Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3346 0 пікір 26 Сәуір, 2012 сағат 04:37

«ЖАҢАӨЗЕН ІСІ»: ЛАҚАП АТ ЖАМЫЛҒАН КУӘНІҢ БІРІ ЖЫЛАМСЫРАП ШЫНЫН АЙТТЫ

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің хабарлауынша, Ақтаудағы сот процесінің соңғы екі отырысы төмендегідей жағдайларда өрбіген.

23-СӘУІР, 20-ШЫ ОТЫРЫС (АЯҒЫ)

Роза Төлетаеваның Батыровқа сұрағы: Сені беттесуге алып келгенде адвокатың болған жоқ қой, сондықтан сен хаттамада жазылған сенің сөздерің емес, тергеушінің қосқаны екенін айтып, таң қалдың, солай емес пе?

Батыров: Ия, солай. Тергеушілер, оларға керегін айтпасам, «сенің проблемаларың болады» деп қорқытты, «біз сенің әйеліңе бірдеңе істейміз, балаларыңның да проблемалары болады» деді.

Таңатар Қалиев: Сен біздердің біреуімізден «көтерілу керек» дегенді естідің бе?

Батыров: Жоқ, естіген емеспін.

Адвокат Сәрсембина: Жауаптаулардан кейін екі ай бойы сен жолдастарыңа жала жапқаныңды ойламадың ба? Неге көрсетулеріңді теріске шығару жөнінде арыз бермедің?

Батыров: Тергеушілерден қорқтым, сондықтан бүкіл шындықты сотта айтуды ұйғардым.

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің хабарлауынша, Ақтаудағы сот процесінің соңғы екі отырысы төмендегідей жағдайларда өрбіген.

23-СӘУІР, 20-ШЫ ОТЫРЫС (АЯҒЫ)

Роза Төлетаеваның Батыровқа сұрағы: Сені беттесуге алып келгенде адвокатың болған жоқ қой, сондықтан сен хаттамада жазылған сенің сөздерің емес, тергеушінің қосқаны екенін айтып, таң қалдың, солай емес пе?

Батыров: Ия, солай. Тергеушілер, оларға керегін айтпасам, «сенің проблемаларың болады» деп қорқытты, «біз сенің әйеліңе бірдеңе істейміз, балаларыңның да проблемалары болады» деді.

Таңатар Қалиев: Сен біздердің біреуімізден «көтерілу керек» дегенді естідің бе?

Батыров: Жоқ, естіген емеспін.

Адвокат Сәрсембина: Жауаптаулардан кейін екі ай бойы сен жолдастарыңа жала жапқаныңды ойламадың ба? Неге көрсетулеріңді теріске шығару жөнінде арыз бермедің?

Батыров: Тергеушілерден қорқтым, сондықтан бүкіл шындықты сотта айтуды ұйғардым.

Одан соң Батыров өз көрсетулерін толықтырған: Мен Қайрат Әділовтың бір жас жігіттерге мемлекеттік туды өртетпей, оны өзімен алып кеткенін көрдім. Сондай-ақ, біз Жарас (Бесмағамбетов. - Ж.Қ.) екеуміз жас жігіттердің алаң жанындағы автомобильдердің әйнектерін сындырмақ болып, олардың иелерін қорқытқанын көріп, «өйтпеңдер» деп едік, жігіттер құлақ асты. Мәшиналар жүріп кетті.

Адвокат Батиева судьяға: «Әлі сұралмаған жәбірленушілер бойынша процессуалдық шешімдер қабылданды ма?» - деп сұрақ қойып, экс-әкім Сарбөпеевті сотқа шақыру жөніндегі талап-тілекті есіне салған. Судья: «Жақсы», - деді де, келесі куәларды шақыртқан.

«Мұнайшы» мәдениет үйінің қызметкерлері Сәмбетов пен Аманбаев өздерінің бұрынғы көрсетулерін растап, одан басқа ештеңе қоспаған.

