Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2187 0 пікір 6 Сәуір, 2012 сағат 13:48

Ирак ЕЛЕКЕЕВ: МӘЖІЛІС ТӨРАҒАСЫ ЖЫЛЫ ЖАУЫП ҚОЙҒАН МӘСЕЛЕНІ ЕУРО ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТТАРЫ ТУ ЕТІП КӨТЕРДІ

 

Ирак ЕЛЕКЕЕВ, саясаткер:

Қаралы күн, қанды оқиға - Жаңаөзендегі дүрбелеңнің ақиқаты толық ашылды ма? Қапияда оққа ұшқандардың обалы кімге? Оқиғаның соңында кімдер тұрды, мұндай қантөгіс кімге керек болды? Санамызды сан-саққа жүгіртіп отырған осы тақылеттес сансыз сауалдарға «Жаңаөзен соты» жауап бере ала ма, жоқ па, уақыт көрсете жатар. Қалай дегенмен, соттың әділ өткені халыққа да, билікке де аса қажет. Өйткені әділетсіз сот халықтың ашу-ызасына тиіп, жағдайды одан сайын ушықтыра түсуі бек мүмкін. Сондықтан Ақтаудағы соттан көтеріміз көп. Сот отырысы өтіп жатқан тұста халықтың көкейінде жүрген бірқыдыру сауалдарды өңірдің тыныс-тіршілігімен етене таныс экс-депутат, саяси қайраткер Ирак Елекеевке қойған едік.

 

Ирак ЕЛЕКЕЕВ, саясаткер:

Қаралы күн, қанды оқиға - Жаңаөзендегі дүрбелеңнің ақиқаты толық ашылды ма? Қапияда оққа ұшқандардың обалы кімге? Оқиғаның соңында кімдер тұрды, мұндай қантөгіс кімге керек болды? Санамызды сан-саққа жүгіртіп отырған осы тақылеттес сансыз сауалдарға «Жаңаөзен соты» жауап бере ала ма, жоқ па, уақыт көрсете жатар. Қалай дегенмен, соттың әділ өткені халыққа да, билікке де аса қажет. Өйткені әділетсіз сот халықтың ашу-ызасына тиіп, жағдайды одан сайын ушықтыра түсуі бек мүмкін. Сондықтан Ақтаудағы соттан көтеріміз көп. Сот отырысы өтіп жатқан тұста халықтың көкейінде жүрген бірқыдыру сауалдарды өңірдің тыныс-тіршілігімен етене таныс экс-депутат, саяси қайраткер Ирак Елекеевке қойған едік.

-  Жаңаөзен мәселесін Мәжілісте жүргенімде сауал жолдап, көтеріп едім, - дейді Ирак Қасымұлы бізбен әңгімесінде. - Көтерген себебім, Маңғыстау облысына Еуро Парламенттің депутаты барып қайтып,  оны талқылап жатты. Себебі, бұл біздің жағымызда шешілетін шаруа-тұғын. Керісінше, біздің депутаттар ол жаққа аттап баспайды. Біз неге бұл туралы үндемейміз? Мұны айтқан себебім, мен Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында 12 жыл жұмыс істегенім бар. Талай рет іссапармен Жаңаөзенге айына 2-3 реттен барғанымды қалайша ұмытайын. Бірақ Мәжілістің сол кездегі төрағасы Орал Мұхамеджанов: «Оның барлығы жергілікті мұнайшылардың еңбек дауы. Заң шығарушы орган ретінде біздің оған араласатын жөніміз жоқ», - деп жабулы күйінде қалдырды. 1989 жылы мұнайшылар ереуілі кезінде оқиға кезінде мен де болған едім. Сол кездің өзінде Маңғыстауға арнайы келген КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты П.Лучинский Ақтау мен Жаңаөзеннің әлеуметтік жағдайының арасында үлкен айырмашылық барын айтып, таңдай қаққан еді. Бұл оқиғаның өткен күнмен осындай байланысы бар. Былтыр осылай боларын алдын ала билікке естіртті дей алмаймын. Себебі, ол жағын облыс әкімі, облыстық ҰҚК, ІІД-нің басшылары білген шығар. Бірақ аймақ басшылығы мыңнан астам адамның жұмыссыз отырғанын біле тұра, осы жағын ескерусіз қалдырмауы керек еді.

-  Оқиғаның осылай өрбуі алдын ала дайындық болғанын аңғарта ма? Мысалы, алаңға шыққандардың бір киімде екені және тым белсенді болуы көңілге күдік ұялата ма?

