«Сүзеген сөзден» үзінді
Оспанхан Әубәкіров
Армысыздар, ардақты, ақжарқын, ақпейіл, ақкөңіл, айналайын, Адамдар! Әр пенде күнде елуге толып той жасай бермейді ғой. Сол секілді Жаңа жыл күнде бола бермейді. Осы, жылында бір келетін Жаңа жылымызды көптен көрмеген жақсы жекжаттарымыздай, желмаясынан жібек кілемге түсіріп, төрімізге отырғызайық.
Ал, төріңізде отырған Жаңа жылыңыз құтты болсын!
Жайдары жақсы жылыңыздың құрметі үшін стартта тұрған шампандарға жол болсын дейміз. Тарс!!!
Ойдөйт деген-ай
(Сықақ).
Оспанхан Әубәкіров
Армысыздар, ардақты, ақжарқын, ақпейіл, ақкөңіл, айналайын, Адамдар! Әр пенде күнде елуге толып той жасай бермейді ғой. Сол секілді Жаңа жыл күнде бола бермейді. Осы, жылында бір келетін Жаңа жылымызды көптен көрмеген жақсы жекжаттарымыздай, желмаясынан жібек кілемге түсіріп, төрімізге отырғызайық.
Ал, төріңізде отырған Жаңа жылыңыз құтты болсын!
Жайдары жақсы жылыңыздың құрметі үшін стартта тұрған шампандарға жол болсын дейміз. Тарс!!!
Ойдөйт деген-ай
(Сықақ).
Шылпақ, Мырқан, Тотан бар,
Иә, айтпақшы, Ботан бар,
Театрға бардық.
Концерт басталды, зал тынды.
Бір қыз ария шырқады,
- Мына сорлы өңешін жыртады -
Дегені ғой әңкілдеп,
Бөстібайдың Мырқаны.
Келесі номер би болды,
- Биден жаным и болды.
Деп еді Тотан,
Ал Ботан:
- Ой, шіркіннің сирағы-ай,
Қалай жүр екен қирамай.
Бел дегенің сым екен,
Шіркіннің күйеуі кім екен?
- Өй, мұныкі далбаса,
Ары шауып бір өтеді,
Бері шауып бір өтеді.
Басын иеді де кетеді -
Деп Шылпақ кекеді.
Міне біреу күліп шықты,
Екі жеңін түріп шықты.
Ә дегенше бір әнді,
Бастырмалатып «ұрып» шықты.
- Өйдөйт деген-ай,
Қайран Кемел-ай.
- Өлме, Кемел, өлме,
Өлсең қайтып келме, -
Деп бір жақтан Ботаң,
Бір жақтан Тотан,
Арт жақтан Мырқан,
Өй, кілең бір тыртаң,
Дәл бір қой қайырғандай,
Айқай да ұйқай:
- Ой, пәле-ай!
- Ой, ит-ай!
***
Қошеметінің сиқы-ай.
Қуыстар мен түкпірлер
Біздің сықақтарымыз оқушы жұртшылыққа қуыстар мен бұрыштар, түкпірлер мен үңгірлер арқылы тарайтын секілді.
Олай дейтінім республикамызда шығатын әрбір газет, журналдың сықақ үшін арналған бір қол сүртім орны бар. Ол орынға өздері сықақтық мінезіне осы лайық болар деп, «Сықақ бұрышы», «Сықақ қуысы», «Сықақ түкпірі», «Сықақ үңгірі», «Сыпырғыш», «Ошаған», «Қашаған», «Найза», «Мылтық», «Қылыш», «Зеңбірек», «Топан су», «Ақырзаман», «Әзәзіл», «Әзірейіл», «Мұңкір-нәңкүр» деп ат қойған.
Міне, осы аталғандардың (біразы менің кінәмнан артық аталып кетіпті. - О.Ә.) ішінде сықақты үзбей үнемі үдете жариялап отыратын атышулы (жақсы деген мағынада) журналымыз «Мәдениет және тұрмыстың» «Ошаған» бөлімі. Мұнда бүгін әкелген сықақ ертең емес, кеше шығып жатады.
Сосын сықақты тоқтатпай қой тоғытқандай топырлатып жариялап тұратын сатириктердің трибунасы секілді жұртқа әйгілі бір орын бар. Ол қазақ радиосының әдебиет драма редакциясынан ай сайын шығып тұратын «Қалақай» атты сатиралық журнал.
