Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Әлеумет 68707 32 пікір 6 Наурыз, 2021 сағат 13:50

Ұлттық тіл құрбандыққа шалынбауы керек...

Жазу дегеніміз – саясат, ол үшін ұлттық тіл құрбандыққа шалынбауы керек...

Жұрттың бәрі дауды тек әріп төңірегінде өрбітіп, жаңа жазуда бұрынғы кирилдегі ғылыми, техникалық, ақпараттық т.б. ілім-білім, күнделікті және кәсіби қолданыстағы кірме сөздердің қалай жазылуына және полиграфия саласындағы әм баспа бизнесіндегі, жарнамадағы кәсіби бағдарламалардағы кәдеге жаратылуына көңіл бөлмей жатыр.

Медицина мен психологиядағы ғылыми әдебиеттерде ғаламтордың құлына айналғандарға қатысты «аддикция// addiction (әдіиікшән)» және «тәуелділік» ұғымдарын өте жиі кезіктіреміз. Көптеген авторлар үшін бұл терминдер  синоним болып табылады. Бұл тілі дамыған ТМД-дағы жалғыз ұлт - орыстың техникалық-кәсіби, танымдық ғылыми әдебиетіне тән құбылыс. Бізде осы үрдіс әл әзір қалыптаспай отыр. Біз әлі кирилдік әдіиікшән ұлтыпыз. Сол әдіиікшән ұлт екенімізді жаңа әліпбиде де сақтап қалуға біреулер жанын салып жанталасуда. Жіптің ұштығы Кремілде... жатыр.

Біз православтық әріпқұлдықтан католиктік әріпқұлдыққа бет түзбекпіз. Ол үшін православ әріпқұлдығындағы терминдерден бас тартуымызға тура келеді. Жазудың ар жағында дін жатыр. Ислам діндегі жазуымызға, ата-баба дініндегі жазуымызға қайтып орала алмаймыз. Бірақ қазақтығымызды жазып, оқуда сақтап қалуға тиіспіз. Кирилдегі сөзбұзарлық пен тілбұзарлықтан арылудың жолы – латын жазуы болды.

Осы сөзбұзарлық пен тілбұзарлық латында да қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Оған куә «и» мен «у» дауыссыздарының дауы, «F», «V», «H» және әліпбиден орын тимеген «W» әріптерінің халықаралық бренді т.б. жазуда керек деп тықпалануы. Неге брендтер үшін деп осы үш-төрт әріп, дыбыс жеке алынбайды? Олар тағы ұлттық жаңашыл терминдерді қазақы әуезімен айту үшін кедергі келтірмесіне кім кепіл бола алады? «Ф», «В», «Х-мен» жазылған сөздер «П», «Б» және «Қ» болып оқылады деген арнайы ереже шығарыла ма?

Бірақ жағдайды түзеуге әлі де кеш емес. Латынға көшерде осы бастан қазақ ғылыми-кәсіби, техникалық тіл реформасы керек. Бізде ағылшындық және қазақи балама терминдер жарыса қолданушылық дәстүрі орнығуы керек-ақ. Осындағы бұрынғы кирилдегі «Медицина» мен «Психология» терминдерін енді medicine және psychology түрінде жазамыз ба? Егер жаза қалсақ, ағылышыншасы [meds(ə)n//мәдисән] және [saɪˈkɒləʤɪ//саикәләджіи] болатын сөздер қазақша қалай айтылады?

Қалайша кирилдік жазулық сана құлдығынан қазақ қоғамының белгілі бір бөлігі (1930-1980 жылдары туғандар) айығу үшін қандай тиімді психо-әріптік, психо-жазулық ахуал қалыптастыра аламыз? Орыс жазуының ережесімен ойлаудан қалың қазақ қауымын қалай арылтамыз? Ол үшін ағылшындық жазу үрдісінің «ит деп жазып, шошқа деп оқитын» транскрипциялық дәстүрін өз ыңғайымызға қалай бейімдейміз? Осы мәселе күн тәртібіне шықты. Амал не, біреулер «бір әріп, бір дыбыс» деп құдайдай табыныңдар», деп отырған соңғы нұсқа қазақ тілді қауымның полиграфия саласындағы әм баспа бизнесіндегі, жарнамадағы кәсіби бағдарламалардағы қажетін өтей алмаса да, бекиді. Бірақ соңғы нұсқа зорлықпен қабылданса да ол кирилде қалыптаспаған, орыс тілділер «қазақ тілі техника мен ғылым тілі бола алмайды» деген кертартпа ұғым-түсінікті түбегейлі өзгерте ала ма? Түбегейлі өзгертсе қалай?

