Өмір шындығына айналған утопия
Басы: Оралғандар елі – Израиль
Жалғасы: Босқындық өмір. Отансыз тағдыр
Жалғасы: Қиялдан шындыққа дейін...
Жалғасы: Тәуелсіздікті қорғау жолындағы шайқастар...
Жалғасы: Тәуелсіз Израильдің көші-қоны
ТАҢҒАЖАЙЫП ТАБЫСТАР
ХІХ ғасырдың соңында АҚШ-тың әйгілі жазушысы Марк Твен қазіргі Израиль мемлекеті тұрған Палестинаға сапар шегеді. Оның арманы Інжілде суреттелген «барлық жерде сүт пен бал ағып жатқан» дәулеті тасыған Палестинаны көргісі келіп еді. Өкінішке қарай оның көргені азып-тозып, жүдеп-жадаған арабтар мен тозған лашықтар болды. Ерте заманда суреттелетін шұрайлы жайылымдардың тамтығы да қалмаған. Тұяқ кесті боп тозып, жон арқасы жауыр болған сүреңсіз қыраттар, күтім көрмей бүлінген атыз-арықтар мен тоғандар, бір дәуірдегі шұрайлы егістіктердің тамтығы да қалмаған екен. Шыбын-шіркей құжынап жатқан шалшық сулы, күлімсі исі мұрынды жаратын саздар, оталған ормандар, таз қалпына түскен беткейлер, су орып кеткен жырашықтар, ыстығы бетті қаритын құм ұшырған дауылды борандар - осы бір қадірменді қонақты «жын-жайлаған» осы жерден тезірек кетіруге асықтырып тұрғандай көрінді. «Бұл жерде есте жоқ ерте заманда дәурендеген патшалықтар өмір сүріпті, Сүлеймен Пайғамбар салдырған таңғажайып ғимараттар мен сәнді сарайлар болыпты, сауда қызып, өмір қайнап жатады екен» дегенге жан баласы сенбес еді. Ұлы жазушы қатты түршігіп, торығып қайтты. Бұл туралы ол өз сапар естелігінде былай деп жазды:
«...Барлық құты қашқан сүренсіз мекендердің ішінде, меніңше, Палестина бірінші орын алуға тиіс... Кісіге үміт сыйламайтын, адамдарды қарадай қасіретке батыратын жер сорлысы осы екен...»
Ұлы жазушы Марк Твен Палестинамен осылай қоштасқан болатын. Осыдан тұп-тура бір ғасыр өткенде еңбекқор, жасампаз еврейлердің қолымен бұл дала мүлде жасарып, жайнап, құлпырып шыға келді. Бір кездері сазды батпақтан түрлі індеттер тарайтын жерлердегі су қайнарлары өз арнасын тауып, сан мыңдаған гектарлық шұрайлы атыздарға айналды. Таз таулар мен жалаңаш қыраттар орманмен көмкерілді. Тіпті, әлмисақтан осындай ит тұмысығы өтпейтін орман осы арада өсіп тұрған ба деп қаласың. Тақтайдай күре жолдың екі жағында ұқыптап бапталған егіс атыздары мен жеміс бақшаларына көз жетпейді. Құмды шөлейттегі жасыл алқаптардың өзі көз жауын алады. Толықсыған бау-бақшалар мен шұрайлы атыздардың суреті шебер қолдан шыққан әсем туындыға ұқсайды. Орта-шығыстың қуаң тартқан сүреңсіз табиғатына көзі үйренген шет елдік туристер Израиль жеріне келгенде көздері жайнап, рухы көтеріліп қалады екен. Израиль халқының небәрі 5-ақ пайызын құрайтын еврей диқандарының күллі Израильдің қарнын тойдырудан тыс, Еуропаға да түрлі-түсті, сапалы ауыл шаруашылық өнімдерін экспорт етіп отырғанын білген кезде таң қалмасқа шара қалмайды. Қазіргі күнде Израиль ауыл шаруашылық өнімдерін де өзін толығыменен қамтамсыз етумен бірге өнеркәсіп саласында да әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы, нәзік және тек жоғары технологияның мүмкіндігімен ғана жасалатын өнімдерді шығарып, өз экономикасын жылына орта есеппен 9%-дан кем емес қарқынмен дамытып келеді. 2019 жылғы ресми санақ бойынша Израильдің жан басына шаққандағы ұлттық кірісі 56 600 долларға жетіп отыр. Бұл орта-шығыстағы мұнайсыз Израиль үшін дамуы ең тез және ең бай елдердің біріне айналғандығынан дерек береді. Әлемдік қауымдастықта Израильдің дамуын ғаламдық экономиканың ғажайыптарының қатарына жатқызады. Бұл жерде адамдарға терең ой салатын мұндай жетістік Израильдің жан саны үздіксіз көбейіп, ондаған еселенген жағдайда және айналадағы анталаған жаумен соғыс жағдайында тұрғандағы жетістігі. Мұндай таңғажайып жетістік күллі әлемге сырлы құпияларға толы болып көрінуі мүмкін. Әлем ғалымдары Израиль дамуының терең сырына үңіліп, көптеген бағалы еңбектер жазды. Біз алдағы тарауларда Израиль дамуының қыр-сырын өз әлімізше талдап көрмекпіз.