Куә, өрт сөндіруші  Жылгелдиев Майрамбай: 16-желтоқсанда біз 10 рет, 17-сіне 10 рет, 18-іне 2 рет шақырулар бойынша шықтық. Алғашқы екі күн объектілердің көбісіне жете алмадық, өйткені полиция қауіпсіздікті қамтамасыз етпеді. Ал біздің Әскери Жарғыда қауіп төнген жағдайда өрт сөндірушінің шықпауға құқығы бар деп көрсетілген.

Бірақ Жылгелдиев: «Басшылық тарапынан объектіге жетпеу жөнінде бұйрық болды ма?» - деген сұраққа жауап беруден бас тартқан.

Адвокат Сансызбайұлы: Өртенген киіз үйлерді сөндіруге шақырулар болды ма?

Жылгелдиев: Жоқ, алаң маңайында біздің расчет болды, бірақ ол да киіз үйлерге жете алмаған.

Ереуілге қатысқан мұнайшы Каражанов Рахметолла 16-желтоқсанда алаңға үш жасар немересімен келгендіктен оқиғалардан тысқары қалып, үйіне ерте кетіп қалғанын айтып, «Талғат Сақтағановтың да алаңнан ерте кеткенін көрдім» деген.

Ереуілге қатысқан мұнайшы Ысқақов Қайрат сот процесінде бірінші рет полицейлердің алаңда көзден жас шығаратын газ қолданғанын (шамасы, ол баллоншалардан бүркілсе керек) айтып, бұл залдағы жұрттың ашу-ызасын тудырған. Куә мұнайшылардың судай жаңа арнайы киімдерін киген көптеген бейтаныстар, сондай-ақ, өңкей қара киім киіп, беттерін бөкебаймен тұмшалап алған жас жігіттер жөнінде айтқын.

Ысқақов: Дәл осы жаңа арнайы киім мен қара киім кигендер полицейлердің шебіне соқтығып, оны бұзып өтуге тырысты. Итереді де, шегініп кетеді, қайтадан пайда болып, тағы итереді де, шегініп кетеді. Ақырында олар шепті бұзып өтіп, сахнаға жүгіріп шықты.

Прокурор: Сіз қалай ойлайсыз, түптеп келгенде, тәртіпсіздіктер үшін кім кінәлі?

Ысқақов: Қалай болғанда да, мына 37 адамның орнында Айтқұлов, Сарбөпеев, Ешмановтар отыруы керек. Мен үшінші ұрпақтағы мұнайшымын, менің атам Өзен кеніштерін ашты, әкем сонда жұмыс істеді, ал мен тіпті өз балаларыма лагерге жолдама ала алмаймын. Жыл сайын өтініш жазамын, бірақ лагерге тек бастықтардың ғана балалары барады. Менің тікелей басшыларым - мүлде сарыауыз жас жігіттер. Олар жөндеп іс білмейді, ал техникаға ақау түссе болды, бас салып бізді, қатардағы жұмысшыларды кінәлап, дереу сыйақыдан қағады. Техника дегенің темір ғой, ал біз адамдармыз.

Ысқақов өзінің сөзін қобалжулы дауыспен: «Құрметті судья, сіз әділетті шешім қабылдайсыз ғой деп сенемін! Сіз әділетті халық сотысыз, бүкіл үміт сізде!» - деп аяқтаған.

Сотталушылар Айжан Дүйсенбаева мен Парахат Дүйсенбаевтың қосымша куәлары - Дәмелі Дүйсенбаева мен Маржан Ақбасова Айжанның тәртіпсіздіктерге қатысып, полицейлерге тас лақтыруы мүмкін емес екенін, өйткені оның аяғынан ауыр жараланып, алаңға жетпегенін айтқан.

Куә Қожамбердиев Берден өзін 27-желтоқсанда анасымен бірге көшеде келе жатқан жерінен тұтқындап, полицияға алып барғанын, сонда маска киген адамдар: «16-сы күнгі оқиғалар жөнінде не білесің?» - деп сұрағанда: «Ештеңе білмеймін» - деп жауап бергенін, одан соң оны ұрып-соғып: «Өзің банкоматты бірге тонаған Ермұқанов Ертайды білесің бе?» - деп сұрағанын, «Жоқ» деген соң одан бетер ұрып-соққанын, басына целлофан пакет кигізгенін, өзінің қатты қорқып, кімге барып, қалай шағымданарын білмей сасқанын, ақыры амалсыздан хаттамаға қол қойып, Ертайға жала жапқанын, одан соң Ертайдың анасына барып, шындықты айтқанын әңгімелеп берген.

