Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 7674 3 пікір 16 Наурыз, 2021 сағат 11:02

Зүбәржат жүзік

әңгіме

– Жеңеше, мынаны қараңызшы!

Тәңіртаудың басынан ұшқан ана қаршығадай шаңқ еткен жас келіншектің дауысы «Ломбард» ішін жаңғыртып жіберді.

Күмістен соққан қос білезікті тамашалап тұрған ақ жібек жаулықты кексе әйел селк етіп, ұстап тұрған затын сөреге қайта қоя салды да, дауыс шыққан жаққа бұрылды:

– Зияш, не болды мына жерді басыңа көтердің ғой? - деп сыбыр етіп, үлкен көзі алақтап, жан-жағына ыңғайсыздана қараған.

Абырой болғанда, бұл жерде ломбард қызметкерінен басқа ешкім жоқ еді. Ана келіншек болса, ешкімді елеп жатқан жоқ. Оң қолының ортан терегіндегі көзіне асыл тас қондырылып, жан-жағын ұсақ гауһармен көмкерген үлкен сақинаға қарап, қатып қалғандай. Әй, сірә, дем алмай тұр-ау! Найзадай кірпіктері асыл тасқа қадалып, жанары арбалып қалғандай ма?!  Жеңешесі де мойны үзілердей болып, келінінің қолына үңілді. Асыл тас кейуананың да жанарын қарыған.

– Құдай-ау, ақ алтынға орнатқан зүбәржат қой! Жан-жағындағысы шынымен гауһар ма, әлде сән үшін қойған фианит пе? - деп тамсанып, қолын созды.

Келіні сақинаны саусағынан суырып алып, абысынының өмір жібіндей әжім торлаған алақанына салды. Бұл өз ғұмырында «жыланның ізін көрген» дегендей, өмірден түйгені мол кексе әйел еді. Қолсөмкесінен алақандай үлкейткішті шығарып, көзілдірігінің астынан үңіліп, аударып-төңкеріп қарай бастады. Тастардың сапасын тексерген түрі. Жүзікке қыстырған тілдей қағазда құны жазылыпты. Әйелдің соған көзі түскенде:

– Зияш, мынаның соңында алты нөлі бар, сұмдық цифрлар ғой! - деп шошып кетті.

–  Таза заттың құны да жоғары болады ғой! - деп жандарында сақшыдай қатып тұрған сатушы саңқ етті. Зияш:

–  Иә, жеңеше, бағасы тым қымбат екен, - деп күмілжіді.

– Қымбатың не, мынаған шаш жетпес. Жалғыз жүзіктен гөрі, сол ақшаның төрттен біріне сырға-жүзігімен комплект алмайсың ба? - деді естиярлық танытып.

–  Жеңеше, егіздер шоқжұлдызында туғандарға зүбәржат пен гаухар сәттілік әкеледі дейді жұлдызшылар. Анджелина Джоли да осындай тастардан алқа тағатын көрінеді,- деп жас келіншек тақымдап қояр емес.

– Әр тоқсан сайын бөліп төлеулеріңізге болады, - деп сатушы екеуінің арасына тағы қыстырыла кетті. Бар ойы, қайткенде қызығып, көзін сатып тұрған келіншекке қымбат әшекейді өткізу. Оның «бөліп төлеуге болады» дегеніне Зияш елең ете түсті де, жеңешесінің алақанындағы жүзікке қолын созды. Жүзік қимылдап кетіп еді, асыл тастардың сәулесі жанарын қарықтырды. Келіншектің жүрегі атқақтап, одан әрі ынтыға түсті.

– Қазір қанша ақшаң бар? Мұны алсаң, тоқсан сайын қайнымның қалтасын қағатын боларсың,- деді абысыны наразылығын үнінен танытып.

Зияш сатушыға өзінде қанша ақша барын айтып, арғы жағындағы қалғанын қаншадан, неше ай төлейтінін сұрады. Сатушы қуанып кетіп, калькуляторын ала сала, зырылдатып есептеп шықты да:

–  Екі жыл мынанша теңгеден төлейсіз,- деп калькулятордағы жыпырлаған сандарды көз алдына тосты. Қайткен күнде де осы сақинаны алып кетейін деп бел буған келіншек қалың қара кірпігін қағып-қағып жіберіп:

– Жеңеше, не болса да алайын, көңілім кетіп тұрғаны. Бір жақсы әулеттік жәдігер болсын. Кейін келіндеріме қалдырармын,- деді. Бұл дүниеде әйелдің көңілі кетпесін деңіз, әйелдің көңілі кетсе, оны топан су да тоқтата алмайды. Соны ғұмыр бойы көріп келе жатқан кексе әйел:

– Өзің біл! Байыңның табысы бар, жалғыз еді, үш ұл тауып бердің, бір сақина сыйлайтындай болды ғой,- деп күліп, иығынан қапсыра құшақтады.

