Сенбі, 23 Қараша 2024
Сұхбат 3989 1 пікір 18 Ақпан, 2021 сағат 11:56

«Ғұлама аудармашы» атағын алған қазақ

Қытайдың Құлжа қаласына барған сапарымда Үрімжіден қазақ тілінде шығатын «Шыңжаң газетінің» ескі нөмірлерін ақтарып отырып, Нұрлан Сәрсенбаевтың «Ұстаз мерейі» (10 мамыр, 2013-жылы) деген мақаласына көз тоқтаттым. Мақала кейіпкері Алатаудай атағын бала кезімізден естіп өскен баспагер, аудармашы, тіл ғалымы Абылаш Қасымбекұлы екен. Мен одан сайын мақаланы жалғастырып, ары қарай оқи бастадым. 

«...Абылаш аға өнердің әр қырынан бой көрсеткен күрделі тұлға, талай оқымыстылар үлгі  алған бұл тұлғамыздың тұтас еңбегі туралы жан-жақтылы сөйлеу тым қиын. Ол кісінің баспагерлігі, аудармашылығы, тілгерлігі, азаматтығы жеке-жеке өз алдына зеттеуді қажет ететін тың тақырып екені барша жұртқа мәлім...» дей келіп, автор ұстазы Абылаштың  шәкірттеріне жасаған қамқорлығын тілге тиек етіпті. Автор мақаласының сірге жиярын: «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» деген халық сөзінің астарында терең мән жатыр. Халық қашанда нағыз дүлділдері мен қырандарын жазбай таниды. Бүгінгі ұстазымыздың мерейін аспандатып, маңдайының бақ жұлдызын жарқыратып отырған да қара ормандай туған халқы. «Талабына сенгеннің тауы биік» деген рас екен. Кешегі күні өнерге жол тартқан жас жолаушы бүгінгі тарланбоз шағында еңбегі жанып, тасы өрге домалап, халқына әйгілі адамға айналды. Халық барда қашанда ерлердің еңбегі қастарленіп, атағы аспандап, аты аңызға айналатыны талассыз шындық» деп түйіндепті. Мен де бұл пікірге іштей келісіп, бас шұлғыдым.

Бірақ менің мазам кете бастады. Бейне мама ағашта байлаулы тұлпардай тықырши бастадым. «Бұл кісімен кездесіп сұхбаттасуым керек екен. Егер өмірден әлде қашан озып кеткен болса шы? Онда өте өкінішті!..» –деп өзіме-өзім сұрақ тастап, күбірлеп қоямын. Содан мен қонай-түней жатқан үйдің иесі жегжатым әрі қаламгер ағам Құралбек Оспанұлын бөлмеме шақырып алдым. Ол: 

-Құдеке, сізге не болды?  Жайшылық па? Жаңа ғана ана ескі газеттерді ақтарып отыр едіңіз, енді бір түрлі болып, мазаңыз болмай кетті ғой. Бұл газеттің қандай сыйқыры бар екен? – деп әзілдей тіл қатты. Мен сыбырға жақын үнмен:

-Құреке, сіз мені кешіріңіз! Абылаш аға әлі тірі ме? – деп ыңғайсыз сұрақ қойдым. Маған үдірейе қараған Құрекең: 

-Құдай сақтасын, сенің бұл қай сасқаның?! Абылаш аға әлі жер басып тірі жүр, тыныштық па? – деді қатқыл дауыспен не күлерін, не ашуланарын білмей.

-Тыныштық аға, бұған да шүкір. Ол кісі қазір тың ба? Кездесіп аман-сәлем жасап, сұхбаттассам әңгіме айтуға шамасы келе ме? – дедім Құрекеңді сұрақтың астына алып.  Ол кісі бұрынғы әдетіне басып:

-Желігіңді бас, Құдеке! Абылаш аға әлі тың, аттай шауып жүр. Оны десең «Тарландар» деген журналдың бас редакторының орынбасары болып жұмыс жасап жүр. Бүгін жайлы жатып, жақсы түс көріңіз!  Құдай қаласа, ертең сізді ол кісінің үйіне өзім ертіп барып жолықтырамын, – деп күлді. 

-Құреке, өзіңіз білесіз. Құлжа деген ауыл арасы емес, күнде шауып келе салатын. Арада шекара бар, келсек қой, бір жылда бір рет зорға келеміз. Келмесек, ол да жоқ. Абылаш аға секілді Қытайға аты мәшһұр тұлғалармен әңгімелесіп қалудың өзі мен секілді журналистерге табыла бермейтін тамаша орай ғой. Әсіресе, ол кісінің өмір жолы мені қатты қызықтырады... Сіздің ертең кездестіремін дегеніңізге бағанадан бері өрекпіген мазасыз көңілім орнына түсті. Сізге көп рақмет! – деп едім Құрекең: 

-Несіне рақмет айтып отырсыз, Құдеке. Құданың бір өтінішін орындай алмасақ несіне құда болып жүрміз, оның үстіне қазақ «құда мың жылдық...» деп бекер айтпаған ғой. Міне, бұл сөз осындай сыйластықтың құрметіне айтылған жоқ па?! – деді байыппен.

Құрекең уәдесінде тұрды, ертесі түске таман Абылаш ағаның үйіне ертіп барды. Бізді ұзын бойлы, қардай әппақ шашын артына қайырған, сақал-мұрт қоймаған, кең маңдайлы, қаны бетіне тепкен ақ сары, жылы жүзді, өзін ширақы, денесін тік ұстаған, еңгезердей қария қарсы алды. 

Абылаш Қасымбекұлы, аудармашы, баспагер, редактор, тіл ғалымы

Аман-сәлемнен соң Абылаш ағаға өзімнің қайдан келгенімді және келген бұйымтайымды айтып едім. Ол кісі: «Айналайын, сенің Қазақ елінен мен секілді жаман шалдың барын ескеріп, сәлем бере келгеніңнің өзі маған үлкен дем беріп отыр. Саған көп рақмет, айналайын!» – деді де енді саған  әңгімені қай жерден бастап айтсам болар екен дегендей маған бір қарап, қабағын түйе ойланып біраз отырды да, әңгімесін арыдан бастап кетті:

-Мен 1935 жылы дүниеге келген екенмін. Менің туған жерім, өзің білетін мына Іле өзенінің басы Текес өзені мен Күнес өзенінің келіп қосылып, ары қарай «Іле өзені» деп аталатын кең аңғардың шығыс жағына орналасқан, Құдайдың күні есіп тұрған Күнес ауданының Талды ауылы. Талды ауылы болғанда, Талды шатқалының ішінде «Батбақты» деген сай бар, сол сайдың «Ақмойнақ» деген жерінде туылған екем. Бұл туралы мен ес білген кезде әке-шешем айтып отыратын. Кейін Ақмойнақты өзім барып көрдім, сол кездің өзінде біздің үйдің, қора-жайының тамдары құлап қалған. Ендігі жермен жексен болып, жер болып кеткен де шығар. 