Қожамбердиев: Ертай жөнінде білетінім - ол ереуілге қатысқан жоқ. Мен тергеу кезінде берген көрсетулерімнен бас тартамын.

Адвокат Батиева сотқа куә ретінде Жаңаөзен ІІБ-ның бастығын, ал адвокат Жуаспаева қосымша куәлар - Әжіғалиева, Попова, Пястолов пен Жанар Сақтағанованы шақыру жөнінде талап-тілек түсірген.

Одан әрі жылдам қарқынмен қорғаныс тарабының қосымша куәлары Бектұрова Айша (С. Қойшибаевтан), Найжанова Тазагүл (Әділовтың анасы), Танатов Аңсар (Жұмағалиев Мұратбайдан) және Басшиев Дауылбек (Әділовтан) сұралып, олардың барлығы қысқаша көрсетулер берген.

Бұл күні жалпы саны 26 куә сұралған.

24-СӘУІР, 21-ШІ ОТЫРЫС

Сот отырысы басталар алдында сотталушылар отыратын жер мен адвокаттар арасының едәуір қашықтап кеткені байқалған. Кеше ғана адвокаттар өз қорғауындағылармен еркін cөйлесе алса, қазір екі араны бір метр қашықтық пен конвойшы бөліп тұратын болған.

Сотталушы Есенгелді Әбдірахманов өзінің денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты бұлтартпау шарасын ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатқа ауыстыруды өтінген. Басқа сотталушылар мен адвокаттар мұны қолдаған, ал прокурорлар ол үшін дәрігерлік қорытынды қажет деген.

Сотталушы Самат Қойшыбаев судьядан ҚПК-нің 100-бабы қолданылған куәлардың залда сұралуын өтінген: «Біз бір мафия немесе лаңкестер емеспіз ғой, куәлардың есімдерін жасырудың қандай қажеті бар?» Судья Аралбай Нағашыбаев: «Мен бұл жөненде әлденеше рет айттым, заң бүкіл ережелердің орындалуын талап етеді», - деп жауап берген.

Дауыс күшейткіштен: «Арман» деген лақап атты куә көрсетулер беруге дайын,  - деп хабарлаған (залдағы біреу: «Бұндай да болады екен ғой!» - деп таң қалған).

Өзін «полиция қызметкерімін» деп таныстырған «Арман» сергек, өзгертілген дауыспен өзінің алдын-ала тергеу кезіндегі көрсетулерін қайталаған: «Ереуілшілер алаңдағы адамдарды, киіз үй иелерін қорқытты, біздің ар-абыройымызды қорлады, одан соң нақты әрекеттерге көшті. Полицейлерді ұрып-соқты, тас, жанғыш шөлмектер лақтырды, өртеді, қиратты». Сотталушылар Досмағамбетов, П.Дүйсенбаев, А.Дүйсенбаева, Ерғазев, Әспентаев, Төлетаева, Қаражанов, Тәженов, Әминов, Непестерді атап, Тәженовті «Пирамида» деп те атайтынын айтқан.

Прокурорлар оған бірнеше сұрақ қойған.

Сұрақ: Сіз сотталушылардың аты-жөндерін қайдан білесіз?

Жауап: Өзім полицей және Жаңаөзен тұрғыны болғандықтан, олардың көбісін білемін.

Сұрақ: Тәженовті неге «Пирамида» дейді?

Жауап: Оның иығында пирамида бейнеленген татуировка бар, сондықтан.

Сұрақ: Сіз әйелдер босанатын үй жақтан қалқан, қару ұстап шыққан полицейлер тобында болдыңыз ба?