Келіншек сөмкеден бұрқыратып қағаз ақшаларды шығара бастағанда, сатушы жылдамдатып зүбәржат көзді жүзікті оймақтай ғана қызыл қорапшаға сүңгітіп жіберді. Әзір тұрған келсімшартына Зияштың аты-жөнін төлқұжаты бойынша толтырып, екі жылға мойнына қарыз іліп, қолын қойғызып үлгерді. Құны жартылай төленіп, жартылай шарттасқан соң, қорапшаны Зияшқа сиқырлана күліп, «Игілігіңізге тағыңыз!»,- деп ұсынды. Қолсөмкесіне тыға салуға шыдамы жетпеген Зияш қорапты ашып, жүзікті алды.

Екі әйелдің біріне қуаныш, екіншісіне қызғаныш сыйлаған зүбәржат көзді жүзік жаңа иесінің ортан терегінде жарқырап бара жатты. «Ломбардтан» шыққан абысынды-ажынды сүліктей қара көлікпен қаланың ортасында ағылып жатқан тіршілікке араласа жөнелді.

2

Зияш қолынан шешіп, жатын бөлмесіндегі айна алдына қойған зүбәржат көзді жүзік неше мемлекеттен асып, неше түрлі тағдырларға араласып, нешеме табалдырықтан аттап, нешінші әйелдің саусағын сәндеп, күндестерінің көзін қызартқанынан өзі де жаңылған болатын. Себебі, бұл сонау жиырмасыншы ғасырдың басында Франция елінің герцогы Ресей еліндегі князь Пташкиндер әулетінің анасына арнайы соқтырған өте қадірлі жүзік еді. Ақ селеу шашы мен аспан түстес көзіне ақсүйектердің еркегі түгіл әйелдерінің өздері ынтыға қарайтын ерекше ханымның томпиған қолындағы шылдыр шүмегінде оншақты жыл жарқырап, небір үлкен балдарда билегенінде сарайлардың хрусталь шамдарымен шағылысып, күндестерінің жанарын қаритын. Княгинья өмірден өткенде қос келіні осы асыл тасты жүзік «қайсымызға бұйырар екен» деп, бірін-бірі жылдар бойы үнсіз аңдып, үміттене қарап жүргенде, тұңғыш қызы бір қолымен анасының бақырайып қалған көзін жауып тұрып, екінші қолымен шылдыр шүмектегі зүбәржат көзді ғажайыпты суырып алған болатын. Әулет анасын жерлеп келген соң, жүзікті іздеген қос келіні солай жер сипап қалғанымен, шу шығармаған. Қайынбикесінің ортан терегінен көргенде, екеуі де қанша іштері күйгенімен, күйеулерінен бұрын ата-анасының ернін жібіткен перзентіне ауыз ашып, сұрай алмаған. Ол әпкелері атақты Дворовскийлер әулетінің келіні Антонина ханым еді. Зүбәржат көзді жүзік ол кісінің қолында да талайдың көзін тартып жарқырап, иесіне қуаныш сыйлаған болатын.

1913 жылы, екінші Николай патша ағзамның заманында Ресей императоры Романовтар әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толу құрметіне арналып, Петерборда ұлан-асыр той өтіп, дүниежүзілік көрме ұйымдастырылыпты. Антонина Дворовская ханымның күйеуі Сергей Алексеевич те сол тойдың жауапты адамдарының бірі болса керек. Қазақ даласының губернияларынан келген делегацияны өзі қарсы алады. Жетісу губерниясынан келген делегация Лепсіден бал, Алатаудан алғаш рет хош иісті апорт алма апарған көрінеді. Әрқайсысының салмағы бір келіден асатын апортты таң қалған жұртқа таратып, патшаның құрметіне «Александр» деген ат беріпті. Ақжайықтың бойынан Жүсіпәлі деген болыс он алты қанат киіз үй апарып тігіпті. Оның ішіндегі жасау-жабдығына әлемнің түпкір-түпкірінен келген меймандар таң-тамаша болыпты. Үйдің ортасына жасалған аста-төк дастарханда Жыланшық бойынан алдырған қойлар мен жылқы етінен тамсана ауыз тиіпті.

