Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 7710 10 пікір 28 Сәуір, 2021 сағат 14:15

Қандас жастар Қазақстанда қалай оқиды?

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің атына депутаттық сауал жолдап, қандас жастардың білім алу мәселесіне қатысты өзекті мәселелерді көтеріпті. Біз аталған депутаттық сауалды қаз қалпында оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.


Құрметті Асхат Қанатұлы!

Бүгінде шекараның арғы бетіндегі  мыңдаған қаракөз балаларымыз жоғары білім алу үшін Атамекенге қол созып тұр. Ал қол ұшын беруі тиіс біздің Білім министрлігі не істеуде?

Ұлттық Бірыңғай Тест орталығы басшылығы: «Қандастар ҰБТ-ны Қазақстанға келіп тапсырулары керек, онлайн болмайды»,  деп  отыр. Сонда министрліктің Ұлттық тестілеу орталығы пандемия кезінде, шекаралар шегендеулі, кедендер көгендеулі кезде әлемді жайлап алған  жаман індетті көрмейтіндей, басқа планетада өмір сүріп жатыр ма?

Ұлттық тестілеу орталығы қандастарды биыл 15 сәуірден 30 маусымға дейін қабылдайды. Тестілеу құны ақылы - 2242 теңге.

Әлемнің көп елдерінің есігі жабық екендігін ескеріп, пандемияның келесі толқындарының күштілігін болжасақ, шекараның маусым айына дейін ашылмайтындығы айқын. Яғни, біз Атамекенде білім аламыз деген қандастарымызды оқуға қабылдай алмай қалуымыз мүмкін.

Ал біздің Үкіметтің 2020-2030 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасында қандастарға барынша жан-жақты қолдау жасау атап көрсетілген.  Шет елдердегі қазақ қауымдары шоғырланып тұратын жерлерде қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға, олардың тарихи Отанымен байланысын сақтауына, оның ішінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар» қоры арқылы қолдау көрсетуге назар аударылған.

Шетелдегі қандастарды Қазақстанға шақырудың бірегей жолы ол – Атамекенде тегін білім алуға мүмкіндік жасау.

Сол себепті, соңғы өткен құрылтайда Елбасы шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына жағдай жасауға,  квотаны 2 есе көбейтіп, (2%-дан 4%-ға дейін), 2 мыңдай балаға жеткізуге тапсырма берген еді.

Алайда бұл гранттар ешқашан толық игерілген емес.

Басты себептің бірі – қандас талапкерлердің Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыра алмауы. Жоғары оқу орындарының «дайындық бөлімдеріндегі» 9 ай дайындалуы, олардың 11 жылдық қазақстандық мектеп бағдарламасын игеруіне жеткіліксіз.

Мысалы 2020 жылы 2022 қандасымыз Қазақстанға оқуға талаптанып, тек  930 үміткер ғана оқуға мүмкіндік алды. Енді олардың өзінің бұл оқуларын жалғастыруы  қиын болып тұр...

Жоғарыда айтылған түрлі кедергілер мен проблемалар қандастардың оқуға түсу мүмкіндігін шектеп тұр. Неге біз қазақ елінде  оқуға ниет білдірген барлық қазақ жастарын түгел қабылдап алмаймыз?!.

Шетелден келіп оқитын қазақтың балалары – кейінгі көштің алдыңғы тізгіні. Ол елімізде жұмысқа орналасып, орын тіреп, қазығын мықтап қадаса, соңында қалған ата-ана, бауыр-туыс, ел-жұртын өздері-ақ әкеліп, қоныстандырып, орналастырады. Көш жалғасады, жанданады.

Кезінде Қазақстанға оқуға келген балаларының артынан отбасылары да еріп келгендері өте көп

Мысалы, елімізге 2 мың бала келетін болса, олардың әрқайсысының ағайын-туыстарын айтпағанда, отбасында кемінде 5 адамнан бар деп санағанда, бұл 10 мыңға жуық қандасымыздың алдынан Атамекенге Ақ жол ашылуы.

Шетте қалған бауырларымыз шекарадан өте алмай,  аңсап жүрген Атажұртқа жете алмай отырғанда, біз жеке мүдделердің жетегінде кетпей, неге мемлекеттік тұрғыда қайрат көрсетпейміз?

Мысалы, дәл бүгінде халық саны бізден он еседей артық Ресей ТМД елдеріне бөлінетін грант санын 2024 жылы 30 мыңға дейін  көтеруде. Негізі, бұл гранттар «ТМД елдері бойынша» деп аталғанымен, жылда көріп отырғанымыздай, оның  барлығы  дерлік Қазақстанға арналған.

Ал біз оқуға келетіндерді айтпағанда, оқуын жалғастырайын деген өз бауырларымызды, бар болғаны 930 баламызды қолдан жасалған кедергілермен кеуделерінен кері итерудеміз.

Осындай қандастарға деген қарсы саясаттың кесірінен шетелдегі қазақтардың көшіп келу квотасы 100 мыңнан 100 есеге дейін азайып, антирекордтық жағдайға жеткенін өткен жолғы Үкіметке жасалған депутаттық сауалда айтып, дабыл қаққан болатынбыз.

