Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
ІІІ
Ынтықбайдың мені осы реткі көрсетуінен кейін оның сөзін сөйлесушілер азая қалды. Өзі де мойнын ішіне үнсіз тыға қойды. «Мен біреуін шақсам, енді біреуі мені шағады екен, мұқатамын деп мұқалады екенмін» деген ойға келген сияқты.
Бірақ мұның есесіне, «тыңшы» деп аталған Кәмен үйірлесіп, біздің класты айналсоқтай берді. Орта бойлы, тоқ денелі сары жігіт жерлестеріне қара тартқансып, келгіштеп жүріп, жылпостығымен маған жақындасты. «Жатсыну мінезі мүлде жоқ» сияқты өзінде, ақтарылып тұрған ақ көңіл, салдыр-салақ бейнемен «адалдығын» көрсете берді. Мені шағу жөнінен Шақан мен Салыққа ұрса жүріп, Ынтықбаймен қатты тілдесті бір күні. Әке-шешеден түсіп сыбасып-сыбасып алды да, олардан іргесін мүлде «бөлді».
- Жүр, Биғаш!- деп мені қолтықтай жөнелді бір жексенбінің таңертеңінде.
- Қайда?
- Қазақ ұйымына барып билиярд ойнаймыз!
- Ойнамаймын, сабақ пысықтаймын, жылдық сынау жақындап қалды!
- Сен қиналатын қай сабақ бар, қыз көрсетемін мен саған!... Қазақтың керемет қыздарын көрген жоқсың сен әлі.
- Көріп қайтем, қалыңдық іздеп келмедім ғой!
- Өй, тым болмаса жеңгеңді көрші!... Сөйлесіп жүрген қызым бар менің, қандай екен, сен бір сынап көрші!...
Сөйтіп, әрбілесіп тұрғанымызда жатақхана қақпасынан балпаңдай басып кеспелтек қара Асылқан ақын шыға келді.
ІІІ
Ынтықбайдың мені осы реткі көрсетуінен кейін оның сөзін сөйлесушілер азая қалды. Өзі де мойнын ішіне үнсіз тыға қойды. «Мен біреуін шақсам, енді біреуі мені шағады екен, мұқатамын деп мұқалады екенмін» деген ойға келген сияқты.
Бірақ мұның есесіне, «тыңшы» деп аталған Кәмен үйірлесіп, біздің класты айналсоқтай берді. Орта бойлы, тоқ денелі сары жігіт жерлестеріне қара тартқансып, келгіштеп жүріп, жылпостығымен маған жақындасты. «Жатсыну мінезі мүлде жоқ» сияқты өзінде, ақтарылып тұрған ақ көңіл, салдыр-салақ бейнемен «адалдығын» көрсете берді. Мені шағу жөнінен Шақан мен Салыққа ұрса жүріп, Ынтықбаймен қатты тілдесті бір күні. Әке-шешеден түсіп сыбасып-сыбасып алды да, олардан іргесін мүлде «бөлді».
- Жүр, Биғаш!- деп мені қолтықтай жөнелді бір жексенбінің таңертеңінде.
- Қайда?
- Қазақ ұйымына барып билиярд ойнаймыз!
- Ойнамаймын, сабақ пысықтаймын, жылдық сынау жақындап қалды!
- Сен қиналатын қай сабақ бар, қыз көрсетемін мен саған!... Қазақтың керемет қыздарын көрген жоқсың сен әлі.
- Көріп қайтем, қалыңдық іздеп келмедім ғой!
- Өй, тым болмаса жеңгеңді көрші!... Сөйлесіп жүрген қызым бар менің, қандай екен, сен бір сынап көрші!...
Сөйтіп, әрбілесіп тұрғанымызда жатақхана қақпасынан балпаңдай басып кеспелтек қара Асылқан ақын шыға келді.
- Биғабіл, мен сені іздеп жүрмін, жұмысым бар! -дей келіп, Кәменге иегін көтере салды. - Мұны қайтесің, өзің жүре бер!
- Ендеше, шапкіңді бере тұр!- деп жалаңбас Кәмен менің шапкімді кие жөнелді...
Асылқан мені іздеп шыққан жайын, сақтық-сараң сөзбен көмескілеп қана ұқтырды сонан соң.
- Мен сені бөліп алғалы шықтым, жерлес; бұл итке жуй көрме!
