Сенбі, 23 Қараша 2024
Қауіп еткеннен айтамын 5535 11 пікір 12 Мамыр, 2021 сағат 16:35

Қытайдың 56 зауыты – қазақтың соры!

Спикер туралы ақпарат:

Бағашар МҰҚАМЕТЖАНҰЛЫ, заңгер, заң танушы, аудармашы, Қытай танушы, ҚР BOLASHAQ  ғылым академиясының құқық зерттеуші қызыметкері, заң ғылымының магистрі.


– Бағашар Мұқаметжанұлы, алдымен өзіңізді оқырмандарға таныстыра кетсеңіз?

– Мен 1967 жылдың 26 желтоқсанда Шынжаң Іле қазақ автономиялы обылысы, Мұңғұлкүре ауданының Ерменті деген жерінде дүнйеге келдім. 1983 жылы шілдеге дейін ауылымдағы Түрген-Бұлақ мекетебінде толықсызды оқып, толық ортаны Мұңғұлкүре 1-орта мектебінде 1985 жылдың шілдесіне дейін жалғастырып, оны үздік тәмамдадым. Содан соң Түрген-Бұлақ мектебіне барып математика оқытушысы болдым. Менің алғашқы қоғамдық жұмысым осылай ұстаздықпен басталды. 1986 жылы қыркүйектен бастап, 1991 жылы шілдеге дейін Іле педагогикалық иниститутының (қазіргі Іле пед университеті) математика факультетінде оқып, баклавр болып шықтым. Жоғары білім алып ауылыма барғаннан кейін мекетепке өз мамандығым бойынша мұғалім және мектеп директоры болдым.
1993 жылы шілде айында ҚХР Мемлекеттік құқық қорғау органдарына кадр қабылдау бір тұтас емтиханына қатысып, емтиханнан көрнекті нәтижемен өтіп, әкімшілігі Құлжа қаласына орналасқан 4-дивизия Сотына судьия болып қызметке тұрдым.  Бұл облыс дәрежелі сот еді, бұнда мен жалғыз қазақ болып, қалың Қытай судьялармен бірге қылмыстық, азаматтық, әкімшілік, экономикалық, құқықтық қатарлы түрлі дау-шарларға араластым және шештім.

2008 жылы Қытайдың Бейжіңдегі Орталық партия мекетебінен заң мамандығы бойынша баклавр тәмададым. ҚХР Жоғары сотының маған берген «Толымды судья» деген сертификаты бар. Содан бастап Қытайдың мемлекеттік «Заң ғылымы» журналында қытай тілінде 200-ден артық ғылыми мақала жарияладым. 2009 жылы ҚХР Заң ғылымы қоғамының мүшесі болдым. Қытайдың телеарналарында, радиосында «Заң және замана» бағдарламасында халық бұқарасына үздікісіз заңнан кеңес беріп келдім.

Бейжіңдегі Орталық партия мектебін оқып келгеннен кейін қайда жұмыс істедіңіз? 

– Орталық партия мектебін оқып келгеннен кейін, қайтадан 4-дивизия Сотына келіп судьия болып жұмыс жасадым. 2011 жылы Іле қазақ автономиялы обылысының Әділет басқармасына заңгер болып ауысып бардым. Содан бастап мен 2019 жылға дейін аталған басқармада заңгер, құқық қорғаушы (адвокат) болып жұмыс жасадым.

– Атамекенге қай жылы оралдыңыз?

– 2019 жылы 14-қарашада тәуелсіз отаным Қазақстанға біржолата қоныс аудардым.

Ана-мынау емес, Қытайдағы бір облыстың заңгері бола тұрып, қалай қызметіңізді қиып тастап, елге оралдыңыз?

– «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», деп атам қазақ бекер айтпаған ғой, қанша жерден өзіңді мықты сезінгеніңмен өзге елдің аты өзге ел ғой, сол себепті «есіміздің барында елімізді табалық», деп келдік. Оның үстіне әке-шешем, бауыр-туыстарым ертеректе көшіп келген болатын. Әкем марқұм қайтыс болардан бір ай бұрын: «Балам, Қытайдағы қызметіңді тастап, елеге орал, немерелерімді үйіріне қос. Мына іні, қарындастарыңа өзің баскөз бол»,  деген болатын. Өйткені, отбасымыздың ең үлкені мен едім. Содан 2019 жылы қызметімді тастап, жүген-ноқтасын, ертұрманын сыпырып алған аттай болып, елге отбасымды көшіріп келдім.