Үш ғасырлық торқалы тойға тарту-таралғымен келген қазақ бай-болыстарының дархандығына риза болған Дворовская Антонина ханым олардың әйелдеріне императрица Мария Федоровнаға арнап француз парфюмері Август Мишел жасаған хош иісті «МАРИЯ» әтірін сыйға таратады. Сергей Алексеевич болса Жетісудан – Есім төреге, Қостанай уезінен келген – Смайыл байға, Торғай әскери губернаторынан – Самрат биге, Верный уезі басқармасынан Жайылма болысы – Сәт Ниязбековке, тағы да басқа елуге тарта арнайы шақырылған меймандардың өңірлеріне Станиславский лентасы мен алтын медаль тағып, ерекше құрмет көрсетеді. Осы тойға делегацияны бастап келіп, сөз сөйлеген Сәт болысқа айырықша құрмет жасап, әйелі Жанымкүл ханымға Антонина зүбәржат көзді, гауһармен көмкерілген, анасынан мұраға қалған жүзігін саусағынан суырып берген деседі. Солай, өте қадірлі жүзік қазақ топырағына жеткен екен.

Ұлы Даладағы ұлағатты әйелдің бірі – Жанымкүл ханым оншақты жыл зүбәржат көзді жүзікті ортан терегінде жарқыратып, Патша ағзамның тойынан арнайы сыйға бергенін отырған жерінде мақтана айтып жүріпті.

Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ байларын тәркілеу туралы қаулы шығып, ол қабылданбай тұрып-ақ ел арасында сыбыс таралып, шекараға жақын аймақтардағы ауқатты-байлар Қытайға қоныс аудару қозғалысы басталады. Жетісу уезіндегі өзі таныс-біліс болып жүрген бай-кулактар мал-мүліктерін сақтап қалу үшін шекара асып жатқанынан хабардар күйеуі «осы кеткеннен қайта келеміз бе, жоқ па атамекенге, Алла біледі, жасың да ұлғайып қалды, үлкен ұлды алып төркіндеп қайт»,- деген соң Жанымкүл ханым Ақмешітке барады.

Ел астанасы отар қала Орынбордан енді ғана қалың қазақтың ортасы – Ақмешітке ауысып, Ақмешіттің атауы – Қызылорда болып өзгерген кезі еді. Мемлекет басқару органдары Сыр бойына көшіріледі. «Еңбекші қазақ» газеті жаңа астанадан шығарыла бастайды. Орынбордағы газет шығару ісіне ысылып қалған қызметкерлердің көбі оңтүстікке келмей қалады. Газетке көзі ашық, саналы, сауатты азаматтарды тілшілікке тәрбиелеп, ел ішінде тап сезімін күшейтіп, саяси сана қалыптастыруға тартып жатады. Жанымкүлдің жалғыз бауыры Үсенжан мұғалім, жазуға ебі бар болғандықтан сонда қызметке алынады. Үсенжан газет жұмысынан босамай, алыстан ат арылтып, төркіндеп келген әпкесімен жөндем сырласа да алмайды. Әулеттің қарашаңырағындағы жалғыз бауырын көріп, туған-туыспен көзайым болған Жанымкүл келініне ғана мұңын шағып, күйеуінің жақында Қытай асатынын айтып, қолындағы зүбәржат жүзігін «көзімдей көріп жүр, енді сендерді көрем бе, жоқ па»,- деп сыйға тартып, еңірегенде етегі толып, асығыс кері қайтады. Сөйтіп, зүбәржат көзді жүзік Үсенжанның келіншегі Айбикенің шылдыр шүмегінде ширек ғасырдың сырын бүгіп жарқырайды. Жас адам жылтырақ құмар десе де осы бір асыл тастың жәй жүзік емес, ерекші қадір-қасиеті бар екенін сезіп, сандығында ұстап, көп көзге түсіре бермейді.

Сыр бойының экономикалық және табиғи жағдайы қолайсыз дегенді сылтауратып Ф.Голощекин басқарған БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті ел астанасын Қызылордадан Алматыға ауыстырады. Елордасы Сыр өңірінен Жетісуға қоныс аударғанда «Еңбекші қазақтың» ұжымымен бірге Үсенжан да отбасымен көшіп келеді.

Голощекиннің жүргізген «Кіші Қазан» революциясының зобалаңында қазақтың небір дарынды, бетке ұстар, айтулы азаматтарын, жаңа үкімет құруға қасық қанын аямаған қайраткерлерін «халық жауы» атандырып, ұлт зиялылары мен қоғам қайраткерлерін қуғынға ұшыратып, жазықсыз жала жауып, сотталып жатты. Ұлтшыл, шпион, халық жауы деп айыпталғандарды атып, отбасы мүшелерін де қуған-сүргінге ұшыратты.