- Естігенмін!...
<!--pagebreak--><!--pagebreak-->
Екеуміз біздің жатақханаға беттедік. Сабақтастар сыпыдағы орындарына қатар шалқалап алып, айтысып жатыр екен. Басқа жатақханалардан да бірнешеу келіп отырыпты. Екі түрлі көзқарастағы, бүкілдей қарама-қарсы екі философияны үш-төрт күннен бері таласа-таласа оқып еді. Енді бір түрлі шайқасқа көшіпті. Бұл таласқа шяужаңның алдыңғы күнгі ғылымға қарсы «философиясы» да себеп болғандай көрінді:
- Материализмге, ғылымға тіл тигізбеңдер шырақтар!- деп Қуат сөйлей бергенде кірдік біз. - Соқыр, суайт сенімдерге көз жұма беріліп, қолмен ұстап, көзбен көргенін ғана дәлелдейтін материализмді даттамаңдар!
- «Соқыр, суайт сенімдер» дегенің қай пәле?!- деп Тілеуқан қу шұнаңдай қарады оған.
- Соқыр сенім дегеніміз - надандықтан туылған рас сенім. Оның мүриттері «Құдайды зерттеу - күнәкарлық» деген моллаларының өсиеті бойынша көз жұмып алады да, шын жүрегімен жоққа сенеді. Ал, суайт сенім деген не?... Оны өздерің айтыңдар, бәріміз бірге естіп көрдік қой!
- Суайт деген өтірікшінің ең шебері ғой, ә! - деп Тілеуқан жастығына шалқалай кетті. - Әйтеуір, өтірік сенім екенін ғана біле қойдым-ау деймін!
Қолын желкесінен айқастырып, шалқалап жатқан Өмірбек басын көтеріп алып, майлы көзін жұма күлді Қуатқа:
- «Бәріміз бірге естіп көрдік қой» деген соң, айтпаған нең қалды енді, «суайт сенім» дегенің шяужаңның сенімі болмады ма!
Менің қасымда жастыққа сүйеніп отырған Асылқан шошынғандай күбірледі маған:
- По, по, по!... мыналарың тым от ауыз екен!... Мұндай сөзге қатынасушы болма!
Қабен сыпыға салбыратып отырған аяғын жиып, малдасын құра қойды. Шаралы көзін кең ашып, жан-жағына қарай түсті.
- Ендеше, анықтамасын мен айтайын. Суайт сенім дегеніміз - жауыз саясаттан туылған өтірік сенім. Мұндай сенімді үгіттеуші сонысына өзі сенбейді, белгілі мақсатпен басқаларды сендіруге тырысады. Мысалы, қазіргі қоғамның жаны - ғылым мен техника екенін білетін кісіміз алдыңғы күні ғылымға қарсы сөйледі ғой. Сондағы бар мақсаты: бізді Қазақстан кітаптарынан жирендіріп, ғылымға болған талабымызды шектеу - надан қалдыру ғана. Мұны «суайт сенім» демей, «сайқал сенім» деп атаса, тіпті келісер еді!...
- Өй, мынауың тіпті апат екен! -деп Асылқан тағы сыбырлады. - Бәріңді өзімен бірге әкетеді ғой мынауың!... «Ақ иық» деп жүргенің осы емес пе?... Ал әлгі «аю» аталған Ынтықбай мен Шақаның, «Сырттан» дейтін Салығың не оңдырмақ сені?... Халың мүшкіл екен бауыр!
<!--pagebreak--><!--pagebreak-->
Мен Асылқанның үрейімен бадырайған томпақ көзіне де, ақ ниетті қамқор сөзіне де қарамай, айтылып жатқан адуын пікірлерді тыңдай бердім. Бексапа көк көзін жарқырата қуаттады Қабенді:
- Дұрыс атау да, айқын анықтама да дәл осы!... Шяужаңның «Кұңзы ғылымынан зор ғылым жоқ» дегені - соның қараңғы құлшылық тәліміне байлан да жат дегені. Өзі оған итағат етпейді!... Итағат етсе, бәріміз жалынғанда, Кұңзы тәлімі бойынша істеген рахымдылығы қайда?!... Сол әліппеде не тұр, бұдан басқа қай тас бауыр тартып алған оны?!... Дүниеде ешқандай бәтшағар ешқандай жауының әліппесін шектеген емес қой!... Осыны тек «адамзатқа рахымдылық үйретуші ұстаз» ғана істеп отырса, үйрететіні сол «рахымдылық» - сайқалдық емей немене?!...
