Түсік түсіру түбімізге жетпесін!
Сорақысы сол, Алматы қаласының кейбір емханаларында жасанды түсіктің бағасы - 3 мың теңге. Жеке ауруханаларда 5 мыңның айналасында. Ал №1 перзентханадағы жасанды түсік түсіру тіпті тегін. Бұған көбінесе студенттердің баратынын ескерсек, қалтасы жұқалар үшін бұл - үлкен «мүмкіндік».
Сорақысы сол, Алматы қаласының кейбір емханаларында жасанды түсіктің бағасы - 3 мың теңге. Жеке ауруханаларда 5 мыңның айналасында. Ал №1 перзентханадағы жасанды түсік түсіру тіпті тегін. Бұған көбінесе студенттердің баратынын ескерсек, қалтасы жұқалар үшін бұл - үлкен «мүмкіндік».
Бала алдырып, қалған өмірінде бармағын шайнап қалған Жанна (атын өзгертіп беруді өтінді) есімді келіншек студент кезінде ойнап жүріп, от басып қалыпты. Ол: «Түсік жасатам деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Бала көтеріп қойғаннан соң амалым таусылып, тұрмыс құруды шештім. Бірақ ата-анам қарсы болды. Мен оларға жүкті болып қалғанымды айтпаған едім. Егер естігенде... Білмеймін, тіпті елестете алмаймын. Шарасыздықтан түсік жасаттым. Басқа амал жоқ еді. Сөйтіп, үш жарым жылдан кейін бағым ашылғандай боп, тұрмыс құрдым. Бірақ Құдай маған бала табуды бұйыртпапты. Дәрігерлер түсік жасатқаннан кейін екінші рет бала көтеру мүмкін емесін айтты. Сол кезде қатты жыладым, өкіндім... Бір перзентке зар болып, жеті жыл жүрдім. Жақындарыммен және жолдасыммен ақылдаса келіп, бала асырап алдық. Бауырымызға қырқынан енді ғана шыққан сәбиді бастық... Мен өмірде бір нәрсені ғана ұқтым: адам не істесе де, ойланып, оның байыбына барып қана істеуі керек екен. Жас қыздарға айтарым: сендер енді мен секілді қателеспеңдер», - дейді.
Психология ғылымдарының кандидаты Нәзира Жұманазарованың айтуынша, «жоспарланбаған» жүктілікке көп жағдайда ауылдан арман қуып келген қыздар кездеседі. - Жасанды түсік - қоғамымыздың дерті, - деп бастады сөзін Нәзира Сүлейменқызы. - Менің байқағаным, ауылдан қалаға оқуға немесе жұмыс іздеп келген қыздар, пысық жігіттерге алданып қалады. Ауылдағы ағайынның сөзінен қорқып, жүктілігін жасыру мақсатында баланы алдырып тастайды. Мұндайлар көп қой.
Психолог болғаннан ба екен, түсік жасатқан қыздарды бірден сезіп қоямыз. Жан күйзелісін жүзінен анық байқауға болады. Қоғамнан бөлектеніп, жан баласына ішкі сырын аша алмай жүреді. Бұл олардың қалған өміріндегі кездесер қиыншылықтарға жол ашып беруі мүмкін. Себебі адам ауыр қайғырған сайын түрлі ауруларға тап болады.