ӨМІР ШЫНДЫҒЫНА АЙНАЛҒАН УТОПИЯ
Утопия – Англиялық әйгілі жазушы Томас Мордың 1516 жылғы жазған шығармасындағы қиялдар әлеміндегі қоғамның аты. Ол армандаған қоғамның ерекшелігі өмірде бардың барлығы қоғамдық ортақ меншікке айналуға тиіс. Адамдар ұжымдық еңбек етеді, ұжымдық тұрмыс кешіреді, қажетіне қарай тұтынатын бөліс түзімі жүзеге асырылады деген сияқты арман-қиялдардан тұрады. Сол кезгі адамдар утопияны тек қана қиялдағы әлем деп ойлайтын. Оның өмір шындығына айналатындағына ешкім де сенген жоқ. 1824 жылы Англиялық қияли социализм авторларының бірі Роберт Оуэн утопияның формасына саятын «жаңа берекелі ауыл» құрған болатын. Бірақ, көп өтпей капитализмнің дүлей тасқынының астында тұншығып, өшіп жоғалды. Ал ХХ ғасырдың басында адамдар Палестинадағы еврей қоныстарынан «жаңа берекелі ауылға» өте ұқсайтын «Кубиц» деген елді-мекеннің құрылғандығына куә болды. Олар табысты жұмыс істеп тұр екен. Тіпті, жүздеген жыл өтсе де өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Ол бізге қиялдың да өмір шындығына айналатындығын дәлелдеп тұрғандай болады. Бұған қоса, күллі батыс пен шығыста кездеспейтін, тек қана Израильде бар қоғамдық-экономикалық ұйым-«Израиль жұмысшыларының бас ұйымы» бар. Оның ерекше рөлі адамдарды таң-тамаша етеді. Израиль қоғамымен жете танысқан адам Израильдегі «кубиц», «Израиль бас жұмысшылар ұйымы» және мемлекет игілігіндегі жалпы халықтық меншіктегі экономикалық құрылымдардың табысты жұмыс істеп тұрғандығына көз жеткізе алады. Оның Израильдің жалпы халықтық шаруашылығындағы үлесі 50% асып жығылады. Оларды көз бояу үшін жасап қойған бірдеңелер деп ойламаңыз. Олар шын мәнінде Израиль экономикасының тірегі және ең негізгі қуатты күші саналады. Ғалымдар Израиль экономикасын терең зерттей отырып, оның да сырын бізге ашып береді. Израильдің аса қуатты жалпы халықтық меншіктегі экономикасының құрылуында терең тарихи артқы көрініс бар. Нақтылап айтқанда, еврей мемлекетшілдерінің қозғалысы мен социалистік сана-сезімнің Палестина жеріндегі ерекше жағдайдың туындысы екен.
ХІХ ғасырдың соңында және ХХ ғасырдың басында еврей мемлекетшілдер қозғалысының басты мұраты Израиль жерінде өздерінің ұлттық мемлекетін қайта түлету болды. Осы қозғалыс дәурендеп тұрған шағында бүкіл әлемде, әсіресе, дамыған батыстағы капиталистік елдерде пролетариаттың төңкерісі қарқынды өршіді. Ал отар елдерде ұлт-азаттық қозғалыстар да ерекше серпін алды. Сол себепті, Палестина жерінде алғаш шаңырақ көтерген еврей қоныстарында сол дәуірдің ерекшеліктері айқын таңбаланып қалды. Олар бостандыққа, демократияға және теңдікке ерекше құштар болды.
Сол кездегі еврей мемлекетшілдер қозғалысының көсемдері, әсіресе, ХХ ғасырдың басында Палестинаға барып, өз қолдарымен еврей қоныстарын құрысқан көшбасшылардың көбі Ресей мен шығыс Еуропа елдерінен барғандар болатын. Сол дәуірде сол елдердегі жұмысшылар қоғалысы мен социалистік төңкерістер оларды қатты қызықтыратын. Олардың көбі еңбекті қадір тұтып, адамдардың теңдігіне кепілдік беретін социалистік қоғам орнату ғана еврей халқын азап пен тозақтан құтқарады дегенге имандай сенді. Еврей мемлекетшілдер қозғалысының рухани көсемдерінің бірі Ресейлік еврей жазушысы Гольдон құн көзқарас тұрғысынан тарихи тәжірибе сабақтарды қорытындылай келіп: «Еврейлер 2000 жылға созылған босқындық өмірінде тек сауда және өсімқорлықты кәсіп еткендіктен дене еңбегіне менсінбей қарайтын азғындаған ұлтқа айналып кетті. Сол себепті, еврейлер өздері өмір сүрген қоғамға сіңісе алмайды. Тіпті, табан ет, маңдай терімен өмір сүруге құлықсыз» - деп жазды. Гольдон қатарлылардың еңбек-құн көзқарасы сол кездегі еврей мемлекетшілдеріне ықпалы ғаламат болды. Олар топ-топ болып, Палестинаға қоныс аударушы еврейлерге басынан бастап мынадай шартты шегелеп бекітетін. Қоныс аударушылар өз қолдарымен кетпен-күрек ұстап еңбек етуді әркім өздерінен бастау керек. Адам жалдап, басқалардың еңбегінен күн көруге болмайды. Сол кездегі олардың ұраны: «Біз өз күшімізбен осы мекенді өзгертеміз. Сонымен бірге осы мекен арқылы өзімізді де өзгертеміз» болды.