Енді ата-ана тәрбиесі дегенді айтпай-ақ қояиын. Талдыда «Талды-Торан» (бұл мектеп мен туылған жылы салынған екен) мектебі деген мектеп болды. Осы мектептің бастауыш сыныбының табалдырығын 1944 жылы аттадым. Бұл мектепте 4-сыныпқа дейін оқып, 1948 жылы Күнес ауданының орталығы Бестөбе қалашындағы жаңа құрылған орталау мектептің 5-сыныбына оқуға бардым. Бұл мектеп Үш аймақ азат болғанан кейін 1946 жылы құрылған болатын. Осы мектепке әл-ауқаты нашар, кедейдің балаларынан қырық нешесін жатақта жатып оқитын оқуға қабылдап, үкімет арнайы расқұт (қаржы) беріп оқытты. Мен 1951 жылы осы мектептің 7-сыныбын бітірдім. 

Біздің жаңа Қытай мемлекеті 1949 жылы азат болғаннан кейін, Шыңжаң бейбіт жолмен азат болды. Бірақ осында анықтап айтатын бір нәрсе бар: Шыңжаңда Үш аймақ (Алтай, Тарбағатай және Іле аймағы) төңкерісі деген төңкеріс болған. 1944 жылы басталған төңкеріс сол жылы Іле аймағын азат етіп, 1945 жылдан бастап, 1946 жылға дейін Тарбағатай, Алтай аймағын азат еткен болатын. Сондықтан біздің бұл өңірді «ескі азат өңірі» деп атаған. 

-Сіздер мектепте қандай оқулықпен сабақ оқыдыңыздар? 

-Сол кезде Кеңес одағының Қазақстан Республикасы біздің Үш аймақ оқушыларына Ахмет Байтұрсынұлы жасап берген төте жазумен оқулық шығарып берген болатын. Қазақстанда жарық көретін «Қазақ Елі» деген журналда Қазақстанның әйгілі ақын-жазушыларының шығармалары жиі басылатын. Бұл журнал бізге келіп тұрды. Біз Қазақстанның жалпы жағдайынан хабардар болып тұрдық. Бұл 1944 жылдан кейінгі істер еді. Ал 1948 жылы Бестөбеге барып оқығанда біздің оқулықтар түгел-дерлік Қазақстанан келіп тұрды. Оқу бағдарламаларымыз Қазақстанның оқу-ағарту бағдарламасымен бірдей жүзгізілді. Ал емтихан сұрақтары да Қазақстаннан дайындалып келетін. 

-Сонда сіздер кириллица жазуын да білетін болдыңыздар ғой? 

-Кириллицаны өз бетімізбен оқып үйреніп алған болатынбыз. Енді мұғалімдеріміздің кейбіреуі кириллица әріпін білетін, кейбіреуі білмейтін еді. Кириллицаны білмейтін мұғалімдердің сабақ дайындауына кітапты біз оқып беріп көмектесіп отыратын едік. Қалай десек те, ол кездің мұғалімдері жан-жақтылы, білімді еді. Бізге білім-ғылымның не екендігін үйреткендер осы кісілер болатын.

–  Мұғалімдеріңіз арнаулы мамандықты қайдан алған екен?  

-Олардың бір бөлімі осы Іле өңірінде алдымен ескіше діни сабақтар алып хат таныған, кейін жаңаша мектепте оқып білім алғандар. Енді бір бөлігі Қазақстанда жоғары білім алып, кейін тағдыр тауқыметімен Қытайға ауып келгендер еді. Мектеп директоры болған Батталқазы деген кісінің бұрынғы Алаш партиясының жақтаушылары немесе мүшесі болғанын кейін білдік. 

Емтихан сұраулары Қазақстаннан келеді деген сөзді айтым ғой. Осы жерде бірнәрсені айта кетейін: сол кезде бізге «бес белгісіз теңдеу» өтілмеген сабақ еді. Содан бір сұрақ бізге келді. Осы сұрақтың  шығындысын «7» деп жазып қойыпты. Сол әлігедейін есімде бар. Осы бес белгісіз теңдеудің шешу жолы дұрыс болса, мұның шығындысы «7» болып шықса, онда сіз 5 балл ала аласыз. Бізге өтілмеген «бес белгісіз теңдеудің» есебін сынып бойынша мен дұрыс шығарғам. Өйткені, ол кезді мен математика пәніне өте жақсы едім. Үздік оқығам десем де болады. Мектеп бітірген кездегі куәлігім сақталып қалған екен, соған қарап отырсам есептен ылғи 5 балл алыптым.    

     – «Жаңаша мектеп» деп қалдыңыз, ол қандай мектеп еді? 

-1935 жылы Іледе Қазақ-қырғыз ұйышмасы (қазақ-қырғыздардың оқу-ағартуын ілгерлету қоғамы) деген бір ұйым болған. Мұны бұл жақтың қазақтары «ұйышма» деп атап кеткен. Сол Ұйышма құрылғанан кейін ел өңірінде жаңаша оқу оқытатын бастауыш мектептер көптеп салынды. Сол мектептердің ең көрнекті өкілі – Талды-Торан мектебі болатын. Әсілі «Талды-Торан» деп Қазақстанан келген Ахметбек деген мұғалім қойған екен. Сол кездегі адамдардың айтуына қарағанда, бұл мектеп ашылғанда Ахметбек мұғалім: «Торан даласы түркілердің мекені, өсіп-өркендеген сайын сахарасы. Сондықтан бұл мектептің атын «Талды-Торан» деп атайық» деп әдейі қойған екен. 

-Аты дардай «Талды-Торан» мектебі неге сол кезде 4-сыныпқа дейін бала оқытты екен? 

-Бұл мектеп 14 бөлмелі, асты-үсті тақтайлы жаңаша оқытатын  еңселі бастауыш мектеп болатын. Әсілі бұл мектепті орталау сыныпқа дейін балаларды оқытамыз деп ашқан екен. Бірақ бала санының аздығанан, әсіресе, мұғалімнің жетіспеуінен 4-сыныпқа дейін оқитын болыпты. 

 Сіз Бестебөдегі мектепті бітіргенен кейін жоғыры мектепке түстіңіз ғой? 

-Мектепті бітіргенен кейін үлкен қалаларға барып оқысақ, амал бар Кеңес Одағының Қазақстан Респбликасына барып оқысақ деген асқақ арман біз де болды. Осындай жалындаған жастық қиялмен жүргенде Үрімжіден Бестөбеге оқушы алатындар келіпті дегенді естідік. Сонымен ол оқу не оқу, қандай мектеп екеніне қараған біз жоқ. Үрімжіге оқуға барамыз деген ойменен, сол жылы бітірген балалардың жиырма шақтысы тізімделдік. Үрімжіден оқуға қабылдағалы келген Көдек деген кісі бізді Тоғызтарау ауданының орталығына алып барып емтиханға қатыстырды. Емтиханнан жартымыз өтіп, жартымыз өте алмай ауылға қайттық. Сол жолғы емтиханан мен 85 балл алып оқуға өткен болатынмын. 

