«ЖАҢАӨЗЕН ІСІ»: ТЕРГЕУШІЛЕРДІҢ «ТӘСІЛІ» - АЗАПТАУ
Ақтаудағы соттың 16-сәуірде өткен 15-ші отырысы, Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің ақпаратына сәйкес, сотталушы Роза Төлетаеваны сұраудан басталған.
Адвокат Жуаспаева: Сіздің туған күніңіз жөніндегі сұраққа жауап берген кезде үш рет қателесуіңіз неге байланысты?
Роза: Біріншіден, өткен жылдың қазан айында аварияға түсуіммен. Екіншіден, әрине, Жаңаөзен оқиғасымен. Бұрын мен ешқашан оққа ұшып қаза болған адамдарды, соғыс әрекеттерін көрген емеспін. Осының бәрінен кейін менің жадым нашарлап кетті, керек десеңіз, тіпті алаңдағы сахнаның көрінісін ұмытып қалыппын. Мені жауаптау кезінде осыны айтқанымда тергеушілер маған сенбеді. Жауаптау үстіндегі жағдайлар жөнінде де өзіме-өзім есеп бере алмадым.
Адвокат: Жауап алу кезінде сізге заңсыз әдістер қолданылды ма?
Ақтаудағы соттың 16-сәуірде өткен 15-ші отырысы, Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің ақпаратына сәйкес, сотталушы Роза Төлетаеваны сұраудан басталған.
Адвокат Жуаспаева: Сіздің туған күніңіз жөніндегі сұраққа жауап берген кезде үш рет қателесуіңіз неге байланысты?
Роза: Біріншіден, өткен жылдың қазан айында аварияға түсуіммен. Екіншіден, әрине, Жаңаөзен оқиғасымен. Бұрын мен ешқашан оққа ұшып қаза болған адамдарды, соғыс әрекеттерін көрген емеспін. Осының бәрінен кейін менің жадым нашарлап кетті, керек десеңіз, тіпті алаңдағы сахнаның көрінісін ұмытып қалыппын. Мені жауаптау кезінде осыны айтқанымда тергеушілер маған сенбеді. Жауаптау үстіндегі жағдайлар жөнінде де өзіме-өзім есеп бере алмадым.
Адвокат: Жауап алу кезінде сізге заңсыз әдістер қолданылды ма?
Роза: Полицияға мен өзім бардым, одан соң мені 2-ші ықшамаудандағы ҰҚК-ге алып барды. Онда бірнеше адам болды, ал Ержан есімді қызметкер маған: «Сендер біттіңдер!» - деді. Менің 14 жасар қызым бар екенін білеміз деп қорқытты. Жауап алып жатқан кезде желке жағымдағы адам автоматымен арқамды нұқып тұрды. Біреуі: «Құлат оны», - деді. Маған: «Киіз үйлер мен «Альянс-банкті» өртеген сенсің, өйткені сен одан несие алғансың», - деді. Маған адвокат бермей қойды. Залда менің туыстарым мен таныстарым отыр, сондықтан олардың маған не істегенінінің бәрін айта алмаймын, арланамын. Бетінің тыртығы бар Руслан деген жігіт мені қорлады. Ол менің басыма полиэтилен пакет кигізді, мен есімнен танып қалдым. Бір түп шашымды жұлып алды. Жауаптау кезінде біреуі: «Егер саған Қазақстан ұнамаса, Түркіменстаныңа қайт!» (мен сонда туып-өскем) - деп айқайлады. Яғни, мені алалады.
Адвокат: Сіздің денсаулығыңыз нашарлады ма?
Роза: Мені тұтқындап, азаптағаннан соң дәм сезу қабілетімнен айырылдым, одан соң тәбетімді жоғалттым. Осылай екі аптадан астам жалғасты. Ұйқым қашып, үнемі жүрегім айныды. Мен тіпті өзіме қол жұмсағым да келді, бірақ өзімді тежедім. Жағым қарысып қалып, оны күшпен ажыратуға тура келді. Сондай-ақ, менің асқазаным мен бүйрегімнің созылмалы сырқаттары, мастопатиям бар.
Адвокат: Сізге дәрігерлік тексеру мен емделу қажет пе?
Роза: Қажет.