Ал осы радиомен іргелес Қазақ телевизиясы сықақ көрсе жын көргендей болады. Біздің сықақшыларды олар бара қалса «көсені үйге кіргізбе...» деген ұранмен Алматыға аялдатпай, ұзатып Нарынқолға дейін қуады. Мынадай диалог:
Автор. Сықақ әкеліп едім...
Телевизия редакторы (оқып көріп). Бастықтарға тиетін секілді.
Автор. Шырағым-ау, бұл мысал мен бастықтарыңның арасы «жер мен көктей» емес пе? Бұл «Жапалақ» деген мысал. Ал, сенің бастығың жапалақ емес қой бір жақсы жері. Сосын өзің қай бастықты айтып отырсың? Өзіңнің осындағы бастығың ба, жоқ бастықтарыңның бастығы ма?
Телевизия редакторы (әзілдеп). Бастық көп қой дүниеде (пауза). Сен құдайды, жын-шайтанды, періні, молдаларды жамандап жазсаңшы. Бізде солар тез кетеді.
Міне, көріп отырсыздар, оларға молда, жын-шайтан, пері керек. Ал басқа тақырыптағы мысал-сықақтың бәрін олар «бастықтарға тиетін секілді» деген себеппен өзіңе қайтарып береді. Ал сосын үйге келіп телевизор қарайсың. Москваның пленкаға түсірген пленкаларын береді. О, сықақ! Удай сықақтар. Жанарыңнан шошытады. Рахат! «Үлкендер үшін мультфильм», «Бүкілодақтық «Фитиль» атты сатиралық киножурнал». Бұлар мынау бастық, мынау бағынышты, мынау молда, мынау жын деп бөліп жатпайды, - шетінен сойып шығады. Москва осылай сабап жатқанда Алматының несі бар екеніне түсіне алмай қойдық.
Ал «Жұлдыз» деген «Қазақ әдебиетіне» қарағанда талыстай кітап қой. Осы журналдың номер сайын сатираға 4-5 бет арнап тұратын жөні бар еді. «Жұлдызға» екі-үш ай аралап сықақ шығады, оның өзі соңғы сонау беттер редколлегия мүшелерімен араласып жүреді. Сол бір шумақ-жарым шумақ сықақ өлеңнің үстінде «Жұлдыздың» найзасы» деген рубрика тұрады. Ұя секілді.
Ал «Жұлдыздың» соңғы төрт-бес бетінде сықақ әңгіме, өлең, эпиграмма, пародия, этюд, ел аузынан дегендердің бәрі жүрсе қандай жарасып тұрар еді. Осыны бір ойласа Сырағаң (Мәуленов) ойлайды деуші едік, енді міне соны Сырағаң да ойламай отырған секілді.
Сатираға назар жоқ, қамқор жоқ, туған-туысқан жоқ деп «жылап» отырғаным осы.
Қандай өлең болмасын, өлең «көз жасы». Ал «көз жасын» бағалай керек.
Менің таныстарым
(Әзиз Несиннен)
«Шығасыға иесі басшы» дегендей көбіне өзіміз сорлы басымызға дау байлап, бәле тауып аламыз. Мен сіздерге өз басымнан өткен бір хикая айтып берейін.
Түрік фильмдерінің бірінші фестивалі өтіп жатқан да кеңірдегімді созып жүріп бірде-бір кино қалдырмай түп-түгел көріп шығуға тырыстым. Байқасам, отандық фильмді түсіруден гөрі оны көру қияметтен қиын іс екен. Ренжіп отырып талып қалыппын да, театрдың еденіне етбетімнен түсіп құлаппын. Әрбір болғанда Метин деген бір жолдасым сүйемелдеп далаға шығарып тәкси тоқтатты.
- Әппақ қудай болып кетіпсің, бетіңде қан жоқ, сөл жоқ, - деп Метин мені машинаға отырғызды.
- Жаман боп тұрмын, - дедім мен.
- Біздің фильмдер адамның жан дүниесін мұншама күйзелтеді деп ойламаған едім.
Сөз реті келгенде айта кетейін, біздің отандық фильмдер жаныңның жалғыз пернесіне тиіп егілтетін, еңірететін естімеген жын.