Қандай оқу орнын талдадыңыз? 

-Шыны керек, ол кезде қандай оқу орнына бара жатқанымызды өзіміз де білгеміз жоқ. Үрімжіге барғанда бірақ білдік. Сөйтсек, біздің барған мектебіміз – «Шыңжаң бөлімше биуро кадрлар мектебі» деп аталады екен. Орталық комитеттің Батыс терістік биуросы деген бір биуро болған, бұл сол Батыс терістік биуроның Шыңжаңға келген бөлімше биуросының атында ашылған мектеп екен. Бұл мектепте бір жыл ғана оқып бітірдік. 

-Аталған мектептен қандай мамандық алып шықтыңыз? 

– Мамандық дегенде пәлендей мамандық жоқ. Мектептен алған біліміміз негізінен саясат болды. Яғни жаңа Қытай коммунистік партияның басшылығындағы саяси білімдер еді. Мені осы мектептің биуро әкімшілігіне қызметке бөлді. Бірақ мен қытай тілін білмейтін едім. Сосын бұлар Шыңжаң өлкелік кадрлар мектебі деген екінші мектепке мені қытай тілін біржыл үйреніп келуге жіберді. Біржылдан кейн қайтып келіп қазақ тілі мұғалімі болдым. Содан бір жыл арнайы үйренген қытай тілім ұмытылып кетті. Осылай қазақ тілі мұғалімі болып жүргенімде, 1953 жылдың соңында ауылдағы әке-шешем арт-артынан қайтыс болды. Екеуінің аралығы бір апта болуы керек. Ауылдағы екі інім, бір қарындасым бар еді, олар бас иесіз қалды. 

-Содан кейін не болды? 

-Мен мектепке қайтып барып мені Күнес ауданына жіберу туралы басшылыққа өтініш айттым. Бірақ мектеп басшылары: «Халық бар, үкімет бар, туыстарың бар, ел-жұртың бар. Іні-қарындастарыңа солар көмектеседі, қарайласады. Сен ауылға қайтушы болма...» деп маған ақыл-кеңес беріп, амал бар жібермеуге тырысты. Арада алтай өткеннен кейін 1955 жылдың наурыз айында, мені тікелей Күнеске жіберудің орнына Құлжаға бөлді. Өйткені, бір жыл бұрын 1954 жылы Үш аймақты негіз етіп құрылған Іле қазақ автономиялы облысы құрылып, оның орталығы болып Құлжа қаласы бекітілген болатын. Сол себепті үкіметтің тәртібі бойынша облыс арқылы Күнеске баруым керек екен. 

Ол кезде Іле облыстық үкіметтің басшысы (әкімі) Пәтіқан Сүгірбаев деген кісі болатын. Ол кісіге кездесіп, жіберген жолдамамды көрсетіп едім, о кісі: «Мен Күнес аудандық үкіметпен сөйлесіп, сені қызметке орналастыратын штатының бар-жоғын білейін. Егер штаты бар болса, сені Күнеске жібіремін. Егер болмай жатса, онда осында қалып уақытша істеп тұр. Кейін реті келіп жатса жібереміз. Екі күнен кейін келіп білерсің», – деді. 

Екі күннен кейін қайта айналып барсам, о кісі: «Күнесте штат жоқ екен. Құлжада қалып істе. Кейін жағдайға қарай көре жатармыз», – деді. Содан Іле қазақ облыстық Жол қатнас басқармасына бөліндім. 

-Сіз орта жолда Құлжада жұмысқа орналасып қалдыңыз. Ал енді ауылдағы екі ініңіз бен қарындасыңыздың жағдайы не болды? 

-Ауылда үлкен үйіміз бар болатын. Қара шаңырақтың иесі Иманғазы деген әкемнің кенже інісі екі інім мен қарындасымды өз қолына алып бақты. Сонымен солай Жол қатнас басқармасында жұмыс жасап жүрген кезімде, 1957 жылы Бейжіңдегі Ұлттар баспасына қызметкер аламыз деп Құлжаға екі адам келген екен, оларға облыстық кадрлар басқармасы мені көрсетіпті. 

-Ол кезде Ұлттар баспасында Қазақ бөлімі бар ма екен? 

-Бар екен. Өйткені Ұлттар баспасы 1953 жылы құрылған болатын. Бұл баспа алғашында жазушы Рахыметолла Әпшеұлы мен ақын Құрманәлі Оспанұлы және басқада қазақ авторлардың кітаптарын шығарған екен. Кейін бірыңғай қытай тілінен аударған кітаптар шығаруға көшіп кетіпті. Аты шулы «мәденит төңкерісі» 1976 жылы аяқтағаннан кейін, аз ұлт қаламгерлерінің шығармалары жоспарға алынып, басып шығарылатын болады. Сонымен бірге Қазақстанның ақын-жазушыларының кітаптары жоспарға кіргізіліп, оны басып тарату мүмкіндігіне қол жеткізеді.

-Үрімжіден ауылға кетіп бара жатқан боз жігіт орта жолдан кері қайтып, астанадан бір-ақ шығып жүрмесін?

-(күліп) Соны айтсаңшы. Ол кезде тәртіп солай, Үкімет қайда жібереді солай кететін заман болатын. Ел-жұртыммен қоштасып 1957 жылы сәуір айының соңында Бейжіңге аттанып кеттім. Сөйтсем, мен Ұлттар баспасының қазақ редакция бөлімінен бір-ақ шығыптым. Бұрын әкімшілік қызметте жүрген маған бұл кәсіп жат сезілді. Шыны керек, мен басылып шыққан газет-журнал мен кітаптарды оқығаным болмаса, оның қалай дайындалып, қалай басылып шыққанын білмейтін едім. Жалпы ол кезде ақпарат, баспасөз дегеннен мүлде хабарым жоқ болатын. Сөйтсем, бұл машақаты көп, жауапкершілігі ауыр кәсіптік жұмыс екен. Келген соң қайтып кетудің жөні жоқ, сонымен неде болса үкімет тапсырған жұмысты тыңғылықты істеуім керек дегеннен басқа ой болмады менде. Сонымен, мен алғашқы жұмысымды баспасөздің әліппесінен бастап істей бастадым. «Әліппесінен бастадым» деп айтып отырғаным, Қазақ бөліміндегі аудармашылар аударған, редакторлар редекциялаған мақалаларды көшіріп жазудан бастағанымды, кейін корректорлық дәрежесіне дейін көтерілгенімді айтып отырмын. Өйткені, баспаханада қорғасын әріпті теріп, тізетіндердің бәрі ханзудың өрімдей жас қыздары болатын. Олар біздің әріпті танымайды, білмейді, қазақ тілін мүлде қақпайды да. Біздің әдемілеп көшіріп берген жазудың суретіне қарап теріп, тізіп беретін. Ал осылардың тізген әрібінен үш қате табылатын болса, олардың еңбек ақысын тартатын. Сол себептен бе екен, әлде жұмысына деген шөгелдігінен бе, олар сенің жазып берген жазуыңның үтір, нүктесіне дейін қалдырмай қатесіз теріп, тізіп шығатын. Олардың баспасөзге деген құрметі мен жауапкершілігі өте күшті еді. Ол үшін ең алдымен біз оларға дайындалған материалдың емлесін өте дұрыс, сауатты жазып беруіміз керек қой. Сондықтан мен бір қыс қазақ тілінің емлесін қатесіз, дұрыс жазуды үйрендім. Қысқасы, сөйлемдердің тыныс белгілерін қай жерге, қалай дұрыс қойуды үйрендім.