Есік көзіне барып, сыртты барлай қайтқан Қабен әдемі көзін жағалай отырғандарға бадырайта қысып қалды да, өзі сөйлей жөнелді, Ынтықбай есікке тақап қалған екен. Қабен мысалды басқаға аудара сөйлегенде кірді ол.
- Англия жиянгерлігі сайқалдықты көп жүргізді. Мәселен, өзі тартпайтын апинды Жұңго халқына сатып тартқызды, өзі сенбейтін бұдда дінін Үндістанда күшейітті. Мақсаты - осы екі елді уландыру еді. Солай әлсіретіп, құлдана бермек, үстемдігін мәңгі сақтамақ...
- Аюуың келді, енді отырсақ болмас! - деп күбірлеген Асылқан сыпыдан түсе өлеңдетті:
- Туған жерім Хуаңхы кенересі,
Бәріміз бір Хуаңдидың немересі... Аманбысың, ей Ынтықбай, денсаулық қалай? - деп амандаса шықты босағаға отыра кеткен Ынтықбайға. Оның қорыққандықтан туылған қулығына мырс-мырс күлдік.
Ынтықбайдың тағы да ауыз аңди келіп отырғанын алдыңғы айтылған сөздерге сабақтай қағытты Тілеуқан:
- «Молланың көңілі майда, осы Құдай қайда?»
Ынтықбай келген соң сабақтастар арасында тағы да арбасу-аңдысу бола қалды да, талқы үкіметтер мен саясаттардан аттап өтіп, аспанға бір-ақ секірді. Аспанда үкімет жоқ қой, үкіметтерге соқтығуға қарағанда, Құдайға соқтығу қатерсізірек сезілгендей. Тілеуқанның айтқан әлгі мақалы соған дәнекер бола кетті:
- Құдайды жоқ деп дәлелдеушілерге мен бір дәлел қосайын,- деп күлімсіреді Өмірбек, - Құдайдың атымен алдап май жеушілерді - тонаушыларды, егер бар болса, сол ұлы құдіретті иеміз неге атпайды?! Өзі біле тұрып, алдампаздарға аспап болғаны ма сонда?
- Ант бұзғандарды неге атпайды?! - деп үндемей тыңдап отырған Серәлі сермеп қалды. Алдыңғы күнгі қылмысы бойынша өзін қойып жібергенін білген Ынтықбай сүзе бір қарап қойды оған. - Опасыздықты жақтағаны ма?! Бірақ, Құдай бар болса, олай етпесе керек. Тегі, сол кісінің жоқ екені рас болғаны ғой!
Бексапа мәселені бұлардың керісінше қойды:
- Ал, Құдайдың бар екені рас болсын-ақ делік, сонда осындай ыңғай терісті қолдайтын кербақпа опасызды Құдай санап, сиынудың өзі қылмыс болмай ма?!
Славян әліппесін үйреніп отырған Оралқаннан бастап көпшілік ду ете түсті осы кезде; пікір қатыстыруға таласа кетті.
- Ақылға симайтын, бұдан сорақысын мен айтайын!- деп Тілеуқан көтерілді. - Тоса тұрыңдаршы, мен айтайын: мен өзім Аллаға сенемін. Хақ Тағаланың бар болуын шын жүрегіммен тілеймін... егер бар екені өтірік болса, жәннәт тұрмақ тозағына да кіре алмай, өлген соң топырақ болып тозамыз ғой, тек бар болсын Құдай Тағала!... Тоса тұрыңдаршы гулемей!... Кеше менің үйімнен хат келді: бір досымның өлмелі қарт әкесі, жалғыз атымен Баркөлдегі құдасына барыпты. Содан қайтып келе жатқанда екі сары аяқ қарсы алдынан «туфи!», «туфи!» деп тосып, атын тартып алыпты. «Шырақтарым, мен құйыршық1 емеспін ғой!» деп тізгінге жармаса кеткен шалдың өзін тарс еткізіп ата салыпты. Қой аузынан шөп алмас ең момын шалына «Алланың жазған ақ өлімі» осы болғаны ғой!