Жауап: Ия, болдым. Бір топ бұзақының әйелдер мен балалардың соңынан қуып келе жатқанын көріп, соларды қорғау үшін аспанға оқ аттық.

Сұрақ: Сіз жарақат алдыңыз ба?

Жауап: Ия, басыма жарақат алдым, маған Бауыржан Непес тас лақтырды.

Одан соң сотталушылар сұрақтар қойған.

Парахат Дүйсенбаев: Бұл адам қарусыз жұртқа оқ атты, сондықтан да ол бетін көрсеткісі келмейді. Оның айтқанының бәрі - өтірік!

Осы жерде басқа сотталушылар да орындарынан ұшып тұрып: «Оның сөзіне сенбеңдер! Ол өтірік айтады, бұл адам - халыққа оқ атқан Қызылқұлұлы! Егер бізге «срок жонып бергіңіз» келсе, сырттай соттаңыз!» - деп айқайлаған.

Судья: Қалай болғанда да, біз лақап атты куәлардың барлығын сұраймыз, одан да осы мүмкіндікті пайдаланып, сұрақтар қойыңыздар, кейін пікірталаста өздеріңіздің дұрыстығыңызды дәлелдейсіздер.

Сәл тыныштлған сотталушылар сұрақтар қоюға көшкен.

Әспентаев: Сіз киіз үйлердің бірінде қалған полиция қызметкері Әдиева Мәдина туралы айтып, бейне бір оны тірілей өртемек болды дедіңіз. Ондай мәлімет қашан түсті?

«Арман»: Мәлімет рация арқылы 12:00 мен 15:00 аралығында түсті.

Әспентаев: Міне, тағы бір өтірік. Мәдина болған киіз үй иесінің айтқаны - Мәдина асықпай, заттарды жинауға көмектесіп, емін-еркін кетіп қалған.

Судья: Ия, дұрыс айтасыз.

Зияда Өтебекова, кәмелетке толмаған Қойшыбаевтың анасы: Сіз тәртіпсіздіктер күні азық-түлік сатылған ҚамАздарды тонаған дедіңіз. Барлығы қанша мәшина болып еді?

«Арман»: есімде жоқ.

Зияда Өтебекова: мен 16-желтоқсанға дейін бірнеше ай бойы дәл сол мәшиналарда сатушы болып жұмыс істедім, сондықтан анық білетінім - сол күні бүкіл КамАздар және менімен бірге жұмыс істеген адамдар түгел алаңнан ешқандай зардапсыз кетті.

Айжан Дүйсенбаева: Мен сол күні қандай киімде болдым?

«Арман»: Есімде жоқ.

Айжан Дүйсенбаева: Демек, өтірік айтасың. Жарақаттанған адамдарға неге көмектеспедің?

«Арман»: Біздің міндетіміз құқықтық тәртіпті күзету болды.

Айжан Дүйсенбаева: Мені алаңнан қай кезде байқадың?

«Арман»: Шамамен, 12:30-дарда.

Айжан Дүйсенбаева: Өтірік, бұл кезде мен ауруханад болдым.

Тәженов: Егер мені алаңда көрген болсаңыз, үстімде қандай киім болды? Бас киімім қандай болды? Жалпы болды ма?

«Арман»: Есімде жоқ.

Тәженов: Сен Мұратсың ғой? Мұрат Қызылқұлұлы? Егер менің лақап атым «Пирамида» болса, сені «Ешек-Мұрат» дейді, мен сені таныдым.

Оқты қару қолдану және оқты қарудан жарақаттанғандар жөніндегі сұрақтарға «Арман» жауап беруден бас тартқан. Сондай-ақ, оның айтуынша, ол өзі атағандардың барлығының әрекетін көрген және, тіпті, олардың әңгімелерін естіген. Алайда, сотталушы Досмағамбетов алаңдағы әңгімелерді есту мүмкін болмағанын, өйткені дыбыс күшейткіштер арқылы берілген музыканың дыбысы өте қатты болғандығын айтқан. Содан кейін «Арман» Досмағамбетовтың не істемек болғанын оның сөздерінен емес, тек дене қимылдарынан ғана болжадым деген.