Адвокат: Менің қорғауымдағы адамның денсаулығы жөнінде сот-психиатриялық сараптама және жұлынған шашына орай сот-криминалистік сараптама жүргізуді талап етем.
Адвокаттар мен сотталушылар бұл екі талапты да қолдаған, ал прокурорлар біріншісіне қарсы болып, екіншісі бойынша тергеу кезіндегі заң бұзушылықтар туралы судья қабылдаған қаулы шеңберінде тексеріс жасауды ұсынған. Судья Аралбай Нағашыбаев сот-психиатриялық сараптама туралы мәселені ашық қалдырып, азаптау жөніндегі материалды Жаңаөзен прокуратурасына жолдайтынын айтқан.
Бұдан соң Роза 16-желтоқсан алдындағы және нақты қасірет күні болған оқиғалар жөнінде баяндай келе, өзінің ешкімге де тонау, өртеу, ұрып-соғу, заң мен тәртіп бұзу жөнінде ешқандай нұсқау бермегендігін мәлімдеген.
Адвокат: Назарбаевтың «мұнайшылардікі дұрыс» деуіне орай өзіңіздің теориялық тұрғыда жұмысқа қайта орналасуға мүмкіндігіңіз бар екенін білесіз бе?
Роза: Президенттің сөзі туралы білем, бірақ ол бұрынырақ айтылғанда, жағдай мүлде басқаша болар еді.
Адвокат: Айыптаулардың арасынан нақты нені мойындайсыз, қандай кінәңізді?
Роза: Тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды дегенді мойындамаймын. Ал қатысуымды тек алаңда болғандығым мағынасында мойындаймын, бірақ барлық жерде болған жоқпын, денсаулығым көтермейді. Белсенді түрде бағынбауға шақырған жоқпын, тек өз пікірімді айттым. Ал егер маған бола әлдебір қолайсыз жағдай туған болса, өкінішімді білдірем.
Адвокат Жәменов (сотталушы Мұратбай Жұмағалиевтің 16-желтоқсанда қолын көтеріп: «Әділет қайда? Заң қайда?» - деген сөздерін еске түсіріп): Осы сөздер тәртіпсіздікке шақыру болды деп айта аласыз ба?
Роза: Бұл сөздерді менің өзімнің де пікірім деп есептеймін.
Осыған орай ескерте кететін факт - М.Жұмағалиев сол кезде Жаңаөзен қалалық мәслихат сайлауына тіркелген кандидат болған, сондықтан ол, туыстарының айтуынша, сайлауалды үгіт-насихат жүргізген, ал қалалық сайлауком оның сайлаудан шеттетілгендігі туралы өз шешімін оған хабарламай, заң бұзған.
Адвокат Батиева: Сіз Козлов пен Амировамен интернет арқылы хабарластыңыз ба?
Роза: Бір-екі рет хабарластым, бірақ үстіртін, өйткені Козловты одан осы аймаққа бір келген кезінде алған визиткасы арқылы ғана білемін.
Сот отырысының екінші жартысы тергеу кезінде орын алған ұрып-соғу, қорлау, қорқытулар туралы Роза Төлетаеваның мәлімдемесін Жаңаөзен прокуратурасына жолдау туралы судьяның қаулысын жария етуден басталған. Сондай-ақ, судья оған жауаптың 10 күн ішінде берілуін қаулы еткен.
Одан әрі Төлетаева прокурорлар тарапынан сұралған. Олар Роза жіберген және оған келген смс-тер мен тыңдалған әңгімелерінің мәтіндерін оқып берген. Әр айтылған не жазылған сөздің мағынасына шұқшия қадалып, тіпті, смс-тің «неге басқа уақытта емес, дәл осы уақытта жіберілгенідігіне» дейін сұраған. Роза олардың көбісі қазір жадында жоқ екендігін, бірақ, қалай болғанда да, ешбір сөзінің зорлыққа, тәртіпсіздікке, тонауға шақырмайтындығын, бәлкім, Ешманов, Сарбөпеев, Айтқұловтардың іс-әрекеттеріне орай кейбір сөздердің қызбалықпен айтылуы мүмкін екендігін түсіндірген.
Прокурор: Сіз неге ЖСДП үшін дауыс беру керек деп жаздыңыз?
Роза: Есімде жоқ. Жалпы мен партиялардан тек «Нұр Отанды» ғана білемін.