- Қасқыр аузынан қой алып көрмеген «Хақ Тағала» осылай алмай қалай алушы еді!- деп Бексапа бір-ақ тұжырымдаы.
- Ой, сабақтастар,- деп Оралқан қолбаң ете түсті, - қылмыстың бәрін Құдайға арта бермеңдер!...
Оның сөз кезегін Ынтықбай тартып әкетті:
- Енді Құдайды соттамақсыңдар ма?!... Алдыңғы күні айыпты болып қалғандығымнан сөйлемейін-ақ деп едім, шыдатпай барасыңдар... Әркімнің өз қылмысы өзіне емес пе, кім істесе, соны жазғырсаңдаршы, үкімет әскерлері істеген іс қой бұл!
- Е, сенің жата тастайтын жағыңа біз барсақ-ау енді- деп, Ынтықбайды Өмірбек іліп тастағанда, «қызыл сиыр» Серәлі іреп жіберді:
- Өзіңді атпай сақтап отырған Құдайды сен ақтамай, кім ақтар?!
- Адамның ажалы Құдайдан, Құдай бұйырмаса, үкімет әскері ата ма?!- деп жорта тыжырынды Тілеуқан. Қылмыс делосын шадыр мінезді үкіметке жолатпай, «рахымы кең Құдайға» тағы да арта салды. - Қоңыр бұқам, өзің мені қай көрге қарай сүзіп барасың?!
«Иттерді» тағы да таластырып алмайын дегендей, Оралқан сөзді дағдылы шариғатқа тартты:
- Құдайсыз қурай сынама, Тілеуқанның бұл сөзі дұрыс. «Ебепке себеп» табу - Алладан ғой. Алласыз арба да жүрмейді.... ал, бірақ...
- Е, өгіз байқұс сүйрей бермеуші ме еді, арбаңды енді Құдайға шекпекпісің?
- Сенің сөзіңді қуаттап отырмын ғой ей, тіл-жағыңа сүйенбей тоссаңшы біраз...
- Енді тосып сигізейін бе сені!... Ал, қойдым банжаң, қойдым, сөйлей бер!
Оралқан өзінің жеке сөздерінен мәнсіз күлкі шығара ілмелеп отырған Тілеуқанға көзімен ата қарады да, ыңырана жалғастырды сөзін:
- Сабақтастар, осы бізді Құдай жаратпай, кім жаратты деп ойлайсыңдар?!
- Әкем жаратқан шығар!- деп Өмірбек күлімсіреді. - Неге десең, бет пішінім әкеме ұқсайды. Құдайға тіпті де ұқсамаймын!
- Әкеңді кім жаратты?
- Әкемді әкесі жаратты!
- Сонда түбі барып, адам пайғамбардан тарағанымызға тоқталарсың, ал, сол адам пайғамбарды кім жаратты?
- Жоқ, бір ғана адам пайғамбардан дегеніңе бармаймын да, тоқтамаймын! Адамзаттың ата тегі - маймылдың ерекше бір түрі.
- Маймылдан таралдық демексің ғой. Ал, сол маймылдарыңнан қазір неге адам тумайды?
- «Неге адам тумайсың» деп өзінен сұра мұныңды! Біздің ата-бабамыз - дәл қазіргі маймыл емес; осылардың бұрынғы бір ерекше түрі дедім ғой. Ол түр жер шары бойынша түгелімен-ақ, бұрынғы-соңды еңбектену кезеңдерінде біртіндеп адамға айналып болған.
- «Ата тегім мақлұқ» дедің ғой, мақлұқ болсаң бола бер, таласпайық, бірақ, сол маймыл атаңды кім жаратқан?
- Аға, мен сіздің де сол мақлұқтан жаралғаныңызға қайта менен көрі үлкенірек мақлұқ екеніңізге күмән келтірмеймін. Сол мақлұқ атамыз - жалпы омыртқалы жануарлардың бір түрі.
- Омыртқалы жануарларды кім жаратқан? Оған жан берген кім?
