Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 8692 70 пікір 12 Мамыр, 2021 сағат 13:54

Гитлер мен Сталин

Ұқсастықтары мен айырмашылықтары қандай?

2009 жылы ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы сталинизмді фашистік нацизммен теңестірген қарар қабылдаған. Қос режим де әлемдік билікке ұмтылды. Нацистер адамдарды ұлттық белгісіне (еврей болса), ал большевиктер әлеуметтік жағдайына (бай болса) қарап қырды. Гитлершілдер немістерден басқа халықтарға қысым көрсетсе, коммунистер өз халқына қысым көрсетті. Марк Солонин, Виктор Суворов сияқты зерттеушілер совет-герман соғысы, екі режимнің көсемдерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы құнды ойлар айтқан екен. Соларды өңдеп сіздерге ұсынып отырмын.

Гитлер де Қызыл жалау көтерді, Сталин де Қызыл жалау көтерді.

Гитлер жұмысшы табының атынан билік жүргізді, ол өз партиясын Жұмысшы партиясы деп атады.

Сталин де жұмысшы табының атынан билік жүргізді, ол өзінің билік жүйесін пролетариат диктатурасы деп атады.

Гитлер демокоратияны жек көрді әрі онымен күресті.

Сталин де демократияны жек көрді әрі онымен күресті.

Гитлер социализмге ұмтылды, Сталин де социализмге бағыт ұстады.

Гитлер өзінің жолын бірден бір дұрыс жол деп, қалған жолдың бәрін адасушылық деп есептеді.

Сталин де социализмге ұмтылған өзінің жолын бірден бір дұрыс жол деп, ал қалған жолдың бәрін басқы бағыттан ауытқушылық деп есептеді.

Гитлер мен Сталин Екінші жаһан соғысын бастады.

Гитлер 1939 жылы 1-қыркүйекте Польшаға басып кірді. Сталин 1939 жылы 17-қыркүйекте Польшаға басып кірді.

Өзінің айналасындағы Рем мен оның серіктері сияқты дұрыс жолдан ауытқығандарды Гитлер аяусыз жойып отырды.

Сталин де өзі дұрыс деп есептеген бағыттан шығып кеткендерді аяусыз жазалап отырды.

Гитлерде төрт жылдық жоспар болса, Сталинде бесжылдық жоспар болды.

Гитлердің тұсында билікте бір партия ғана болды, қалғандары түрмеге тоғытылды.

Сталиннің тұсында да билікте бір ғана партия болды, қалғандары айдауда жүрді.

Гитлердің кезінде партия мемлекеттен жоғары тұрды, елді партия көсемдері басқарды.

Сталиннің кезінде де партия мемлекеттен жоғары болды, елді партиялық көсемдер басқарды.

Гитлер партия сьездерін маңызы орасан оқиғаға айналдыратын, Сталин де сөйтті.

Сталиннің империясында 1-мамыр, 7-8 қараша басты мерекелер болды.

Гитлердің империясында да 1-мамыр, 7-8 қараша басты мерекелер болды.

Гитлерде жас гитлершілдер гитлерюгенд аталды.

Сталинде жас сталиншілдер комсомол аталды.

Сталинді ресми түрде фюрер, ал Гитлерді көсем деп атайтын. Кешіріңіздер, Сталинді көсем, Гитлерді фюрер атады. Аудармасында екеуі де бірдей мағына береді.

Гитлер алып құрылыстарды жақсы көретін. Ол Берлинде әлемдегі ең үлкен ғимарат – Жиылыстар үйінің іргетасын қалатты. Жоба бойынша ғимараттың тек күмбезінің диаметрі – 250 метр. Басқы залы 150-180 мың адамға арналды.

Сталин де алып құрылыстарды ұнатты. Ол Мәскеуде әлемдегі ең үлкен құрылыс – Советтер Сарайын салуды қолға алды. Оның басқы залы кішілеу болғанымен есесіне өте биік етіп жобаланды. Биіктігі 400 метрлік ғимарат постамент рөлін атқарып, оның үстінде Лениннің жүз метрлік статуясы тұруға тиіс еді. Құрылыстың жалпы биіктігі 500 метр болып жоспарланды.

Берлиндегі Жиылыстар үйі мен Мәскеудегі Советтер Сарайының жобаларымен жұмыс қатар жүргізілді.