– Әлеуметтік желілерден сіздің домбырамен ән айтқан видиоларыңызды жиі көріп қаламын, сіз әуес қой әншісісіз бе?

–  Менің бала кезден ән-күйге, өлең жазуға құмарлығым бар-тұғын. Сол сүтпен келіп, сүйкке біткен әдетімді тастай алмадым. Әннің мәтінін де, әуенін де өзім жазамын, өзім орындаймын. Бірақ кәсіпқой әнші емеспін, дейтұрғанмен ел көңілінен шығып жүрмін деп ойлаймын. Мен мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ өлеңдерім түрлі басылымдарда жарық көре бастады. Бұған дейін «Өртекес менің мекенім», «Біл қарағым», «Қара тауда ауылым», «Астанам менің», «Сүйемін мәңгі көк туды»  қатарлы   50-ден астам ән жазған екенмін. Мұның біразы орындалып, әлеуметтік желіде тарап жүр. Ән жинағымды баспаға дайындап қойдым, Құдай қаласа алдағы күндері жарық көре жатар. Шыны керек, өзімді тамаша сазгер санаймын.

Қазір немен айналысып жатырсыз?

– Қазір заңгер, заң танушы, Қытайтанушы, аудармашымын. Іле қазақ автономиялы облыстық Музыканттар қоғамының, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесімін. Қазақстан Жас жазушылар ассоциациясының сазгері, Қазақ қоғамы қайраткері марапатының иегері болдым. Қытайдың құқық туралы талдаулар және құқық даму тарихы энциклопедиясы сынды 5 томдық зерттеу еңбегімді жазып және «Қытайша-қазақша» заң терминология сөздігін құрастырып жатырмын. Бұлар Тәуелсіз еліміздің жоғары оқу орындарында оқулық ретінде және басқа түрлі құқық саласына тұшымды материал болады деп ойлаймын. Бұған дейін Қазақстанның әртүрлі заңдарымен танысып, ондағы олқылықтар мен бостықтарды толтыруға зерделі еңбектер жасауға құлшынудамын. Қазақстан Республикасы  «BOLASHAQ»  ғылым академиясының құқық зерттеуші қызыметкері, заң ғылымының магистрімін. Құдай қаласа келер жылы заң ғылымынан докторлық қорғаймын деп отырмын.

– Демек, сіз Қытайдың заңын өте жақсы білесіз, Қазақстан заңынан да құры алақан емессіз. Қытай жер реформасын қалай жүргізгені туралы қысқаша айта кетсеңіз? 

– 1949 жылы қазанның бірі Қытайдың коммунистік партиясы билікке келіп, өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін помещиктер мен байлардың қолындағы жерді тәркілеп, оны тұтастай мемлекетке қайтарып алып, оған мемлекет меншігіндегі коллектив меншігін негіз еткен еңбекші халық жерге меншіктенуге қолжетімді болу түзімі орнады. Еңбекші халық  мемлекеттің шынайы қожасы болу жүзеге асты, әрі ҚХР Конституциясында енгізілді. Бұл Маз Зыдуң дәуіріндегі бірінші реткі жер реформасы болатын.

