Сабыржан Байбосынов. Қымбатшылықты қолдан жасаған биліктің көксегені не?
Кеңестер империясының шаңырағы шайқалып, ортасына түсе бастаған жылдары баға өсімі сезілді. Ол кезде халық нарық дағдарысы дегеннен бейхабар еді. Көбі алдын ала азық-түлік қорын, басқа да сақтану шараларын жасамаған. Сондықтан жаңа үйді аңсап, ескі үйлерін сатқандар қолдарындағы қаражатқа қайтып баспана ала алмай қалды. Осылай көліктерінен, малдарынан, басқа да мүліктерінен айырылып, жылап қалғандар жетерлік. Ауыл жұрты ай сайын бір қойын сатып, ұн алып отырды. Қандастарымыздың басым бөлігі осылай малынан айырылды. Қаладағылар да қатты қиналды. Қысқасы, ел тозып кетті. Міне, дағдарыс деген осы.
Аталған жылдары қымбатшылықтың орын алуының өзіндік себебі бар. КСРО мемлекеті күйреп, халық далада қалғандай күй кешті. Одақ шеңберінде ғана жасалған экономика етпетінен құлады. Сырттан келетін тауар жолдары қалыптаспаған болатын. Сондықтан тапшылық қымбатшылықты тудырды.
Ал қазір ше? Мемлекеттік басқару жүйесі мығым. Онда неге «қымбатшылық құбыжығы» елімізді кезіп жүр? Ол «құбыжық» көрші елдердің ығына жығылудан, іштегі сыбайластықтан пайда болып отырғандай.
Қытайдың кесірі ме?
Кеңестер империясының шаңырағы шайқалып, ортасына түсе бастаған жылдары баға өсімі сезілді. Ол кезде халық нарық дағдарысы дегеннен бейхабар еді. Көбі алдын ала азық-түлік қорын, басқа да сақтану шараларын жасамаған. Сондықтан жаңа үйді аңсап, ескі үйлерін сатқандар қолдарындағы қаражатқа қайтып баспана ала алмай қалды. Осылай көліктерінен, малдарынан, басқа да мүліктерінен айырылып, жылап қалғандар жетерлік. Ауыл жұрты ай сайын бір қойын сатып, ұн алып отырды. Қандастарымыздың басым бөлігі осылай малынан айырылды. Қаладағылар да қатты қиналды. Қысқасы, ел тозып кетті. Міне, дағдарыс деген осы.
Аталған жылдары қымбатшылықтың орын алуының өзіндік себебі бар. КСРО мемлекеті күйреп, халық далада қалғандай күй кешті. Одақ шеңберінде ғана жасалған экономика етпетінен құлады. Сырттан келетін тауар жолдары қалыптаспаған болатын. Сондықтан тапшылық қымбатшылықты тудырды.
Ал қазір ше? Мемлекеттік басқару жүйесі мығым. Онда неге «қымбатшылық құбыжығы» елімізді кезіп жүр? Ол «құбыжық» көрші елдердің ығына жығылудан, іштегі сыбайластықтан пайда болып отырғандай.
Қытайдың кесірі ме?
Қымбатшылықтың алдын алудың бір жолы - отандық өнім өндіру. Кез келген жерде өндірілген өнім шеттен келген тауардан арзан болуы тиіс. Себебі сырттан келген тауар құнына жол шығыны, кеден салығы, сатушының пайдасы қосылады. Оған қарағанда отандық өнім арзан болуы тиіс. Бізде керісінше. Өйткені экономикалық жүйе солай жасалған. Сондықтан елде дайындалған заттан Қытайдан келген тауар бағасы төмен болады. Мұны биліктің өзі айтып, түрлі шараларды қолға алғанымен, пайдалы әрекеттер жасалмауда. Осыған қарап «Пайдалы әрекеттердің қолға алынбауына Қытай жағы ықпал жасап отыр ма? Аталмыш мемлекетке Қазақстанның тұтынушы күйде отырғаны тиімді» деген ой келеді.
Баға өсімі кімге пайдалы?