- Айырым жан салатын ешқандай тәңірді көргенім жоқ. Жан дегеніміз - қан. Тіршіліктің шарттары - ауа, су, жылылық, топырақ бар жерде жәндік пайда бола беретінін оқып та, көріп те жүрміз ғой... Мәселен, жазда өзіңнен «туған» жас қиды жұмсақ топырақпен көміп тастасаң, бір аз күн өтісімен-ақ жүздеген құрт құжынап шыға келеді де, сол құрттар саялы, сызды жерде екі-үш апта тұрса, көк бас шыбынға айналып, ұша жөнеледі. Соларды ішіңізге кім жаратты деп ойлайсыз? ... Ха..ха...ха.. сол сияқты, сасық жерлерде жаз күндері жәндік миллиардтап пайда болып, миллиардтап қырылып жатады. Соның бәріне Құдай жан салып, ол салған жанын қайта алып, сол сасыққа әуреленеді де отырады деп ойлаймысыз?... Мағынасыздық болмай ма ол!
Өмірбек осыны айтып қисая кетті.
Бірақ үнсіз ойланыстан соң Ынтықбай қозғады сөзді:
- Мен өзім «Құдай жоқ» деушілерге мүлде қарсымын. Ал, «Құдайсыз қурай сынбайды» деп, бар мәселені Құдайдан көрушілерге де қарсымын. Құдайдың жаратуы хақ. Бірақ, ұлы жаратушы бәрін өзі істей бермейді. Мәселен, каламшәріпте: «сақтансаң сақтаймын» деген сөз бар. Бұл «сақтанбасаң сақтамаймын» деген сөзге де келеді ғой?!
Бұл назарияға Қуат қарсы шықты:
- Олай болса, сақтана алмайтын әлсіз иә ақылсыз жан иелерін қырылсын деп жаратып, сақтана алатын, тіс-тұяқты жыртқыштарды ғана мәңгі жасасын деп жаратқаны ма?!... Олай болғанда Құдайдың жаратқаны өтірік. Бұл, әрине, Құдай жоқ дегенге саяды. Егер бар болып, жаратқаны рас болса, онда, жыртқыштарды ғана жасатушы Құдай болғаны ғой! Бексапа айтқандай, мұндай жау таптың жауыз Құдайына сиынудың өзі қылмыс болмай ма?!
- «Сақтансаң сақтаймын» дегені - іс жүзінде «Құдай түгіл қойшы да емеспін» дегені ғой,- деп күлімсіреді Қабен, - «қойыңның өзі сақтанса бағайын, сақтанбай қасқыр жеп қойса, мен жауапкер емеспін» дейтін қойшы болушы ма еді?!
Бұл сөзді көпшілік қуаттап, дабырлай жөнелді:
- «Құдай деген құрдым сөз» деп сонсын айтқан - ау, ие!
- «Сақтансаң сақтаймын» деген болса, «тусаң туғызамын» деп те «құдіретін» әшкерелеген шығар?!
- Жұтсаң жұтқызатын, шашалсаң шашалдыратын, құссаң құстыратын «кереметтерімен» де Құдайды бар деп дәлелдеуге болар ма?!
- Сөйтіп, Құдайды жоқ зат деңдерші! - деп Тілеуқан жан-жағына қынжыла қарады. - Япыр-ай, онда жәннәті ғана емес, тозағы да болмағаны ғой?!
- Тозақтан қам жеме, өлгенше талайын көрерсің әлі!... Серәлі Ынтықбайды тағы бір іреп қалды.
- «Төбелессеңдер төбелестіремін», «боқтассаңдар боқтастырамын», «жылан болып біріңді бірің шақсаңдар, шаққыза беремін» деп те ескерткен ғой, Ынтеке, Құдайдың сол бұйрығымен істеп жүр екенсің-ау өзің!
- Е, Құдай бұйырған соң шақпайтын лажы бар ма?!- деп Бексапа қостады оны. - Шағылушы сақтанса, Құдай сақтар, Ынтекеңе не күнә келмек!
Ынтықбай Серәліге бұқаша тұнжырай қарап сөйледі.
- Ей, қызыл сиыр, сен маған артыла берме, күйлегеніңді біліп-ақ отырмын. Қазір әдейгідей ғылыми талқы болып жатқандықтан ғана саған мұрсам тимей отыр!..
- Тіліңді көмейіңе қайыра салармын!- деп зілдене күлімсіреді Серәлі. - Одан сақтансаң ғана Құдай сақтайды, сөйлей бер!