Әйгілі еврей мемлекетшілдерінің бірі Наман Хилкин өз шығармасында болашақ еврей мемлекетінде ішкі қоғамдық қайшылықтардың болмауын армандап: «Еврей мемлекеті, сөз жоқ, социалистік болуға тиіс. Әйтпесе ол өмір сүре алмайды, жойылып кетеді» - деп сәуегейсіді. Сол кездегі ойшылдардың еңбек-құн көзқарасы мен социалистік идеяларының әсерінен еврей қоныс аударушылары жалпы халықтық меншіктегі экономикалық түзімге қарай бет түзеді. Сол кездегі Палестина аумағындағы ерекше қоғамдық ортада еврейлердің тек қана топтасып өмір сүріп, кубиц сияқты қоғамдық-экономикалық ұйымдардың ерекше үлгісін қалыптастыруы заңды да еді. Онсыз олар өздерін қорғауға шарасыз болатын.
Сол дәуірдегі Палестина аумағының жаратылыстық шарт-жағдайы мен қоғамдық ортасы еврейлердің егіншілік қимылдарына мүлде тиімсіз болды. Себебі, мыңдаған жылға созылған соғыс өрті мен жат жұрттардың қасақана бүлдіруінен аймақтың экологиялық тепе-теңдігі қатты ойрандалып еді. Егіс алқаптары азып, жайылымдар тозып кеткен. Жер құнары азып, шұрайлы атыздар құмды шөлейттерге айналып кетіп еді. Онсыз да бұл аймақ жаратылысынан жауын-шашын аз, қағыр мекен болатын. Сол себепті, әлмисақтан-ақ түгін тартсаң, майы шығатын жер еді деп айтуға келмейтін. Бір қызығы, Інжілде «барлық жерде сүт пен бал ағып жатқан» құт мекен ретінде суреттеледі. Еврейлер бұл араға келісімен жерлерді көптеп сатып ала бастады. Бірақ, «адам жалдасаң – қанаушы боласың» деген Маркстік сандырақтың кесірінен арабтарды жалшылыққа алудан бас тартатын. Мұның ақыры арабтардың күдік-күмәні мен жаулық пиғылын асқындырып, екі жақ үнемі жер шекарасы, мал бағатын жайылымдық жерлер үшін қақтығысып, жиі қырқысып жататын. Еврейлерді майталман диқандар деуге келмейді. Олар Палестинаға келуден бұрын егіншіліктің не екенін де білмейтін. Сонда да ізденіс пен жанкештіліктің арқасында егіншілктің қыр-сырын өз әлдерінше меңгеріп алды. Әрине, табиғи апаттардың кесірінен тұмсығы тасқа тиіп, еккен егіндерінен түйір дән алмаған кездері де болды. Тіпті, салы суға кетіп, кері көшкендердің қатары да аз болған жоқ. Олар солтүстік Америка мен Латын Америкасына кетіп, сол жақта тіршілігін жалғастырды. Аз сандылары сатып алған жерлерге араб кедейлерін жалдап, жер иесінің қожасына айналды.
Бұл жағдай еврей мемлекетшілдерінің көсемдерін қатты абыржытты. Егер осылай кете берсе, Палестинаны өз мекендеріне айналдыру арманы құрдымға кетері даусыз еді. Сол себепті олар бытырай қоныстанып, жеке шаруашылықпен айналысудың тиімсіз екендігін, ұжымдасып, көп болып жұмылып, қиындықтарды жеңуге болады деп сенді.
Сонымен, 1909 жылы тұңғыш реткі жаңа типтегі ауыл шаруашылық ұжымдық шаруашылық кибуц өмірге келді. Кибуц ирбит тілінде «топ, ұжым, қауым» дегенді білдіретін. Кейін «ұжымдық қоныстар» деген ұғым беретін болды. Кейбір аудармаларда кибуцты баяғы кеңестік колхоз-совхоз деген мағынада түсіндіретіндер бар. Бірақ, кибуцтың өндіріс тәсіліндегі ортақ меншіктену дәрежесі колхоз-совхоздардан әлдеқайда жоғары болды. Кибуцтың өндірістік тәсілі, өндіріс құрал-жабдықтары түп-түгел халықтық меншікте. Олар ұжымдық өндіріспен шұғылданады. Тіпті, ұжымдық тұрмыс кешіреді. Әркім қабілетіне қарай істейді, қажетіне қарай иеліктенеді - тең құқылы адами қатынас және демократиялық басқару түзімі. Кибуцте ортақ меншік деген ұғым түбірімен орнығып, жеке меншікке ине шаншар орын да қалмаған. Оның мүшелерінің құн көзқарасында «тек осы ұжым үшін тер төкесең болды - бұл біздің ортақ игілігіміз» деген ұғым ғана болды. Әуелі десеңіз, мұндай ұжымдарда ақша деген атымен болмайды. Отбасыңа қонақ шақырып, жеке қазан көтеру деген де жоқ. Бұл жерде жеке адамдардың арман-тілегі ескерусіз қалады. Тіпті, оның ұжымдық көзқарасы есте жоқ ерте замандағы Грекияның спартандықтарынан да асып түседі. Мұның ең айқын көрінісі балалардың өзі ата-аналарымен бірге тұрмайды. Олар қаршадайынан өз құрдастарымен бірге өседі.