Осы арада бір ерекше айта кететін нәрсе, тәжірибелі корректор Жанғали мен Гүлшекер менің әліпелік сауатымды ашып, емлелік білімімді алғаш шыңдаған ұстаздарым еді. Олармен бірге, Қазақстанда жарық көрген «Қазақ тілі» атты кітапты криллициядан төте жазуға көшіре жүріп, кітаптың корректорлығын, техникалық редакторлығын істеп жүріп тіл білімін үйрендім. Сол арқылы лексикалық, грамматикалық, стилистикалық, логикалық жақтан біршама сауат алып шықтым.

Кейін келе Қазақ бөлімінде шығатын «Ұлттар» атты суреті журналдың техникалық жұмысына ауыстым. Негізінен журналдың суреттері мен мақалаларын орналасытыру, аудару секілді жұмыстарды істедім. Сонымен бірге басқалардың тәржімалаған мақалаларын түпнұсқамен салыстыра оқып, аударманың қырымен-сырына қаныға бастадым. Кейде қысқа мақалаларды аударып өзімді аудармашылққа баулый бердім. Өйткені, мен қазақ тілін жақсы білем ғой, содан болар менің аудармам жаттық шығатын көрінеді, мұны байқаған редактор, аудармашылар «сен аудармаға қорықпай, батылдықпен кіріссең болады» деп ақыл-кеңес беретін. Сөйтіп жүріп, 1960 жылға келгенде аудармашылығым едәуір жетіліп, өзім де аударма саласына бел шеше кірісіп кеттім. 

Ол кезде Ұлттар баспасының қазақ бөлімінде ақын, аудармашы, әйгілі тарихшы Ниғымет Мыңжани бөлім бастығы болып істейтін. Және танымал аудармашылар Кәжей, Дәуен деген кісілер болды, бұл кісілер маған ұстаз болып, аудармашылыққа, баспасөзге баулыған жақсы жандар еді. Әсіресе, аудармашылықта Ниғымет пен Кәжейден көп үйрендім. Ол кісілердің аудармасы өте тамаша болатын. Білмегенімді осы кісілерден сұрайтынмын. Өйткені, әлемдегі басқа тілдерден қазақ тіліне аударуға қарағанда, қытай тілін аудару өте қиын. Себебі, әлемнің өзге тілдерінде сөйлем аяқталғаннан кейін нүкте қойылады ғой, ал қытайдың тілінде бастауыш пен баяндауыш қай жерден басталып, қай жерге барып тоқтауын (аяқтауын) болжау өте қиын. Аудармада қазақ тілін жеттік білу керек, егер тілді жақсы білсең аударма жұмысы онша қиын шаруа емес. Ол үшін кітаппен дос болу керек, тарихи кітаптарды, тіл ғылымына қатысты кітаптарды және көркем шығармаларды көп оқу керек. Одан кейін елге барғанда, ел аралағанда халық қазақ тілін қалай сөйлейтінін үнемі бақалап жүру керек. Сол сәтте жақсы сөз айтылып қалса, кездесіп жатса дереу қағазға түртіп алып, тілдік қорды байытып отырған дұрыс.  Мен мұны баяғыдан өзімнің күнделікті дағдыма айналдырып алғанмын.

–  Орталық Ұлтар баспасының құрылу тарихына қысқаша тоқтала кетсеңіз? 

-Ұлттар баспасы дегеніміз – ХХ ғасырдың 20-жылдары мына Кеңес Одағында бұратана халықтарды негіз еткен «Кіндік» баспа деген баспа Мәскеуде құрылған болатын. Бұл сол Кеңес Одағының «Кіндік» баспасын негіз етіп, Қытайдағы аз ұлттарға кітап шығарып, оларға тарату мақсатында құрылған баспа екен. 

Бір қызығы біздің Ұлттар баспасындағы барлық бөлім ұлт атымен аталады. Мәселен, қазақ, ұйғыр, мұңғұл, кореии және тибет бөлімі. 1950-ші жылдарда изу, жуаңзу, байзу деген секілді басқа ұлттардың да бөлімі бар екен. Бірақ олардың тілі болғанымен, жазуы жоқ екен. Үкімет оларға латын әліпбиімен жазу жазап берген. Бірақ халқы ол жазуды қолданбай қойған соң, ашып берген бөлімдері өздігінен жабылып қалыпты. Ол кезде бір-бірімізге «Ұлттар басбасы Біріккен мемлекеттер ұйымы» (БҰҰ) деп қалжыңдап айтушы едік. Неге десеңіз, бес ұлт бірінің тілін бірі білмейтін, ортақ тіліміз қытай тілі болатын.  

Сонымен қысқартып айтқанда 1980 жылдың басында Ұлттар баспсы Қазақ бөлімінің басшысы болып шыға келдім.

-Ұлттар баспасының Қазақ бөлімінің басшылық тізгінін өз қолыңзға алғаннан кейін қандай кітаптар шығарумен айналыстыңыз? 

-Негізінен қытай тіліндегі Маркс, Енгелс, Ленин, Сталин шығармаларын,  Мау Зыдұң таңдамалы шығармаларын, одан басқа мемлекет пен партияның басшыларының шығармаларын, мемлекеттің заңдарын, орталық комитеті мен үкімттің маңызды құжаттарын аудару. Оның сыртында қоғамдық ғылымдарға қатысты кітаптар болды. Олар – саяси-экономикалық, философиялық, тарихи және көркем әдебиеттер (роман, повесть, әңгіме, очерк, эсселер жинақтары). Сол кітаптардың көбін Қазақ редакциясының аудармашылары аударды, бірақ редакциясын қарау, соңында баспаға қол қойып жіберу секілді маңызды жұмыстың бәрі менің алдымнан өтіп отырды. 