Прокурор: Сіз өзіңіздің Өткелов Шабдал туралы - ол жанғыш затты шөлмектер дайындады деген сөзіңіз жөнінде не айта аласыз?
Роза: Мен мұны қысыммен айттым. Мені қорқытты: «Қыздарыңды алып келіп, шешіндереміз де...» (Роза жылап жіберген). Оларға не істейміз дегендерін қайталап айтудың өзі ұят.
Прокурор: Біреулер сізге смс-тер, скайп арқылы хабарлар тарату жөнінде нұсқау берді ме?
Роза: Жоқ, ешкім нұсқау берген жоқ.
Прокурор: Тамақтануға ақшаны қайдан алдыңыз?
Роза: Туыстарым, жақындарым көмектесті. Егер қаласаңыз, пәтерақы мен коммуналдық төлемдер туралы айтып берейін.
Прокурор: Жоқ, айтпай-ақ қойыңыз. Мұнайшыларға көмек жинау үшін ашылған есеп-шоттар жөнінде айтып беріңіз.
Роза: 9-тамызда Атабаев ағай телефон соғып, егер есеп-шот ашсақ, мұнайшылардың отбасыларына, балаларына көмек үшін ақша жинауға болады деді. Мен ақылдастым да, ақшаны Нұрсәуле Отарбаеваның жинақ кітапшасына түсіретін болып шештік. Бірінші рет оған 65 мың теңге түсті, мен оны бөліп таратуға қатыстым. Одан соң 420 мың теңге түсті, бірақ оны бөліп таратумен Наталья Әжіғалиева айналысты.
Прокурор: Сондай смс-тер мен хаттар жазғаныңызға өкінесіз бе?
Роза: Өкінемін, бірақ мұны мен эмоция, шаршау, жүйке, ашу салдарынан істедім.
Адвокаттардың бірі: Сотталушының өкініп-өкінбейтіндігі туралы сұрақ қоюға соттың тыйым салуын сұраймын.
Судья: Сотталушының өзіне тағылған айыпты мойындап-мойындамайтындығы жөнінде ғана сұрау қажет.
Бұдан соң сенсациялық жағдай орын алып, адвокат Жуаспаева адвокат Досболовқа сенімсіздік білдіру мәселесін көтерген. Мұны ол Досболовтың жұмыс беруші (ОМН-КМГ) мен жұмыстан шығарылған мұнайшылар арасындағы еңбек таласы кезінде біріншісінің мүддесін қорғағандығымен, соның ішінде ОМГ-ның бұрынғы жұмысшысы Қайрат Әділовке оның жұмыстан дұрыс шығарылғандығы жөнінде жазбаша жауап бергендігімен негіздеген. Және еңбек таласының Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерге алып келген негізгі себеп болғандығына назар аударып, ҚПК, адвокаттық қызмет туралы заң мен қарапайым логика бойынша Досболовқа сенімсіздік білдіруді талап еткен.
Жуаспаеваның талап-тілегін барлық сотталушылар қолдап (сөз сұраған Әділов: «Бұрын бізге қарсы болған адам қазір қалай құқықтарымызды қорғайтынын түсінбеймін?» - деген), прокурорлар қарсы болған. 15 минуттық үзілістен кейін кеңесу бөлмесінен қайтып оралған судья талап-тілекті қанағаттандырмағанын жариялаған. Сөйтіп, мемлекет тағайындаған адвокат Досболов орнында қалған.
Одан әрі сотталушы Мұрат Досмағамбетов өзінің бұлтартпау шарасын өзгерту туралы талап-тілек түсірген. Судья оны ашық қалдырып, шешімін ертең айтатын болып уәде берген.
