Сенбі, 23 Қараша 2024
4306 25 пікір 24 Мамыр, 2021 сағат 12:36

Одақтың бетін тырнағанда орақ шықпасын

21 мамыр күні Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер онлайн форматта бас қосты. Басқосуға бес мемлекет президенттері мен Одақтың құрметті төрағасы Н.Назарбаев, Еуразиялық экономикалық комиссия төрағасы мен Куба және Өзбекстан басшылары қатысты. Куба мен Өзбекстан одақта бақылаушы мемлекеттер статусындағы елдер болып саналады. 

Еуразиялық Одақтың Жоғары Кеңесінің отырысы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастады. Күн тәртібінде жалпы жиынтығы 15 мәселе көтерілді. Оның ішінде пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіру, азық-түлік тапшылығы мәселесі туындаса ортақтаса шешу, шекарадағы мәселелерді реттеу, салықты мәселесі мен жұмыс іздеуді жылдамдату және басқа мәселелер қаралды.

Отырыс барысында Армения премьер министрінің қызметін уақытша атқарушы Никол Пашинян Қазақстан президентінің тегін қате айтты. Ол Тоқаев деудің орнына «Токаевич» деді. Бұл кішігірім қателік болғанымен, шын мәнінде Қарабақ соғысында Қазақстанның Армениямен бір экономикалық және әскери одақта бола тұра нық позициясын көрсетпеуі, қазір Армениядағы Сюник облысының Сев көлі маңындағы армян-әзербайжан жасақтарының тартысына байланысты айқын мәлімдеме жасамауына байланысты айтылған «саяси реніш» сынды көрінді.

Жиында әр ел өзіне қажетті мәселені көтеріп, соны шешіп алуға тырыспақ болды. Мысалы Өзбекстан президенті Мирзиеев отырыс барысында «одаққа мүше елдер мен оған бақылаушы статусындағы елдер арасында әуе және теміржол байланысын қалпына келтірсек», деген ұсыныс жасады. Бұл Ташкент үшін аса маңызды мәселе. Себебі пандемия салдарынан еңбек мигранттары Өзбекстаннан сыртқа көп көлемде шыға алмай, ішкі тұрақсыздық артуда. Ал Ташкентке сырт елден ақша ағылуы азайды. Бұл халық арасындағы жұмыссыздықтың артуына әкелуде. Қазақстан арқылы Ресейге баратын еңбек мигранттары да пандемия салдарынан жұмыссыз қалды.

Беларусь басшысы Лукашенко тіпті саяси қауіпті ұсыныс жасады. «Одақ мүшелері арасындағы сауданы доллармен емес, одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық валютасымен жасайық», деді. Бұл ұсынысын ол одақ үшін сыртқы ықпалдан сақтану мақсатында тиімді болмақ деп түсіндірді. Алайда бұл ұсыныстың саяси қаупін де ескерген дұрыс. Доллардан бас тарту АҚШ билігі мен ұстанымына қарсылық ретінде де бағаланатыны анық. Ал көпвекторлы саясат ұстанатын Қазақстан үшін ол қажет емес. Доллардан бас тарту арқылы бастапқыда ұлттық валютамен сауда жасап, артынша одақ ішінде ортақ валюта құрайық дейтіндер де көбейетіні анық. Сондықтан бұл ұсыныстың экономикалық тиімділікке қарағанда, саяси тәуекелі көп екені байқалып тұр.

Ал Елбасы одақтың интеграциялық процесіне қарсы күштер барын айтты. «Қауіпсіздік мәселелері бірінші орынға шығады. Бұл азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыздандырудан бастап, цифрлық, қаржылық, физикалық инфрақұрылымның қауіпсіздігіне дейінгі көптеген мәселелерді қамтитыны анық. Кейбір елдер өздеріне қарай тарта бастайды. Салдарынан мемлекетаралық қатынастардың шиеленісуі, сауданың нашарлауы және өзара кедергілердің артуы байқалады. Біз жаһандық сипаттағы сынақтан және біздің одақтың белгілі бір аймақтарында мезгіл-мезгіл кездесетін ерекше сыртқы қысымынан сәтті өттік. Біздің аймақта тығыз интеграциялануды қаламайтын күштер бар. Біз мұндай көзқарасқа ермеуіміз керек. Мұның соңы қалай аяқталатынын біз бірнеше рет көрдік», деді Елбасы.

Сондай-ақ Н.Назарбаев бұл одақтың жұмысына Шанхай ынтымақтастық ұйымын да кірістіру керектігін айтты.

«Жақын жылдарда дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың нарығын толық құру қажет. Екіншісі – азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіп саясаты. Бұл бағыттағы кооперацияны жеделдетіп, азық-түлік тапшылығына жол бермей, бүкіл кеңістікте бизнестің дамуына мүмкіндік жасаған абзал. Сарапшылардың айтуынша, осы жылдары банктерде қалыптасқан 10 триллиондық инфляция жалпы инфляция туындатады. ЕАЭО-ның әлеуетін Еуропа мен Азия нарығының арасындағы көпір ретінде пайдалану ұсынысы әлі өзекті. Біздің одақта өз аумағымыздағы елдердің тұрғындарын қамтамасыз ететіндей бәрі бар. Тек дұрыс жоспарлап, дұрыс кооперацияны жолға қойып, дұрыс байланыс орнату арқылы өз аумағымызда бар дүниемен өзге елдерді қамтамасыз етуіміз керек. Жуықта азық-түлік тапшылығын міндетті түрде сезінеміз. Сыртқы байланыстар маңызды. Бұған дейінгі отырыстарда айтқанымыздай, Еуропа мен Азия нарықтарының сауда көпірі жобасын іске асырып, бұл іске Шанхай ынтымақтастық ұйымын да кірістіруіміз керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыс барысында вакцинамен көмек беру мәселесі де талқыланды. Бұл бір жақты мәселе. Себебі одақта тек қана Ресейдің өз вакцинасын беруге мүмкіндігі бар. Демек Мәскеуге деген тәуелділік артады. Ал ұсынысты жасаған да сол Мәскеу, яғни Путин.

Әр отырыстан кейін одақта айтылатын ұсыныстар экономикалық сипаттан ауытқып, саяси форматқа жылжып барады. Бұл біз үшін қауіпті. Ресми Нұр-Сұлтан одақ тек қана экономикалық сипатта болуы тиіс деген ұстаныммен келеді. 2025 жылға дейін алғашқы стратегиялық құжат іске асуы тиіс. Бұл одақтың бетін тырнасаң орақ шығады. Балға мен орақ. «КСРО-ны қалпына келтірсем» деген Мәскеудің асқақ арманының иісі аңқиды. Қазақстан ол қақпанға түспеуі тиіс.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

 

25 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371