Ал, Дың Шаупиң төраға болған Қытайдың екінші  ұрпақ көсемі билікке келгеннен кейін, Қытайдың негізгі мемлекет қайшылығын дәл басып тауып, бұрынғы есікті тарс бекітіп алған тұрпайы коммунистік түзімді үзілді- кесілді аяқтатып, барлық «солшылдық, оңшылдық» қателіктерді сын тезіне алып, «Халықты ауқаттандыру, мемлекетті құдіреттендірудің бірден-бір жолы – өндіргіш күштерді өркендету, ғылым-техника бірінші өндіргіш күш, сыртқа есікті айқара ашу, жерге шаруалар жеке бейбіт иелік ету, идеяны азат етіп, Қытай ерекшелігіндегі социализм құру» сынды ұлы стратегиялық  шешімін қабылдап, 1987 жылы Қытай қоғамында жаппай жерді шаруаларға келісім шарт арқылы үлестірді. Мысалы, малшыларға төрт маусымдық жайылым жер (көктеу, қыстау, күзеу, жайлау) беріп, малын алдына салды. Нақтылап айтқанда, әрбір отбасының напос саны (жан басы) бойынша суармалы егіншілік жер де берді. Бұл Қытайдың екінші реткі жер реформасы еді.

Осыдан он жыл өткізіп, 1997 жылға келгенде Қытайда үшінші реткі жер реформасы жүргізілді. Бұл 1987 жылғы жер реформасын бекемдеп, келісім шарттың уақытын ұзартып, қайта заңдастырды. Мәселен, жайылым жер 50 жылға, диқаншылық егіншілік жер 30 жылға, орман шаруашылық жер 70 жылға жалға беріліп, Қытайдың ауыл-қыстақ жерін (ауыл шаруашылық жерін) келісім шарт арқылы алу заңының 20-бабында арнаулы өзгеріс енгізілді.

Сөйтіп, 2002 жылы «ҚХР-ның ауыл-қыстақ жерін келісім шарт арқылы меншік құқығын жүргізу заңы» мақұлданып, 2002 жылы 29 тамызда 11- кезекіті бүкіл мемлекеттік Халық құрылтайының 10-реткі  тұрақты комитетінің мәжілісінде өзгеріс енгізілді.

2009 жылы және де өзгеріс енгізіліп, содан бастап ресми күшке енді. Ал ҚХР Жер кодексі 1986 жылы 25 маусымда мақұлданып 2004 жылы 20 тамызда мемлекет төрағасының 28-бұйырғымен күшке енді.

ҚХР Жер кодексі арнайы бөлек болып, осы Жер кодексін негіз еткен ауыл шаруашылық жерге шаруалардың меншіктену құқығының талаптарына сай  «Ауыл шаруашылық жерлерге келісім шарт арқылы меншік заңы» жасалады. Демек, осы заңмен қоса «Мүлік құқық заңы» бар, онда жалпы тұрақты мүлік пен қозғалатын мүлік меншік түрлері ондағы құқықтық борыштар т.б. заңды мәселелер арнаулы баптармен қорғалатын болады.

–  Бір мемлекеттің жер мен територияға иелік ету заңнамасын халықаралық нормаларға негізделіп түсіндіре кетсеңіз. Бұл қалай жүргізіледі?

– Халықаралық құқықтағы мемлекет дегеніміз – белгілі бір территорияда өмір сүруге тағайындалған және тәуелсіз өзіне-өзі қожалық құқық аясында біріктірілген адамдардың жиынтығы. Осы територияда мемлекет пайда болған екен, онда жер сол елдің қалыптасып, ел болып табан тіреп тұруының матриалдық негізі, әрі сол елдің ең жоғары билікті жүргізетін кеңістік екендігін түсіндік. «Опенин халықаралық құқығында» былай деп тұжырымдайды: «Адамдар өз егемендік үкіметіне қарасты жер учаскесіне қоныстанғаннан кейін барып шын мәніндегі мемлекет пайда болады».

1933 жылғы «Ұлттар құқықтары мен міндеттері туралы американдық конвенцияның» 1-бабында: Халықаралық тұлға ретінде мемлекет келесі шарттарға жауап беруі керек: «(1). Тұрақты халық; (2). Белгіленген територия; (3). Үкімет; (4). Басқа елдермен өзара қарым-қатынаста бола алу мүмкіндігі». Осы конвенцияның ережелері жалпы Халықаралық құқықтың күшіне ие емес, бірақ оның мемлекет құрылу шарттарына қатысты ережелері қалыптасуға сәйкес келеді. Көптеген ұлттық заң актілері конвенцияны мемлекет тұжырымдамасын талдау және зерттеу үшін шарттарды (немесе элементтерді) ұсыну үшін пайдаланады. Біз халықаралық құқықты құрайтын ел конвенцияда көрсетілген жоғарыдағы төрт шартқа немесе элементтерге жауап беруіміз керек, деп санаймыз. Осындағы екінші элемемент «Аумақ» немесе «Територия» – бұл халықтың ежелден қоныстанған жері, сонымен қатар бұл елдің ел болып сақталып тұруының материалдық негізі және ең жоғарғы құқықтарын жүзеге асыратын кеңістік болып саналады.