- Сөйлесем осы бір тобың өздеріңнен басқа ешкім де бар деп білмейтін сияқтысыңдар? Шәкерімнің «Үш анығында» дәлелдеген аруаққа, онымен сөйлесуге болатындығына кеше бірнешеуің: «дәлел емес, аңыз» деп қана жауап бердіңдер. Құдайды жоққа шығарушылар, әрине оны мойындамайды ғой. Ал енді бір сұрау қояйын, аспанның аржағында не бар?
- Арғы жағын былай қойып, аспаныңның өзі жоқ, - деп күлді Бексапа, - әлемнің шексіз кеңістігінде алыс-алыс топтасқан жұлдыз шоғырлары ғана көрінеді екен. Бізге көрініп тұрған жұлдыздар, яғни «аспан асты» дегеніміз соның бір тобы ғана. Оны бізден сұрамай-ақ, түрмедегі тығынды астрономияңнан ұқсаңшы өзің!
- Оны біз «он сегіз мың ғалам» дейміз ғой, соны кім жаратқан?
- Әлем кеңістігіндегі денелер «он сегіз мың» ғана емес, сан-санақсыз көп... Біз өзімізден басқа ешкім жоқ деп емес, сансыз көп деп сенушілерміз, жала жаба берме бізге! Тек сіздің сүйенетін, көзді жұма салып етегіне жабысатын Құдайыңызды ғана жоқ дедік!
- Ал енді, Құдай жоқ болса, соншалық көп дүниені, шексіз әлемді кім жаратты?... Әкесіз бала туыла ма, иесіз дүние жарала ма?... Біреуің ойға қонымды бір жауап берші қане, құлдарың болайын!
«Құлдарың болайын» деген сертіне күлімсіреген Қабен Ынтықбайды маған құлдандырмақ болды білем:
- Биғабіл ей,- деп маған қарады, - осындай сұраулармен сен көптен-ақ айналысқан сияқты едің ғой, сен бір сөйлеші!
Мен осы сұрауға айтатын жауабыммен өзімді толық қанағаттандыра алмай жүрсем де, басымды көтеріп алдым. Басқа сабақтастарға біраз нәр беріп, ой салатын бір нәрсе айта алармын деген үмітім бар еді:
- Объективтік шексіз әлемді өзімен ғана өлшейтін тар шеңберлі қиялдың қаншалық дәрменсіз екенін бәріміз де бастан кешіріп жүрміз. «Әкесіз бала туыла ма», «иесіз дүние жарала ма» дейміз. Біздің ойымызша, әлем денелері жаралу үшін әрқашан бір айғыр болуы шарт сияқты. Ал осы дағдымен ғана ойлай берсек, сол айғырдың өзінің жаралуы үшін тағы бір айғыр, оны пайда қылған тағы бір айғыр, тағы-тағы... су аяғы құрдымға кете бермейміз бе?!... Меніңше ондай бір ғана ерекше айғырды - Құдайды іздеу құр әурешілік қана. Әлемді жаратушы ондай дербес құқықты айғыр жоқ. Әлем кеңістігінде бірі мен бірі табыса, бірі мен бірі қағыса жүріп жаратысатын неше ондаған «айғыр» бар. Әлем денелерін, табиғат құбылыстарын, тіршілік шарттарын... тіпті бәрін де жаратушы солар деп сенемін. Ол - химиялық элементтер. Мәселен, судың жаралуы үшін екі атом сутегі мен бір атом оттегінің қосылуы шарт емес пе?...
- Бәсе, «май тілесең міне құйрық» деген осы болды?!- деп тыжырына күлімсіреді Ынтықбай. - Біз Құдай екеу дейтіндерді жойт деп жүрсек, мынау тоқсан екіге1 бір-ақ шығарды. Енді не дейміз?!... Химиядан өзіміз оқып жүрген тоқсан екі элементті тоқсан екі Құдай деп шықты ма ақырында?!
- Солай, жаратушы Құдайларың қағаздарыңның арасынан өздерінің сырын шертіп отырса да көрмей, көзді жұмып ап аспанға қарай берме!... Көр соқырлардың Құдайы басқа болса, өзің білесің, ми мен көзі бар адамдардың Құдайы осылар сияқты.
- Биғаш, күндіз-түні зерттегенде тапқан тәңірің осы-ақ болғаны ма, недеген аз! -деп Оралқан күлді.