Еліміздегі ірі компаниялар мен серіктестіктердің және банктердің билік басындағыларға қатысы бар екені жиі айтылады. Сол көлеңкедегі қожайындар қуат көздерінің құлағын ұстаған сыбайластарына электр, су секілді қуат көздерінің құнын көтертетін сияқты. Сөйтіп қуат көздерінің қымбаттағаны туралы мәліметті Монополияны реттеу агенттігі бастығының алдына тартып, оның келісімін алатындай. Дегенмен, баға өсімінің жасанды екендігін Монополияны реттеу агенттігінің бастығы да білетін шығар.
Кейбіреулер бұл арада «энергия бағасын көтертетін болса, өнімді қымбаттатқанмен, пайда жоқ» дер. Пайда бар. Мысалы, энергия көзінің құны 10 пайызға көтерілсе, кәсіпкер өнімді 20-30 пайызға қымбаттатады.
Қымбатшылықтан қазына құтқара ма?
Мұнан соң қымбатшылық арқылы қазынадағы қаржыны молырақ алатындар бар. Билік соған өздері мүмкіндік жасап беретіндей. Мәселен, ресми Астана тендер басталардың сәл-ақ алдында, яғни 1 қаңтардан бастап зейнетақыны аздап көтереді. Содан соң ел ішінде бағаның «қан қысымы» өздігінен жоғарылай береді. Мұнан кейін мәслихаттарда мемлекеттік тапсырыстарға есептелген қаржы жайы қаралады. Сонда кей депутаттар: «Оу, бәрінің қымбаттап жатқанын көріп отырмыз. Мына ғимаратты салатын компания жұмысты бастағанша, материалдар, еңбекақы қымбаттап кетеді. Мұндағы есептелген қаржы жетпей, құрылыс жарты жолда тоқтап қалуы мүмкін. Жұмыстың қарқынды жүруі үшін берілетін қаржы көлемін арттырайық», - демей ме? Оған өзге әріптестерінің бәрі қолдау білдіреді. Өйткені, қалғандарының жол салатын, құбыр тартатын компаниялары бар. Яғни, кәсіпкер-депутаттардың күні бір-біріне түсіп тұр.
Қымбатшылықты желеулеткен депутаттар жоба құнына 5-10 мың теңге қостыртпайтыны айдан анық. Құны 500 миллион теңгелік жобаларға 50 миллион теңге қостыртса, құны 1 миллиард теңгелік жобаларға 100 миллион теңгені қостыртпай ма?
Осы тұста мына мысалды тілге тиек ете кетсек: инфляция ағымына орай 1 қаңтардан бастап төменгі зейнетақыға 1444 теңге, базалық зейнетақыға 720 теңге қосылған. Ал инфляция ағымын желеулеткен үлкен кісілер жоба құнына 50, 100 миллион теңге қосып алса, ірі жобалар құнына миллиардтарды жамап алады. Айырмашылық аспан мен жердей емес пе? Міне, біздің елде қымбатшылық осы үшін қолдан жасалатынға ұқсайды.
«Сақалды құрылысқа» кім мүдделі?
Жоғарыдағы миллиондаған қаржыны ебін тауып алған кейбіреулер тендерден ұтып алған нысандарын уақытында бітірмейді. Бұл жөнінде бізге аты-жөнін атағысы келмеген бір аудан әкімінің орынбасары мына құпияның бетін ашты. Ол: «Көп серіктестіктер құрылысты уақытында әдейі толық бітірмейді. Кейін серіктестік төрағасы қымбатшылық салдарынан қаржы жетпей қалғанын алға тартады. Мәселе мәслихатта қаралып, сақалды құрылысқа жан бітіру үшін қайта қаржы бөлінеді», - дейді. Депутаттардың тоқтаған жұмысқа қан жүгіртуі үшін болмашы қаржы бөліп қана қоймайтыны белгілі. Сондықтан серіктестік есеп-шотына миллиондаған теңгелер аударылады.