-  Бірінші кезекте оқиға кезінде алаңға шыққан адамдардың шынымен де мұнайшылар екенін тексеруіміз керек-ті. Сол кезде түсірілген бейнежазбаларға қарасақ, кіл жас балалар. Меніңше, солардың барлығын арнайы топ пайдаланып кеткен. Жеті ай бойы ереуілде жұмыссыз қалғандар тұрды ма? Тұрды. Міне, әңгіме қайда жатыр? Мысалы, дүмпу кезінде алаңға шыққандар кез келген ғимаратты отқа орамаған. Таңдап жүріп, кейбіреулеріне ғана тиіскен. Бұл алдын ала дайындық болғанын көрсетеді. Неге олар қалалық әкімдікті немесе «Өзенмұнайгаз» мекемесін отқа орады? Егер олар нағыз мұнайшылар болса, тура осылай істемес еді. Тағы бір айта кететіні, қаладағы жекеменшік мейрамханалар мен қонақүйлер, сауда нысандарының иесі кім екенін олар жақсы біледі. Мысалы, оларға киімді, қолдары жанармай құйылған шөлмектерді кімдер берді? Осының бәрі оқиғаның соңында әлдекімдердің тұрғанын және қаржы қарастырылғанын байқатады.

-  Осындай дүмпудің Қазақстанда орын алуы кімдер үшін тиімді болды, сіздіңше?

-  Мұнай бизнесінің маңайында жұмыс істеп жүрген азаматтарға бұл тиімді. Әрі мұнайдың маңайында пайда көріп отырғандар көп. Қазақстанға жаны қас жат пиғылдылар баршылық. Оның ішінде қылмыстық топтар да бар.

-  Желтоқсандағы жайттан кейін әкімдерді қамау, ұстау үрдісі басталып кетті. Осы арқылы жазықтылардың жазасын бере аламыз ба?

-  Жаңаөзен қаласында мұнайшылар үшін әлеуметтік мәселелерді шешу үшін арнайы қор ашылған-тын. Сол қордың қаржысын басқа жаққа мақсатсыз жаратып жібергені үшін Жаңаөзенді бұрын және бертінде басқарған қос әкім қамауға алынғаны айтылды. Енді рас-өтірігін соттың өзі шешіп бере жатар. Кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары қамалды. Облыс басшысы да оқиғадан соң іле қызметінен кетті. Негізі, Қырымбек Көшербаев осыған дейін талай қызметтің тізгінін ұстаған тәжірибелі басшы. Бірақ Маңғыстау облысында ұзақ уақыт отырып қалды. Дер кезінде қызметтен кететін кезең болады. Бірақ соған қарамастан Қырекең көп басқарды. Қазір түрлі әңгімені таратушылар «Қырекеңді үйқамақта отыр» деп те айтады. Бірақ шындығы олай емес. Ол қазір Алматыда болуы тиіс. Әрі Мемлекет басшысы облысқа жаңа басшыны тағайындағанда: «Қырымбек жанымда болады, алда жаңа қызметтерге барады», - деп айтқаны бар. Әзір оны тағайындауға әлі ерте. Неге десеңіздер, Жаңаөзен соты болып жатыр. Сот бітпей бұрынғы басшыны басшылыққа тағайындау тағы ыңғайсыз. Қазір баршаның назары Жаңаөзенге ауып отыр. Оларды оқиғадан кейін қамауға алу - ақталу үшін істелген әрекет деп түсінуге болмайды.

-  Жаңаөзенге қатысты алғашқы сот отырысы да болып үлгерді. Сіздің ойыңызша, жауапқа тартылғандарға әділ жаза беріле ме, әлде...

-  Халық барынша сабырлы болып, бәріне кешіріммен қарауы керек. Сосын мұқият болғанымыз жөн. Бізге тәртіп орнатылуы керек пе? Мысалы, полицияға тас лақтырып тұрған адамға не істеген жөн? Бұл үшін ең алдымен әр түрлі күштерді пайдаланып, суық сумен шабуыл жасап, болмаса, газбен алдын алуымыз керек еді. Жаңаөзендегі жағдайда осылай істемеудің салдарынан 14 адам оққа ұшып, 50-60 адам жараланды. Мереке күнгі бейнежазбаны қарап отырсақ, полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті түзеуге тырысқанымен, оған наразы топ та көне қоймайды. Бұл оқиға елімізде бірінші рет болғандықтан шығар, полиция қызметкерлері бұған дайын еместігін байқатты. Қылмыстық жауапкершілікке келсек, қамауға алынған 37 адамды жауапқа тарту оңай шаруа емес. Елдің ойында олар қаншалықты шынайы жаза тартады деген сауал бар. Бұл орайда жаза басып, жазықсыздар опық жейді деп ойламаймын. Соттың соңы жақсылықпен аяқталуы тиіс. Егер сотқа төрағалық ету маған жүктелсе, мен осылай істейтін едім.

Әңгімелескен - Жанкелді ҚАРЖАН

«Халық сөзі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395