Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 10711 4 пікір 26 Сәуір, 2021 сағат 17:07

Сейпілмәлік – Бәдіғұлжамал

Қай жерде жүрсем дағы жалғыз басым,

Ағады ойлай берсем көзден жасым.

Сүлеймен патшаның заманында

Бір патша өтті Мысырда, аты – Қасым.

Төрт жүз шаһардың дара билеушісі, жасы жүз жетпіске келген Қасым бір күні перзентінің жоқтығына налып, қайғы жұтады. Дәргейіндегі жұртына  сыртын беріп, теріс қарап жатып алады. Патшаның қайғысын сұрап білген уәзірлері балгерлерге кітап аштырып, Жамын патшаның қызын Қасымға алып береді. Қасым Жамын ханның қызы Жәмиладан бала сүйеді. Атын Сейпілмәлік қояды. Сол кезде Қасымның уәзірі Қамыттың да қатыны бір ұл туып оның атын Сейіт қояды. Сейпілмәлік пен Сейітті әкелері дос қылады. Екі бала екі ананың емшегін тел еміп өседі.

Сейпілмәлік пен Сейіт он екіге толғанда Қасым патша екеуіне сыйлық тарту етеді. Мәлікке бір тон мен жүзік, Сейітке пырақ береді. Сейпілмәлік тонды ашып қараса, ішінде бір сұқсыр сұлудың суреті жатыр екен. Мұны көріп Сейпілмәлік ғашық болады. Ғашықтық дерті ішіне түскен жас күндіз түні ах ұрып жылайды. Оның сырын досы Сейіт сұрап біледі. Сейіттен Мәліктің қайғысының мәнін ұққан әкесі: «Е-е, бұл Сүлейменнен қалған тон еді. Тонның қойнындағы ару перінің қызы еді. Мен де оған асық болып едім. Бірақ ол кезде бұл қыз әлі дүниеге келмеген еді. Мен оны ұмытқан едім. Енді сол қызға ұлым ғашық болған екен ғой. Ол – перінің қызы перизат. Адамға перінің қызы жар болмайды. Ұлым болмасқа қол созған екен», – дейді. Бірақ Сейпілмәліктің беті қайрылмасын түсінген соң төрт жүз кеме жасаттырып, жүз мың қол (жасақ, әскер) беріп, жанына Сейітті қосып жолға салады.

Төрт жүз кеме мұхит дариясын кешіп келе жатып бір аралдың жағасына кеп зәкір тастайды. Арал жұрты үрейленеді. Артынан жөнді білген соң Сейпілмәлік пен Сейітті қонақ қылады. Сейпілмәлік арал жұртынан: «Иранбағы деген елді білесіңдер ме?» – деп сұрайды. Оны ешкім білмейді екен. Сонда бір ұзақ жасаған қария келіп: «Қатына деген шәәрді білуші едім. Оған жыл он екі ай жол жүріп жетесіңдер», – дейді.

Сейпілмәлік кемесін жүздіріп жүріп кетеді. Сонда мұхит дариясы толқып, қатты дауыл тұрып, төрт жүз кемені біріне бірін соғып, жоқ қылады. Сейпілмәлік алпыс жолдасымен аман қалады. Сейіт суға кетеді.

Бір тақтайға мініп алпыс адаммен мұхитты үш ай кешкен Сейпілмәлік жағалауға жеттім бе дегенде айналып ағатын өзеннің арнасына түседі. Айналмалы өзенде үш ай жүзіп, ғазиз жаннан енді баз кештік пе дегенде Сейпілмәлік түс көреді. Түсіне бір адам кіріп: «Қолыңдағы жүзікті суға сал»,  – дейді де ғайып болады. Мәлік жүзігін суға салады. Сонда айналып ағатын өзен тоқтай қалады да бір кеме көрінеді. Бұл кеме адам жейтін зәңгілердің кемесі екен. Зәңгілер алпыс адамды ұстап алып патшаларының аяғының астына жығып салады. Зәңгілердің патшасы арақ ішіп отыр екен, қарқ-қарқ күліп, Сейпілмәлікті екі жолдасымен қалдырып, қалғанын сойып жеп қояды.