Республикада жүргізілген репрессияның екінші толқыны кезінде «Еңбекші қазақ» газетінде қызметте жүрген Үсенжан ұсталып, Алматы абақтысына қамалады. Содан күн бұрын әйелі Айбике төртінші перзентін босанып, Киров көшесі мен Өзбек көшесінің қиылысындағы перзентханадан шығарып алып, жалдамалы үйлерінде әріптестерімен шағын шілдехана өткізген болатын. Жас босанған жарына қалжа болсын деп сойған қойдың шілдеханадан қалған етін таңертеңгісін верандада боршалап жатқан жерінен Үсенжанды ұстайды. Сұр киінген екі адам ашып сөйлеспей, себебін де айтпай, қолының қанын шала-шарпы жуғызып, алды-артына қаратпай, сыртқа сүйрелейді. Күздің қарасуығында жылы киімін де алғызбай алдарына салып, сыртта тұрған қара мәшинеге отырғызып алып кетеді. Үш бала шырылдап, Айбике жаңа туған нәрестесін құшақтап зар илеген қалпы табалдырықтан сыртқа да аттай алмай қалады.

Екі күннен соң Айбике белін буып күйеуінің жұмысына барса, олар да ештеңеден хабарсыз. Бас редактор жас келіншекті сабырға шақырып, «Үсенжаннан хабар алсақ айтамыз»,- деп шығарып салады. Халық ұдайы үрейленіп, бір-біріне күдікпен қарайтын заман келді.

Көп ұзамай Үсенжанның бір әріптесі келіп, «шырағым, елге кеткендерің дұрыс, әйтпесе балалармен қаңғып қаларсыңдар, Үсенжанды «халық жауы» деп ұстапты»,- деп кетеді. «Ол қалай өз халқына жау болады. Елге қызмет етсем деп Сыр бойынан келдік емес пе?!,- деп НКВД-ның есігін тоздырып, жылағанына ешкім құлақ аспаған соң, балаларын жинап пойызға шығады. Қолдарындағы тиын-тебені жетпеген соң Айбике баяғы Жанымкүл апасы берген жүзігін шығарып, қанша қимаса да, қиналғанынан билет сататын кассирге береді. Үшеуін жетелеп, біреуін бауырына қысып Қызылордаға жүрген пойызға отырады. Амал қанша, Үсенжан сол кеткеннен отбасына қосылмайды...

Сөйтіп, зүбаржат көзді гаухар жүзік қолына тиген кассир орыс әйел «мына аумалы-төкпелі заманда осындай жүзік менің не теңім, оданда бастықтың құлқынына тығып, орнымды сақтап қалайын»,- дейді де, бірінші Алматы вокзалының бастығына апарып береді. Мұрты едірейген, қушық бет еркек, тарамыс қолдарының алақанына түскен жасыл тасты жүзікті айналдыра қарап:

– Өзі шын алтын ба, сары емес қой?- деп бәлсінеді. Кассир:

– Иван Иваныч! Ақ алтын деген де болады. Бұның тастарының не екенін ажырата алмаймын, бірақ тегін жүзік емес екенін ішім сезеді, бұл сіздің Анна Алексеевнаға ғана лайық! – деп, көзін аударып-төңкеріп, таңдайы тақылдап түсіндіреді. Вокзал бастығы әйелінің жақындап қалған туған күнін есіне алып, жүзікті төс қалтасына салып алады да:

– Өзіңе не керек?- дейді, кассирдің жәй жүрмесін біліп.

– Иваныч, мынандай қиын кезде далаға лақтырып тастамасаңыз болғаны, мен сізге адалмын ғой,- деп берген сыйлығына салмақ сала, майысып шығып кетеді.

Көп ұзамай зүбәржат көзді жүзік Иванычтың Аннушкасының қолында жарқырады. Күйеуінің ерекше бір сыйлық жасағанына риза болған орыс келіншегі өзі танитын зергерге апарып көрсетті. Қарт зергер зүбәржат көзді жүзікті қолы дірілдей ұстап, тозған жанарын сығырайта қарап отырып:

– Аннушка, мынандай асыл қолыңа қайдан түсті? - деп таңырқады.

– Ванечкам туған күніме сыйлады...

–  Аннушка, мынау бір құн жетпейтін зат қой!

– Неге олай дейсіз?- деп баж ете түсті келіншек тұздай көзін дөңгелетіп.

– Менде бұған төлейтін ақша жоқ! Бұл өте құнды, яғни қымбат,- деймін,- дегенде барып, есін жинап, шалдың қолынан жүзікті жұлып алды да сыртқа атып шықты.