Оның сыртында өзім де кейбір кітаптарды аударып, оның редакциясын қарап отырдым. Басқа шығармаларды былай қойғында Айсышіңнің  «Делектикалық материализм» кітабын және Горкидің «Ленин», Индия жазушысы Клсеннанданың «Сандал ағаш» романы, «Мау Зыдұң өлеңдері», Сауюенің «Түн ортасында шақырған әтеш» деген шығармасын қазақша сөйлеттім. Сонымен бірге «Көркем Шаушанда» (солтүстік кория) деген Қытайдың ерікті армия қаһармандары туралы жазылған эссе кітапты аударғаным бар. 

–   Сіз «мәдениет төңкерісінің» құйынынан аман қалдыңыз ба?   

-Қайдан аман қалайын. «Мәдениет төңкерісінің» құйыны мені де іліп әкетті. Бірақ алысқа апара алған жоқ. Осы әрекет «әртүрлі атақтармен» бұл атақтар тырнақшаның ішіндегі атақтар болды ғой баяғы. Күреске бірімізді-біріміз тартып жатамыз. Өзіміз де күрестің бел ортасында жүреміз. Ол кезде «қоқсықтар» мен «шайтан» деген атпен күреске тартатын. Мен де «шайтан» болып қалдым, бірақ «үлкен шайтан» емес, «кішкене шайтан» болдым. Күреске тартқанда «үлкен шайтандар» алдыңғы қатарда тұрады, біз олардың артжағында тұрамыз. Көбінше «үлкен шайтандар» күреске алынады. Анда-санда бізге де сұрақтар тастап қоятын. Сонда бұлар да бекер қарап тұрмасын дейтін көрінеді. «Кішкене шайтандардың» істейтін негізгі жұмысы  жер сыпыру, бөлмелер мен дәретханаларды тазалау секілді жұмыстар болатын. Оған қоса өзіміздің күнделікті қызметтімізді қалдырмай істейміз. Бірақ нағыз «Төңкерісшілдер» секілді біз айғайлап, ұрандатып көшеге шыққанымыз жоқ. 

Сіз «кішкене шайтан» болып жүрген кезіңізде, Қазақ бөлімінің басшылық қызметінен алып тастаған жоқ па? 

-Олай болған жоқ. Мен басшылық қызметті істеп жүріп, аударманы да қатар алып жүрдім. Өйткені, мен аударманы өте жақсы көрдім. Ұлттар баспасында  Кітап тарату мекемесі деген бөлім жұмыс жасады. Мен қол қойсам біздің басқан кітабымыз жан-жаққа таратылады екен де, егер қол қоймасам таратылмай қалады екен. Сол кезде әрі «шайтанмын», әрі «қол қоюшы басшы» едім. Кітапты басуға қол қоятын да менмін, әрі «шайтанмын». Сонымен не керек, Ұлттар баспасында осындай қилы-қилы кезеңдерді, тағдырларды бастан өткіздік. 

Қай жылы бас құрадыңыз? 

-1962 жылы үйленіп, отау тіктім.

Жеңгемізбен  Бейжіңде табыстыңыз ба, әлде Шыңжаңнан алып бардыңыз ба? 

-Жеңгеңнің аты Пәтеш. Ол Іленің Қорғас ауданы,  Сарбұлақ ауылының түлегі. Ол Бейжің ұлттар педагогикалық институтын оқыды. Сол кезде танысып, махаббаттастық. Ол оқуын бітіргенен кейін Ұлттар баспасында жұмысқа қалды. Аудармашы болып жұмыс жасады, редактор болды. Кейін бұл кісінің құлағының астынан бір дерт пайда болды. Дәрігерге тексеріліп, анализ тапсырып еді «тамыры түйілген, қауіпті ауру» деген қортынды шықты. Оны ота жасатып алдырып тастамаса болмайтын болды да, дәрігерлер дертті алып тастады, өкінішке орай, бұл кісінің жарты денесі салданып қалды. Ол кезде Бейжіңде жасанды тамыр жасайтын қазіргідей технология жоқ еді. Бұл технология Америкада ғана бар екен. Оны алатындай біздің экономикалық қуатымыз, шарт-жағдаймыз әлсіз болды ғой. 

Содан бұл кісі сал болып жатып қалды. Бейжіңде туылған үш қызым бар еді. Үшеуі де мектепте оқитын. Шыны керек, бұл кісі Бейжіңде әбден қиналып кеті. Не қарайласатын туыс-туған жоқ. Балаларды оқыту керек, өзім қызмет істеуім керек дегендей... Содан барып елге қайтайық деген бекімге келдік.  Бірден қайта алмай, итіс-тартыс болып жүріп 1983 жылы наурызда араға 26 жылды салып Құлжаға қайта оралдым. 

Пәтеш сол жабысқан аурудан оңала алмай қайтыс болды. Кейін үйдегі мына жеңгеңмен бас құрап, екеуміз бірге өмір сүріп келеміз.

Құлжаға келгеніңізде баяғы өзіңіз істеп кеткен Жол қатнас басқармасына келдіңіз бе, әлде баспасөз саласына бардыңыз ба? 

– Әрине, баспасөз саласына келем ғой. Құлжада шығатын Іле қазақ автономиялы облысының орган газеті – «Іле газеті» редакциясының орынбасар редакторы болып орналастым. Бұрын басбагер болып жұмыс жасаған мен, енді ақпарат саласынан бір-ақ шықтым. Газет шығару деген күндіз-түні тынбай жұмыс жасайтын өте қарбалас тірлік екен. Сонымен газетте екі жылдай жұмыс жасаған соң, Іле облыстық үкіметке қарайтын Тарих-шежіре кеңсесіне басшы болып ауысып кеттім. Ол жерде үш жыл жұмыс жасаған соң 1998 жылы зейнеткерлікке шықтым. Содан бері қарай демалыстамын. Бірақ мен демалыста жүріп, демалмайтын адаммын. Олай дейтінім, 2000 жылы «Тарландар» журналын әйгілі аудармашы, тіл маманы, ақпаратшы, қоғам қайраткері Әбдібек Байболатов деген кісі шығарған болатын. Өкінішке орай, сол жылдың күзінде ол кісі қайтыс болып кеткен соң, бұл жұмысты басшылық маған жүктеді. Содан бері осы журналдың бас редакторының орынбасары болып жұмыс жасап кетемін. 

-«Тарландар» ай сайын шығып тұра ма? 

-«Тарландар» үш айда бір шығатын маусымдық журнал. Бір жылда 4 сан шығарамыз. Бұл негізінен аты айтып тұрғандай қарттарға арналған журнал. Сол себепті, Әбдібек Байболатұлы журналдың атын «Тарландар» деп қойған еді. Бұл журналдың қытай тілінде де шығатын, кейін бұл журнал жабылып қалды. Қазір «Тарландар» Қытай елі бойынша қарттарға арналған бірден-бір жалғыз басылымға айналып қалды. 

-Өзіңіздің сүйікті кәсібіңіз аудармамен де ара-тұра айналысатын  кездеріңіз бола ма?