Бас кейіпкер ролінде ойнайтын жігіт қып-қызыл қызға он-онбес метр жерден қадала қараса болғаны, қыз ұялмай-қызармай тәтті түрімен жантая кетеді... Бұл әрине зорлық қой, дегенмен қыз: «Кет әрі, иттің баласы!», «Қойшы деймін мен саған», «Үйбәй-ай, аяшы аға-тай» дейді. Осындай сөздерді естідім де өлдім де қалдым.
Теңіз аялдамасына жеттік те тәксиді жібердік. Мен Метиннің иығына сүйеніп сүйретіліп әрең келемін. Күн Сахарадағы ыстықтай өртеп барады. Теңіз аялдамасында құрша құжынаған халық. Екеуміз де ентігіп кемеге бет алып сүйретіліп келеміз. Жеттік. Кемені күтіп тұрмыз. Жағалай қаққан темір қақпалар төбеңе у құйғандай ауыр қайғы жүктейді. Қазір қаптаған қара темірлер ашылып амандық болса кемеге мінеміз.
Біреу итіне кіріп дөрекі денесімен Метин екеуміздің арамызға алпамсадай болып тығыз тұрып алды. Тағы бір тағалы аттай біреу кимелеп кеп әлгі дәу мен Метиннің арасына арыстандай боп тұра қалды. Сонымен біздің арамызда екі бірдей бөтекесі бөтен бөгде адамдар тұр. Ар жағы қаптап келе жатқан қарақұрым жұрт. Топтан топыр мені бір жаққа, Метинді бір жаққа екшеп жіберді.
Мен оған:
- Кемеде кездесеміз, - деп қалың қыспақтың арасынан қысылып дауыстадым.
Ол да маған:
- Әй, сорлы сен ауырып тұрсың, бір орын тауып отырып ал, тұрма олай, - деп қалың жұрттың арасынан айқайлайды.
Мені сең соққандай біресе мына шетке, біресе ана шетке апарып соғады. Метин көзден ғайып болды. Бейшараның қаптаған қалың бастың арасынан шошаңдаған қолы көрініп, дауысы естіледі.
- Әзиз, мен сені кемеде тауып аламын! Адаспа!
Кемеге кірер темір есікті ашты-ау.
Лап қойған жұрт мені сең соққан балықтай жоғары палубадағы «люкс» салонына бір-ақ алып ұрды. Бос креслоға сұлай кеттім. Сәлден соң ине түсер орын қалмады. Метин көрінбейді. Менің құлағым дыңылдап, көзім қараңғы тартып, басым айналып әлі қалпыма келе алмай мәңгіріп отырмын.
Менің қарсымда екеу отыр. Бірі - көзілдірік киген қасқабас, мен қатарлы адам. Екіншісі палуан денелі, екі иығы астаудай отыз шамасындағы адам. Өзі өлердей гүжілдеп сөйлейді. Бір байқасам қасқабас төртінші бетінде менің әңгімем басылған біздің газетті оқып отыр екен.
- Қасқаң жазған-ақ екен, - деді қасқабас «палуанға» қарап.
Бұл сөзге жаным кіріп жетісіп қалдым. Бәлкім мені танып отырған болар деп ойлап сасқанымнан теңіз жаққа қарадым.
«Палуан» аузын қисайта күліп гүж ете қалды.
- Ондай иттер жазады!
Менің орнымда сіз қайтер едіңіз?
Мен естімеген адамша әлгілердің қорлау сөзіне елең етпей отыра бердім. Бір жақсы жері бұлар мені танымайды екен! Олай болса не десе о десін.
«Палуан» сәл үндемей отырып тағы гүж ете қалды.
- Сұрқиялар қиыстырып жазады. Бірақ оның былжырағы кімге керек?
Мен екінің бірін істеуім керек. Не кеңірдектен алуым керек, не тұрып кетіп қалуым керек. Тұруға шамам жоқ. Тұрған күннің өзінде мынадай топырдың арасында бір аттауға мүмкін емес. «Бәрібір мені танымайды. Білгенін десін. Мәселе бұл екеуінің сөзінде емес. Ең қызығы бұларға менің творчествомның ұнайтындығы. Кейде біз шығарманың көркіне қарамай автордың көңіліне жақынымызды мақтаймыз».
Сонымен мен түк білмейтін түлейше тырс етпей отыра беруді жөн көрдім.
Қасқабас тұрып:
- Сіз оны танисыз ба? - деді.
«Палуан» тағы аузын қисайта күліп:
- Мен бе? Әрине танимын, - деді.