Сейпілмәлікті екі жолдасымен зәңгінің қызына береді. Зәңгінің қызы Мәліктің жүзін көріп асық (ғашық, ынтық) болып қалады да, өзінше сәнденіп шахзаданың қасына барады. Бұл қыздың құлағы түңіліктей, көзінің ауданы астаудай, мұрынының іші әкесі өлсе, көсіліп жататын көрдей екен. Бойы мұнарадай биік болса керек. Қара күйедей бетіне ақ кірпіштің күлін сеуіп, бетінің ұшын қанға бояп, тайраңдап Сейпілмәліктің қасына жетіп барғанда, байқұс бала талып қалады. Мәліктің талып қалғанын ол өзінше жорып, «сұлулығыма сұқтанып есінен танды» деп, ырқ-ырқ күледі. Зәңгінің қызынан Сейпілмәлік қашып құтылады. Сөйтіп бір аралға тап болады. Әлгі аралды маймылдар мекен қылады екен. Маймылдар шиқылдап, қиқулап, ойбайлап, бақырып-шақырып Сейпілмәлікті екі жолдасымен қайырмалап әкеліп патшаларының аяғына жығады. Маймылдардың патшасы адам екен. Ол да бір патшаның жалғызы екен. Сейпілмәлікке мұңын шағады. Аралдан аттап шыға алмай отырағын айтады. Сөйтсе, бұл аралдың маймылдары патшаны тек адамнан сайлайды екен. Маймылдарға әмір жүргізетін Итбас хан деген бар екен. Сол Итбас хан бұған қызын беріп қол-аяғын байлап-матап тастапты. Итбастың қызының кеудесі адамның кеудесі, басы иттің басы екен. Итбас Сейпілмәліктің бодауына түскенін естіп, итбас қызын береді. Итбас қыз, иә, оның да кеудесі адам, басы иттің басы, Мәлікке ынтық болып, өзінше тәлімсіп, қылымсып бағады. Сейпілмәлік маймылдар аралығындағы патша досынан мұрсат алып, итбас қыздан да қашып құтылады.

Мұхит дариясын жалдап тағы бір аралға тап болады. Бұл арал жыртқыш аңдардың аралы екен. Түлкісі аш арыстандай, қасқыры қара қабыландай, мысығы тазыдай, тышқаны мысықтай аралдан да аман кетіп мияулы, жемісті аралға кезігеді. Ол аралдан біраз әлденіп алып әрі қарай жол жүреді. Тағы бір аралға табандары тиеді. Арал жұт жайлаған арал екен. Мәліктің екі жолдасы сол аралда ауырып өледі. Перінің қызына есі кеткен сорлы ғашық сорлап жалғыз қалады. Сонда да тәуекел етіп сал байлап мұхит жалдайды. Мұхит ыңыранып кеп бір аунағанда сал қирап жалғыз тақтай ғана жаңқадай болып Сейпілмәліктің бауырына төселеді. Сейпілмәлік толқындармен тік көтерілген тақтайдың басына шығып Тәңіріне шағынып жылайды.

«Не жаздым, не жаңылдым еш білмеймін,

Жамандықтан басқаны еш көрмеймін.

Тәңірі, сізден болмаса, себеп-қайран,

Ақыры бұл дарияда күн көрмеймін».

Тәңірі Мәліктің зарын естіп, оған бір алып құс жібереді. Құстың қос шеңгеліне жармасып, Сейпілмәлік мұхиттан өтіп, шөлге, одан биік тауға кезігеді. Шөлді кезіп жылдарды, тауға өрмелеп айларды артқа тастайды. Сөйтіп арып-ашып келе жатқан ғаріптің алдынан қылыш тістерін қайрап жолбарыс шыға келеді. Мәлік батыр жолбарысты айбалтасымен шауып өлтіреді. Аранынан от шашып, азуын қайрап арыстан тұрады шабынып. Оны да айбалтасының жүзіне тосып, мерт қылады. Арыстынды өлтіріп жан-жағына қараса, бір ғажайып шарбақты көреді. Шарбақтың есігін ашып ішіне өтсе, сарайды көреді. Сарайда бір сұлу қыз ұйықтап жатыр дейді. Қыздың басында жазуы бар тақтай тұр. Қыз не тірі емес, не өлі емес. Сейпілмәлік тақтайды далаға алып шығады да сарайға қайта кіреді. Сонда қыз оянып кетіп: «Қолыңдағы тақтайды сыртқа таста», – деп шошына тіл қатады. Қыздың есімі Мәлика екен. Ол Бәдіғұлжамалмен бір күнде туған патшаның қызы екен. Бәдіғұлжамал перінің қызы екен. Мұны естіп Сейпілмәлік көзінен жасын сорғалатып отырып басынан өткен хикмет хәлін баян қылады. Қыз да жылайды. Ол он бір жылдан бері Дәудің тұтқыны болып жатқанын айтады. Дәу Мәликаны Жамалмен қыдырып ойнап-күліп жүрген бір кеште ұралап алып қашып кетіпті. Мәликаны Дәу әйел етпек болыпты. Мәлика сонда он бес жыл қасыма жолама, егер қасыма жолап қатын етпек болсаң өлемін деп қорқытады екен. Дәу Мәлика сұлуды бауырына баса алмаған соң басына әлгі тақтайды төсеп қояды екен. Тақтайдағы жазу сыйқырлы жазу екен. Тақтай басында тұрса болды, Мәлика қалың ұйқының ұйығына батып жата береді екен.

