Шыңғыс хан 1154 жылы, доңыз жылы моғол ішінде Блунилдық деген жерде туыпты. Туғанда бір қолы жұмулы болған соң, кіндігін кескен қатын ашып қараса, уысында қан бар екен, соны ақсақалдар есітіп, «көп ел болып, зор хан болып, көп қан төгеді екен» деп болжам қылыпты. Ақырында сонысы дұрыс келді. Бұл Шыңғыс ханның алған жерін, қылған ісін түгел айтуға бір үлкен кітап болады. Бір шеті қытай, бір шеті араб, барша Азиядағы жұртты түгел алып, Европаның да бергі шетін алды. Осы Шыңғыс тауында хан көтеріліп, Хақан, яғни хандардың ханы атанып, үлкен хан болғаны - 1203 жылы болса керек. Парсы жағын алып, қайтарында Бұхарадан молда әкелдіріп, дін жайын сұрап, өзгенің бәріне «дұрыс» деп, қаж жайын сұрағанда «жердің жүзінің бәрі құдайдың үйі болса керек, ондай бір ғана жерді құдайдың үйі демек дұрыс емес» деп, молдаларға сый беріп қайырды. Шыңғыстың төрт баласы - Жошы, Шағатай, Үгедей, Тулы. Шыңғысхан тірі күнінде елді төртеуіне бөліп беріп, бәрінің үстінен Үгедейді хақан қойды. Сонда қырғыз, қазақ, сарт, ноғай - барша татар аталары Жошы менен Шағатай қол астында болған.
Ең көп оқылған
0 пікір
Үздік материалдар |