Жұма, 22 Қараша 2024
5113 2 пікір 28 Мамыр, 2021 сағат 14:02

Бірлікті мекен, тірлікті мекен

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданындағы «Степное» ЖШС Директоры, Экономика ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері, оның бәрі тұрсын, нағыз үлкен адам  Аманқос Сансызбайұлы Төлеуов.

Аманқос Сансызбайұлы сонау 1974 жылы Батыс-Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірісімен еңбек жолын мал дәрігерінен бастап, барша ғұмырын ауыл шаруашылығына арнап келе жатқан қадірлі азамат, патриот, қайраткер, тұлға! Іскерлік қабілетімен бірден көзге ілінген жас маман «Степное» кеңшарының (ол кезде - совхоз) директорлығына тағайындалып, көп ұзамай Ленин ауданы компартиясының бірінші хатшысына сайланады. Бұл дегеніңіз, сол кездегі қызметтік өсудің қалыптасқан таптаурын дәстүрімен партиялық арнаға түсіп алып, облыстық одан республикалық деңгейге ұмтылып, кең салқын кабинеттерде күнара құрғақ жиналыс өткізу, сала-құлаш баяндама жасап қойып, баянсыз болса да алаңсыз өмір сүрудің таптырмас мүмкіндігі болатын. Алайда мұндай жеңіл амал Аманқос аға сынды тек қана көзбен көріп, қолмен ұстауға ғана болатын нағыз істің, қайнаған, қауырт жұмыстың адамына жат еді. Сондықтан ол көп ойланбай-ақ, жүрек қалауымен, жан-дүниесімен жақсы көретін шаруашылық саласына қайта оралды.

А.Төлеуов басшылық еткен «Степное» кеңшары ірі қара малды бордақылайтын шаруашылық, ауданның бір шетіндегі, күре жолдан тысқары жатқан, әдетте ұлттық кадрлер ғана жіберілетін шағындау қарапайым ғана ауыл-тұғын. Мұның барлығы жас басшының жігерін жасыта алған жоқ, керісінше ұтқыр ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында шағын шаруашылықты шырт үйіріп, адымдап алға бастырды. Ол кезде  аудандағы астық өндіретін көршілес совхоздардың буы аспанға атып, дүркіреп тұрған шағы. Шетте жатқан мал бордақылау кеңшары аудан, облыс басшыларының назарынан тыс қала беруі де таңқаларлық жайт емес еді. Арада көп ұзамай әлгі дүрілдеп тұрған совхоздардың тоз-тозы шығып, бір кезде шекесінен қараған көршілес ұжымның қанатының астына сұранады деп кім ойлаған.

Дүние бір орнында тұрмайтын табиғаттың бұлжымас заңы дегенін істетіп, жаһанды жасқаған Кеңес одағы келмеске кетіп, ұзақ жылдар бойында қалыптасқан жүйе, Мұхаң Мағауин ағамыз айтқандай, күлпара ыдырап, қарапайым халық сең соққандай есеңгіреп қалған бір ахуал орнағаны есімізде. Мінеки, дәл осы бейбағыт мерзімде, оған қоса жоғары жақтардан бүкіл шаруашылық, мекеме атаулыға «тараңдар, өз күндеріңді өздерің көріңдер» деген қатаң үкім түскен алмағайып шақта Аманқос Сансызбайұлы басқаратын кеңшар ұжымы өз басшысының ары мен адалдығына кәміл сенім білдіріп, сындарлы сәтте бірауыздылық танытып, жеке үлестерін ортаға салуы арқылы ұжымды сақтап қалуға тәуекел жасапты. Осылайша, үмітпен, сеніммен, ізгі ниетпен басталған істі Тәңірі өз қолдағандай.

Жер бетінен алып мемлекеттің жоғалуымен ілесе орнаған аса зор ауыртпалық ең алдымен қарапайым адамдардың иығына түскен-тұғын. Мұндайда тек қана қапысыз бірлік пен күн-түн демейтін қауырт тірлік, әрине, білікті, қуатты, ең бастысы адал басшының ғана батыл әрекеті тығырықтан алып шығатын еді. Осынау бірегей шарттарды төзімділікпен орындай алған көпұлтты «Степное» ұжымдық ұйымы және өндірістік кооперативінің іргесі сөгілмей, керегесі шайқалмай, қайта тірлігі жанданып берекеге бастап жүре берді.

Әсіресе ауыл шаруашылығының баршаға белгілі өзіндік ерекшелігін ескергенде, қысқа кезең ішінде «Степное» ұжымы бүгінде аудандағы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл Ақтөбе облысындағы, бәлкім республика көлеміндегі көпсалалы, дамыған инфрақұрылымы бар ірі ауыл шаруашылығы мекемесіне айналған.

Заман талаптарына сай құрылымы, қызметі өзгеріп отырған  «Степное» ЖШС астық өндіруші, өсімдік түрлері, асыл тұқымды ірі қара, жылқы, қой өсіруші, автотасымалдаушы, сондай-ақ өз өнімдерін өңдейтін, әрі дайын өнімдер, ет, шұжық дайындайтын, ұн шығаратын,нанның, тағамның бірнеше түрлерін пісіретін ірі кәсіпорын.