Мен «палуанға» ұрлана қарадым. «Мүмкін бір кездерде бірге қызмет істеген танысым болар? Жоқ, менен көп кіші секілді. Бірінші рет көріп отырған адамым. «Палуан» тағы сөйлеп кетті.
- Таныс деген жәй сөз. Мен оны өзім қолдан жасағандай танимын. Сол да сөз бе екен?!
Қасқабас таңқалды.
- Шын айтасыз ба? Қызық екен! Бұл автормен менің де бір кездескенім болған. Әңгімесін оқып отырып дұрыс адам болар деп ойлап едім.
Бұлар шындығында менің танысым болулары мүмкін. Өтірік танымаған болып, не болса соны әдейі көзіме айтып, көлгірсіп отырған болар. Егер шынында осылай істеп отырса, полиция бөлімшесінен өлімші болып шығатынымыз сөзсіз.
- Жазуын жазады, - дедік, - дейді гүжілдеген «палуан», - алайда соның шатпағында іліп аларлық не бар? Дым да жоқ. Шынымды айтсам, сізге өтірік маған шын, оны адам қатарына жеткізген мен.
- Қой.
- Қоятын түгі жоқ. Бұл менің осы өмірімдегі жасаған үлкен ақымақтығым. Бұл жазушысымақтың әкесі су кешіп жүрген балықшы еді. Біздің көшеде тұратын.
- Сіз байқауымша, Кониден болдыңыз ғой - деп сұрады қасқабас.
- Иә, сол жерденмін. Оның әкесі өмір бойы балық аулаумен болды. Олар көшіп келген Кониде теңіз болмағандықтан әкесі кепкен балық сатып сауда істеп жүруші еді.
Бұл екеуінің әңгімесі жұрттың аузынан суын ағызып ентелетіп қойған еді.
Мен не дерімді білмей терімді сүртумен отырмын. Егер қасымда Метин болса, тұрып кетіп қалар едім.
- Біз бір класта оқыдық, - дейді «палуан», - оны Боқмұрын деп атайтынбыз.
«Өй, өтірікші, суайт. Мен ешқашан Кониде болған емеспін.»
- Менімше ол әңгімелерін бүркеншек атпен жазатын болу керек, - деді қасқабас. - Ал шындығында оның аты-жөні басқа.
- Дұрыс айтасыз, - деп құптады, «палуан». - Оның нағыз аты - Дүрміш . Олар бір үйде он төрт ұл еді.
- Қайдағы он төрт болсын,- деп күмән айтты жолаушылардың бірі.
- Иә, он төрт еді. Бәрі бала күндерінде өліп қалды. Сондықтан әке-шешесі мұны Дүрміш деп атап кеткен. Мектепте алақаны қышыған балалардың бәрі шырылдатып соны сабайтын. Мен ғана соған жақ болып қорғаушы едім. Әдебиеттен емтихан тапсырғанда аузына келгенін сөйлеп шатпақтағаны әлі есімде. Мұғалім Боқмұрынға жете әзірленуіне қосымша уақыт берді. Менің жазып берген қағазыма қарап әрең дегенде жауап беріп келесі класқа өтіп еді. Алайда, оның түлейлігіне шыдай алмай мектептен шығарып жіберді. Одан бері көп жыл өтті. Бір күні әлгі түлейім Стамбулда жүр. Бейоғлумен келе жатсам біреу бұрышта қылқындырып жатқандай айғайлайды. Жейденің жеңіне керекті ілгек сатып тұр. Көшеде айна-тарақ сататын сатушы екен. «Әй, сорлы түлейім-ай, - деймін мен. - Әбден жеткен екенсің». «Сұрама бауырым, ит болдым ғой», - дейді әлгі. Моншаға алып барып суға түсірдім. Ескі-құсқы киімдерімді бердім. Қалтасына жүз лир салып: «Қиналсаң келіп тұр, көмектесемін» деймін. Дәндеп алған қу неме күнде телміріп тиын сұрап мазамды алды.
Бүкіл кемедегі жолаушылар ауыздарын ашып аңқиыпты да қалыпты.
Жұрттың құныға тыңдап ұйып тұрғанын байқаған «палуан» дауысын көтеріп желпіне сөйледі.
Қасқабас:
- Ол қайта-қайта ақшаны қандай мақсатқа сұрап жүр, - деді. «Палуан» менсінбеген түрмен езуін қисайтып:
- Карташылардың бәрі сол, жаным. Оларда ақша тұрушы ма еді? - деді.