Шекараның жабық екенін біле тұра аржағында қалған қандастарымызды оқуға қабылдауды қолдан қиындатып, Қазақстанға  келіп тест тапсыру керек деген талапты қалай түсінеміз? Бұны ұлы жазушы Толстойдың әйгілі мысалындағы түлкінің тырнаны қонаққа шақырып алып, іше алмайтын ыдысқа ас құйып беруінен де асқан мазақ деуге болады...

Біздің түсінбей отырғанымыз, 2020 жылы осы мыңға жуық қандасымыздың дайындық курстарда оқуына мемлекеттен көп қаржы бөлінді. Ал енді сол балалар ҰБТ тапсырып оқуға түсуі керек. Барлығы  шет мемлекеттерде тұратын олар  пандемия тосқауылында Қазақстанға қалай келеді? Сонда мемлекет қаржы бөліп, оқытып алып, оларды жарты жолда тастап кете бере ме? Мемлекеттің қыруар қаржысы қайда қалады?

Көрші ел Қытайда болып жатқан бәрімізге белгілі саяси қатаң қысым салдарынан 2019 жылы 50-ге жуық қана бала оқуға  келе алды. Бүгінде 300-ден астам бала келуі ықтимал болып тұр. Олар Қытайдан шекара асып жете алған жағдайда да, біздің үкімет құшақ жайып қарсы ала қоя ма?...

Пандемия кезінде барлық елдерде әлеуметтік жағдайы төмендеп кетті. Осыны да ескеру керек. Өйткені қазіргі уақытта бір мемлекеттен екінші мемлекетке барып келуі оңай емес, арнайы рұқсат алу керек, ПЦР тест тапсыру керек, қаражат шығыны көп.

Былтыр 2020 жылы пандемияның ең қиын кезеңінде қандас талапкерлердің талабын қолдап, Ұлттық біріңғай тестілеуді тегін түрде онлайн форматта өткізіп, 1 мыңға жуық қандасымызды мемлекеттік грантпен оқуға қабылдадық. Бұл енді оң тәжірибенің бар екендігін көрсетеді. Енді неге сол былтырғы тәжірибемен ҰБТ-ны онлайн қабылдамасқа?!

Биылғы жылы жасалған тестілеу талаптары мен ережелеріне жақсы өзгерістер еңгізілгені рас. Бірақ тестілеу жеке оқу орталығында тапсырылуда. Ол Тестілеу орталығының мекемесі ме, қожайыны кім екені белгісіз? (Бұл - бүкіл Қазақстанда ҰБТ өткізіп, табыс тауып отырған ұйым). Сонда қандас бауырларымыздың тағдыры бір коммерциялық ұйымның шешіміне тәуелді болып отыр ма?

Шетелдерден келген қазақ балаларын оқыту үшін даярлық бөлiмдерiн еліміздегі әрбір ЖОО жанынан көптеп ашу керек. Квота санын арттыра отырып, жатақхана, стипендиямен міндетті түрде қамтылуы тиіс. Әсіресе мұндай даярлау курстарын солтүстік өңірлерде көп ашу қажет. Кейін де сол балалардың сол жақта қалып қоюларына жағдай жасалу керек. Бұл «Серпін» бағдарламасына қосымша серпін беретіні анық.

Шетелдегі қандас студенттерді грант күйінде де,  ақылы оқу түрінде еліміздегі сол деңгейлес оқу орындарына  ауыстырып алу жолдарын іздеу керек. Өйткені көп отбасылар Қазақстанға келейін десе, оқып жатқан балаларынан шыға алмай байланып отыр.

Шетелдегі қазақ диаспорасының балаларын қазіргі пандемия жағдайына байланысты онлайн қабылдап, онлайн  оқыта беруді де жүзеге асыру керек. Бұл шақырту жіберу  паспорт даярлап, виза алу, жол шығындары сияқты құжаттық мәселелерін реттеуді де уақытша шешеді, әрі ата-ана, жақындарының қасында жүріп-ақ Қазақстаннан білім алуды жалғастыра береді.

Шетелдердің өзіне барып (Ресей, Моңғолия, Өзбекстан), сол жақтағы қазақ мәдени ұйымдарының, елшіліктің көмегімен қазақтың балаларын сол жерде іріктеп, қабылдап, Қазақстандағы ЖОО-ның даярлық курстарына бірден дайындап әкелуді жолға қою  керек.

Осы мәселелердің барлығын ескеріп, шекара ашылмаған жағдайда, ҰБТ тапсырудың ұтымды жолдарын ұсынамыз:

1. Қандастар үшін ҰБТ талаптарын  жеңілдету керек. (Мысалы, Болон процесі арқылы шетел азаматтары Қазақстанға оқуға түскенде жеңіл форматта екі емтихан тапсырады: мотивациялық хат және сұхбатасу);

2. Қандастар тұрып жатқан мемлекеттерге барып қабылдау қажет;

3. Елшіліктердің ғимаратарында ұйымдастыру;

4. 2020 жылғы тәжірибені пайдаланып, онлайн қабылдау.

5. Шетелдерден келген қазақ балаларын оқыту үшін  даярлық бөлiмдерiн еліміздегі әрбір ЖОО жанынан көптеп ашу керек. Әсіресе, мұндай даярлау курстарын солтүстік өңірлерде көп ашу қажет.

6. Шетелдегі қандас студенттерді грант күйінде де,  ақылы оқу түрінде еліміздегі сол деңгейлес оқу орындарына  ауыстырып алу жолдарын іздеу керек.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясы депутаттары7

Қазыбек Иса

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053