- Ожа, мен сізге қалжыңдамаймын, әлемді құрастырушылар осы тоқсан екі элементпен ғана шектелмеуі мүмкін. Әлем шексіз, ғылым шекті; идеализм - кәрі, материализм - жас. Әлі зерттелмеген сырлардың көп екені анық. Айқындап зерттеле келе, Құдайыңыз екі жүз де, үш жүз де, тіпті бес жүз де болып кетуі ғажап емес.
Көз қырымен мені ата қараған Ынтықбай, өте бір сасық нәжіске қарағандай, ашық тыжырынып алды:
- Сондайың тағы бар ма еді?!... Енді бес жүзге жеткіземін деші!... Бәсе... оттапсың сұр жылан!
- Сен құрттапсың, сасыған жемтік! -деп жібердім мен. Ашуым қайнап басыма бір-ақ шықты. - Ақсақалдық дәуірдің кәрі құрттары миыңды үңгіп жеп болған екен!
- «Құдай» деп те айтқысы келмей «айғыр» атауын мына қаңғының! Құдай соншалық неңді алды сенің?...
- Ей, өлгеніңді с.... қарақшы! - деп Серәлі атып тұрды орнынан. - «Жылан», «қаңғы» деп тағы да балтырға жабыстың ба?! Осы Жұңғарда сен қаңғып, сен бұламаған жер бар ма?!... Жылан боп сен шақпаған кім қалды осында?!
Серәлі иянаттай ұмтылғанда Ынтықбай жұлқынып барып, салып кеп кетті де алқымдаса түсті. Көпшілік жабыла ышқынып жүріп, айқасқан қатігез «тұяқтарды» бір-бірден қайырып, әрең ажыратып еді. Жұдырықпен қосыла енді тұқым-тұқияңды қи сыпыра былғайтын есер тілдер айқасты. Боқтыққа жайбасар Ынтықбай жекпе-жекте жеңіліп қалмасын дегендей, Салық пен Шақан бастаған сайлауыт топ өз жатақханаларынан жарыса, қақтығыса ұмтылды осы кезде, «ауыл иті бөрі көргенде бірлеседі» ғой. Бұл жолы Ынтықбай жерлестерінің Қабен мен Момынбай атты сабақтастан басқасы түгел-ақ аттанысқа келіпті. «Найзаларын» Серәліге тұс-тұстан қадап, сұққылай жөнелді.
- Ой, сабақтастар, бір Серәліге Ынтықбайдың өзі де жетіп жатпай ма, сендер қойыңдар, шырақтарым!- деп Қуат тоқтау айта беріп еді:
- Мә, жетіп жатыр! -деп Шақан сыпыға ыршып шығып Қуатқа төнгенде, Қабен кеудесінен итеріп түсірді. - Бес Серәліге ұстатып қойып, «жетіп жатыр» деуін әкеңнің аузын...
- Мә болса, мә ендеше!- деп Өмірбек оны жақтан қойып жіберді.
Ту сыртынан келе қалған бір «жау» Өмірбекті де жақтан бір отырғызбай қойсын ба:
- Мә болса, мә!...
Жекпе-жек енді жалпыласып, қарсы шабуыл енді қыза бергенде, көршілес класс жатақханаларындағы оқушылар Оралқанға көмекке келіп, арашаға түсті...
Шайқасқа түскен батырлар тегіс құшақталып, соғыс майданы тынышталған кезде, «төбелес бастаушылар» тегіс шегіндіріліп болған шақта, сырттан қуанышты бір үн естілді:
- Сүйінші!... Сүйінші!...
Сүйіншілеп келе жатқан, біздің кластың ең кіші оқушысы - Әмірқан екен. Жүгіре басып төр жақ түкпірдегі Оралқанның алдына тұра қалды. Көкшіл сары көзі от шашып жайнаң қағады. Сарғыш қоңырқай жүзінде қуаныштан ба, ұялыстан ба, қызыл нұр ойнайды. Бірақ, мәпеде өскен ерке, жалқы Әмірқан «ұялады», «тартынады» деуге ешқандай дәлел жоқ еді; таңғаларлық өжет, өткір бала болатын. Оның қызаруын қуаныштан деуге, қазіргі күнде бәрімізге ортақ не қуаныш болсын, таңданыспен қарай қалыппыз.
- Сүйінші!... Сүйінші беріңдер!