- Бәлі, солай де, шамасына қарамай карта ойнайды де.
- Ойнағанда қандай, түбін түсіреді. Бар ақшасын картаға салып, әкесінің соңғы костюмін сатып жіберіпті. Сол үшін әкесі баласын қарғап-сілеп, үйінен қуып жіберіпті. Мынадай жағдайын естіген соң, албастым ұстап қатты жыным келді. Содан кейін ақша сұрап келген екен, желкесінен жеті қойып далаға лақтырып жібердім.
- Дұрыс iстегенсiң, - деді қасқабас езулете күліп.
Әңгіменің дәмін алып алған жұрт алақандарымен құлақтарын қалқалап «палуанның» аузына кіріп кетердей өліп барады.
- Одан әрі не болды? - деп тақақтайды қасқабас.
- Содан бері есігімнен сығаламайтын болды. Өлермен немеден аулақ болу керек.
Әңгімеге іші шығыңқыраған бір жігіт килікті.
- Бәрі дұрыс, - деді ол. - Оны мен де танимын. Бұтындағы шалбарына дейін талай ұтқызған. Бір күні оны біздің клубта итше тепкілеп тезегін шығарған.
- Одан бәрін күтуге болады. Таң қалатын түгі жоқ! Не үшін соғып жүр, - деді «палуан».
- Екіқабат әйелге тиіскен деді ме, сондай бір иттігі болса керек,
- Э-э-э-эх, - деп күрсінді бір сұр жігіт, қытқыл, ашулы дауыспен.
- Оны ұрмасқа болмайды, мырзалар. Мысалға мен өзімді алайын, шыбынның шекесіне шерпеген адам едім. Соны үш рет үйелетіп тұрып соқтым. Ол құшақтасып отырған екі жастың қылығын қызықтайтын құрғақ құмарту аурумен ауырады. Мұндай өгіз ынта адамдардың болатынын білесіздер. Бұлар түбінде ағашқа, телеграф бағаналарына шығып алып, тереземізге телміріп қызығымызға қарап отырғаны. Мырзалар, құдай мен өзімнің келіншегіммен жататын бөлмеде шешініп жатып терезеге көзім түсіп кетті. Қарасам ағаштың басында бір адам отыр. Мен далаға жүгіріп шығып әлгі иттің баласын отырған жерінен жұлып алдым. Сөйтсем әлгі жазушым екен, қап бәлем көзіңді оймасам. Таяқты ала салып тас маңдайдан бердім кеп. Аяғыма жығылып, табанымды жалап: «оңбай кетейін, ағатай, енді сығаламаймын» деп жалбарынды. Байқұсты аяп кеттім де жібере салдым. Сосын не болды дейсіздер ғой, мырзалар? Келесі күні кешке әлгі ағашқа шығып алып менің тереземе сығалап отыр.
Иегі шайқалақтаған қатпа шал аузын сылп еткізіп.
- Сенің қасыңда қыз болған шығар әрине, - деді.
Мені құрғақ құмар өгізынта аруымен ауырады деген сұр жігіт сәл кідіріп жауап берді.
- Мен жалғыз едім. Терезеден сығалайтын қу науқас бүкіл қаладан қас қақпай қарап отыратын қатын таппай мені қызықтайын деп келсе керек. Соның алдында ғана қызым күйеу баламмен Қақылыджыдағы туыстарымызға кетіп еді.
Менің жыным келді. Бәрінің бетіне түкіріп «ақымақ!», «арсыз!», «өсекші!» деп айқайлап тұрып ұрысқым келді. Алайда мұнымен іс бітпейді. Мен біреуінің мұрынын бет қылсам, біреуі менің мұрынымды ет қылуы анық. Ең болмаса біреуін танысамшы. Көрмеген көгермегірлер. Мұндай да бетімен жалықпай жалған айтатын арсыздар болады екен-ау! Қиналмай қиыстырып соғып отыр.
Бір жастау жолаушы:
- Бірақ өзі жақсы жазды, - деді.
- Ол сөз емес, балам, - дедi берет киген кiсi. - Басты мәселе жан тазалығы. Адам парасатты болу керек.
Жаңғақтай қатып қалған ақ шашты шал басын өкінішпен шайқап былай деді:
- Қап! Қап! Халқымыздың атына кір келтіреді деп кім ойлаған. Ол бәтшағарды қолына қалам ұстатып жазушы қылған мен едім.