Әрине, қоныс аударушылардың бәрі мұндай тұрмысқа көндіге бермейді. Көптеген адамдар өз алдына өндіріспен шұғылданып, қалыпты отбасылық тұрмысы болғанын қалады. Сонымен, тағы бір түрдегі «мошав» деп аталатын ауыл шаруашылық өндіріс ұжымы да қанатын кеңге жайды. 1921 жылы Тезрили өзені аңғарынан бірінші реткі «нахала» деп аталатын мошав құрылды. Мошавтың ерекшелігі ұжымның әрбір мүшесі өз міндетін жеке орындау негізінде өзара бір-біріне көмектесіп, селбесудей өндірістік қатынас қалыптасты. Бірақ, жер ешкімге жеке меншікке берілмейтін - ол мемлекеттің меншігінде қала береді. Ал жеке адам одан белгілі мерзімге жалға ала алады. Мошавтар өндіріс және өндірген өнімді сату жағында ерекше икемді және табысты болды. Ол жапондардың ауыл шаруашылық бірлестіктеріне көбірек ұқсайды. Әркім өндірген өнім оның өзіне тиесілі болуы мошавтың ең үлкен ерекшелігі саналады. Оның кибуцқа ұқсайтын жері мошавтың еңбеккерлері де тікелей өзі еңбек етеді. Және басқаларды жалдап, қанауға жол берілмейді.
Ғасырларға созылған осындай еңбек ұжымдарының дамуы, дау жоқ, табысты болды. 1989 жылы Израильде 270 кибуц болып, онда 120 мың адам еңбек етті. Ал 1987 жылы мошавтардың саны 458-ге жетіп, оның мүшелері 115 мың адамды құрады. Ал осы еңбек ұжымдары мемлекеттен жалға алған жердің аумағы бір-бірінен онша парықталмайды. 1985 жылы кибуцтар иеленген жер аумағы 35% болса, мошавтар 33% жерді иеленген. Ал мемлекетке үлесін айтсақ, кибуцтардың үлесі қомақтырақ деуге болады.
Ұзақ жылғы ізденістердің нәтижесінде кибуцтар мен мошавтар мемлекеттің 68% жеріне иелік етіп, бес-ақ пайыз еңбек күшпен Израильдің 80% астам ауыл шаруашылық өнімдерін және 50% ауыл шаруашылық өнімдер экспортын қамтамасыз етіп отыр. Сол кездегі санақ бойынша, ол тұтас халық шаруашылығының 5% тең. Бірақ, қазір оның кәсіпкерлік аумағы өнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету салаларына дейін кеңейіп, ауыл шаруашылық өңдеу өнеркәсібі және сауданың біртұтас кешеніне айналып отыр.
Егер кибуцты ауыл шаруашылық саласындағы типтік жалпы халықтық меншіктегі экономика десек, Израиль бас жұмысшылар ұйымы өнеркәсіп саласындағы жалпы халықтық меншіктегі экономиканың өкілдері саналады. Израиль мемлекеті құрылуынан бұрын және мемлекет құрылған алғашқы жылдарда Израиль бас жұмысшылар ұйымы «еврейлердің бас жұмысшылар ұйымы» деп аталатын. Оның заң жүзіндегі толық атауы – «Палестина аймағындағы еврей жұмысшыларының бас ұйымы». Израильде адамдар Беэр-Шева қалашығының қайда орналасқанын білмеуі де мүмкін. Бірақ, ер-әйел, кәрі-жас демей, Израиль бас жұмысшылар ұйымының не екенін, оның бас штабы мен жергілікті бөлімшелерінің қайда орналасқандығын дөп басып айта алады. Себебі, Израиль бас жұмысшылар ұйымы адамдардың өмір сүруі, қартаюы, ауыруы, тіпті, өліміне дейінгі мәселелердің бәріне жауап береді. Дәл осы себептен де, мемлекет құрылған алғашқы жылдарда Израиль бас жұмысшылар ұйымын адамдар «мемлекет ішіндегі мемлекет» деп атайтын. Саяси әзілкештер оның бас штабын Тель-Авивтегі «Кремль» деп әзілдейді.
Осы әзілден-ақ адамдар Израиль бас жұмысшылар ұйымының құрылуындағы мақсат-мұраттарын түсініп-жете алады. Еврей бас жұмысшылар ұйымы екінші және үшінші толқындағы еврей қоныс аударушылар тарабынан 1920 жылы құрылған болатын. Оның көшбасшылары Палестинадағы еврей қоныстарының тұрғындары «ишувтердің» (еврей халқының жиынтық атауы) көсемдерімен бірге аталады. Израильдің тұңғыш премьер-министрі Давид Бен-Гурион осы ұйымның тұңғыш бас хатшысы болды. Сол кезде олар болашақ Израиль мемлекетін еврей халқы еңбекшілерінің республикасы етіп құрып шығамыз деп жар салатын. Демек, еңбекші тап – жұмысшылар мемлекеттің қожасы болады дейтін. Сол себепті, еврей жұмысшыларының бас ұйымы құрылған күннен бастап, тек қана жұмысшылар қозғалысымен айналысатын жұмысшылардың ұйымы болған жоқ. Ол еврей мемлекетшілдері мен социализмшілердің қоғамдық ұйымы, әрі экономикалық ұйым болып қалыптасты.
