдің алды-артында мемлекет көлемінде тіпті де жоғары деңгейге көтеріліп, бұқаралық өлең-жыр жасампаздығы қимылына айналды.

Дәл осы сәтте ҚХР сын 26 жыл бойы билеп-төстеген Мау Зыдоң 83 жасты алқымдап, кәрілік пен ауру себебінен алжуға бет алып, мемлекеттің бар тізгін-шылбырын «төрт кісілік төбе» деп аталатын Мау Зыдоңның тоқалы Жаң Шиң ұйымдастырған саяси дара билеуші топ қолына алып отырған болатын. Оның үстіне 1966 жылы басталған «Мәдениет зор төңкерісінің» қара дауылы әсіре ұраншыл солақай саяси ауқымды қалыптастырумен бірге қытай халқының тұрмыс деңгейін тұралатып, «таптық күрес бәрінен де маңызды» дейтін ұраншылдық ауқым бүкіл ҚХР көлемінде зиялы қауымның ар-ұжданын таптап, олардың үміткерлікке толы жасампаз санасын құлазытып біткен еді. Көңіл-күй әлемін шер мен мұңның мұзы құрсаулаған халық осы бір қабыр «сыпыру мерекесін» тиімді пайдалана отырып, айтар ойлары мен шер-мұңын өлең-жырлар арқылы жеткізуге көшті.

Халықтың примьер министрін халық сүйеді.

Халықтың примьер министрі халыққа күйеді.

Примьер министр мен халықтың қамы бір.

Халық пен примьер министрдің жаны бір, - деген сынды примьер министр Жу Ынлайға шексіз сағыныштарын білдіретін шумақтар

Қайғырма дос,

шектен тыс абыржыма!

Бас көтеріп,

сақтайық сабырды да.

Алдыңдағы қураған құм далада

Орын барын біліп қой гүл қалаға.

Оған барар төте жол біреу ғана -

Тексіз билік терісін іреу ғана (бұл өлеңдерді қытай тілінен аударған Бекқожа Жылқыбекұлы) - деп, сол кездегі билік басында отырған «төрт кісілік төбеге» кектенген өлеңдермен жалғасын тауып, он жыл бойы қорылдап ұйқыға кеткен қытай халқы ояна бастады. Бұл өлең-жыр жасампаздығы қимылында көпке жария болған өлең-жырлар зиялы қауымның атсалысуымен жинақталып, көп ұзамай жыр жинақтар легін құрап, арт-артынан жарық көріп жатты. Сөйтіп мұндай өлең-жырлар «заң өз күшінен айрылған жерден жауыздық басталады» ( Питт ) дейтін тарихи шындықты ҚХР ның билік жүйесіне қатаң түрде ескертіп барып, қытайдың осы заман әдебиет тарихынан «Тяньаньмэнь жырлары» деген атпен ойып орын алды. Содан үш жыл өткеннен кейін, яғни, 1979 жылы қытай көркемөнер кеңесінің төрағасы Жу Яң әдебиет-көркемөнершілердің 4-кезекті құрылтайының сахнасында сөйлеген сөзінде «Тяньаньмэнь жырларына» «қалық халық бұқарасы примьер министр Жу Ынлайға аза білдіру арқылы «төрт кісілік төбеге» кектенді әрі олардың билігінің біржолата тасталқан болып күйреуіне идеялық негіз қалады және бұқаралық пікір әзірледі. Өйткені тарих - мейірімсіз әрі ол спектакль сияқты құбылмалы құбылыс. «Төрт кісілік төбенің» халық билігін қара басының қамы үшін пайдаланған қаскүнемдік саясаты ең алдымен әдебиет-көркемөнер найзасының ұшына ілінді, сол үшін де халық бұқарасы әдебиет-көркемөнердің алып балғасымен олардың әлдеқашан қабырғада қаңтарылып, тоқтап қалған тоқышар сағатының күлталқанын шығарды» деп баға берді.