Сондықтан, елдің қалыптасуы белгілі бір территорияға ие болуы керек. Ағылшындар мұны «defined territory» деп атайды. Аумақтың мөлшері елдің бар-жоғына маңызды емес. Мәселен, Ресейдің аумағы 1707,54 шаршы шақырымды құрайды, бұл әлемдегі ең үлкен мемлекет, ал Монако Княздігі - небары 1,95 шаршы шақырымды құрайды.

Біз жоғардағы Халықаралық құқықтардың көрсетуі бойынша бір елдің жер мәселесі сол елдің ел болып қалыптасып тұруының матриалдық негізі және сол елдің ең жоғары билікті жүргізуінің кеңістігі екендігін анық көріп аламыз.

Жер әрқандай тәуелсіз елде сол мемлекеттің меншігінде болады, өйткені ол мемлекет болып қалыптасуындағы бірден бір элемент. Сондықтан жерге меншік әу баста мемлекет меншігінде болады, ол – тау, өзен, қөл, жазық жер, қағыр дала, орманды алқап, кен байлық т. б. қамтиды.

–  Ал Қытайдың жерді меншіктену құқығы қалай жүргізіліп отыр?    

– Меншік дегеніміз – бұл меншік иесінің заңға сәйкес өз мүлкіне иелік етуді, пайдалануды, пайда табуды және оған билік ету қатарлы тәсілдермен өзінің мүлкін ерекше бақылауға алу, меншік құқығына бөтеннің заңсыз килігуін шектейтінді көрсетеді. ҚХР «Мүлікке меншік құқық заңнамасыныңың 39-бабында» меншік иелері заңға сәйкес өзінің тұрақты мүлкі немесе жылжымалы мүлкін иеленуге, пайдалануға, пайда көруге және оған билік етуге құқылы» деп айқын жазылған. Азаматтық құқық теориясында меншік ұғымын келесідей үш түрлі ұқсамаған мағынада қолданылады: біріншіменшік құқық жүесі; екінші – меншік құқықтық қатынастар; үшінші – меншік иелерінің өз мүліктерне қарата заңдық құқықтары.

Меншік жүйесі дегеніміз –  бұл адамзат қоғамының өмір сүруінің негізі. Онда өндіріс құралдары кімге тиеселі екендігі және өндіріс құралдары өндіріс процессінде қалай қолданылатындығы туралы экономикалық жүйе болып саналады.

Меншік жүйесі екі аспектіні қамтиды: бірі – өндіріс құралдарына меншік; екіншісі – өндіріс құралдарын өндіріс процессінде нақтылы пайдалану. Мысалы, Қытайда ауылдық жерлерге ұжымдық меншік жүзеге асырылған. Бұл өзішіне екі аспектіні қамтиды: бірінші – «жер ұжымға тиеселі» екінші – «ұжымдық меншіктегі жер мердігерлермен нақты пайдалану үшін келісім шарыт арқылы фермерлер өндіріс процессі барысында жерден шынайы пайдалануы. Осы екі аспектінің жиынтығы, Қытайдың қазіргі кездегі ұжымдық меншігін құрайды. Жалпы айтқанда меншік, қондырма саласындағы құқықтық жүйе болып табылады.