Ол дәуірде Палестинада айта қоярлықтай өнеркәсіп те, өнеркәсіппен шұғылданатын капиталистер де болған жоқ. Сол себепті, еврей бас жұмысшылар ұйымы Израильдегі алғашқы өнеркәсіп ошақтарын өздері құрып, жұмысшы табын өздері өсіріп шығарды. Былайша айтқанда, еврей жұмысшыларының бас ұйымы халықарадағы жұмысшылар қозғалысының қалыпты үрдісін мүлде кері айналдырып, ең алдымен жұмысшылары жоқ жұмысшылардың бас ұйымын құру арқылы өңдеуші өнеркәсіптерін құрды және дамытты. Демек, Израиль бас жұмысшылар ұйымы аталған өндіріс орындарының шынайы қожаларына айналды. Әлемдегі еврей ұйымдарының ерекше қолдап-қуаттауының арқасында еврей бас жұмысшылар ұйымы қысқа ғана уақытта көптеген өндіріс орындарын құрып, миллиардтаған АҚШ долларына тең капиталды топтап үлгерді. Сондай-ақ, өз жұмыстарын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, қаржы, құрылыс, тұрғын үй, транспорт, мәдениет, спорт, білім беру, денсаулық сақтау және қоғамдық қамсыздандыру қатарлы сан-салаға қанат жайдырды. Олар бір қолымен экономикалық құрылысты қарқынды дамытса, тағы бір қолымен мемлекет құру қозғалысын жан сала жүргізді. Егер дәл осы ұйымның жан кешті тырысшаңдығы болмағанда, Израиль мемлекеті 1948 жылы шаңырақ көтермеуі де мүмкін еді.
Бүгінгі күнде Израильдің 75% кәсіпкерлері мен 90% жұмысшылары Израиль бас жұмысшылар ұйымның мүшелері саналады. Егер бір жұмысшы Израиль бас жұмысшылар ұйымының жергілікті бөлімшелеріне мүше болып тіркелсе, оның отбасы мүшелері де табиғи түрде аталған ұйымға мүше болып, оның барлық жеңілдіктері мен қамқорлықтарынан игіліктене алады. Қазір Израиль бас жұмысшылар ұйымының мүшелері миллиондаған адамды құрайды. 1970 жылдардың соңынан бастап аталған ұйым Израильдегі басқа да этнос өкілдерін мүшелікке қабылдай бастады. Қазір 68% Израильдегі арабтар мен друздар осы ұйымға мүше болып қабылданған.
Израиль бас жұмысшылар ұйымына қарасты кәсіпорындардың жалпы халықтық меншіктегі ерекшеліктері айқын көрінеді. Бірінші - өндіріс материалдары түгелімен халықты ортақ меншігі саналады. Демек, ондағы бардың барлығы да осы ұйым мүшелерінің ортақ меншігі. Бас жұмысшылар ұйымының жетекшілерінің оны меншіктенуіне, өз бетінше жұмсауына рұқсат жоқ. Тіпті, олар кәсіпорынның акциясының да иегері атануына болмайды. Екінші – еңбеккерлер өзара қарым-қатынаста тең құқылы. Израиль бас жұмысшылар ұйымы өз жарғысына сәйкес тек қана «өз еңбегі арқылы өз бетімен күн көретін, адам жалдамайтын» адамдарды ғана мүшелікке қабылдайды. Басқарушы кадрлар демократиялық жолмен ашық сайланады немесе жоғары сатыдағы жұмысшылар ұйымы тарабынан жіберіледі. Үшінші – қажетіне қарай және еңбегіне қарай бөліс принципі қолданылады. Израиль бас жұмысшылар ұйымы алғаш құрылған кезде күнделікті тіршілікке жететін тұрмыстық заттарды үлестіріп отыратын. Қазір еңбегіне қарай ақы алатын бөліс принципі қолданылады. Жұмысшылар ұйымының мүшелерінің кірістері айтарлықтай парықты емес. Төртінші – жұмысшылар демократиялық басқару тәртібінің негізінде басқару ісіне тікелей араласа алады. Израиль бас жұмысшылар ұйымының кәсіпорындарында дерлік жұмысшылар ұйымының бөлімшесі жұмыс істейді. Олар кәсіпорынның күнделікті тірлігіне, шешімдеріне араласып, бақылап отырады. Демек, ондай жұмысшылар ұйымы авторитарлық мемлекеттердегідей аты бар, заты жоқ көз алдайтын ұйымдардың санатына жатпайды.
