Сейсенбі, 26 Қараша 2024
4858 11 пікір 14 Сәуір, 2021 сағат 13:31

Ресей мен Украина: Қақтығыс соңы соғысқа ұласа ма?

Наурыз айында «Украина» мен «Ресей» сөздері іздеу жүйесінде ең көп ізделген сөздердің қатарында болған. Оған негіз бар. Көктем бастала сала екі ел арасындағы саяси шиеленіс жаңа сатыға көтерілді. Ресей  Украина шекарасына және оккупацияланған Қырымға мыңдаған техника мен әскер жіберуде. Ал Украина қарсы жауап ретінде сепаратистер қолындағы шығыс аймағына әскери күшін шоғырландырып жатыр. Интернет екі елдің әскери эшелондары жайлы видеоға толып кетті. 

Наурыз айында Батыстық БАҚ өкілдері Ресейдің Украина маңына 4000 әскер жібергені жайлы жаза бастады. Ресей о баста бұл ақпаратты растамай, кейіннен «Біздің әскеріміз өз аумағымызда жүр, сондықтан алаңдауға негіз жоқ» деп жауап қатты. Алайда Ресейдің батысындағы әскер саны күн санап артып келеді. Қазірдің өзінде 80 мыңнан асты. Ал шоғырланған техника саны 3 мыңдай. Қырым көпірі арқылы оккупацияланған аймаққа танк, әуе қорғаныс техникалары, зымыран кешендері жеткізілуде. Бұл әрекетті Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу былай түсіндірді: «Қазір АҚШ әскері Солтүстік Америкадан Атлантика арқылы Еуропаға жеткізілуде. Еуропадағы әскер Ресей шекарасы маңына шоғырланып жатыр. Негізгі күштер Балтық аймағы мен Қара теңіз маңында топтастырылуда. Жыл сайын НАТО Еуропада антиресейлік бағыттағы 40-тан астам жаттығу өткізеді. Көктемде НАТО соңғы 30 жылдықтағы ең ауқымды Defender Europe - 2021 жаттығуын бастады», - деді.

Ресей Қорғаныс министрі: «НАТО-ның осы әрекеттері Ресейдің қарсы реакциясын тудырып, әскерді батыс аймаққа шоғырландыруға мәжбүр болдық», - деп түсіндірді. Шойгу өз сөзінде НАТО Ресейдің шекарасына жақын аймақта 40 мың әскер мен 15 мыңға жуық техника мен қару-жарақ топтастырғанын жеткізді.

«Жалпы бұл аймақтағы жағдай өте шиеленісті негізде тұр. Әлемнің жетекші елдері арасында Солтүстік мұзды мұхитының ресурстары мен транспорттық байланыс жолдарына бәсекелестік арту үстінде. АҚШ пен НАТО-дағы одақтас елдері Арктикадағы әскери әлеуетін арттырып, әскери дайындықты күшейтіп, әскерін модернизациялап жатыр», - деді Шойгу.

Ресейдің Арктикада АҚШ-қа қарсы тұратынын да айта кетті. Оны Ресейдің әскери жаттығу санын арттыруынан байқауға болады. Мысалы Шойгу сәуір айында Ресей түрлі деңгейдегі  4 мың жаттығу жасайтынын айтқан болатын. Оның ішінде 812 жаттығу екіжақты негізде болмақ. Жаттығулар 101 полигон мен 520 оқыту-дайындық нысандарында өтпек. Осының өзі Ресейдің агрессиялық саясатының күш алғанын, күн сайын әскери жаттығу жасап, «күш көрсету стратегиясын» таңдағанын аңғартады.

Өткен аптада Лавров Қазақстанға келіп, "АҚШ-қа сенім артуға болмайтындығын" айтқан болатын. Алайда сенім артуға болмайтын елдің шынайы көрінісі жеті жыл бұрын агрессиялық саясатпен айқындалды.

Украина сол агрессиялық саясаттың құрбаны болды. 2014 жылы жасалған агрессияны Ресей тағы қайталауды жоспарлап отыр. Оған бірнеше себеп бар.