Кирилге де тілдік реформа жасалып, кирилде жоғалтып алған ерін үндестігін сақтай аламыз ба? Оған арнайы ереже жасала ма, жасалса қалай?

Ең бастысы, кіирил жазуында «орын«, «өріс», «өзен», «ұрыс», «үзік», «иық», «иек», «у», «дәурен», «дауыл», «ауыл» сынды сөздерді жаңа жазуда қалай жазамыз. Оларға:

«О» еріндігінен кейін бұрын «ы» жазылса, енді айтылуы бойынша «ұ» жазылады; «ө» еріндігінен кейін бұрын «е» жазылса, енді айтылуы бойынша «ө» жазылады; «ұ» еріндігінен кейін бұрын «ы» жазылса, енді айтылуы бойынша «ұ» жазылады; «ү» еріндігінен кейін бұрын «і» жазылса, енді айтылуы бойынша «ү» жазылады; бұрын кирилде «и-ден» басталған сөздер енді жуан және жіңішкелігіне байланысты «ыиық», «іиек» деп жазылады. Тек «у» дыбысынан басталған сөздердің алдында жуан не жіңішілкелігіне қарай, не «ұ», не «ү» жазылады, «л», «р», дыбыстары да езулік және еріндік айтылуына орай «ұл», «үл», «ыл», «іл», «ұр», «үр», «ыр», «лі» болып жазылатын болады. Сөз ортасында келетін «у» дан кейін бұрын «е» жазылған сөздер «ө» болып, бұрын «ы» мен жазылған сөздер «ұ» болып айтылуы бойынша жазылады деген сықылды ереже орныға ма? Орнығатын болса, осы бағытта не істелініп жатыр?

Немесе, қазақта «ң-ды» айтпағанда мүлдем сөз басталмайтын «е», «у», «и», «р», «л» дыбыстары сөз басында «е – іие»,«у – ұу/үу», «и – ыи/іи», «р – ұр/үр/ыр/ір», «л –ұл/үл/ыл/іл» деп жазылады деген емеле қабылдана ма?

Мысалы ІТ саласында icon//иконка деген сынды термин сөздер ұшырады. Біз бұны қазақиландырып, «бейнеше» дейміз бе, әлде ағылшыншасын бұзып, тілдік әуезімізге айқон (aiqon) дейміз бе? Әлде, «icon» деп жазып, транскрипциясын  [aiqon] оқимыз ба? Міне, осындай мәселелер туындай бастады.

Кіріліге де 28 әріптік тілдік реформа жасалып, соның негізінде жаңа төл жазудың орфографиясы мен орфоэпиясы жасалынуы керек. Кирилге өзгеріс жасамай, латында бәрін өзгертеміз деу көптеген жолсыздыққа ұрындырады. Оның себебі, біз жоғарыда сөз еткен қазақ тілді 1930-1980 жылдары туғандар жаңа жазуды енгізу процесінен мүлдем тыс қалады.

Олар тыс қалмас үшін екі жазудағы барша сөздер жазылуы мен айтылуын және кірме терминдердің қазақша жазылуын танытатын сөздік керек. Оны жасауға тілшілердің бәрі емес, арнайы маманданған фонолог мамандар ғана қатысуы керек. Біз осы қос жазулы сөздікті шығармай ештеңе өзгерте алмаймыз. Әріпқұлдықтағы сананы тек сауатты түзілген қос әріптік сөздік қана шешеді.

Енді, университет пен институттарда, техникумдарда білім алған орта буын өкілдері өз саласы бойынша, тілшілерге жалтақтамай, ортақ озық термин қалыптастыру үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы керек.

Тіліміз ана тілімізге бейімделген терминдер және оның қазақи баламасының синонимінің жарыса қолданылуынан тұруы қажет. Бұған үлес қосу азаматтық парызымыз. Және жаңа жазу өзгерісі қос әріппен әліпбилік негізде БАҚ бетінде жариялауды жолға қойғанымыз жөн. Әйтпесе, шыққан кітап бәріне жетпейді, әрі жұрттың бәрінің оны сатып алуды қалтасы көтермейді.

Жаңа жазу емелесі – жалпыхалықтық іс. Одан ұрпағының болшағын ойлаған жан тыс қала алмайды. Емле түзелмей, істеген дүниенің бәрі далбаса тірлік.

Біз латын жазулы әлемге ендік, енді католиктің дыбысталым мен жазылымды ұлттық тілімізге бейімдеуіміз керек. Жазу дегеніміз саясат. Кірілдегі қатып қалған ереже емелелерді бізге мың құбылтып тықпалау да саясат. Тіліміз де, жазуымыз да жалаң саясаттың құрбаны болып кетпесін деп тілейік!

Әбіл-Серік Әліакбар 

Abai.kz

32 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963