Судья: Досмағмбетовтың қиратуға, ұрып-соғуға, өртеуге шақырғанын нақты естідіңіз бе?

«Арман»: Жоқ, нақты естіген жоқпын.

Әминов: Сіз мені қай кезде көрдіңіз?

«Арман»: Шамамен, 12:30-дарда.

Әминов: Өтірік, мен алаңға 13:00-ден кейін келдім.

Жұмағалиев: Құрметті судья, куә «Арман» неге шындықты айту жөнінде ант бермеді? Және неліктен ол, басқа куәлар тәрізді, құжаттарға қол қоймайды?

Судья: Мұндай куәларға өйтуге заң мүмкіндік береді.

Адвокат Тасқынбаев: Тергеу кезінде сіз неше рет көрсетулер бердіңіз?

«Арман»: есімде жоқ.

Адвокат Тасқынбаев: Айжан Дүйсенбаева туралы сіз тергеушіге бірінші көрсету бергеннен кейін тек бір ай өткесін барып айттыңыз. Мұндай уақыт алшақтығы неліктен?

«Арман»: Көрсетулерді есіме түсу ретіне қарай беріп отырдым.

Адвокат Тасқынбаев: Бұрын Дүйсенбаеваның мекен-жайын білетін бе едіңіз?

«Арман»: Жоқ.

Тасқынбаев: Құрметті судья, куә «Арманның» тергеу кезінде берген көрсетулеріне сілтеме жасауға рұқсат етіңіз.

Судья: Рұқсат.

Тасқынбаев: куә «Арман», сіз өзіңіздің көрсетулеріңізде Айжан Дүйсенбаеваның толық аты-жөнін, мекен-жайын, туған жылын атағансыз, ендеше неге қазір мекен-жайын білген жоқпын дейсіз?

«Арман»: Сірә, ол кезде біліп, қазір ұмытқан болармын.

Тасқынбаев: Алаңда қанша адам болды?

«Арман»: Білмеймін.

Тасқынбаев: Тергеу кезінде сіз алаңда 4505 адам болды дегенсіз.

«Арман»: Сірә, ұмытсам керек.

Тасқынбаев: Мүмкін, Айжан Дүйсенбаева жөнінде «есіңізге түсіруді» сізден өтінген болар? Оның әкесі алаңда өлтірілді ғой, сондықтан біреу осы өлім жөніндегі тексерістен қорққан шығар?

«Арман»: Жоқ, ешкім ештеңе айтқан жоқ.

Адвокат Төлеуқұлов: Тәженовты сіз қайдан білесіз?

«Арман»: Ол бұрын ұсталып, полицияға әкелінген.

Төлеуқұлов: Ол қалай киінген еді? Оның басында қандай бас киім болды?

«Арман»: Назар аудармадым, ұмытқан да шығармын.

Төлеуқұлов: Сіз тіпті оның татуировкасын да есіңізге түсірдіңіз, неге онда киімі, бас киімі болған-болмағаны есіңізде жоқ?

«Арман»: Ұмыттым.

Төлеуқұлов: Тәженов бұрын қай бап бойынша сотталып еді?

«Арман»: Білмеймін.

Төлеуқұлов: Тергеуде сіз Тәженовтың 179-баппен сотталғанын білемін дегенсіз. Осындай маңызды фактілерді сіздің біресе есте ұстап, біресе ұмытуыңызды немен түсіндіруге болады?

«Арман» жауап бермеген.

Адвокат Әлібиев: 16-желтоқсанда сізде қызмет көлігі болып па еді?

«Арман»: Бұл сұрақтың қаралып жатқан іске қатысы жоқ.

Судья: келесі сұрақ.

Әлібиев: Жауап берсін.

Судья: Әлібиев, міндетті түрде жауап беруді талап етуге болмайды.

Әлібиев: Сіз сотталушылардың міндетті түрде жауап беруін талап етесіз ғой.

Судья: Қашан?

Әлібиев: «Арман», сіздің жаныңызда қандай қару болды?