Кешкісін күйеуіне сыйлығының құны жоғын айтқанда, күйеуі:

– Аннушкам, менің! Сенің өзіңе құн жетпейді! Мен саған жәй нәрсе сыйламаймын ғой! - деп шаттанды.

Көп ұзамай, Германия Кеңестер Одағының шекарасын бұзып кірген. Соғыс басталып, Аннушканың бақытты күндері көзінен бұл-бұл ұшты. Ванечкасы майданда қаза болып, ұлын жетектеп жесір қалды. Тылда жүріп қанша қиындық көрсе де, сүйген жары сыйлаған зүбаржат жүзігінен айрылмады. Ұлы екеуі талай қиындық көргенде, алақанына қыса ұстап ломбардқа барып тұрып, есігінен қайтатын. Соғыс та бітті, ұл да ер жетті. Жалғыз перзенті үйленіп, дүниеге немересі келген күні, күйеуінен қалған жәдігерді келінінің қолына салды. Көп ұзамай өзі де бұл жалғанды тастап, Ванечкасының соңынан кетті...

Сөйтіп, зүбәржат көзді жүзік Иванычтар әулетін жалғастыратын ұл тауып берген келінінің қолында жарқырады. Күндердің бір күнінде жас әйел жүзікті ломбардқа өткізуге барды. Қабылдаушы жүзікті көргеннен есі шығып кеткен. Маңдайына іліп алған тексергішін бір түсіріп, бір көтеріп, айрандай ала көзі ежірейіп:

– Қайдан алдың? Сертификаты бар ма? - деді салғаннан.

–  Енем сыйлаған, сертификаты несі? – деп, келіншектің көгілдір көзі шытынай қалған.

– Мұндай құнды заттың қағазы, яғни, төлқұжаты болады, - деп түсіндірген болды.

– Енеме атам сыйлаған баяғыда. Ол кезде сертификат деген болмайтын. Аласыз ба, жоқ па?

–  Менде саған беретіндей сонша көп ақша қәзір жоқ.

–  Сонда бұл қанша тұрады?

–  Қара, мынау зүбәржат деген қымбат тас, ортасындағы жасыл түстісін айтам. Жаңылмасам, мұнда оның өзі сегіз карат. Халықаралық классификация бойынша зергерлік өнерде зүбәржаттың дәл осы реңкі «жасыл мұз» деп аталады, құны гаухардан да жоғары, аса бағалы. Ал жан-жағын көмкерген мына ақ тастар – кәдімгі гаухарлар, - деп түсіндірді.

– Сонда алмайсыз ба? Менің жағдайым қиын болған соң келдім ғой, анамды емдетуге қаржы керек болып тұр,- деп жылап жіберді жас келіншек. Ломбард шебері әйелді аяды ма:

–  Менің қазір беретін қаржым жетпейді. Өте мұқтаж болсаң, тастап кет. Сатуға қояйын, бізге екі пайыз бересің, біреу алып қалса жақсы болар еді,- деді.

Келіншек соған келісіп, құжат толтырып, қалдырып кетті. Жасыл көзі келгендердің көзін тартып, қолдарына алып бағасын көргенде жандарын шошытып, одан кейін түстеріне кіріп тура бір қыс, бір күз, бір көктем ломбард сөресінде тұрды. Жүз жылдан артық жасап, мыңжылдық пен жүз жылдықты алмастырып, азаттық алған арда қазақ елімен бірге тағы ширек ғасыр өмір сүрген зүбаржат көзді жүзік жадыраған жаздың бір күнінде Зияш пен оның абысынына кездескен болатын.

3

Зияштың айна алдына қойған зүбәржат көзді жүзігі толған айдың жарығымен үй ішіне шалқыған көгілдір сәуле бөлетін. Білгіштер: асыл тастар айна сияқты көргенін, естігенін сақтап қалады, одан да сыр аңдуға болады дейді. Қолына салған адамның энергиясы сіңіп қалып, келесі адамға көшеді. Сонда жақсылығы да, жамандығы да ауысып, позитив болса – позитивті, негатив болса – негативті ұлғайтуы мүмкін деген сенім бар.