Осыған ұқсас бір мысал келтірейік, 17 маусым күні Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова үкіметтің селекторлық отырысында премьер-министрге 2017 жылы аяқталатын «100 аурухана» бағдарламасына қосымша 210 миллиард теңге қаржы қажет екенін алға тарса, кейіннен: «Елбасы міндеттеген 350 медициналық мекеменің құрылысын 2015 жылы тәмамдау да жоспарда бар, бірақ тағы сол қаржы мәселесі қолбайлау болып тұр, 70 миллиард теңге жетпейді», - деген. Оның бұл сөзі мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының кейбірінде жарияланды.
Сонда бағдарламаны аяқтау үшін 210 миллиард теңге сұралса, өзге құрылыстар үшін 70 миллиард теңге қажет екені айтылды. Аталған құрылыстар арасында енді басталатын нысандар да бар. Олардың іргетасы құйылған соң, жұмысы жарты жолда тоқтап, серіктестіктер қайта қаржы сұрамасына кім кепіл?
«Дағдарыс келе жатыр» деген сөздің астарында не бар?
Мақала басында дағдарыс кезінде барынан айырылған, жылаған, тозған ел туралы айттық. Біз үшін дағдарыс сол секілді азап пен үрей. Ал қазір «Хабар» арнасынан жаңалық көріп отырсаң, кей Астанадағы көкелеріміз «Дағдарыс келе жатыр» деп қойып қалады. Зәреміз зәр түбіне жетеді. Өмірден түңіліп кете жаздаймыз. Ақордадағы кісілер осы сөзді бірнеше жылдан бері айтуды әдетке айналдырып алды. Оны 2009 жылы алғаш естігенімде қорқып қалған мен «қалай болар екен?» деп біраз уақыт ойлап жүрдім. Уақыт өте келе жағдайдың қатты өзгермегенін түсініп, көңілім орнына түседі. Сөйтсем, бұл әдейі айтылатын сияқты. 2009 жылы «дағдарыс келе жатыр» деген сөзден кейін биліктегілер екінші деңгейдегі банктерді аман алып қалу, оларға көмектесу мәселесін қарастырды. Көп ұзамай «Самұрық-Қазына» қорына 1 трлн. 88 млрд.теңге ақша бөлінді. Оның 716 млрд. теңгесі банктерге жіберілген. Ал «БТА», «Альянс банк», «Қазкоммерцбанк» пен «Халық банкке» 476 млрд. теңге салынды.
Ау, билік дағдарыс келе жатса, бірінші халықтың жағдайын ойламай ма?! Батпан құйрықтың үстінде отырған банктерге жаны ашығаны қай сасқаны? Банк иесі сазға отырып, жалаңаяқ қалып, тентіреп кетті дегенді ешқашан естіген емеспіз. Әлгіндей тірліктен соң билік басындағылардың банктерге шынында да қатысы бар-ау деген ой миыма өзінен-өзі келеді. Ондай ойдың санама келуіне мен кінәлі емес шығармын.
Қымбатшылық банкке қалай пайдалы?
Бұдан кейін телеарналардағы жаңалықта «АҚШ-тан инфляцияның иісі шықты» деген ақпар айтылса болды, ертеңінен түстегі жаңалықта биліктегілер дағдарысқа қарсы шара жасап, қаржы бөлу мәселесін қарастырып жүргенін естисің. Арада бірер ай өткен соң телеарнадан үлкен көкелердің бірі: «АҚШ-тағы дағдарыс өтті. Оның «циклоны» бізді де шарпуы мүмкін еді. Бірақ қолға алынған шаралардың арқасында дағдарыс бізді айналып өтті» деген секілді сөзді естиміз. Мұны естіген кейбіреулердің көз алдына Қазақстанның байтақ жері елестеп, бір сұмдықтың еліміздің ішіне кіре алмай, шекараның жиегімен жағалай айналып кеткені жөніндегі құбылыс көлбеңдейді.