- Ал, ал! -деп Оралқан сұқтана қарады. - Алдымен айтшы өзің, ненің сүйіншісі?!
- Құдай бар екен, анық дәлелденді!
- Ал, қалай?!...
Жаратушы жөніндегі осы айтыстарда Әмірқан біздің арамыздағы ең шөгел тыңдаушымыз болып еді. Кешке іңірдегі айтыстан тым нарау қайтқан ол бүгін де Өмірбек пен Оралқанның айтысынан кейін, дағдарысқа ұшырағандай тұнжыр қабақпен сенделектеп шыға жөнелген. Сол беті жатақханасының түкпіріндегі өз орнына барып, шалқалай кетіпті: «ей, Құдай Тағала, бар екенің рас болса, құдыретіңмен мені бір тұрғыз» деп, көзін шарт жұма, шапкысын бетіне жаба шалқалапты. - «Бар екені неғұрлым рас бола көрсін, бар болып алдымен тозағына қамаса да, жәннәтына түбінде бір кірмейміз бе, әйтеуір қайтадан тірілеміз ғой!... Ал, Құдай жоқ екен делік, олай болғанда бәрі де жоқ; топырақ болып мәңгіге жоғалғанымыз ғой!»
Әмірқан осыны ойлап үлгергенше төбедегі тозығы жеткен, қырық тесік шкатор қағаздың үсті тасыр-тұсыр бола кетіпті. «Екі тышқан бірін-бірі қуып жүр ғой, онда не тұр!» деп Әмірқан қыбырсыз жата берген екен, дәл қарнына топ ете түсіпті бірдеме. Әмірқан көзіндегі шапкыны қағып тастап, басын көтеріп алғанда, қалқаң құлақ қара тышқан сыпыдан домалай жөнеліпті. Әмірқан да орнынан тұра секіріп ұмтылған екен, «құдіреттің жануары» сыпының астына кіре зытып, зым-зия жоғалыпты.
Құдай Тағала расында да құдіретпен тұрғызғандай, мына құбылысқа жападан жалғыз қарқылдап күліп алыпты өзі. «Қам көңіл қайғы тартқан» өзі сындылардан сүйінші сұрауға жүгіре шыққаны осы екен.
Әмірқан осыны айтып, Құдайдың бар екенін дәлелдегенде, сенетіндеріміз бас шұлғи күлімсіредік те, сенбейтіндеріміз қарқылдап қатты күлдік.
<!--pagebreak--><!--pagebreak-->
Әділетті тергеушім, Құдайға сену мәселесіне келгенде мен ең-ең зор қылмыстылардың бірімін. Хақ Тағала деп аталған, әлемнің жалғыз жаратушысы қара тышқанды елшілікке жіберіп, өзінің хақ екенін білдіріп отырғанда да сенбей соншалық қатты күлгеннің бірі менмін ғой. Сол сенбей жүргенімнің өзі - бүкіл әлемнің шек келтірмейтін, ең сырлы, адам пендесі маңайын басып көрмеген, ең жұмбақ, теңдесі жоқ деп санап, әке-шешесін де, адресін де ешкім сұрай алмайтын ең құдіретті Құдай. Бұған сенбеушілерді мұсылмандар «кәпір» деп атайды. «Кәпір» дегені сіздерше - «фангымиңшы» ғой. Демек, менің нақ кері төңкерісші екендігім даусыз болса керек.
Себебі, сіздерде Құдайға құлдық ұра сенетін пенде сіздер. Ондай төңкерісшілдіктеріңіз болмаса, Маужушидың суретіне намаз оқытарсыздар ма! Ал, мен нақтылы кері төңкерісші болғанда да табанда атылуға тиістімін. Өйтетінім, менің «Маужуши де адам баласы» деп қойғаным бар емес пе! Біздің ұлы құдіретті Маужушиымыздың тұлғасы мен тұрағы ап-айқын көрсетіліп тұрғанда да сіздер оның аяқ киімдеріне дейін кино экрандарынан анықтап көрсетіп отырғанда да, ал, тіпті, қара тышқан емес, «төрт мұхарам періште» сияқты атақты төрт-бес «имамы» аят-сүрелерін бар қуысыма түгел құя жаттатып отырғанда да ұлы құдіретке сенбей, ол да адам баласы деуімнен зор қылмыс бар ма!
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»