Шаруашылықта 3 мыңнан аса ірі қара, 1 мыңдай жылқы, 3,5 мың ұсақ мал бағылады. Ұйымға қарайтын кәсіпорындар өндіретін өнімдер жергілікті тұрғындардың қажетін толық өтеуімен бірге, аудан, облыс көлемінде таратылып, ұлттық және халықаралық нарыққа шығарылып келе жатқан зор жетістігін айтуымыз тиіс.

«Степное» ЖШС-ның ауыл шаруашылығы жерлері 53027,9 га құрайды, оның ішінде астық - 31233,8 га, жайылым 19996 га, шабындық 1353,4 га. Шаруашылықта 250 адам тұрақты еңбек етеді, науқан кездері қосымша 100 адам тартылады.

Серіктестіктің техникалық паркінде 180 автотехника, механизмдер мен агрегат болса, соның ішінде: қазіргі заманғы жоғарыөнімді америкалық астық жинаушы «Джон-Дир» комбаиндері, осындай сападағы германиялық «Медтон-310», «Тукано-320», ресейдің «Вектор РСМ-101» комбайндері, жоғарыөнімді егін егуші «Flexi Coil STX-425» кешендерін қамтиды.

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрінің 2002 жылғы №296 бұйрығымен «Степное» ЖШС элиталық-тұқымөндіруші шаруашылық деп бекітілді.

Қазіргі уақытта мекеменің қарамағында 2 сауда орны, наубайханалар кешені, 14 қоймасы бар астық қабылдаушы кәсіпорындар, асфальтталған 60 мың шаршы метр ток, мыңдаған тонна бидай және өзге өнімдерді сақтайтын жабық кешендер, диірмен, жанар-жағармай қоймалары, екі ЖЖМ станциясы, асыл тұқымды ірі қара, жылқы өсіретін фермалары мен базалары бар.

Шаруашылықтың диірмені кешені Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен 2001 жылы іске қосылды, Чехияның «Прокоп» жабдығы қойылып, тәулігіне 50 мың тонна бидайдан жоғары және 1 сұрыпты ұн шығарады. Бірнеше наубайханаларда пісірілетін нан, макарон цехтарының өнімдері осындай өз ұнынан дайындалып, тұтынушылардың дастарханына жетуде. Бұл мекемелердің барлығы да жұмыс күшін қажет ететіні, ендеше елдімекен тұрғындары кәрі-жасына қарамай тұтас жұмыспен қамтылғаны түсінікті.

«Степное» ЖШС мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздегі класстерлік өндірісті енгізудің, өндірісті әртараптандырудың, өнім шығарушыдан тұтынушыға дейінгі біртұтас жүйені орнатудың іс жүзіндегі жарқын үлгісін білдіреді. Шаруашылық ұжымы осылайша, ең алдымен Жер-ананың қасиетін қадірлей білу, оны ел игілігі үшін адамдықпен пайдалану, қорғау мен сақтаудың асыл парызын  адалдықпен атқаруда.  Сол арқылы бұл күндегі еліміздегі ең бір өзекті жайтқа айналған азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету, демек олардың отбасыларының қаражат көзінсіз қалмауын, қолжетімді сапалы азық-түлік қорын жасау, балаларына білім беру, жинақтай келгенде, мағыналы, мазмұнды өмір сүруіне қажетті жағдай жасалған. Қолайлы, жағымды жағдайға көздері жеткен науқандық, яғни уақытша жұмысқа тартылған адамдардың осында тұрақты қалуға өтініш білдірулері соңғы жылдары жиілепті. Демек, тура шекаралас аймақта тұрған елдімекендер үшін де оның маңызы талассыз. Бұл орайда Аманқос Сансызбайұлы басқаратын компанияның жыл бойындағы күнделікті шаруа, өндіріспен қатар адам игілігі үшін атқарып жатқан істерінің өзі бөлек әңгіменің тақырыбы.

Ішінара айтқанның өзінде, мектеп оқушылары мен балабақша жеткіншектеріне тегін түскі ас беріліп, кәсіпорынның өз қаражатына Мәдениет үйі, балабақша салынғанын, Нұрпейіс Хазер мешіті қалпына келтірілгені, қарттар мен көпбалалы үйлерге ұдайы қаржылық көмек беріліп, ауыл жастарының сандалып бос жүрмей спортпен айналысып, мәдениеттің дамуына ерекше назар аударылып отырғанына көзіміз жетеді.

Ерекше тоқталатын жайт – бүгінде бұрынғы үш совхоздың басын қосқан серіктестіктегі елдімекендердің барлығына газ, су тартылған, ұялы байланыс, интернетіңіз сақылдап тұр. Биылғы жылы ауыл көшелеріне тұтас асфальт төселетін болады. Осылайша кебайтақ қастерлі Атамекеніміздің шағындау болса да бір жекелеген өңірінде тіршілік қазаны бұрқ-сарқ қайнап, табыс пен берекенің барлығы да әрбір тұрғын, оның отбасы үшін және өздерінің тікелей қатысуымен жасалып, бұған қапысыз көз жеткізген адамдардың жігерлі әрекеті тек қана жасампаз үміт пен сарқылмас сенімге шақырады. Айтпақшы, мұндай батыл ойға Аманқос ағаның ауылындағы үлкенді көргенде жаппай амандасатын мектеп балаларын көргенде келгеніміз де рас.

Мұхтар Кәрібай

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5319