- Сіз де танисыз ба оны? - деді «палуан».
Шал ауыр күрсінді.
- Танисыз ба деген сөз бе екен? Ол бос сөз. Оны әдебиетші жасаған мен деп тұрмын ғой. Баяғыда мен Биледжикте газет шығаратынмын. Бір күні редакцияға қара домалақ тәмпіш бала келіп жұмыс сұрады. Жаным ашып кетті. Шамасы шайтан түртті білем, түлей немеден журналист шығарғым келгені. Нанын тауып, күнін көріп кетсе маған өмірбақи рахметін айта жүрер деп ойладым. Неге ғана соған ағымнан жарылдым екем?!
«Палуан» таптым дегендей тізесін салып қалды.
- Айтам ғой! Енді маған түгел түсінікті. Е, маған қайтып келердің алдында сіздің газетте қызмет істеген соның өзі деңіз.
Мен бұлардың ұятсыз өтірігін бұдан әрі тыңдайға арым жетпеді. Кету керек бұ жерден! Кету керек пе, әлде былшиған беттеріне түкіру керек пе? Кеткенім жөн шығар. Сосын аузына келгенін оттасын. Оңбағандар! Мен оның Биледжигін ары-бері поезбен өткенде көрмесем түсімде көрдім бе екен. Мен ол жерде ешқашан болған емеспін. Мына шал қандай газет жайлы көкіп отыр?!
Мен орнымнан тұрдым. Тұрғаным да сол мені орныма біреу табанда жалпия қалды. Алайда аттауға шамам жоқ. Дізем дірілдеп, басым айналады. Жан-жағымда иін тірескен жұрт мені есікке қысқандай.
Амалсыз «өзімнің таныстарымның ортасында қыбырсыз тұрып қалуға тура келді».
«Палуан» менің бірде жезөкшелер үйінен ұсталып, полициядан жалаңаш қашып кеткенім жайлы өтірік соғып отыр. Біреу оның сөзін бөліп, менің жасырын боғауыз роман бастырып жастардың арасына тарататыным жайлы айтып өтірік ашуланып отыр. Оның сөзіне қарағанда ол мені әлгіндей былғаныш істен бас тартуым керектігі жайлы үгіттепті. Түзелмейтініме көзі жеткен соң, мені үйінен қуып шығыпты да, содан бері менімен сөйлеспейді екен. Өзінің таңғажайып фантастикалық әңгімесін әлгі былай тамамдады:
- Бұл та түк емес! Өкімет оған тіпті пара беріп өзіне тартса да, екі жүзді мақаласында оппозициялық партияға жынын құсқандай құсып, жерден алып жерге салды.
Бірнеше адам жағаларын ұстап шошып қалды:
- Не дейсіз, ойбай-ау!
- О-о-о!.. Қайталап айтамын, оның былығы деген былық-ақ.
«Апыр-ау, мыналар не деп тұр? - деп жаным шыға жаздап жағамды ұстаймын. - Мүмкін мен өзіме белгісіз жеңістерге жеткенімді білмейтін белгісіз аурумен ауыратын шығармын?!»
Өзім жәйлі таңғажайып оқиғаларды өзім аң-таң боп тыңдап тұрмын. Менің сұрықсыз қылықтарым, оңбағандығым, иттігім тіптен көп екен.
Байқап тұрсам мына жұрттың бәрі мені жақсы біледі екен. Осылар маған қиын күнде көмектесіпті, осылар мені адам қатарына қосыпты. Бәрібір мен адал адам бола алмаппын. Сосын осылар мені «кет оңбаған азғын!» деп тепкілеп қуып шығыпты.
«Мүмкін бұлар басқа біреу жәйлі айтып тұрған болар» деген арымды ақтайтын үмітті ой келеді.
- Кешіріңіз, әфендім, сіз кімді айтып тұрсыз? - дедім менің түрлі сұрқиялық істермен шұғылданғаным туралы бөсіп тұрған жолаушыға.
Ол менің әңгімем басылған газетті көрсетіп атымды атады.
- Біз осы антұрғанға жынымыз келіп ашуланып отырмыз. Сіз де танисыз ба мұны?
- Білемін.
- Оу бері қараңдар, мырзалар. Мына әфендім де таниды екен мұны! Бәрі жапырылып маған қарады. Біреуі тұрып:
- Сіздіңше бұл қандай адам? - деді.