Әу баста қаржының банктерді аман алып қалу үшін бөлінгенін айттық. Соңғы кездері қазынадағы қаржылар банктерге басқа амалмен бөлініп жатыр. Мәселен, мұны Үкімет «шағын кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үйді көбейту, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін атқарылуда» деп түсіндіруде. Биліктің бұл әрекеті өздерінің Ақордада мызғымай отыра беретінінен сенуден қалғанын көрсететін сияқты. Олар басшысы қашқан Қырғызстан мен кей араб елдеріндегі жағдайдан соң қорқып қалғандай. Өздерінің де бір күнде елден қашуға мәжбүр болуының мүмкін екенін ойлайтындай. Ондай жағдайда қазынадағы бар қаржыны бірден алып кете алмауы да мүмкін. Сол үшін қазынадағыны сыртқа түрлі жолдармен жанталасып шығарып жатқандай.
Алайда банктерге қаржы берілгенде мемлекеттік ақпарат құралдарынан: «Еліміздегі дағдарысқа қарсы жүргізілетін бағдарламалардың халық игілігіне қызмет етуін Қазақстан үкіметі назарда ұстауда», - деген ақпарат таратады. Банктер халық игілігіне қызмет еткені былай тұрсын, қымбатшылықтың үдеуіне өз үлесін қосатыны түсінікті.
Өйткені аталмыш қаржы орындары кәсіпкерлерге бағытталған несиені 20 пайызбен береді. Демек, кәсіпкер өнімінің бағасы да 20 пайызға көтеріледі. Өнім қымбаттаған соң, Қазақстанда өмір сүру құны да артады.
Осылай елімізде мемлекет тарапынан атқарылып жатқан өзге де тірліктер елімізде тек қымбатшылықтың үдеуі үшін жұмыс істеп отырғанын көрсетеді. Әйтпесе, Астанадағы шен-шекпенділердің баға өсімінің алдын алуға шамасы бар.
Кілең экономистер шошқа тағалап жүр ме?
Олай дейтінім, министрліктегілердің көбісінің мамандығы экономист. Мәселен, Кәрім Мәсімов экономист және экономика ғылымдарының докторы. Орынбасары Қайрат Келімбетов Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Нарық институтын тәмамдаған. Одан кейін Қаржы министрі Болат Жәмішев те сол мамандықтың иесі. Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаевтың да игерген білімі - экономист. Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев та М.Ю.Ломоносов атындағы университетті экономист-кибернетик мамандығы бойынша бітірген. Ол аздай, экономика ғылымының кандидаты деген дардай атағы бар. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдіхалықова да экономист және экономика ғылымдарының кандидаты. Қорғаныс министріміз Әділбек Жақсыбеков болса, 1977 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының экономика факультетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Тіпті бізде қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров та экономист. Ал бұдан өзге сол саланың майталманына айналған министрлер бар. Премьердің орынбасары Серік Ахметов - экономика ғылымдарының докторы.
Ербол Орынбаев экономикалық саясат басқармасының бастығы қызметін атқарған. Ал Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев 2009 жылы Индустрия және сауда министрі болған.
Асылжын Мамытбеков Қостанай облыстық Қазынашылық басқармасының құлағын ұстаған. Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрі Жанар Айтжанова болса бұрын Экономикалық даму және сауда министрі орынтағында отырған. Бүгінгі қызметі де экономиканың ең өзекті пернесі.
Мінеки, үкіметтің өзінде экономиканың жілігін шағып, майын ішкен он үш лауазым иесі отыр. Бұлардың жандарында да қаншама экономистер және доктор мен кандидат деген атақтарына «мас» болып жүргендер бар. Онда елімізде қалайша қымбатшылық «ісініп» барады? Баға өсімі - биліктегі кей ашкөздердің қомағай ниетінен туындаған жасанды әрекет.
Халықтың қандай мәселеде де көшеге шығып, наразылық білдіруі қиын. Бірақ билік жұрттың басқаға төзсе де, қымбатшылыққа шыдамайтынын білмей отырған сияқты. Ендеше көтерілген мәселені де реттеген абзал.
Сабыржан
БАЙБОСЫНОВ
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 17 (145) 25 сәуір 2012 жыл