Келесі сұралған сотталушы Мұрат Қосбармақов асықпай, байыппен, анық сөйлеп, кейде мысқылдап қойып, алаңда полицейлердің біріне «бес қаруын шығарғанын» (яғни, төрт саусақ арасынан бас бармағын көрсеткенін), опыр-топырда біреудің оны арқасынан ұрғанын, жалт бұрылып күртешесінен ұстаған кезде әлгі жұлқынып қалып, сырт қиімінің ішінен бронежилет пен кобурадағы пистолет көрініп қалғанын, бірақ оның бетін бөкебай тәрізді бірдемемен орап алғандықтан жүзін көре алмағанын, одан соң атыс басталып, айналасындағы адамдар құлай бастағанын баяндаған. Мұраттың айтуынша, ол өз көзіне өзі сенбей, жаралыларды шетке шығара бастаған. Ал, 27-желтоқсан күні оны полицияға алып келіп, дивандарда көптеген «амбалдар» отырған бөлмеге кіргізген кезде қарқылдай күлген олар: «А, бізге бармағын көрсеткен келді!» - деп, «қуанып кеткен». Сол жерде ұрып-соғу басталған, Қосбармақовтың айтуынша, әсіресе қазақтар тырысып баққан («Қызығы, славяндар тиген жоқ, өз қазақ бауырларым жарысып сабады мені!»).
Одан соң ҚІІБ бастығының орынбасарына алып барған. «Кір, қонақ боласың», - деп қарсы алған полицей Мұратты қолының қырымен тамақтан ұрған. ИВС-те ұрып-соғу жалғасқан. Оның «дубинканы құшақтап жүретін» бастығы «дубинканы тиісті жеріңнің бәріне тығам» деп уәде берген. Тергеушілер Қосбармақовқа ҚПК-нің 100-бабын (куәға қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету туралы) қолдануға уәде беріп, әлдебір адамға көрсетулер жасауды ұсынған, бірақ ол келіспеген. Бұдан соң тағы да ұрып-соққан. «Боксшының грушасына» айналған оны әркім өтіп бара жатып ұрып өтуді «өз міндеті санаған». Ұрып-соғушылар қатарында ҰҚК қызметкерлері де болған. Содан бір көзі гүп болып ісіп, «хамелеонның көзіне» ұқсап кеткен. Екі құлағы да нашар ести бастаған. Шабына қатты тепкені сондай, күні бүгінге дейін жүрген кезде ауырады екен. Оған адвокат бермеген, дәрігер шақырмаған. Жалғыз «дәрісі» - өзінің зәрі болған. «Осының бәрі менің тек бармағымды көрсеткенім үшін ғана болғанына сенудің өзі қыйын» деген. Ал, өзін ұрып-соққандар арасынан Мұрат екеуін ғана - Әбдірасул Өтешев пен Руслан дегенді есіне түсірген.
1987 жылы туған, ата-анасы қайтыс болған, бағуында екі інісі мен кішкентай баласы бар сотталушы Бауыржан Непес қасірет күні мен оның қарсаңы туралы әңгімелей келе, ол да, Қосбармақов тәрізді, өзінің ереуілшілер қатарында болғанын, алайда жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырмағанын, өртеу мен тонауға қатыспағанын мәлімдеген. Ал, прокурорлар бірнеше рет көрсеткен бейнежазбада оның алаңда полицейлерді бұзып-жарып, сахнада бірдеңе қиратқандығын дәлелдейтін ештеңе болмаған. Және адвокат Төлеуқұлов бейнежазбадағы жауаптау хаттамасында тек «таныстым» деген қол тұрғанын, ал жауаптаудың өзіне адвокат қатыспағанын айтқан, Бауыржан мұны растаған.
Мәлімет үшін осы соттағы айыптаушылар мен қорғаушылардың аты-жөндерін және кімнің қайдан екендігін көрсете кетейік:
Судья Аралбай Нағашыбаев -Ақтау қалалық сотының төрағасы.
Прокурорлар: Дүзелбаев - ОҚО, Әлиев - Қызылорда, Сыдықов - Алматы облысы, Абіләкім - Ақтөбе, Әбубәкіров - Маңғыстау, Ақбаев - Астана (Бас прокуратураның 10-шы департаментінің аға прокуроры).
Адвокаттар: Батиева - Ақмола облысы, Жуаспаева - ШҚО, Сәрсембина - ШҚО, Жәменов - Маңғыстау, Тасқынбаев - Маңғыстау, Әлібиев - Атырау, Төлеуқұлов - Маңғыстау, Бисекешев - Маңғыстау, Досболов - Акмола облысы, Сансызбайұлы - Маңғыстау, Көшкенов - Маңғыстау, Қозыбағаров - Маңғыстау.
Жасарал Қуанышәлин,
Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің
ақпараттық топ жетекшісі.
Алматы қаласы,
2012 жылдың 16-сәуірі.
«Абай-ақпарат»