Ал жеке меншік дегеніміз – жеке тұлғаның өзінің меншігіндегі мүлікті иелеу, пайдалану, пайда көру және оған билік ету сынды төрт элемент арқылы іске асырған көрінісі болып табылады. Бұл арада жерге болған жеке меншік деген атау дәл жоғардағы төрт түрлі элементті бір уақытта әзірлеген жағдайда жерге болған иедершілікті көрсетіп отыр, өйткені жер мемлекеттікі, оны меншік ұғымдарының аясында:

1) Жерге иелік ету, бұл жерді қоршап қорғау; 2) жерден пайдалану, жерді қалай жырту, суғару, бағып-баптау;  3) жерден пайда көру, бұл жерге түрлі дақылдар салу, шаруа қожалық жүргізу, т. б. тәсілдермен сол жерден өнген затты сатып, пайда көріу болып табылады. 4) соңында жерге ешкімді жолатпай жер куәлігін жасатып, басқалардың жерге кедергілік жасап жерден пайдалану құқығын бұзуға жол бермеу, өзіне тиеселі жерін жалға беру сынды жерге билік жүргізу болып табылады. Демек, жерге жеке меншік шын мәнінде болған емес болмайды да. Жеке меншік мүліктік құқық катогориясында тек тауар болған мүліктер бұның ішінде, мейлі тұрақты мүлік болсын, мейлі жылжымалы мүлік болсын тек адамзат өз қолымен өндіріп жасап базарда айырбасқа салынатын мүлікке ғана жеке меншік жүзеге асады. Ал жер сынды адамзат қолынан жасап алуға келмейтін, тауар болмайтын, айырбасқа, саудаға түспейтін бұл түрдегі мүлікке жеке меншік саналмайды.

– Қытайда жерді сату, жерді өмірбақи жеке меншікке беру деген бар ма?

– Жерді сату, жерді түбегейлі жеке меншікке беру деген Қытайда жоқ. Қытайда жер заңы қатаң орындалады әрі жер сату қылмыстық кодекске қылмыс болып енгізілген. Жердің пайдалану құнын бұзғандарға да қатаң қылмыс қарастырылған. Жерден пайдалану құқығы заңмен шынайы кепілдендірілген. Бұның барлығы биліктің заң орындау жағымен тығыз қатысты шаруа дегім келеді.

Қытай Халық Республикасы «Жер кодексінің» 2-бабында [жердің негізгі жүйесі] Қытай Халық Республикасы жерге социалистик қоғамдық меншікті яғни бүкіл халықтық меншік (ұлттық меншік) және еңбекші халықтың меншік түзімін жүзеге асырады» деп жазылған.

Бүкіл халықтық меншік дегеніміз – мемлекет меншігіндегі жерге меншік құқығын мемлекет атынан Мемлекеттік кеңес жүзеге асырады. Ешбір бөлімше немесе жеке тулға жерді өз бетінше иемденуге, сатуға, сатып алуға немесе басқа нысанда заңсыз беруге құқылы емес, Жерден пайдалану құқығын өткеремелеуі мүмкін деп белгілеген. Демек, бұдан әрбір аудан, ауылдың әкімдігі өзінің тәуелдігіндегі жерлерге ұжымдық меншікті жолға қойып, оны өз ауылы тұрғындарына келісім шарт арқылы жерге меншік құқығын жүзеге асырады. Осындай болғанда сол елдің халқы жерге толық қожалық жасай алған болады да кез келген Қытай азаматтарының өзіне тиеселі жері болады, жері жоқ шаруа қожалығы болмайды. Осы арқылы қарапайым халықтың тұрмысы күннен күнге көтеріліп, мемлекет құдыреттенеді.

Біздің елдікі секілді ана облыстан немесе мына қаладан келіп шұрайлы, құйқалы, жерінің асты-үсті балыққа толы жерді меншіктеніп алатын дөкейлер, шенеуніктер Қытайда да бар ма?

– Ондайлар атымен жоқ. Басқа облыстың, ауданның, ауылдың тұрғыны мына облыс, аудан, ауылға келіп жер пайдалана алмайды. Кез келген елді мекене  өз жер учаскелері өз аумағында  жоспарлы жерден пайдалану жобасын орындап, жерді заңсыз пайдалануға тиым салып отырады. Кім қайсы ауданға, облысқа тіркеледі, ол сол облыс ауданнан жер келісім шарыты арқылы жерге меншік құқығына қолжетімді бола алады.