Сейпілмәлік сұрайды: «Дәудің жанын білесің бе?» деп. Мәлика айтады: «Дәудің жаны дарияда. Дарияның ішіндегі сандықта. Ол сандықты дариядан шығарып алу мүмкін емес. Оған Сүлейменнің жүзігі керек». Сейпілмәлік қуанып кетіп қолындағы жүзігін көрсетеді. Жүзікті дарияға батырғанда, дарияның суы бұр-сарқ қайнап сандық судың бетіне шығады. Сандықты ашса, сандықта кептер жатыр. Мәлік батыр кептердің басын жұлып алғанда, аспаннан қан-жынын шашып Дәу құлайды.

Сейпілмәлік Мәликаны ертіп жолға түседі. Жолда керуенге кезігеді. Керуен шүршіт елінен шыққан Мәликаның ағасының керуені болады. Мәлика сонда ағасымен жылап көрісіп, ата-анасымен де қауышады. Бұл Сарандилда патшалығы аталатын ел болды. Елге Сейпілмәлік патша болды.

Патшалық сауық сайранмен күнелткен Сейпілмәлік бір күні досы Сейітті есіне алып жылайды.

«Суда өлдің бе, досым-ай, қырда өлдің бе,

Дүниеде ұмыта алмай жүрмін сені»,  – деп бәйіт айтады. Сонда Сейпілмәлікке Мәлика келіп: «Аға, сіз саят құрып сергіп қайтсаңызшы» дейді. Сейпілмәлік жасағын ертіп, кернейлетіп-сырнайлатып ауға аттанып бара жатқанда, бір ғаріп жан басын иіп сәлем қылады. Ғаріпті көрген патша: «Мына адамды ұрмай, соқпай, жанын жасытпай мен келгенше күтіп бағыңдар»,  – дейді де жүріп кетеді. Сейпілмәліктің қарауылдары әлгі ғаріпті зынданға салып тастайды. Патша саяттан оралып міскінді алдына келтіреді. Жөнін сұрайды. Міскін бетін көлегейлей береді екен. Қараса, о, тоба, бұл өзінің андасы, жан жолдасы Сейіт екен! Сейіт пен Сейпілмәлік жылап көрседі. Сейіт Сейпілмәлікке Сарандилда патшалығына қалай жеткенін жырлап береді. Ол да адам жейтін зәңгілердің тұтқыны болыпты. Зәңгілердің патшасы Сейітпен бірге тұтқынға түскен адамдарды семіртіп жеп қойыпты. Тек ас пен судан тиылып, жылай берген Сейіт қана ет алмай зәңгілердің қазанында қайнаудан аман қалыпты. Сөйтіп қашып шығып, алп-алп басқан алыптар еліне тап болыпты. Бойлары серейген алыптар адам жемейді екен, бірақ, Сейітті торға қамап қойып «сайра» деп бұйырыпты. Сейіт Тәңірінен медет тілеп еңіреген сайын алыптар, «жақсы сайрайды екен» деп, мәз болады екен. Сейітті алыптар еліндегі бір күң сытылытып жіберіпті. Содан Сейіт ердің Сейпілмәлікпен жүздескен сәті осы екен дейді, әлқисса.

Мәликаның Дәуден құтылып еліне оралғанын естіп, Бәдіғұлжамал жетеді. Екеуі құшақтасып жыласып, мауқтарын басқан соң, Мәлика Жамалға Сейпілмәліктің жайын айтады. Жамал Мәликаның сөзіне мән бермейді. Құрбысы құлағына сыбырлап Мәліктің жайын айта бергенге Жамал ашуланып та қалады екен. «Мен – перінің қызымын. Перінің қызы мен адамзаттың баласы бас құрай алмайды» дейді екен Жамал. Сонда да, «осы Сейпілмәлікті бір көрейінші» деп, түн ауғанда шахзаданың сарайына баспалап кірсе, елдің бәрі қалың ұйқыда, тек мәжнүн болған Мәлік патша ғана ояу, зар төгіп отыр екен.

«Анадан айдай болып туған жарым,

Он үш жылды тәрк еткен мен бір жанмын.

Рахым қылып жүзімді бір көрмедің,

Қайтейін мен жолыңда ынтызармын.