Израиль бас жұмысшылар ұйымының кәсіпорындары өндірген өнім тұтас Израиль халық шаруашылығы жалпы өнім құнының 25% иелейді. Мұның ішінде ауыл шаруашылығы өнімінің 87%-ын өнеркәсіп өнімдерінің 30%-на иелік етеді. Ал құрылыс саласындағы үлесі 10% асып жығылады. Олар ауыл шаруашылық өнімдерін сату, ауыл шаруашылық өндірісіне қызмет көрсету және қатынас-транспорт жағына мүлде басымдыққа ие болудан тыс, қаржы саласында күллі Израильдегі екінші үлкен банк – «жұмысшылар банкіне» де иелік етеді. Бәрінен де әйгілісі - Израиль бас жұмысшылар ұйымының қолында күллі Израильдегі денсаулық сақтау мен індеттің алдын алудың ең алып жүйесі – «жұмысшы сырқаттанушылардың қорына» иелік етеді. Бұл құрылым күллі Израиль халқының төрттен үш бөлігіне тегін медициналық қызмет және індеттен сақтану жағында қызмет көрсетеді.
Израильдің жалпы халықтық меншіктегі тағы бір басты тірегі – үкімет иелігіндегі мемлекеттік кәсіпорындар. Олар негізінен ауыр өнеркәсіп, металлургия, химия өнеркәсібі, әскери қару-жарақ қатарлы салаларға шоғырланған. Үкімет - қазір осы елдегі ең үлкен жұмыс беруші. Мемлекеттік кәсіпорындарда жалданатындардың саны Израиль бас жұмысшылар ұйымынан да асып түсіп, бірінші орынға шығып отыр. Мемлекеттік кәсіпорындардағы өнім мөлшері де жалпы ұлттық өндірістің 25% тең.
Жекелер иелік ететін экономиканың үлесі Израиль ұлттық өндірісі жалпы өнім құнының қалған 50% құрайды. Бірақ, жеке кәсіпорындар көбінде көлемі біршама шағын, тоқыма өнеркәсібі, азық-түлік және сауда мен қызмет көрсету қатарлы кәсіпорындарға шоғырланған. Израильде ұлттық буржуазияның қоғамдық орны Израиль қоғамын өз қалауынша өргізіп-тұрғызуға жеткен жоқ. Олардың көбі Израиль бас жұмысшылар ұйымының қас-қабағына бағып өмір сүреді және міндетті түрде «өз қалауымен» Израиль бас жұмысшылар ұйымының денсаулық сақтау және індеттің алдын алу жүйесіне қаржылай көмек көрсетіп отырады.
Израиль бас жұмысшылар ұйымының күш-қуаты мен ықпал-көлемі адам таңғаларлық болғанымен, оны Израильді жусатып өргізтетін «Кремльдің» деңгейінде бағалау шындыққа жанаспайды. Еврейлердің Палестинада ірге теуіп, табан тіреуінің негізі оның құдыретті жалпы халықтық меншікке негізделген экономикасына байланысты. Ал жалпы халықтық меншіктегі экономиканы алып күшке айналдырған Израиль үкіметінің экономикаға тікелей араласу саясаты болатын. Экономикалық қимылдарға тікелей араласып, оған бағыт-бағдар беру жағында Израиль үкіметінің қолтаңбасы барлық салада айқын көрініп тұрады.
Жалпы әлемде мойындалған экономика ғылымының заңдылығы бойынша мемлекеттің экономикалық қимылдарға тікелей араласып, билеп-төстеуі жақсылыққа апармайды деседі. Ол тарих сахнасынан кеткен барлық социалистік елдер дәлелдеген теорема. Бірақ бұл теорема да абсолютті емес сияқты. Егер қалауын тауып, мемлекеттің күш-қуатын өз бабында пайдалана білсе, оның да пайдасы шаш етектен көрінеді. Әлемдегі көптеген елдерді үкіметтері азды-көпті экономикалық қимылдарға араласып отырады. Бірақ, мұндай қимыл мемлекет құрылып, оның заңды билігі орнаған соң барып, мүмкін болады. Ал Израильдікі мүлде басқаша. Оның болашақ үкіметі мемлекет құрудан әлдеқайда бұрынырақ бұл саламен бірлесіп, біте қайнасып кеткен.
1922-1948 дейін Англияның сенімді басқару билігі кезінде халықаралық одақтың қарарына сай «еврей іс басқармасы» Палестина аймағындағы еврей қоныстарының тірліктерімен айналысуы керек болатын. Бірақ еврей іс басқармасы біртіндеп «Еврей бас жұмысшылар ұйымы» және «Еврей ұлттық қоры» қатарлы құрылымдар мен ұйымдардың көмегінде аты жоқ та, заты бар «Еврей үкіметін» қалыптастырды. Олар жоспарлы түрде еврейдің болашақ мемлекетінің сұлбасын жобалап, түрлі әдіс-тәсілдер мен экономикалық қимылдарды осы мақсатқа бағыттап, дамытып отырды.