-Оны да істеймін. 1984 жылы Іле қазақ автономилы облыстық телевизия мекемесі құрылды. Қазақ тілінеде жаңалықтар мен бағдарламалар таратыла бастады. Сол кезде телеарна басшысы: «Әбдібек аға екеуіңіз біздің қытай тіліндегі телефильмдерді аударып берсеңіздер. Қазір сіздерден жақсы аударатын аудармашы жоқ. Бізге қолұштарыңызды беріп көмектессеңіздер» деген ұсыныс айтты. Мен 1985 жылдан тартып 1999 жылға дейін көптеген телефильм мен телехикаялар аударып бердім.

Америка жазушысының екінші дүниежүзі соғысын бейнелеген «Соғыс және естеме» деген 30 бөлімді телефильмін, Қытайдың бұрынғы премьемер минстрі туралы түсірілген «Жоу Ынлай Далиянда» фильмін айдардым. Қытайдың классикалық шығармасы «Субойында» романының желісімен түсірілген көп сериалы телехикаяны, «Нью-Йорктағы бейжіңдіктер», «Соғыс және естеме», «Бейбіт дәуір» секілді фильмдерді аудардым. Қазір есептеп көрсем, мен аударған телефильмдердің ұзын саны 300 бөлімнен асып кетіпті. Оның сыртында 1999 жылы бір жылдың ішінде «Қытайдың жаңа қылмысты істер заң ғылымы», «Ауыл-қыстақ экономикасы», «Қазына-финансқа шолу» қатарлы кітаптарын аудардым.

 Менің бір кемшілігім, өзім аударған кітап, әдеби шығармалар мен телехикаялардың түп нұсқа аудармасын сақтамайды екенмін. Сол заманда берген міндетті орындағаныма мәз болып жүре беріптім. Кейін «еңбектеріңді жинастырып кітап етіп шығарсаң болмас па еді» деген кісілердің кеңесінен кейін барып, іздей бастадым. Бірақ толық нұсқасын қолыма түсіре алмадым. 

Мен өз өмірімде істеген еңбектерімді жалпы есептеп көрсем ханзу әріпімен 40 миллиондай әріпті көз алдымнан өткізіптім. Оның көбін басқалар аударғанымен, бірақ мен редакциялап, басуға бекітіп жіберген екенмін. 

-Осы ұшан теңіз еңбектеріңіз туралы ғылыми конференция ұйымдастырып көрмедіңіз бе? 

-2012 жылы Іле облыстық халық құрылтайының он уәкілі (депутаты) бірлесіп құрылтайда облыстық үкіметке мен туралы жоба ұсыныпты. Бұл жобада үш нәрсе айтылған. «Бірінші, бұл кісі көп жұмыстар атқарған адам. Сондықтан бұл кісіге арнап бір ғылыми конференция өткізсек; екінші, бұл кісінің қазір отырған үйі ескіріп кеткен, жаңа үйден берілсе (мына тұрып жатқан үй 30 жылдан асып кеткен ескі үй ғой, А.Қ.); үшінші, бұл кісі істеген жұмыстары туралы көрме ұйымдастылылса». Сонымен құрылтайда уәкілдер ұсынған үш ұсыныстың біреуін яғни «ғылыми конференция өткізу туралы» ұсынысты облыстық үкімет бекітіп, қалған екі ұсынысын бекітпепті. Сол жылы қыркүйек айында мен туралы ғылыми конференция Құлжа қаласында ашылды. Конференцияға жан-жақтан ел келіп қатысты. Менің еңбектерім туралы баяндамалар жасалды. Ел-жұртым мені ардақтап үстіме шапан жауып, астыма ат мінгізді. Халқыма ризамын! Бұл конференция мен үшін алғанда азды-көпті еңбектерімнен шығарған бір қортынды болды деп ойлаймын. 

2013 жылы Ұлттар баспасы өзінің 60 жылдығына орайластырып мен туралы бір кітап шығарды. Бұл кітапқа ғылыми конференцияда жасалған баяндамалар толық кірген. Мына сенің жегжатың Құралбектің де мен туралы жазған мақаласы соның ішінде бар. Мен өз өмірімде 40-50-ге тарта ғылыми мақала жазған екенмін, оның бәрі газет-журналға кезінде жарияланған. Оның біреуі де қазір менің қолымда жоқ. Бірақ кітап құрастырған жігіттер жинаққа он мақаламды қайдан тапқанын білмеймін кіргізіпті. Оларға ризамын, рақметімді айтамын! 

Құдай қаласы келер жылы сексеннің қырқасына шыққалы отырмын. Бірақ сексенге келдім, осы тірлікті қойсам қайтеді деп отырған мен жоқ. Үйренген дағды бойынша, күнде бірдемені түртіп отырмасам тағы болмаған. Өйткені, бірдеме істеп отырмасам екі қолым алдыма симай, далада қалғандай болып мазам кетіп қалады. Қазір екі жұмыс істеп отырмын. Біреуі – журналдың жұмысы, енді бірі – шежіренің жұмысы. 

-Ол қандай шежіре еді? 

-Біздің қызай ананың ұрпақтары өсіп-өніп жарты миллионға жетіпті. 

Осы қызай елдің тарихы мен шежіресін жазу тобы құрылған болатын. Топ қазір шежірені жазып, құрастырып болды. Бұл шежіре 16 форматтағы кітаптан кемдегенде 10 том болайын деп отыр. Осы 10 томның соңғы редакциясын мен қарап жатырмын. 

-Оған әл-қуатыңыз жете ме? 

-Күшім қаншаға дейін жетеді, соған дейін істей беремін. 

-Өмірде әттеген-ай, ананы дұрыс істемептім, мынаны істей алмай  қалғаным-ай,  – деп өкінген сәттеріңіз болды ма? 

-Шындығын айтқанда, менің істеген еңбектерім мен аударған дүниелерімнің барлығы баспадан жарық көріп халықтың игілігіне айналды. Бұл жағынан менің өкінішім жоқ. 

Ал өкінішім, «мәдениет төңкерісінде» «кішкене шайтан» болғаным. «Шайтан» болғанда да бір негіз болу керек қой. Ал олардың маған таққан бар айыбы «сен Қазақстанның кітаптарын оқиды екенсің. Кеңес Одағы түзетімпаз ел» дегеннен басқа іліп аларлары жоқ еді. Рухани мәдениетте шекара болмайды ғой. Кейде соны ойлап, жабырқап қалатын кездерім болады. Мұндай іс оңайшылықта көкейіңнен кетпейді екен. 

Мен туған халқыма жарты ғасырға жуық уақыт қолымнан келгенінше қызмет істеп келдім. Жақсы істедім деп айта алмаймын. Десе де, 50 жылға таяу уақыт бір адамның туған халқы үшін жұмыс жасауының өзі сол адам үшін үлкен бақыт. Мен туралы көптеген адамдар конференцияда мақтау сөздер айтты. Оның кейбіреуін мен көтере алатын мақтау, ал кейбіреуін мен көтере алмайтын мақтау болды. 