«Арман»: Бұл сұраққа жауап беруден бас тартамын, өйткені оның бұл іске қатысы жоқ.

Әлібиев: Сізге нақты қандай қауіп төніп еді?

«Арман»: Маған тас, жанғыш шөлмек лақтырды.

Әлібиев: Сіз қандай киімде болдыңыз? Арнайы киімде болдыңыз ба?

«Арман»: Формамда болдым, арнайы киім жөнінде жауап бермеймін.

Әлібиев: Сіз құлаған полицейлерді көрдіңіз бе?

«Арман»: Алаңға бірінші рет келгенде көрдім, екінші келгенде көрмедім.

Әлібиев: Сіз ҚІІБ-нің қызметкерісіз бе?

«Арман»: Мен полиция қызметкерімін.

Әлібиев: Екінші рет келгенде полицейлер тобын кім бастады?

«Арман»: Бұл сұраққа жауап беруден бас тартамын, өйткені оның бұл іске қатысы жоқ.

Талғат Сақтағанов пен Роза Төлетаева: Құрметті судья, сіз бізді жауап беруге мәжбүрлейсіз, ал оны неге мәжбүрлемейсіз?

Судья: Мен сіздерді мәжбүрлеген жоқпын.

Адвокат Жуаспаева: «Арман», Досмағамбетов пен Әспентаевтың мекен-жайларын айтыңызшы.

«Арман»: Бұл сұраққа жауап беруден бас тартамын.

Судья: Айтыңыз, егер білсеңіз.

«Арман» шамамен айтқан.

Жуаспаева: Роза Төлетаеваның мекен-жайын айтыңыз.

«Арман»: Ұмыттым.

Жуаспаева: Тергеуде сіз Розаның толық мекен-жайын айтқансыз.

«Арман»: Ал қазір ұмыттым.

Жуаспаева: Сізге фото көрсетіп пе еді?

«Арман»: Фотодан танығандарымның барлығын мен атадым.

Жуаспаева: Тану ненің негізінде жүргізілді - ксерокөшірмелер, түрлі-түсті фотолар, тірі адамдар?

«Арман»: Қаралау бейнелер негізінде.

Жуаспаева: Сіз дене зақымдарын алдыңыз ба?

«Арман»: Ия, мойнымның сырт жағында, дәрігерлік куәландырудан өттім, жәбірленуші болып мойындылдым.

Адвокат Батиева: ҚПК-нің 100-бабын қолдануды сізге тергеуші айтты ма?

«Арман»: Жоқ, бұл менің ынтам болды.

Адвокат Сансызбайұлы: Менің қорғауымдағы Қосбармақовтың полицей Атабайға қатысты әрекеттерін нақты суреттей аласыз ба?

«Арман»: Нақты суреттей алмаймын.

Жуаспаева: Алдын-ала тергеуде сіз барлығын бүгелі-шігелі суреттегенсіз, ал қазір өйтпейсіз. Сіз көрсетулерден бас тартасыз ба?

«Арман»: Жоқ, бас тартпаймын.

Сотталушалар тарапынан кейбір жеңіл сұрақтарға да «Арман» не жауап беруден бас тартқан, не «білмеймін» деген.

«Арманды» сұрау аяқталған соң сот түскі үзіліске кеткен.

Үзілістен соң сотталушы Өтебеков Жанайдар шақырған қосымша куә Сүйеуов Болатбек сұралып, тергеу «версиясы» бойынша дәл Жанайдар тәртіпсіздіктерге «қатысқан» уақытта ол сотталушы мен оның анасын өз мәшинасымен бір жерге апарғанын айтқан.