Олардың бірінші істегені ең маңызды өндіріс құрал-жабдықтарын осы «Тасадағы үкіметтің» қолына шоғырландырып, оның жеке мүлікке айналып кетуіне жол бермеді. 1920 жылдың басынан бастап, еврей ұлттық қоры күллі еврей халқының атынан Палестина жерлерін сатып алып жатты. Олардың жер телімдерін жомарттықпен сатып алғаны соншалық, сол кездегі Палестинадағы теңіз жағалауы аймақтарының жер бағасы шырқау биікке көтеріліп, АҚШ-тың жер бағасынан 4 есе асып түсті. Мұндай аспаннан ақша жауған кезде сіңірі шыққан кедей арабтарды қойып, ауқатты араб жер иеленушілердің өзі өз меншігіндегі жерлерді қуана-қуана еврейлердің ұлттық қорына сатып жатты. Арабтар сол кезде көздеріне таусылмастай көрінген ақшалардың күндердің күнінде өз ұрпақтарының сорына айналатындығын білген жоқ.Бұдан бұрын да атап айтқанымыздай, ежелден жерді ең қымбат қазына ретінде бағалайтын түріктер, оның билеуші сұлтандары бұл үрдіске өз биліктерімен қатаң шектеулер енгізді. Бірақ, қулық-сұмдықта алдына жан салмайтын еврейлер жергілікті мансаптыларды паралау жолымен өз дегендеріне қол жеткізіп отырды. Сол кезде еврей ұлттық қоры жер сатып алудың өзіне 75 млн АҚШ долларын жұмсапты. Ол кезде бұл ақша ерекше қомақты қаржы болып саналатын. Мемлекет құрудан бұрынғы сатып алған жерлер мен соғыс қимылдары кезінде басып алынған жерлерді қоса алғанда Израильдің мемлекет меншігіндегі жер аумағы күллі Израиль жерінің 94,5% жетті. 1959 жылы Израиль үкіметі мемлекет меншігіндегі жерді жаңа құрылған «мемлекеттік жер компаниясының» басқаруына берді.
Мемлекеттік жер қорын кімге жалға береді және қандай әдістермен жалға береді? Бұл саясаттық мәні ерекше маңызды мәселе болатын. Жалпы халықтық меншіктегі экономиканы дамыту мақсатында еврей ұлттық қоры мен Израиль үкіметі өз қармағында құрылымдарға жерді кибуцтар, мошавтар және Израиль бас жұмысшылар ұйымына жалға беруге пәрмен шығарды. Мұнда жерді жалға берудің шарттары ерекше тиімді болды. Және бірден аталған шаруашылықтарға 49 жылға жалға берілетін. Жалдау ақысы өте төмен болып, жиналған ауыл шаруашылық өнімінің 0,5% мөлшеріне тең болды. Үкімет осының өзін көп жағдайда кешірім ететін. Жеке адамдар іс жүзінде мемлекеттен жерді жалға ала алмайтын. Егер олар жеке адамдардың қолынан жалға алатын болса, оның жалдау ақысының қымбаттылығынан жалға алушы ешқандай пайда таппаушы еді. Мұндай жағдайда жеке меншік жер иеленушілер мен жерді жеке жалға алушылар мүлде азайып кетті. Себебі, тың игеру мен басып алудың нәтижесінде мемлекеттің меншігіндегі жер үздіксіз артып отырды. Мұндай саясаттың нәтижесінде Израильде күні бүгінге дейін жеке меншік жер иеленушілер қалыптасқан жоқ. Бұдан тыс, оларда Азия, Африка мемлекеттеріндегідей жерге байланысты дау-шарлар мен қақтығыстар туындап көрген жоқ. Әрине, мұндай саясаттың кері салдары ауыл шаруашылық саласында жеке шаруашылықтардың дамуына ауыр соққы болып тиді.
Ұзақ уақыттардан бері еврей ұлттық ұйымдары мен Израиль үкіметі Израиль бас жұмысшылар ұйымының қимылдарына барлық күш-қуаттармен қолдап, сәйкесіп отырды. Израиль бас жұмысшылар ұйымы өз қанатын ебдейсіз түрде кеңге жайып жібергендіктен, үнемі қаржылық қиындықтарға тап болатын. Мұндай кезде үкімет Израиль бас жұмысшылар ұйымына қазынадан қыруар қаржы бөліп, оны қиындықтардан арашалап қалатын. 1954 жылдың өзінде үкімет Израиль бас жұмысшылар ұйымның 70% қаржылық шығынын өтеп беріпті. Израиль бас жұмысшылар ұйымы мемлекет құрылғаннан кейін елдің өнеркәсіптену саласындағы экономикалық қимылдарына күш-қуаты жетпей жатқан кезде Израиль үкіметі перде артынан тікелей сахнаға көтеріліп, мемлекеттік кәсіпорындарды жасақтаудың ауыр міндетін өз үстіне алды. Олар қысқа мерзімде ілгерінді-кейінді, ірі және орта өңдеуші кәсіпорындарды құрып үлгерді. Экономикалық қимылдарда Израиль үкіметінің негізгі принциптері көпір салып, жол жөндеу, су құрылыстарын салып, жасылдандыру қатарлы әлеуметтік маңызы бар құрылыстарды толығымен өз мойнына алатын. Одан тыс, салынатын инвестицияның мөлшері көп, қауіп-қатер үлкен ауыр өнеркәсіп пен әскери өнеркәсіп қатарлы кәсіпорындарды құруды үкімет өз қаржысымен игеретін. Ал қаржы шамалы аз жұмсалатын, пайда көп түсетін, тезден өнім беретін кәсіпорындарды Израиль үкіметі Израиль бас жұмысшылар ұйымымен ортақ қаржы шығарып, құрысып беретін. Ондағы мақсат Израиль бас жұмысшылар ұйымы көбірек пайдаға кенелсін деген ниеттен туындаған.