Күйеуі ел астанасы Ақмолаға ауысқанда жаңа қызметке тағайындалып, салтаң кеткен. Зияш ұлдарының мектепте оқитынын сылтауратып, суық жаққа барғысы келмей, Алатаудың бауырында жұмақ қалада қалған. Ат шаптырым бөлмедегі ұзындығы мен көлденеңі бірдей кең төсекте қалауынша аунап-қунап жалғыз жататын. Түн жарымында оянып кетті. Ұйқылы-ояу бөлмеде ойнап тұрған көгілдір сәуле көрді. Жібек шілтер пердеден сырттан түсіп тұрған жарық болар деп, қайта ұйқыға кетті. Түсінде Толстойдың «Война и миріндегі» Наташа Ростованың тұңғыш рет балға барғанындай атлас пен жібектен төгілдіріп тігілген әппақ көйлек киіп, аққудың көгілдіріндей болып үлкен салтанатты залда аяғының ұшымен ғана билеп жүр. Маңайында Патша ағзам дәуірінің княздары мен дворяндары, олардың үлде мен бүлдеге оранған ханымдары. Өзі танымайтын бір орыс офицерімен билеп жүр. Оң қолын оның сол қолының алақанына салған, ортан терегінде жақында сатып алған зүбәржат көзді асыл жүзігі жарқырайды. Өзі билеп жүрген жігітке емес, жарқыраған жүзікке құмарлана қарайды. Бір кезде әуен тоқтады, Зияш жігіттің алақанынан қолын ала бергенде жүзігі саусағынан шығып кетіп жарқыраған паркетті еденде домалай жөнелді. Жаңа ғана билеп жүрген ақсүйектер у-шу болып, жан-жаққа бытырай қашты. Зияш жүзігін іздеп әуреленіп жатып оянып кетті. Таң сыз беріп, бөлмеге жібек пердеден күн нұры сығалайды. «Таң жаңа атыпты ғой, ертең демалыс, жата тұрайын»,- деп қайта көзі ілінген.

Арада тағы бір жеті өткенде бала кезінде бір жағы ақ, екінші жағы қызыл болып атысып-шабысып жататын фильмдердегі оқиғалар сияқты революция дәуірін түсінде көріп шықты. Одан кейін институтта тарихтан оқыған ақтаңдақ жылдар, ашаршылық пен репрессия кезіндегі қазақтардың басынан өткен сұмдықтар кіріп, қырылып жатқан адамдардың сүйегінен шошып оянды. Кинолардан көрген Ұлы Отан соғысының қан майданын көргенде жарым түнде оянып алып, қорқып таңға ұйықтамады. Зияш осының бәрі сүйікті жүзігінің есінде қалған елестердің өзіне көрсетіп жатқан әлегі екенін білмеді. Жұмыстағы құрбысына айтып еді, «жатарға қарай жаман кинолар көрме»,- деп кеңес беруден аспады.

Араға ай салып күйеуі келген. Оған жүзігін көрсетіп, еркелеп алдағы айға төлейтін несие қаржысын қағып алды.

–  Менің ұлдарымның анасы қандай сыйлыққа да лайық! - деген жары жүзіктің бастапқы бағасының қанша екендігін сұраған да жоқ. Тек әйелінің ортан терегіне кигізіп тамашалап:

– Шынында, ерекше әдемі екен! Мұндай жарқырайтын жүзікті өмірімде көрмеппін! - деп оң қолының үстінен сүйіп еркелетті.

Ай бойы көріспеген екеуі сағыныштарын басып, ұйқыға кеткен. Түн жарымында жүзіктен өрген көгілдір сәуле бөлме ішіне тарады. Шалқасынан ұйықтап жатқан ер адам оянып кетіп, көзін ашты. Бөлменің ішін көгілдір сәуле көмкеріп тұрды. Ол жан-жағына қарады. Сәуле әйелінің әдемілену үшін қарайтын айнасының алдынан тарап жатыр. Басын көтеріп, отырды. «Айнаның алдында не бар?» деп, аз-кем ойланып қалды. Аяғын төсектен салбыратып тағы біраз отырды. Сәуле тоқтап қалды. Еркек айна алдына келді. Құтыларда хош иісті әтірлер тізіліп тұр. Опа-далаптар да өз қораптарында. Кешегі мақтанып көрсеткен зүбәржат көзді жүзігі солардың ортасында тұр. Терезеден түскен Ай жарығымен жарқырайды. «Зияштың қызығатынындай бар екен!»,- деді де қолына алып Ай сәулесімен тасын ойнатып, аударып-төңкеріп қарады да, қайта орнына қойды.

Олар апта соңында «Оқжетпеске» барып демалып қайтатын болды. Таң жарығымен ерлі-зайыптылар Астанаға көлікпен шыққан. Жолға әзірлеген тағамдары мен қоржын-қошалақтарын «Лексус-470» көлігінің жүксалғышына жайғастырды. Нағашы әжесінің қолында қалып бара жатқан екі ұлының жатын бөлмелерінде ұйқысын бұзбай, маңдайларынан сүйіп қоштасқан екеуі көлікке отырды. Зияштың анасы қызы мен күйеубаласын жалғыз Аллаға тапсырып, қолын бұлғап, қақпаның пультін басып жауып қала берді.

