Сенбі, 23 Қараша 2024
6002 16 пікір 6 Мамыр, 2021 сағат 12:29

Өртенген бекет, өзгерген «Ханституция»

Қырғызстан үшін бұл көктем ұмытылмайды. Оған екі себеп бар. Біріншісі шекарадағы қарулы қақтығыс, қираған үйлер, өртенген көліктер мен отқа оранған ауылдар, зар еңіреген халық. Екіншісі Конституцияның өзгеруі. 

28 сәуір күні Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының маңында қақтығыс болды. Тәжік шекарашылары электр бағанына бақылау камерасын орнату жұмыстарын жүргізіп жатқанда, қырғыз шекарашылары мен тұрғындары оған қарсылық білдірген. Басында сөзбен айтысқан топ, артынша таспен атысты. Соңы автоматпен оқ жаудыруға ұласып, кішігірім соғыс алаңына аталмыш аймақ әп-сәтте айналып үлгерді. Бақылау камералары шекара маңындағы су қоймасы арқылы бөлінетін судың трафигін қадағалау үшін орнатылған болатын.

29 сәуірден бастап екі ел кішігірім ұрыс қимылдарына көшті. Анығы Тәжікстан тарапы шабуыл жасап, Қырғызстан әскерлері қорғаныс жүйесін құрды. Қақтығыс ошағындағы 71 мың халық Қырғызстанның басқа аймақтарына уақытша көшірілді. Қос тарап ұрыс қимылдарында ауыр техниканы қолданды. Танктен атқылап, тікұшақтан оқ жаудырды. Қырғызстан авиация қолданудан бас тартты. Оны әуе қорғаныс жүйесінің нашарлығы мен қақтығысты ушықтырмаудың себебінен десек те болады. Екі күндің ұрыстың шығыны орасан. Қырғызстан тарапынан 36 адам, Тәжікстан тарапынан 19 адам қаза тапты. Екі жүзден астам тұрғын ауыр жарақат алды. Жүздеген үй, мектеп пен аурухана, балабақша мен жанармай құю бекеттері отқа оранды. Қос тарап ұрыс барысында әскери бекеттерді басып алуға тырысты. Қырғызстанның бір бекеті өртеніп кетсе, Тәжікстанның бір бекетін қырғыз тарапы басып алды.

Қақтығыс қос көршінің арасын ұзақ жылға созылатын өшпенділік отын жағып кетті. Қақтығысқа Орталық Азиядағы мемлекеттер де араласып, жағдайды тыныштандыруға барын салды. Өзбекстан басшысы Бішкек пен Душанбенің нөмірін қатар теріп, Жапаровқа бір, Рахмонға бір кеңесін айтып жатты. Артынша Ақорданың басшысы да айырқалпақты ағайынға хабарласып, татуласуға шақырды. Тәжікке қоңырау шалып, жағдайды тұрақтандыруға кеңес етті. Қысқасы жағдай тұрақталып, қақтығыс ұрыс алаңынан келіссөз үстеліне қарай ауысты. Халық «қақтығыстың тоқтауында Ташкенттің үлесі басым ба, Нұр-Сұлтанның салмағы ауыр ма» дегендей пікірталас жүргізуде. Бір тарап Ташкенттің бірінші іске кіріскенін айтса, екінші тарап Өзбекстанның Қырғызстанмен реттелмеген шекаралық дауы барын еске салып, Нұр-Сұлтанның салмағы басымырақ дегенге меңзеп отыр. Бастысы қақтығыс тоқтап, қантөгіс аяқталды. Дей-тұра геосаяси ойындар енді қыза түспек.

19-20 мамыр күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға жұмыс сапарымен барады. Екі ел басшылары келіссөз барысында экономикалық және мәдени саладағы әріптестікті талқыламақ. Сонымен қатар Орталық Азиядағы тұрақтылық мәселесі де күн тәртібінде болатыны айтылуда. Онда қырғыз-тәжік қақтығысы да айтылатыны анық.

Тәжікстан басшысы Рахмон Ресей президенті Путинмен 8 мамыр күні Мәскеуде кездеспек. Олар соңғы болған қақтығыс жайында да пікір алмасатын болды. Тәжікстан басшысы Мәскеудегі әскери парадқа қатысады. Сол ретте Қырғызстан басшысының Мәскеудегі парадқа бармайтыны анықталды. «Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың қауырттығын ескере отырып, Мәскеуде өтетін Жеңістің 76 жылдығына арналған парадқа президент Садыр Жапаровтың қатысуы жоспарланбаған» деді Қырғызстан президентінің өкілі.

Қырғыз-тәжік қақтығысының аясында айыр қалпақты ағайынның отанында үлкен өзгеріс орын алды. Елдің басты құжаты Конституция өзгерді. Анығы референдум нәтижесін өз күшіне енді. 5 мамыр күні ел басшысы Садыр Жапаров жаңа Конституцияның өзгеруіне арналған құжатқа қол қойды. Өзгеріске ел халқы наразылық білдіруде. Себебі жаңа Конституция Парламенттің күшін әлсіретіп, президенттік билікті күшейтеді. Сондықтан халық жаңа Конституцияны «Ханституция» деп атауда. 11 сәуірде өткен референдумда халық жаңа Конституцияға байланысты дауыс берді. Дауыс берушілердің 78,2 пайызы жаңа Конституцияны қолдаған. Сонымен жаңа Конституция бойынша қандай өзгерістер бар?

Енді Қырғызстан президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке айналды. Парламенттік күші айтарлықтай азайды. Оны 120 депутаттың 90 депутатқа дейін қысқарғанынан көре аламыз. Қырғызстандағы Парламент Жоғары Кенеш екенін ескерсек, оның дәрежесі төмендеді. Президентті импичментке жіберу үшін енді Бас прокурор мен Конституциялық соттың қаулысы керек. Ол екі лауазымды да президент тағайындайтындықтан, президентті импичментке жіберу заң бойынша мүмкін емес сынды.

Президент енді өзі басшы, өзі Үкіметті басқарады. Ол премьер-министр лауазымын алып тастады. Оның орнына өзі отырып, барлық атқарылған шараларға өзі жауап бермек. Халық алдында есеп беру үшін арнайы «Құрылтай» құратынын жариялады. «Құрылтайда» жыл сайын атқарылған шаралар жайында есеп беріп отыратын болады. Жаңа Конституция бойынша енді цензура да артатын болды. Талқылануға тыйым салынған тақырыптар саны артпақ. Халық бұл құжат демократияға қарсы деп отыр.

Өткен апта Орталық Азия халқын Қырғызстанға еріксіз назар аудартты. Бірі өртенген бекет, екіншісі өзгерген Конституция. Жаңа Конституцияға енді бұрынғы заңдарды бейімдеу керек. Бұл үлкен дау туындататыны анық.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371