Бұл қайғыны басыма Алла салды,

Сенің үшін құрбан қылдым жүз мың жанды.

Әке-шеше, ел-жұртым алыс қалды,

Ешкім келіп сұрамас біздің хәлді».

Ынтық зардың үніне құлақ түре тұрып жүзіне көз салған перінің қызы Сейпілмәліктің ай сәулесі тұнған келбетін көріп талып қалады. Жамалдың есінен тана құлағанын Сейпілмәлік те көреді. Көреді де ғашығының басын құшып отырып көзінің жасын төгеді. Екеуі ес жиып, аяқтарына әрең тұрып қаушады. Ұзақ-ұзақ аймаласып, өбіседі. Сейпілмәлік Жамалдың аузынан сүйеді.

Бәдіғұлжамал Мәликаның жұртына аналығын ерте келген екен. Аналығынан еліне сәлем жөнелтеді. «Шын асығымды таптым, адамның баласына басымды бердім» дейді. Бәдіғұлжамалдың әкесі Шабал деген ер екен. Қызының меселін қайтармай Сейпілмәлікті көремекке ынта қояды. Сейпілмәлік Шабал перінің еліне келе жатқанда баяғы өзі өлтірген Дәудің әкесі оны аспанға алып ұшады. «Баламды өлтірдің, енді мен сенің қаныңды ішемін» деп күркірейді. Бірақ Сейпілмәлікті өлтірмей сандыққа салып терең зынданға тастайды. Ондағы ойы – алдыма Шабал келсін, Шабалмен шабысамын дегені екен.

Шабал Сейпілмәлікті шарқ ұрып іздейді, перілеріне іздеттіреді. Перілері таба алмай дал болады. Сонда бір кәрі пері Шабалдың алдына келіп: «Тақсыр, мен көптен бері сырқат едім. Сырқаттанып тауда жатыр едім. Сонда көрдім: Сейпілмәлікті дәулердің Дәуі ұшырып әкетті» дейді.

Шабал жын-перісін қаптатып Дәудің аймағына жетіп барады. Елші жібереді. «Күйеу баламды қайтар, қырқысып қан төкпей-ақ, келеге келейік» дегенді айтады. Дәу Шабалдың сөзіне қыңбайды. Екі жақ күңіреніп зарқом соғыс қылады. Жер тулап, аспан айрылады. Дүниені қара түнек басып, түнекті найзағай тілгілейді. Дәулер күркіреп, перілер ысқырады. Ақыр соңында дәулердің Дәуі Шабалдың табанына түседі. Дәу Шабалдан жанына сауға сұрап, Сейпілмәлікті зынданнан шығарып босатып береді. Сөйтіп Сейпілмәлік пен Жамал, Сейіт пен Мәлика қосылып, Ай толып, Күн күлімдейді.

Перінің қызын алған Сейпілмәлік жадынан бір күнде шығармаған әке-шешесін, туған елін сағынып қайғырады. Сейпілмәліктің қайғысын құп түсінген Шабал перілеріне әмір етіп Мысырға ұшады. Сейпілмәлік пен Сейіт азап кешкен жолды көзді ашып-жұмағанша басып өткен перілер Мысырға келіп қонады. Мысырлықтар Жаратқанның қаһарына ұшырадық па деп үрейленіп елші жібергенде, шүйіншілеген жақсы хабар естиді. Қасым патша атқа да мінбей жаяу жүгіріп перілердің, Сейпілмәлігі мен Жамалының алдынан шығып құшағын жаяды. Сейті пен Мәлике де ата-анасының ыстық құшағына көміледі. Асық жарлар ұзақ жасап, барзақ дүниесіне де риза болып аттанады.

P.S. Бұл – өздеріңіз жақсы білетін «Сейпілмәлік – Бәдіғұлжамал» хикаяты. Бастауын «Мың бір түннен» алатын хикаятты қазақ ақындары өлеңмен өрнектеп, ғашықтықтың жырына ұластырды. Даланың төл туындысындай етіп, ғашықтық дастанын жазды. Сейпілмәлік пен Жамалдың жыры махаббаттың символы болып әлі күнге өмір сүріп келеді. Жер бетінде адамзат барда, махаббат пен достық барда бұл жыр аяқталмайды. Әсет Найманбаев сияқты, «Сейпілмәлік – Жамалдай, азабыңа көнсем-ай» дейтін армандар да үзілмей алысқа кетері анық. Біз сол ұлы жырды қадари-қалімізше қарапайым ғана қара сөзбен хатқа түсірдік. Кем соқсақ кешіріммен қабыл алғайсыз, бек құрметті оқырман!

Дәурен Қасенұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371