Міне, осындай жолмен біздің елге де осындай заңдарды қабылдап облыс, аудан аттап кез келген аумақтан жер алатын заңсыз қаракеттердің тамырына балта шабуға болар еді.

– Қазақстанның Жер туралы заңына, үкіметтің жер басқаруына қандай ұсыныстар айтқан болар едіңіз?

– Әрбір облыс жер учаскелер қызметін ғылыми, жүйелі басқарып, әркімнің өз тәуелдігіндегі жердің жалпы жоспарын жасап, оның картасын сызып ке зкелген жекенің қолындағы АКТ-дегі жерлерді тұтастай картаға түсіріп, шегарасын айқындап компьютермен ғылыми басқарса бірінің жеріне бірі баса көктеп кірудің алдын алады, жер дау-шарлары туылмайды.

Қазір Қазақстанда жер тек аз ғана шенеуліктердің қолында болып, ол жерден меншіктенудің төрт элементтің ішіндегі жерден пайдалану, пайда көру деген екі элементін толық жүзеге асырмай отыр. Айталық, қазір пәлен жүз мың гектарлап алып алған жерлер бос жатыр, оны кім пайдасын көріп жатыр? Халық па, әлде мемлекет пе? Оның пайдасын ешкім көріп отырған жоқ. Осы арқылы жерге болған меншікте әділетсіздік орын алған.

Құқықтық теория бойынша жерге меншік жоғардағы төрт элемент бір уақытта әзірлеген жағдайда ғана жерге болған меншікті жүзеге асырған болады, сондықтан одан пайда көрмей құры иеленіп, билік жүргізіп, оған  ешкімді жолатпай қойғаннан оның меншік құқығы жүзеге аспайды. Оны мемлекет қайтарып алып, иелік құқығын басқаларға беру керек. Біздің айтып жүрген жер бос қалса, үкімет жерді қайтарып алады екен деген ұғым міне осыдан туындаған мәселе бекер сөз емес.

Қазақ елінде алдымен жерге жеке меншік шынайы жоқ болып, заң жүзінде күшке енуі керек. Жер реформасында мемлекет жалпы халық тең меншікке қол жетімдікке ие болуына кепілдік жасалуы керек. Яғни кез келген елді мекен тұрғыны жердің санаттары бойынша жерге меншік ете алатын болу тиіс. Ал қандастарға жер учаскісін беруде оның жұбайының Қазақстанға келу, келмеуіне қарамай қай жағы келіп азаматтық алған күні жер алуына рұқсат етілсе, шетелдікпен үйленген қазақстан азаматтарына, шетелдіктерге жер берілмесе, қалған баптарын іс жүзіне сәйкесті түзетуге болар еді. Ең маңыздысы жоғарыдағы жерге мемлекет меншік түзімі аясында жалпы халықтық меншік шынайы жүзеге асса, Тәуелсіз еліміздің халқы әлеуеттеніп, мемлекет құдыреттеніуге тағыда бір жол ашылған болар еді.

Жоғардағы жер және меншік оның ішіндегі жерге меншік тұралы теория бойынша қарағанда менің көзқарасым: жерді жеке меншікке беру дұрыс емес. Жерді тауар ретінде сатуға да болмайды, айырбасқа да салуға болмайды. Дүниедегі дамыған елдер бірегей ұстанған жол осындай. Жеріңді саттың, мемлекетті сатқанмен бірлей, өйткені жер мемлекетті құрайтын төрт элементтің бірі екендігін естен шығармағанымыз жөн!

Қытайдың 56 зауытының қазақ жеріне келуіне қалай қарайсыз?

– Бұл мәселеге халықаралық заңдар мен компания заңнамалары арқылы тереңдей жауап беру қажет. Дегенмен, қазірше айтарым жоғырыда халықарада басқа елдермен қарым-қатынас жасай алу қабілеті дегенді айттық, міне бұл сол елдің әмбебап әлеуетті ел екендігін әйгілейтін бірден бір бөгенайы еді.