Адвокат Әлібиев бірінші сот отырысында адвокаттардың лақап ат жамылғандарды куәлар құрамынан алып тастау жөнінде талап-тілек жасағанын, сот ол талап-тілекті ашық қалдырғанын, ал қазір ондай куәларды сұрау басталып кеткендігін судьяның есіне салған. Судья осыған орай сотталушылар, адвокаттар мен прокурорлардың пікірін сұраған. Прокурорлар әдеттегідей қарсы болған. Судья куәлар құрамынан ҚПК-нің 100-бабы қолданылған куәларды шығарып тастау жөніндегі талап-тілекті қанағаттандырмайтындығын бірден жариялап, «Азамат» деген лақап атты куәні шақырған. Ол өзінің сотталушы Жігер Аманжоловты «Сулпак» дүкенінің сынған терезесіне кіріп бара жатқан жерінде көрдім деген бұрынғы көрсетуін қайталаған. Жігердің дүкеннен қалай кері шыққанын көрмеген. Осыдан кейін оны полицияға шақырып, ол онда ата-анасыз барған. Олар кейін келген.

Адвокат Сәрсембина: «Азамат», айтыңызшы, қазір сіздің қасыңызда кім отыр?

«Азамат»: Бір қыз бен менің мамам.

Сәрсембина: Айтыңызшы, сізге қатысты іс қозғалып, амнистия қолданылып па еді?

«Азамат»: Жоқ, іс қозғаған жоқ.

Сотталушы Аманжолов: Сіз көрсетулерді қашан бердіңіз және тану үшін фотоны сізге қашан берді?

«Азамат»: Есімде жоқ.

Аманжолов: Сіз менің көзім байлаулы болды дедіңіз. Менің қай көзім байлаулы еді?

«Азамат»: Есімде жоқ.

Адвокат Әлібиев: Сіз «мені ұстады» дедіңіз. Кім және қашан сізді ұстады?

«Азамат»: Полицейлер 16-желтоқсан күні аялдамада, шамамен 17:00-18:00-де ұстады, анық есімде жоқ.

Одан соң «Найкс» деген лақап атты кәмелетке толмаған куәні сұраған. Ол да Жігер Аманжоловтың «Сулпак» дүкенінің терезесіне кіріп бара жатқанын көрген және оны да полиция «шамамен 17:00-де ұстаған».

Келесі сұралған «Оразбаев Алмаз» («ОА») лақап атты куә өзінің тергеу кезінде айтқанын қайталаған: алаңда болған, «Аруана» қонақ үйінің маңайында болған, Ешмановтың үйінің жанында болған, Бөпілов, Сарыбаев, Қойшыбаев, Ермұқановтың тонап, өртеп, қиратқанын көрген. «ОА» бірнеше ірі оқиғаның - «Аруана» қонақ үйінің ауласында банкоматты қиратып, тонаудың, Ешмановтың үйін өртеудің, автомобильдерді өртеудің - куәсі болып үлгеруімен «ерекшеленген».

Оған да «дәстүрлі» сұрақтар қойылған: сотталушылардың қалай киінгендігі, оларды қашан көргендігі және т.б. Жауап беру барысында «ОА» күрделі қателіктер жіберген: тергеу кезінде ол банкоматты УАЗ автомашинасының көмегімен алып шықты десе, енді... қолмен көтерді деген. Сондай-ақ, сотталушы Бөпіловтің фамилиясын фотокестені қараған кезде білдім деген, ал фотосуреттердің фамилия... көрсетілмей нөмірленетіні айқындалған. Тергеу кезінде Ермұқановтың қолында жанғыш шөлмек пен таяқ көрдім десе, сотта тек шөлмекті ғана айтқан. Бұл қарама-қайшылықтарға тіпті прокурорлардың өзі назар аударған. Мәселен, «ОА» бұрын Сарыбаевтың банкоматты ОМГ ауласында қиратқанын көрдім десе, енді ол «Аруана» қонақ үйінің ауласы болып шыққан. Және ол тергеу кезінде Берден Қожамбердиевті танитынын, тіпті онымен сөйлескенін айтса, енді «танымаймын» деген.

«Оразбаев Алмаздың» осыншалықты рет шатасуына назар аударған кезде ол мұны «сұрақтардың көп болып», «басын қатырып жіберуімен» түсіндірген.