Көлік таңғы тыныштықтағы қала ішінен асыға шығып, «Алматы-Астана» бағытындағы күре жолға түсті.

Зияш көліктің артқы жағында жастық қойып, аяғын созып түннен жетпей қалған шала ұйқысын жалғастыра жөнелді. Күйеуі екі күн бұрын Алматыға қарай жарты тәуліктен артық өзі рулде отырып келгені бар, енді кері қарай тағы өзі айдап шаршап келе жатты. Терме-жырларды қанша дауысын шығарып қойса да сергітер емес. Көлігін тоқтатып сыртқа шығып, белін жазып, аяқ-қолын сермелеп, бөтелкедегі сумен бет-аузын шайып, шашының арасына дейін салқын сумен ылғалдандырып барып қайта отырды. Зияш ханым болса, оның бірін де білмей, рахаттанып ұйқтап жатыр. Күйеуі жалғызсыраса да, ерке келіншегінің ұйқысын қимай шыдап келеді. Күн арқан бойы көтеріле, қара жолда қарсы келе жатқан көліктер жиіледі. Уақыт өткен сайын шілденің ыстығы асфальт жолды баланың миындай былқылдатып барады. Мына жолдар қашан соңғы рет күрделі жөндеу көрді екен. Алматыға келерінде бұл жерлерден кешкі салқында өтіп еді. Ал мына ыстықта жүру – қияметтің қайымы болды. Желдеткіш қосып, суды үзбей сіміріп келеді. Жол шетіне тоқтап, бұтындағы спорт шалбары мен кеудесіндегі майканы сыпырып тастады. Қайта рульге отырып еді, артқы жақтан әйелінің ыңырсып оянғаны естілді.

– Ой, мұңсызым-ай, мына аптапта қайтіп ұйықтап жатырсың-ей,- деп мойнын бұрғаны сол еді, дөңгелек шұқырға түсіп кетіп, мәшине тербеле жөнелді.

- Біссімілдә! Біссіміллә!- деп зәресі зәр түбіне кеткен Зияш көтеріліп отырды да:

– Мені қайтесің, көзіңе қарасаңшы,- деді күйеуіне зекіп. Қолын созып, алдыңғы орындықтағы шағын мұздатқыштан бөтелкедегі судың біреуін алды.

–  Жол нашар екен, әрең келем! Осыдан «Гүлшатқа» дейін қауіпті жерлер, жол жөнделіп жатыр, алдыңғы күні өткенде көргем,- деп еркек есінеп қойды.

– Талтүс болыпты ғой, тоқтап тамақтанып алайық, сен де бой жаз,- деді келіншек жалбырап кеткен шашын төбесіне жинап жатып.

– Кішкене жүре түсейік, «Балқаштың» жағасына тоқтармыз,- деді де еркек газды баса түсіп алға тартты.

Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Көкпеңбек, түпсіз. Көл де шықырым жерден көкпеңбек болып сағымға сіңіп барады. Тас төбеге келіп шақырайған күн бар махаббатымен жерді өртеп тұр. Ыстығы темірден өтіп, желдеткіштің жаны қалмай суытқанына қарамай көлік ішіндегі ауа қапырыққа айналды. Шоқалақ жолдар дөңгелекті серпіп, қарсы кездескен көлікпен түйістіре сақтап, шетке лақтырады. Артында отырған Зияш жан-жағына қарай-қарай шаршап, жолға деп алған қалтасының аузын ашып, жанындағы бос орынға қағаз жайып, тағамдарын шығара бастады. Қазы мен қартаның қазаққа жағымды иісі көліктің ішін алып кетті. Еркек енді тамақ түспесе болмайтынынан хабар берген ішінің шұрылына бағынып, жолдан оңға қарай бұрылып, көлді бетке алып барып тоқтады. Бұл жол бойындағылардың демалып, көлігінің жағдайын бақылап алуына арналған тұрақ болатын. Секіріп түсті де, төрт есікті де шалқайта ашып тастады.

Аяқ астындағы асфальт көлік тұрмақ, адамның салмағымен былқылдап, тәпішкенің табанын қыздырып барады. Көз ұшында сағым бұлдырайды. Балқаштың бойымен жарысып жылан құрттай болып пойыз кетіп барады. Еркек аспанға, алыстағы көгілдір көлге, ақ селеулі далаға қимай қарғандай ұзақ тамсанды.