- Қалай деуге болады? Онша жетіскен адам болмау керек шамасы.
Мен тағы да бұл мылжыңдардан тысқары кетуге тырмысып бағып едім болмады. Қарасам анадай жерде Метин тұр екен. Ол да мені көріп қалып аттан салды:
- Ей, Әзиз! Әзиз!
«Әу» дейін десем, мына мылжыңдар менің кім екенімді біліп қояды. Мен бұ жұртты қолайсыз жағдайға душар етуім ықтимал. Мәселе онда емес. Өзім екенімді білдірсем бұлардың бүкіл жол бойы айтқан боза-боқтығын жұтып қойған болар едім.
Метинге жауап қатпауды жөн көрдім.
Ол айқайлап қояр емес:
- Әй, Әзиз! Жағдайың қалай? Әзиз!
Бұрылмай тұрмын. Кемеден түскенде бәрін түсіндіремін.
Тырс етпей тұрғаныма ашуланған Метин жұртты киіп жарып жаныма жетіп келді.
- Сен немене, керең боп қалғансың ба? Дауысым қарлықты ғой.
- Не керек өзіңізге, әфендім? - деп мен оған салқын қарадым.
- Жындымысың өзің? Сондай да қалжың бола ма?
- Қателесіп тұрсыз, әфендім. Сіз мені біреуге ұқсатып тұрған боларсыз.
- Есіңді жи, Әзиз! Екеуіміз қазір кемеге бірге міндік қой.
- Мен сізді танымаймын.
Жаңа ғана қауқылдасып жатқан жолаушылар енді екеумізге қарапты да қалыпты.
- Сайқымазақтанба енді, жетер Әзиз.
- Қайдағы Әзизді айтып тұрсыз? Маза беріңізші, әфендім.
- Сиқырсыма, болды енді. Екеуміз жаңа ғана кинотеатрда бірге отырдық қой. Сен ауырдым деген соң мен тәкси әкелдім.
- Не сандырақтап тұрсыз? Мен сізді танымаймын дедім ғой, әфендім.
- Жынданған шығарсың. Әзиз, сен жаным-ау, менің жолдасымсың ғой. «Ақшам» газетіне әңгімелер жазасың. Олай емес деші.
- Сандырақ! Сіз шатыстырып тұрсыз.
- Әзиз!
- Таскенеше жабысқан не деген адамсыз өзіңіз? Маза беріңіз, әфендім.
- Өй, бірдеме көрінген бе, Әзиз?!
Мен қасымдағыларға бұрылып:
- Кешіріңіз, мырзалар. Мына майлы күйедей жабысқан кісіге қателесіп тұрсыз деп түсіндіріңіздерші. Сіздер барлықтарыңыз ол журналисті білесіздер. Мен мүлде басқа адаммын ғой, солай емес пе?
Сөзшең сұр жігіт түсінбеген адамша иығын көтеріп қойды.
- Құдай-ау, сіздің оған он қайнасаңыз сорпаңыз қосылмайды ғой? «Палуан» да оны қоштап қойды.
- Былжырақ! Ол - ұзын бойлы жігіт қой.
Қасқабас кекесін кейіппен күледі.
- Әрине, бұл түсінбестік, туысқан. Ол шалдыр-шатпақ сізден садаға кетсін. Оған сіздің құйттай да ұқсастығыңыз жоқ.
Мен Метинге «көрдің бе?» - дегендей сеспен қарап қойдым.
- Қателесіп тұрсыз десем жабысып болмайсыз.
Метин ыза болғандығы сонша, өзін-өзі қылқындырып өлтіруге дайын тұр.
- Туф, ақымақ! - деп Метин қолын бір сілтеді де, кетіп қалды.
Міне, Қадыкейге де келіп жеттік. Біз кемеден түсіп келе жатырмыз. «Палуан» қалған өтірігін соғып келеді. Оның айтуынша мен Европаны аралап қайтқан сапарымда әйелдердің нейлон іш киімін ала келіппін. Мені полиция ұстап алып қамамақ болғанда әлгі «палуан» мені құтқарыпты. Ол аз болғандай мен төбелессіз күні өтпейтін бұзақы екенмін. Оның үстіне бір күн кебу жүрмейтін удай маскүнем көрінем.
Апыр-ау, мен мұндай адам емес едім ғой. Адамдарға жағу қиын.
«Жұлдыз» журналы