Түсік жасату - адам өлтіргенмен пара-пар, демек, ол - қылмыс. Дін тұрғысынан алсаңыз да, баланы алдырып тастау - үлкен күнә саналады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Қайрат Жолдыбайұлы былай деді:
- Қасиетті Құранда «біреудің жанын қимаңдар, бір адамды өлтірудің күнәсі - барлық адамды өлтірумен тең, қиямет күні күнәсіз өлтірілген балалардың есебі сұралғанда...» деген аяттар бар. Расында да, бүгінде бүкіл әлем «жасанды түсік» дейтін үлкен қасіреттен құтыла алмай отыр. Айтыңызшы, жастар не үшін бұған барады? Менің ойымша, олардың көбісі дінімізден бейхабар. Баланы қолдан өлтіріп, үлкен күнәға бататынын білмейді. Бұл - бірінші себеп. Екінші себеп - мәжбүрлік. Жаһанданудың жалынынан ес-түссіз әсерленген қаракөз қарындастарымыз үйленбей жатып, некесіз төсектік қатынасқа барады. Ағайын-жұрттан ұялған жас қыздарымыз жасанды түсікті жасырын, мәжбүрліктен істетеді. «Үйім-күйім жоқ» деп бала асыраудан қашатын жағдайлар да кездеседі.
Қазақстанда жыл сайын 170 мыңнан астам сәби жасанды түсіктің құрбаны болады екен. Бұл - ресми тіркелген дерек. Тіркелмегенін есептей беріңіз... Бала бойға біткен заматтан ол - тірі жан иесі. Құрсақта жыбырлап, қозғала бастайды. Мамандардың сөзіне қарағанда, денеге біткен шарана операция кезінде жанталасып пышақтан қашады екен. Операция құралдарынан жиіркеніп, тітіркеніп тар жатырдың ішінде жан ұшыра қашқанын көруге болады. Осының өзі адам жүрегіне қатты бататын қайғылы жағдай емес пе? Бала алдыртқандар сәбиді өлтіргенімен қоймай, Аллаһтың адамға берген үлкен сыйы - өз денсаулығына да қиянат жасайды. Мамандар түсік жасатқан қыздар екінші рет жүкті болу мүмкіншілігінен 20%-ға айырылатынын айтады. Тіпті көтергеннің өзінде кемтар сәби өмірге келетіні ғылыми тұрғыда дәлелденген. Өмір бойы бала табу мүмкіндігінен айырылып жатқандар да жоқ емес. Оған біздің кейіпкеріміздің тағдыры дәлел болса керек.
Әлеуметтанушылардың зерттеуіне қарасақ, жасанды түсік тастап, кейін тұрмыс құрған қыздар отбасын сақтай алмайды. Ұрыс-керіс, ақыр аяғында ажырасу... Ресми дерекке сүйенсек, 2007 жылы Алматы қаласында тіркелген 12 227 отбасының 4 226-сы бір жылдың ішінде ажырасып тыныпты. Жесір жас келіншектер, жетім сәбилер, еңсесі түскен ерлер, уайым жеген құда мен құдағилар... Осының бәрі бір түсіктің кесірінен екені сөзсіз. Мұның бәрі шариғаттан шалыс, әдет-ғұрыптан аттап кеткендігіміздің көрінісі емес пе?
Кім көрінгеннің түсік жасауы - қылмыс. Оның жазасы ҚР-ның ҚК 117-бабында тайға таңба басқандай көрсетілген. Оқиық: «Тиiстi бағдардағы жоғары медициналық бiлiмi бар адамның, сол сияқты мұндай бiлiмi жоқ адамның заңсыз аборт жасауы, егер бұл әрекет абайсызда жәбiрленушiнiң өлуiне не оның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соқса, үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару құқығынан немесе жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылады».
Заң ғылымдарының докторы Сәкен Өзбекұлының ойынша, бәрі қағаз жүзінде қатып тұрғанымен, жеме жемге келгенде, іс көңіл көншітпейді. - Осы бап (Қылмыстық кодекс, 117 бап, 1,2-тармақтар - ред.) бойынша қылмыстық іс қаралып, «пәленше сотталыпты» дегенді заңгер ретінде әлі естіген емеспін, - дейді профессор. - Шынтуайтына келгенде, істің барлығы ашылмай қалып жатыр. Біздің бап - «өлі бап». Қылмыстық Кодексте 300-ге жуық бап бар. Бізде соның шамамен он шақтысы ғана жұмыс істейді.