Ал 1986 жылғы «желтоқсан төңкерісінен» соң дәл шерік ғасыр өткен бүгінгі күнде тәуелсіз қазақ елі тарихынан ойып орын алып отырған «Жаңаөзен қанды қырғыны» қазақ халқының жанына қатты батты. Ел жүрегі еңіреді. Өйткені дәл осы күні қазақ билігі жағынан қазақ халқының жүрек тұсына дәлдеп тұрып тұңғыш рет оқ атылды. Қан төгілді, қасірет тұманы бүкіл ел аспанын торлады. Еліміздегі 800 ден астам қаламгердің көбі үнсіз қалғанымен, алайда Софы Сыматай, Темірхан Медетбек, Ғаббас Қабышев, Мұхтар Мағауин, Болат Атабаев қатарлы қаламгер-зиялы қауым халықтың сөзін сөйлеп, бір топ ақындар шоғыры арт-артынан «Жаңаөзен қанды қырғынына» азалы да рухты өлең-жырлар арнап, халықтың көкейінде көктеп тұрған өткір ой-пікірлерін ортаға салып, оқырмандармен ой бөлісіп, халықпен мұңдасты. Жаралы жүрек, қаралы көңіл Жаңаөзен халқына көңіл айтты. Ал «Жазалауға қарағанда кешіру - ерлік. Дәрменсіз кешіре алмайды. Кешіру - күштінің қасиеті» ( М. Ганди ) деген аталы сөздің түп төркінін түсіне алмаған билік болса, «Жаңаөзен қанды қырғынындағы» күнәсін мойындаудан бас тартып, оны «бүлікшілердің лаңкестігі» деп баға беріп үлгерді. Алайда азалы ақындық шабыт өз көзқарастары мен ойларын баспасөз беттерінде толассыз жариялап келеді.

Он алтыншы желтоқсан -

Уызына қанбаған,

Арпаласып алаңда

Ажал құшқан жан балаң!!! (Елена Әбдіхалықова)

 

Атқызғаным азғындық-ау мергенге оқ,

Көкірегімді бара жатыр шер дендеп.

Өз намысын қорғауға әбден хақылы,

Қазақ елдің тіліне еріп көрген жоқ (Ауыт Мұқибек).

 

Мылтықтылар мылтықсызды қуады!

Ана бетiн көз жасымен жуады!

Бейнетаспа жарамаса дерекке,

Шақырамын Күн секiлдi куәнi!

Бiлсiн билiк жандайшабы желөкпе:

Бiр дауылдан бiр дауылпаз туады! (Әмiржан Қосанов)

Атандым деп -

«Ел-Тұтқа",

Көн-Қазақты -

Қор тұтпа?!

"Жаңаөзенде"

Қырылған -

ЖАСТАН:

Жаның -

Артық па?! (Иран-Ғайып)

 

Болғанымен ақ, қарасы, жолағы,

Бар адамзат тiршiлiктiң қонағы.

Тақ басына тамырымен байланған

Хандар неге, қанға құмар болады? (Әлiбек ШЕГЕБАЙ)

Жоқтау үні - Жаратқанға жеткен күн,

Тұрлауы жоқ дүниені жек көрдім...

Аямадың, «ат!» дедің ғой, мойында,

Неге мұнша өз халқыңа кектендің!? (Болат Жетекбай)

Халық терін қара нан ғып илеген,

Күл боп кеткір күйеу қамын күйлеп ең...

Қақ жарылып жатыр, міне, жүрегім,

Өз бауырым атқан оқтан түйреген (Ұларбек Дәлейұлы).

 

Ар едім,
Жігер едім,
Намыс едім!
Алаштың ырысы едім, табысы едім.
Кіл жендет қырып салды айдап келіп,
Адайдан кетті білем тағы сенім (Әнуар Бимағамбет).

Тас жүрекке салды ма ұя қаталдық,
Бабалардан әлде теріс бата алдық.
Бейбіт елміз жер бетінде деп жүріп,
Өз бауырын қырған халық атандық (Айбек Қалмағанбетов).