Ел экономикасын тез қарқынмен дамыту мақсатында Израиль үкіметі ұзақ уақыттар бойы көп мөлшерде инвестиция құюды табанды жүргізді. 1950-58 жылдар аралығында Израиль үкіметі бұл салыстырманы жалпы ұлттық өндіріс құнының 26% мөлшерінде ұстап отырды. Бұл кісі басына шаққанда әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орынға табан тірейді деген сөз.
1950 жылдары Израильдің құрылыс саласына жұмсаған жалпы қаржысының салыстырмасы ерекше жоғары болды. Салыстыру үшін айтсақ, 1954 жылы Францияның құрылысқа жұмсаған қаржысы жалпы ішкі өнімнің 11% болса, Англияда - 29%, Индияда - 30%, ал Израильде - 70% құрады. Тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы 10 жылда бұл салыстырма 50-80% аралығында болды. Мұндай қомақты инвестицияның жұмсалуы экономиканың ерекше тез қарқынмен дамуына мүмкіндік берді. Мемлекет құрылған алғашқы 25 жылда Израиль экономикасының дамуы 9% төмен болған жоқ. Мұндай даму қарқыны әлемдік дамудың көш басынан саналады.
Израильдің даму жүйесі нарық заңдарына сәйкесе бермегенімен, Израильдің көшбасшылары үкіметтің экономикаға тікелей араласуы сөзсіз қажет деп есептеді. Себебі, Израильдің жағдайы тіптен басқаша. Біріншіден, үкімет салық төлеушілерден түскен ақшамен қоса сырттан тартылатын әрбір тиынды тиімді жұмсауға мәжбүр. Себебі, олар қара нөпір болып құйылып жатқан еврей көшін бір күнде тоқтатуына болмайтын еді. Айналадағы анталаған жаумен көп болып, тізе қосып күрескенде ғана аман қаласың. Көші-қон – Израильдің ең басты мемлекеттік саясаты және ұлттық қауіпсіздіктің табан тірер тиянағы саналады. Әр топтағы оралушыларға ішер ас, тұрар жай және жұмыс керек. Бұл мәселені тек қана қолында билігі және қаржысы бар үкімет шеше алады. Екіншіден, Израиль табиғи байлықтан құр алақан, шағын мемлекет. Жерінің жарымынан астамы шөл және шөлейт аймақтар. Сол себепті шектеулі байлық қайнарын мұқият жоспарлап, әр тасы, әр құмы, әрбір тамшы суына дейін ерекше мұқияттылықпен пайдаға асуға тиіс. Үшіншіден, алдыңғы екеуінен кем түспейтін мына бір мәселе бар. Мемлекет құрылғаннан кейін сырттан келетін түрліше қаржылық көмектерді қабылдайтын да, оны жұмсайтын да, оның әрбір тиыны үшін басымен жауап беретін де – үкімет. Ол осы қаржыларды барынша тиімді жұмсағанда ғана одан да мол көмекке қол жеткізе алады. Егер зәредей жемқорлық болса, біреудің аузынан жырып берген адал ақшасын биліктегілер талан-таражыға салса, онда мұндай сенімсіз жемқор билікке кім сеніп, қалтасынан ақша береді?! Әлемдегі еврейлердің ерекше ауқатты екендігі дау тудырмайды. Бірақ, ақша оны бей-берекет шашып, бет алды жомарттық көрсететін адамға бітпейді. Былайша айтқанда, еврей байлары сен тас санасаң, олар құм санайды. Өзінің тәуелсіз еліне көрсеткен көмегінің діттеген жеріне барып, нақты нәтиже бергенін қалайды. Төртіншіден, Израиль мемлекет құрылған күннен бастап соғыс жағдайында күн кешіп келеді. Соғыс өрті күні кеше тағы тұтанды. Сол себепті, үкімет қана дастарқандағы сары май мен армияның қолындағы қару-жарақтың қайсысы қай кезде бірінші орында тұратын қажеттілік екендігін айқын бағамдай алады. Әрине, үкіметтің елдегі тыныс-тіршілікке араласуы кейде шектен шығып кетіп те жатады. Мемлекет құрылған алғашқы жылдарда Израиль демографиялық өсімге ерекше мұқтаж болды. Премьер-министр Давид Бен-Гурион өзі өтініш жасап, Израильдегі әйелдердің көбірек бала табуын талап ететін. Отбасының жеке тірлігіне жататын мұндай істерге де үкіметтің араласуы көптеген әжуа-мысқылдарға мұрындық болатын. Премьер-министр Давид Бен-Гурионның саяси қарсыластары оны «әйелдердің жатырына дейін мемлекеттік жоспарға енгізеді» деп келеке ететін.
Жалғасы бар...
Рақым Айыпұлы
Abai.kz