Түсіктің кесірінен шарана жарық дүниені көре алмайды. Кім біледі, егер бала алдыру деген пәленің тамырына ертерек балта шапқанымызда, бүгінде қазақ 67 емес, 80-90% болар ма еді? Иманына берік болған бабаларымыздың кезінде қазақ даласында «түсік» деген түсінік болмағанына тарих куә. Шариғатқа берік ислам елдерінде түсікке жол жоқ. «Қыздарымыздың санасына этнопедагогиканы сіңіру керек» деп шыр-пыр боп жүрген ұстаздардың сөзі текке емес.
Қазақтың соңғы жылдары баяу өсуіне, бір жағынан, түсік те кері әсерін тигізіп жатыр. Бұған қазақ әйелдерінің қырық жыл (1959-99 жж.) ішінде бала туу көрсеткішінің күрт төмендеп кетуін көрсететін кесте дәлел.
15-50 жастағылар; Туудың жас бойынша жиынтық көрсеткіші; Бала туудың арнаулы коэффициенттері
1958-59 ж. 221 7,0
1969-70 ж. 163 5,7
1978-79 ж. 140 4,7
1991-92 ж. 125 4,0
1998-99 ж. 65 2,1
Бұл «қазақ көбеймей, көгермейді» деп қоғамға ұран тастап жүрген белгілі демограф Мақаш Тәтімовтің ғылыми есебі. Ғалым былай дейді: «Негізгі мәселе - жастарды аборт жасатуға дейін жібермеу керек. «Махаббат» деген осы екен деп некесіз, көзсіз сезімге берілудің ешқандай қажеті жоқ. Қыздар абортқа қандай жағдайда барады? Олар некесіз жүкті болудан, зорлап кетсе немесе ішке біткен баланың кемтар екенін білсе, дереу аборт жасатады. Тағы бір үлкен себеп: аборт жастардың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлығынан жасалып жатыр. Естеріңізде шығар, тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда аборт өте көп жасалды. Мұндай Азия елдерінің бірде-бір елінде байқалмаған еді. Бізде бала туу көрсеткіші 1987 жылы ғана жоғары (471 мың бала) болды. Сол кезеңдерде 200 мыңдай аборт жасалатын. Менің есептеуім бойынша, кейін аборт жасату 150 мың баладан 375 мыңға дейін жоғарылап кетті. Менің бір көзім жеткені - абортқа көп баратындар - ауылдан келген 18-19 жастағы «пісіп» тұрған қыздар. Жоспарсыз балалар тастанды балаларға айналуда. Баланы көшеге, қоқысқа лақтырып кету жиіледі. Құдай сақтасын, осындай мейірімсіздікке дейін барып отырмыз. Бұл - жаһандану. Батысқа қарайтын біз Германия, Америка емеспіз, халқымыз асып-тасып жатқан. Елімізде мұсылмандар көбейсе, бала да артады. Өйткені пайғамбардың «көбейіңдер» деген өсиеті бар. Айналайын қыздар, абортқа бармаңдар. Ішке біткен бала қимылдаса, пайғамбардың үмбеті саналады. Оны өлтіру - үлкен күнә. Ұлтжанды болмасаңдар да, балажанды болуға тиіссіңдер».
Т ү й і н: Солтүстігіңізде - қара ормандай орыс, шығысыңызда қаптаған қытай... «Айдаһар» мен «аюдың» ортасында отырған қазаққа, әрине, демографиялық өсім керек. Иә, өсім болғанда да, қарқынды өсім қажет. Әлемдік тәжірибе көрсетіп бергендей, ұлттың ұпайы - оның санында. Алайда санымыздың артуына кері әсерін тигізіп жатқан жайттар да жоқ емес. Бір кездері озық елдердің тозығын санамызға тез сіңіріп алғанымыз сондай, бұл күнде түсіктен де түршікпейтін болдық.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, Мөлдір МАМЫРБАЙҚЫЗЫ
«Жас қазақ» газеті, №26 (03.06.2009)