Одан кейін сұралған «Алпысбаев Қайрат» («АҚ») лақап атты куә басшылықтың өзін киіз үй тігуге жібергенін, алаңдағы тәртіпсіздіктердің бастапқы кезін көргенін, бірақ нақты кімдердің тас лақтырып, киіз үйлерді қиратып, өртегенін көрмегенін айтқан. Оның сөзінше, тәртіпсіздіктердің алдында оған Жаннат Мұрынбаев келіп қорқытып, алаңнан кетуін талап еткен. Осы кезде сөз сұраған Мұрынбаев: «АҚ», сіз дінге сенесіз бе?» - деп сұраған. Сәл үнсіздіктен кейін: «Дұға оқуды қойғансың ба? Боженко, сен мұныңды қой, сол күні мен сенен жұмыс туралы сұрадым, еш қорқытқан жоқпын. Мен сені көп нәрсеге үйретіп едім ғой. Неге маған жала жабасың?» - деген. Үнсіздіктен кейін кенет «Алпысбаев Қайрат» жыламсырап: «Жаннат, бауырым, кешір мені. Ант етем, мен бәрін айтқым келген. Мені мәжбүрледі. 18-желтоқсанда мені ұстап алып, полицияға апарды да, ұрып-соғып, азаптады. Мен сені, сенің отбасыңды білемін, екі ай бойы қиналдым, асылып өлгім келді. Сен отырмауың үшін мен бәрін істеймін!» - деген.

Мұрынбаев: Мен сені кешіремін, Алла сені кешіреді, жігіттердің бәрі кешіреді, қорқпа, шық бері.

Адвокат Бисекешев: Құрметті сот, куә «Алпысбаев»-Боженконы сот залына өткізуді өтінемін.

Судья процесс тараптарын сұраған. Барлығы Бисекешевпен келіскен, тек прокурорлар соттың қарауына қалдырған. Бірақ судья соттың хатшысына Боженконы алып келу жөнінде нұсқау бергенде ол «кетіп қалды» деп, таба алмаған. Залдағылар: «Оны қорғау керек. Оған қауіп төнуі мүмкін», - деп сыбырласа бастаған.

(Кейінірек, Александр Боженконың балалар үйінің тәрбиеленушісі, жақында ғана біреу асырап алған жетім екендігі айқындалған).

 

Одан соң «Сапарғалиев Артур» лақап атты куә, патруль полициясының қызметкері 16-желтоқсанда полиция шебінде тұрып, сотталушы Мұрат Қосбармақовтың полицейлерге тас лақтырып, «қысымшылык сөз айтқанына» куә болғанын, ақыр яғында полицейлердің алаңнан қашып кеткенін көрсеткен.

Қосбармақов: Мен қалайша «сөзбен қысымшылық жасадым»? Құлағыңа сыбырладым ба, әлде бүкіл алаңға айқайладым ба? Сонда полицейлер менен қорқып жан-жаққа қашты ма?

«Сапарғалиев»: Барлығына сөзбен қысымшылық жасадың.

Адвокат Сансызбайұлы: Алаңда жиналғандардың қолынан бірдеңе көрдіңіз бе?

«Сапарғалиев»: Көретін мүмкіндік болған жоқ.

Сансызбайұлы: Қосбармақов лақтырған тастардың көлемі қандай еді?

«Сапарғалиев»: Көлемін айта алмаймын.

Сансызбайұлы: Сізге фотографиялар көрсетті ме?

«Сапарғалиев»: Ия, 5-6 фотография көрсетті, солардан мен Қосбармақовты таныдым.

Сансызбайұлы: Қосбармақов біреуге тигізді ме?

«Сапарғалиев»: Көрмедім.

Сұраудың аяғында Қосбармақов куәнің дауысынан сотталушыларды алып жүрген кезде үнемі оларға қысым жасап, қорқытатын конвойшы Шамшуддиновты танығанын мәлімдеген.

Ең соңы болып қосымша куә -сотталушы Өтебеков Жанайдардың анасы Ермекова Қырмызы сұралған. Ол тәртіпсіздіктер күні ұлының өзінің қасында болғандығын айтқан.

Жасарал Қуанышәлин,

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің

ақпараттық топ жетекшісі.

Алматы қаласы,

2012 жылдың 25-сәуірі.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321