Гитлер Берлинді сүріп тастап орнына циклоптық құрылыстардан (өңделген алып тастардан қаланған) жаңа қала тұрғызуды жоспарлады.

Сталин де Мәскеуді сүріп тастап орнына циклоптық құрылыстардан жаңа қала салуды көздеді.

Германия үшін Гитлер сырттан келген бөгде адам болатын. Ол Австрияда туған, билікке келер сәтіне дейін герман азаматтығында жоқ еді.

Сталин де Ресей үшін бөгде адам саналатын. Ол орыс та, тіпті славян да емес еді.

Сталин өте сирек болса да, кейде шетелдік қонақтарды өзінің кремльдік пәтеріне шақыратын. Олар болса пәтердегі жадағай тіршілікке: жай үстел, шкаф, темір кереует, солдат жамылғысына айран-асыр болатын.

Гитлер болса баспасөзде өзінің тұрғын жайының суретін жариялауды тапсырған. Бүкіл әлем фюрердің тым қарапайым тіршілігіне таң қалған: жәй үстел, шкаф, темір кереует, солдат жамылғысы. Тек Сталиннің сұр одеялында қара жолақтар, ал Гитлердің сұр одеялында ақ жолақтар болыпты.

Ал Стекең жұрт көзінен оңаша, табиғаттың ертегідей әдемі жерлерінде өте ыңғайлы, мықты күзетілген қорған-резиденциялар салдыртқан, онысы сопылық тіршілікке мүлде ұқсамайтын.

Гитекең де табиғаты ғажайып оңаша жерлерде ешкім тұмсық сұға алмайтын қорған-бекіністер салды, гранит пен мраморды аяған емес. Онысы да құдай деген қарапайым тіршілікке ұқсамайтын.

Гитлердің сүйікті әйелі Гели Раубал одан 19 жас кіші еді. Сталиннің сүйікті әйелі Надежда Аллилуева одан 22 жас кіші болды. Гели Раубал өзіне өзі қол салған. Надежда Аллилуева да сөйтті.

Гели Раубал Гитлердің пистолетімен өзін өзі атып өлтірді.

Надежда Аллилуева өзін өзі Сталиннің пистолетімен атты.

Гели Раубалдың өлімі құпия болып қалды. Оны Гитлер өлтірді деген тұспал бар.

Надежда Аллилуеваның өлімі де толық ашылған жоқ. Оны Сталин өлтірді деген болжам бар.

Гитлердің сөзі бір басқа, ісі бір басқа болатын. Тура Сталин сияқты.

Гитлер өзінің билігін «Германия бейбітшілікті қалайды» деген ұранмен бастады. Көп ұзамай ол жарты Еуропаны басып алды.

Сталин болса елдің күшін де, қаражатын да аямай Еуропадағы «ұжымдық қауіпсіздік» үшін күресті. Бұдан кейін ол жарты Еуропаны басып алды.

Гитлерде – гестапо, Сталинде – НКВД.

Гитлерде – Освенцим, Бухенвальд, Дахау. Сталинде – ГУЛАГ, КАРЛАГ, АЛЖИР.

Гитлерде – Бабий Яр. Сталинде – Катынь.

Гитлер адамдарды миллиондап қырса, Сталин де адамдарды миллиондап қырды.

Гитлер қазақтарды Шыңғыс хан жасақтарының ұрпағы деп жек көрді.

Сталин де қазақтарды Алтын Орда мұрагерлері деп ұнатпайтын.

Гитлер кеудесіне ешқашан орден тақпайтын. Сталин де кеудесіне орден ілген емес.

Гитлер айырым белгісі жоқ, үнемі жартылай әскери формамен жүретін.

Сталин де айырым белгісіз, үнемі жартылай әскери формамен жүруді ұнататын.

Сталин сақал қоймайтын, бірақ оның әйгілі мұрты болды.

Гитлер де сақалсыз, бірақ оның да мұрын астында әйгілі мұрты болды.

Сонда айырмашылық неде?

Айырмашылық сонда мұрттарының формасында ғана екен.

Ең бастысы нацизм де, сталинизм де қазақ халқын қырудан аянған жоқ. Гитлершілдер соғыста жарты миллион қазақты жер жастандырса, сталиндік большевизм 10 млн қазақты жойып жіберді.

Марат Бәйділдаұлы,

Жазушы-публицист

Abai.kz

70 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434