Әсілі менің аудармашы болуыма қазақ тілін жақсы білуім себепші болды. Өйткені, өз тіліңді жақсы білмесең, қисық-қыңыр аудара бересің. Әйтеуір жалпы мағанасы шықса болды деп істей беруге болмайды ғой. Тамды сылағанда, кедір-бүдір сылауға да, жылмағай етіп әдемі сылауға да болады. Сол секілді өз тілін жақсы білетін адам аударманы да жылмағай етіп, әдемі аударуға болады. Аударма назариясы дегеніміз – түсіну мен бейнелеудің бірлесуі. Ол – түп нұсқаны жақсы түсіне білу мен өз тіліңде жаттық жеткізе білу деген сөз. Бұл екеуін айтуға оңай болғанымен ісжүзінде бұлар терең мағаналы сөздер. Бір шығарманы аудару үшін сол шығарма жазылған дәуірдің астарына, тарихи артқы көрінісін толық білуің тиіс, шығарма қалай жазылған дегенге баса назар аудару керек. Сондаға ғана сен аударған кез келген шығарма сәтті шығады.   

Кейде аударма барысында түсініксіз, онша таныс емес, сөздер көп кездесіп отырады. Мәселен, қытайдың мақал-мәтелдері, одан кейін қытайдың ескі тілінде жазыдған саған онша таныс емес сөз тіркестерді жиі кездеседі, осындай кезде оның астарын, мазмұнын толық түсінуге күш салу керек. Оның мазмұнын толық түсінбей тұрып аудармаға кірісу деген дұрыс емес. Аудармада «еркін аударма» және «қатып-семген аударма» деген бар. Еркін аударма дегеніміз – қытайша мәтінін оқып шығып, мазмұнын қазақ тілінде жаттық жазып шығатын аударма. Ал қатып-семген аударма бүгінге дейін сақталып келеді. Қытайдың әр әрібінің көзін тауып, мағанасын толық бейнелеп беру деген мүмкін емес. Өйткені, аудармада екі әріптен немесе үш әріптен құралатын қытай сөзінің бірінші әрпі негізгі мағана берсе, ал екінші, үшінші әрпі оған қосалқы мағана береді. Оған қарамай екі әріпке немесі үш әріпке бірдей мағана беріп аудару, бұл аудармада қатып-семген аударма есептеледі. Сондықтан түсіну аудару мен бейнелеп аудару мәселесі төтенше маңызды мәселе саналады. 

Қазір қытай тілін жақсы білетіндер көбейді. Біздің кезімізде, одан бұрынғы замандарда қытай тілін білетіндер некен-саяқ болатын. Ал енді қазір «қос тілді оқу-ағарту» дегенді жүргізіп жатыр. Сондықтан қытай тілін жақсы білетіндер көбейіп келеді. Бірақ керісінше, өз ана тілін жақсы білетіндер барған сайын азайып барады. Оларға «мынаны қазақ тіліне аударып бере салшы» десең аударып бере алмайды, өйткені қазақшасы өте нашар. Білген күннің өзінде қазақшасы шыбарланып кеткен, қазақ тіліне қатысы жоқ өзге тілдің терміндері көп кіріп кеткен. Ең өкініштісі – осы болып тұр. Осыған қарама-қарсы мен өз тілімді жақсы білгеніммен, қытай тілін аналардай жаттық сөйлей алмаймын. Бірақ мен кезкелген аударманы өз елімнің дағдысына, сөйлеу мәнеріне салып көркем тілмен сөйлетіп бере аламын. 

Ұлттар баспасында істеп жүрген кезімде, баспада қытай тілін оқып жатқан қазақ балаларға қытай тілінен, ал қазақ тілін үйренген қытай балаларға қазақ тілінен 40 сағат сабақ бердім. Бір күні Орталық радио станциясы қазақ бөлімінің жетекшісі Сағат Жайпақ хабарласып: «Абылаш, сен біздің радионың хабарларын естіп жүрсің бе?» – деді. «Анда-санда естіп қаламын», – десем. «Онда біздің күнде эфирге шығатын хабарлы тыңдап көріп, ақпарат жөнінде біздің қызметкерлерге қазақ тілінен сабақ өтіп берсең болар еді», – деді. «Сендер эфирде оқылған хабардың түпнұсқасын маған әкеліп беріңдер, сонымен танысып шығып, содан кейін сабақ берсем, берейін», – деп келісім бердім. Содан Орталық радио станциясы қазақ бөлімінің қызметкерлеріне 100 сағат қазақ тілінде сабақ бердім.

Кейін Орталық ұлттар институтында менен қазақ тілін оқыған екі қытай жігіті Ұлттар баспасына бөлініп келіп жұмыс істеді. Бұл екі қытай жігітінің өз аты басқа, ал қазақшы аттары Дәкен, Нұржан болатын. Бұл жігіттер кейін екі тілге қатар аударатын танымал аудармашы маман болып шыққты.    

 Ел арасында «Абылаш анықтамасы», «Абылаш жасаған мың сөз» деген тәмсіл жиі айтылады екен. Осы туралы айта кетсеңіз?

– Қазақстанда бір аудармашы маман бар екен, бір газеттен оқыған едім. «Базарбаев» деді ме, қазір аты-жөні толық есімде жоқ. Сол маманды «қазақ тіліне 500 атауды жасап  қосты» деп жазыпты. Ал мен болсам қазақ тіліне 1000-ға тарта атауды жасап қосқанмын. Бірақ соның бәрін жинамаптым. Қазір ол халықтың тіліне айналып кетті. Кейде жұмыс істеп отырғанымда сол сөзер кездесіп қалады. Сонда барып, осы сөзді бір кезде мен жасап қосып едім ғой деп ойлап қоямын. Бірақ ешкімге де, күні бүгінге дейін мына сөзді мен қосқан едім деп айтқан емеспін. Бүгін саған айтып отырмын, оны халқымның еншісіне бердім. Қазақ тілін қалай сөйлеу, қалай жазу, қалай істету жағына көп көңіл бөлдім. Қазақ тілі өте бай, бейнелеу қуаты өте керемет, құнарлы тіл ғой. Мен «Қазақ тілінің тұрақты сөз тіркестері», «Қазына-экономика сөздігі» қатарлы сөздіктерді құрастыру, оны қарап бекіту, баспадан шығару жұмысына қатыстым.