–  Шілде түсті деген осы шығар!,- деді де арт жағынан айналып келіп әйелінің жанына отырды. Екеуі орталарына термос пен тамақты алып, ауқаттана бастады.

–  Мынауың соғымнан қалған ба, дәмдісін-ай!,- деп еркек ашқарақтана кірісті.

– Қақаласың, шәймен итерсеңші,- дейді әйелі.

–  Дүниеде жылқының етіне жететін тағам жоқ шығар,- деп тамсанып, қызанақ пен қиярды араластыра еттен тағы асады.

– Әсіресе, қою қызыл, сүтті шәймен ішкенде,- деді келіншегі күйеуіне жанары шуақ шаша қарап.

–  Жол-жөнекей асханалар көп қой, бірақ үйдің бір жапырақ наны мен бір тілім қазысына жетпейді...

– Айтпа, оның үстіне сол асханалардың санитарлық жағы төмен,- деп әйел оң қолының ортаңғы саусағындағы зүбәржат көзді жүзігі жарқылдап, күйеуіне шәй ұсынды.

Ерлі-зайыпты екеуі ең соңғы рет бірге тамақтанып, атау керелерін ішіп отырғаны бір Аллаға аян еді...

Қайтадан күре жолға түскен олардың көлігі Астанаға қарай ұшып келе жатты. Үш күннен бергі шаршағаны бар, жолда жақсылап ішкен тамақтың қуаты бар көлік жүргізіп келе жатқан еркектің көзіне ұйқы тығылып, мазасы қашқанымен жылдамдықты түсірмеді. «Ұйқы дұшпан» деген шын екен! Жұлдыздай ағып келе жатқан қара джип екеуінің жұлдызын алып, жол шетіндегі жыраға аударыла берді...

...Бауырының көлік апатынан әйелімен бірге қаза болған хабарын алған ағасы досының көлігімен жанына әйелін ертіп құстай ұшып жеткен. Жолүсті абыр-сабыр, полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем дәрігерлері әбігерде екен. Зияштың абысыны аударылып, жерге жабысып жатқан көлікті көрді де үстін қара жамылғымен жауып қойған екі мәйітке аңырай ұмтылды. Кеудесінен итерген полицейлерге де бой бермей жетіп барып, жабуды жұлып алып, келінінің үстіне құлады. Түрі адам танығысыз, денесі екіге бөлініп кеткендей мүрде қарауға қорқынышты еді. Біраз жылап барып, қайнысының мәйітіне ұмтылды. Шашы дудырап, ебіл-дебілі шығып «Боталарым-ай, боталарым-ай!» - деп тоқтай алмай, дауыс салды. «Көліктің астынан әрең шығардық! Қарсы шыққан көлік те болмапты! Ұйықтап кеткен сияқты. Осы жолдың жөндеуі де бітпей қойды ғой. Жолдан біраз шығып кетіп, тура осы шұқырға құлапты!» - деп еркектер дабырласып жатты.

Зияштың абысыны солқылдап ұзақ жылап, басылып келінінің мәйітіне келіп қайтадан бетін ашып қарап, сау қалған мүшелерін сыйпалады. Оң қолының иығына қарай мылжаланғанымен білектен төмен сау еді. Ортан саусағында зүбәржат жүзік жарқырап жатты. Кейуананың көзін қарықтырды. Қос қазадан іші күйген жеңгелері жарқыраған жүзікті ортан теректен суырып алды да:

–  Атаңа нәлет! Сен пәле шығарсың осы сұмдықты шақырған! «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деуші еді, сенің қай бүлінген жерден келгеніңді қайдан білейік? Ломбардқа қай жетіскен өткізді дейсің,- деп жерді тоқпақтап жылап, орнынан атып тұрып қолындағы жүзікті құлаштап келіп алыстан көгілдір тартып жатқан Балқаш көліне қарай лақтырды. Бастарына түскен қара қайғы, бар бәле, тіл-көз, жамандық атаулы сол теңдесі де, бағасы да жоқ асыл тасты жүзікпен кетсін деген ашу-ызасын, ішкүйігін де бірге лақтырғандай болды.

Мыңжылдықты көріп, ғасырдан астам талай саусақта жарқырап, талай тағдырға ортақтасып, талай көз жасын көрген, талай қасіретті басынан өткерген зүбәржат көзді жүзік аспандағы күннің сәулесімен шағылысып Сарыарқаның сайын даласына топ ете түсті.

Қаза тапқандармен есі шығып жүргендер әйелдің не істегенін байқамады да.

Сәуле Досжанова

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1503
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3277
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5719