Жасырам қалай жарамды,

Жақыным жаудай болғасын.

Кеудеме тікендей болып қадалды

Қой құмалағындай қорғасын (Ербол Алшынбай).

Қандастарыма қарата
Атылған арсыз оқ көрдім.
Айдаһар сынды араны
Аузынан шашқан шоқ көрдім.
Жер бауырлатқан жұртымды
Жендетті иттен жек көрдім (Рахат Қосбармақ).

Бостандықты қылтиып қауыз жарған,
Жайпап өтті қанды қол жауыз жалған.
Шын бейнесін көрсетті шибөрілер
Заманбек, Алтынбекпен ауызданған (Ұлықбек Есдәулет).

Ел еді,
Ұраны Бекет, жебелі...
Таппадым жауап,
Күмәні көп сұраққа.
Өзен жаққа барып,
Көңіл айтқым келеді,
Кімге айтам соны... бірақ та?! (Ислам Қосжан)

«Тяньаньмэнь жырларының» негізгі мазмұны примьер министр Жу Ынлайды халықтың шексіз сүйетіндігі мен «төрт кісілік төбеге деген» теңдессіз өшпенділігі болса, ал «Жаңа өзен жырларының» негізгі мазмұны «Жаңаөзен қанды қырғынында» оққа ұшып, қыршын кеткен бауырластардың қазасына деген қайғы-қасірет пен билікке деген сенімсіздік және оның дара билеушілігіне болған қарсылық баса дәріптеліп отыр. Бұдан тыс «Тяньаньмэнь жырларын» жазғандар қарапайым жұмысшылар, әскери адамдар, студенттер және дихан-шаруалар болғандықтан, олар авторсыз жарыққа шықты. Ал «Жаңаөзен жырларын» жазған авторлардың көбі - көрнекті ақындар емес, енді танылып келе жатқан ақындар немесе жас ақындар. Олар дара билеушілік жүйедегі елде емес, демократиялық жариялы елде өмір сүріп жатқандығын әліптің артын бағып, тасада үнсіз отырған үрейлі зиялы қауым мен шен-шекпенділерге ескертіп отырғандай әсер беріп жатқандығы белгілі. Олардың өлеңдері «Мемлекеттің мызғымас негізі - әділеттілік» ( Пиндар ) екендігін баса айтумен халықтың көңілінен шығып отырғандығы ақиқат.

Қысқасы, Венгерия ақыны Петофидің «Егер халықтың өлең-жыры белсенді орынға ие болса, онда халық саяси жақта үстем орынға ие болатын күн алыс емес» деген тұрлаулы тұжырымы сияқты қазақ елінің билік жүйесінде өзгеріс болатын күн таяу арада туатындығын шамалағандай болды. Екінші бір сөзбен айтқанда, билік өз басының қара қамын күйіттеп, ұлттық құндылықтарды ұмытып бара жатқан ауыр ағаттығынан арылып, енді бұдан былай аш-жалаңаш, тентіреп жүрген халықпен санасатындығына сеніммен қараған ақындардың шабыты шарықтау шегіне жетіп отыр. Олар «Жаңаөзенде қара жалын» немесе «Қанды Өзен» атты жыр жинағының жарыққа шығатын кезі алыс емес екендігіне зор сенімнен қарап келеді. Өйткені «ауыруын жасырғанның өлімі әшкере» екендігін бүгінгі тарихи шындық дәлелдеп отырғандығы ақиқат. Жалтақтап, жағынуды өлім санаған, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деген ойлы фәлсафасын бойына дарытқан көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым мен арлы ақын азаматтарымыздың үніне үн қосқан Жаңаөзен туралы өлең-жырлар легінің әділеттілікті жақтаған ұзақ шеруінде шегінер жол жоқ екендігі - біз үшін тарихи тағылым.

«Абай-ақпарат»

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383