Айталық, Қазақстан тәуелсіздік алғалы 30 жылда шетелдермен дипломатиялық, саяси, экономикалық қарым-қатынастарда өз шама-шарқымызды дүниеге таныта алдық па? Осы отыз жылда біз елдің ішкі өндірісі мен өнім құны, орта-шағын кәсіпорын саласында қандай бәсекелестік қуатымызды танытта алдық? Бар гәп дәл осында тұрған секілді. Бұны ішкерлей дәріптемесек те, жұртқа бұл бесенеден белгілі шаруа еді. Енді құқықтық теория бойынша әр елдің өзіне тән инвесторлар заңы болады, яғни бірлескен кәсіпорын заңы деп атаймыз. Мұнда жауапкершілігі шектеулі серіктігі шетелдерде халықарылық сауда келісімдеріне қатынасу бәсекесінде өз басымдылығын танытып, әрі қос елдің дипломатиялық қатынастарының жеңісті аяқ алысы сынды түрлі факторлардың ықпалымен шетелдермен сауда істестігін жасайды. Демек, Қытайдың 56 компаниясының Қазақстанға келіп затыт ашуы, екі елдің заңдарының жолы бойынша келісіммен шешілген болар. Мысалы, «Бір жол, бір белдеу», «Шаңхай ынтымақтастық ұйымы», «Ұлы Жібек жолы» деген секілді дипломатиялық жолдар т.б. бар. Бұл жоба екі ел мемлекет басшыларының келісімі мен қол қоюымен іске асып жатқан шаруа екені анық. Десе де, мұнда ескеретін жәйттер алдымен өз еліңнің озық техникасын бірлестіріп, шетелдің техникасымен селбесіп жаңа өнім құнын жарата алатын арнада жүрілуі тиіс. Ал қазіргі біздің елдегі шетелдік компаниялар  ондай жолмен келіп отырған жоқ, тек өз еліне пайда жеткізу мақсатында  қазақтың байлығын өз техникасымен өңдеп, оны басқа елдерге жоғары бағада саудалап, қазақты қарық қылған болып, екі алып биге шығып отыр. Бұл өтірік емес. Мысалы,  Атырау, Ақтау мұнай алаңдарындағы  мұнай мен газымызды біздің ел Қытай техникасымен бірігіп, селбесіп өндіріп жатқан жоқ, мәнерлеп жатқан жоқ. Тап таза Қытай компаниясы, техникасы онда жұмыс жасап отыр. Ол ол ма, қытайлық жұмысшаларға қарағанда, қазақ мұнайшыларына аз жалақы төлеп қан қақсатып жүр. Біз осыған шарасыз, шартсыз көніп отырмыз. Бұған кімдер мәжбүр етіп отыр? Әне сол билікте отырған ақ жағалылар. Сен шетелдің озық техникасын кіргіз бе емес кіргіз, бірақ халықаралық заңдар мен өз еліңнің заңдарына сәйкес елдің  аш- тоқтығымен санаса отырып,  жұмыс жасауың керек еді ғой?!

Бұл алдану мен алдап алу қатынасы шығар, не өз еліміздің билік басынан лайланған салдардың нәтижесі  шығар. Қалай десек те, қазақтың  Қытай мен болған бұл шаһмат ойнында, Қытай  бір жүріс пен қазақты мат қылып отыр. Бұл қасақана ма, әлде шаһмат ойын шеберлігінің әлсіздігі ме, оны түсіну қазір өте қиын?!

Мысалы, өте қарапайым дәлел айтсақ Қазақстанның Қытайда осы сияқты копаниялары бар ма, жоқ қой?.. Біз шетелдіктер секілді елімізде өндірілген, әлемге мақтанып көрсете алатындай неміз бар? Қытайдың жоғарыдағыдай жолдармен 56 компаниясының Қазақстанға келіп зауыт құрып, елдің еңсесін көтеріп, мемлекетті гүлдендіреді деу қисынсыз әрекет, есек дәме. Амалы жоқ билік соған көніп, келісіп отыр, бірақ халық бұған наразы. Енді келіп басқа салды, неде болса көреліктің күйін кешіп отыр.

 – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбетты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434