Біріншіден, Ресейдің ішіндегі экономикалық жағдай нашарлап, биліктің рейтингі төмендеп барады. Путин билігі 2014 жылы Қырымды тартып алғанда Кремльдің рейтингі аспандап кетті. Алайда ол рейтинг қазір жоқ. Халық Қырымды тартып алғаннан қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болмайтынын түсінді. Сол бұрынғы кедейлік, жоқтық, тапшылық. Оның үстіне Батыс тарапынан салынған санкция да рубльді сергелдеңге түсірді. Қарапайым Ресей азаматының қалтасы ортайып қалды. Жеті жыл бұрын Путинді мақтаған халық, қазір оған тіс қайрап отыр. Экономикалық жағдайды түзей алмаса, онда халықтың назарын басқа жаққа аудару керек. «Украинадағы ұлтшылдар», ондағы «орыс әлеміне төнген қауіп» деген шоқты көсеп, шоқтан от жасап, халықтың назарын сонда аударуға болады. Путин сол амалды таңдаған сыңайлы.

Екіншіден, АҚШ-та билік ауысты. Байден келе сала алғашқы бұйрықтарын Мәскеуге оңдырмай санкция салудан бастады. АҚШ-тың ішкі саясатына араласу, АҚШ-тағы сайлау нәтижесін бұрмаламақ болу, Вашингтонға жасалған хакерлік шабуылдар, Ауғанстанда АҚШ әскерилерінің өліміне Рeсейдің қатысы болу мүмкіндігі және Навальный ісі бойынша санкцияларды салып жатыр, салып жатыр. Ресей бұл санкцияларға жауап ретінде Украинаға қыр көрсетпек. Ол Еуропа мен АҚШ-қа «өз саясатымыздан бас тартпаймыз» деген сигнал болса керек.

Үшіншіден, Навальный жақтастары елде 500 мың халық қатысатын ірі митингтер жасауды жоспарлап отыр. АҚШ Еуропадағы «Солтүстік ағым-2» газ құбырын тоқтату бойынша жұмыстарды бастады. Осының бәріне қандай да бір реакция беру, қорқыту және ескерту үшін, халық назарын басқа аумаққа аудару үшін Кремль әскери бағытты таңдап отыр.

Кремльдің уәжі қарапайым. «Біз Украина шығысындағы орыс тілді халықты қорғаймыз. Олар Киевке керек болмаса, Кремльге керек. Киев әскери қимылға көшсе, онда бұл Украинаның соңы болмақ», - дейді олар. Тіпті НАТО-ға кіретін болса, онда «Украина деген мемлекет картадан жойылып кетуі мүмкін», - дегенді де ескертіп отыр.

НАТО төрағасы Йенс Столтенберг Ресейдің Украинаға қатысты ескертуіне былай жауап қатты: «Ресей 2014 жылы Қырымды аннекциялап алғаннан кейінгі ең көлемді әскери шоғырландыруды іске асырып, Украина шекарасына мыңдаған әскер мен техниканы топтастырды. Соңғы күндері Украина шығысында бірнеше украин сарбазы оққа ұшты. Ресей дереу арада бұл арандатуды тоқтатып, әскерін шекара маңынан әкетуі тиіс. Украинаның НАТО-ға кіру мәселесін НАТО-дағы 30 ел шешеді. Басқа ешкім бұл процесске араласа алмайды», - деді.

Жағдай ушығып тұр. Тіпті әне-міне соғыс басталып кететіндей. Жағдайды қалыпқа келтіру мақсатында кеше Байден мен Путин телефон арқылы сөйлесті. АҚШ басшысы Путинге Украинаны соңына дейін қолдайтынын ескертті. Екі тарап алдағы уақытта жағдайды тұрақтандырып, Мәскеу-Вашингтон қатынасын реттеу үшін үшінші бір аумақта, бейтарап алаңда кездесу керектігін мақұлдасты. Бұл соңғы уақыттағы шиеленісті сәл болсын төмендеткендей.

Дей-тұра Ресеймен жасасқан келісім, сол қағаздың құнынан да арзан екенін ескеретін Киев агрессиялық жағдайға дайындығын азайтпайды.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1539
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3329
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6078