Аударма қызметі деген – сөз қызметі, тіл қызметі ғой. Оны қазақ тілінің сөздік қорынан бөліп, бөле жаруға келмейді. Өйткені, біздлің қаруымыз қазақтың тілі, сөзі ғой. Қазақ тілін білмеген адамның аудармасы ойқы, шойқы, кедір-бүдір болып шығады. Қазақстан аудармашылары көбін орыс тілінен аударатын болу керек, аудармасын оқып отырсаң керемет. Түпнұсқасы қалай екенін білмеймін, бірақ қазақшасы жұтынып тұрады, өте тамаша. Ал біздің аудармашылардың аудармасын оқып отырсаңқарадай шаршайсың, себебі қазақ тілін дұрыс білмейтін аудармашылар аударады. Ол олма, біздің аудармашылар шетінен келсе-келмес сөз жасағыш болып алған. Сөз жасау үшін бұрынғы ата-бабаларымыз жасап беріп кеткен сөздерді біріне-бірін қосып сөз жасаса бір сәрі, ал жаңадан ой-жота, келсе-келмес сөз жасау дұрыс емес қой. Оны неге айтып отырмын, өйткені біздің қазақ тіліндне жалғау, жұрнақтар өте көп. Жалғау-журнақтарды түбір сөздерге жалғау арқылы көптеген сөздерді жаңадан жасауға болады. Мәселен, қазір қолданып жүрген «ту-ынды» деген сөздегі «ту» деген етістікті «ынды» деген жұрнақ жалғау арқылы есімдікке айналдырған. Осы секілді жалғау арқылы жасайтын сөздер өте көп. Бізде шет тілінен кірген «эмпорт», «экспорт» деген сөз бар ғой, осыны «ынды, інді» журнағын жалғау арқылы «шығынды», «кірінді» деген секілді сөз жасауға болар еді. Мен мұны әншейін мысал ретінде айтып отырмын. Демек, осы сияқты сөздерді жұрнақ жалғау арқылы, есімдік сөздерге айналдыруға әбден болады. Енді біз осыны айтып отырмыз, бірақ баспасөз, бұқаралық ақпарт құралдарында істейтін қыз-жігіттер мұны білмейді, білсе де оны елеп-ескермейді. Бір қызығы, бұрын қазақ тіліне аударылып қойған кітаптарды пайдаланбай, өздері білгішсініп қытай тілінен бытып-шатып аударып, қазақ тілінің берекесін қашырып, құнын түсіріп жүргендер бар. Мұндай істерді айтсаң, толып жатыр. Біз ғой айтуын айтамыз, бірақ оыны тыңдап жатқан құлақ жоқ. «Ауыз дарбаза, сөз самал» деген қазақта бір сөз бар ғой, Біздің айтқанымыз самал болып құлағына кірмей, сыртынан желпіп өтіп кететін секілді.    

Абылаш аға, өзіңіз айтып отырғандай сіздің оқыған мектебіңіз де, алған біліміңіз де, тым жоғары емес екен. Бірақ тума таланттыңыз, еңбек қорлығыңыз, табандылығыңыз сіздің кәсіби біліміңізді шыңдап, іргетасын мықтап қалаған екен. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен жетістік. Жарты ғасырға жуық еңбек жолыңызда еліңізге, халқыңызға орасан зор рухани, мәдени еңбек сіңірген екенсіз. Осы еңбектеріңіздің бодауы үшін қандай атақ, марапаттарға ие болдыңыз? 

– Бағана қытай тілін бір жылдай тамтұмдап үйренген, тілашарлық мағлұматым бар еді дедім ғой. Топырағынан ірі тұлғалар өткен туған жерімнің маған игі ықпалы да болғаны рас. Одан сырт өмірлік асылым жатса-тұрсам қолымнан тастамайтын кітабым мен білімге деген ынта-қажырлығым, табиғат сыйлаған таланттым маған көп ес қатты. Бұдан басқа менің сенерім де, сүйенерім де жоқ еді. Әнтек жалынсыздық, жігерсіздік танытсам немесе аз кем бойкүйездікке салынсам, жолы бұралаң, асуы биік бұл сапарымның көмбесіне жете алмай орта жолда қалып қалуым да бек мүмкін еді. Өйткені, мына алдыңда отырған Абылаш Қасымбекұлы жас кезінде аударма, баспасөз, баспагерлік дегеннен мүлде хабарсыз еді. Содан мен баспасөздің әліппесінен бастауға мәжбүр болғанымды жаңа өзіңе айттым. Соңында Ұлттар баспасының қазақ редакциясында табан аудармай 26 жыл аудармашы, редактор, жауапты редактор, бөлім меңгерушісінің орынбасары қатарлы міндеттерді атқарадым. 1983 жылы наурызда Іле қазақ облысына ауысып келіп, 1985 жылға дейін «Іле газеті» мекемесі бас редакторының орынбасары, 1985 жылдан 1998 жылға дейін Облыстық шежіре кеңсесінің меңгерушісі қызметін атқарадым. 1998 жылы маусымда зейнеткерлікке шыққан  мен 2000 жылдан 2014 жылға дейін 14 жыл Іле облыстық халық үкіметінің қарттарға арналған басылым «Тарландар» журналында бас редактордың орынбасарлық міндетін атқарадым. 

Мен 1987 жылы мемлекеттік бас жұмысшы ұйымы жағынан «Өздігінен үйреніп толысқан маман» атағын және 1988 жылы ең жоғарғы аға аудармашы атағын алдым. 1994 жылы Іле қазақ автономиялы облыстық партком мен халық үкіметі жағынан «Үздік маман» атағы берілсе, Қытай аудармашылар қоғамы  Қытай Халық Респуликасының құрылғандығының 60 жылдығына орай, 2009 жылы «Ғұлама аудармашы» деген атақ берді. Ол Іле қазақ автономиялы облыстық VII-VIII кезекті саяси масылихаттың екі реткі шақырылым мүшесі және Қытай аудармашылар қоғамының, Шыңжаң аудармашыдар қоғамының, Іле қазақ автономиялы облыстық жазушылар қоғамының, Шыңжаң Таңжарық зерттеу қоғамының мүшесі сияқты қоғамдық, әлеуметтік міндеттерді атқардым. Менің еңбектерім үшін «Қытай мамандар сөздігі», «Қытай аз санды ұлт мамандар сөздігі» қатарлы бірқыдыру сөздіктерге ендім. Менің еңбегім де, алған атағым да осы, Әлімжан қарағым!

Қандай кемшілігіңіз бар?

– Кемшіліксіз адам болмайды ғой, мен темекіні өте көп шегемін (күлді). 

–  Әңгімеңізге көп рақмет, аға! Деніңіз сау болып, әрқашан қаламыңыз қолыңыздан түспесін! Құдай қаласы, келер жылы 80 жылдық мерей тойыңызды халқыңызбен бірге тойлауға жазсын! 

Шекара аттап, сонша жерден ат терлетіп келген өзіңе де көп рақмет! Өркенің өссін, айналайын! Қайда жүрсең де аман бол, жортқанда жолдасың қызыр болсын!

 (Ескерту: Бұл сұхбат 2014 жылы 20 қарашада алынған. Ал кейіпкер Абылаш Қасымбекұлы ақсақал 2017 жылы 5 мамырда, Құлжа қаласында, 82 жасында қайтыс болды).

Сұхбатты жүргізген: Әлімжан Әшімұлы, 

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387