Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2953 0 пікір 7 Мамыр, 2012 сағат 10:33

Жауынгерлерге жорық жырларын неге оқытпаймыз?

Әскери мекемелер мен оқу орындарында орыс тілінің үстемдікке ие болып отырғаны жасырын емес. «Отан - оттан да ыстық» деп, туған елі үшін жанын беруі тиіс ер-азаматтардың қазақша тіл сындыруға қиналатыны өкінішті-ақ. Бұл - әскери мекемелерде ұлттық тәрбиенің, отаншылдық сезімнің әлі де болса ақсап тұрғандығының айғағы. Жауынгерлік рухты сіңіретін Күлтегін, Тоныкөк жырларынан бастап ерен ерлікті көксейтін батырлар жырына дейін оқыту болашақ әскерилер мен Отан алдындағы борышын өтеушілерге арнайы пән ретінде жүргізілмей, осы тараптағы қордаланған мәселенің беті бері қарай қоймасы белгілі.

Әскери мекемелер мен оқу орындарында орыс тілінің үстемдікке ие болып отырғаны жасырын емес. «Отан - оттан да ыстық» деп, туған елі үшін жанын беруі тиіс ер-азаматтардың қазақша тіл сындыруға қиналатыны өкінішті-ақ. Бұл - әскери мекемелерде ұлттық тәрбиенің, отаншылдық сезімнің әлі де болса ақсап тұрғандығының айғағы. Жауынгерлік рухты сіңіретін Күлтегін, Тоныкөк жырларынан бастап ерен ерлікті көксейтін батырлар жырына дейін оқыту болашақ әскерилер мен Отан алдындағы борышын өтеушілерге арнайы пән ретінде жүргізілмей, осы тараптағы қордаланған мәселенің беті бері қарай қоймасы белгілі.

Кез келген саладағы ұлттық идеология жұмысы бізде бір ізге түспей отырғаны - соқырға таяқ ұстат­қандай анық жайт. Әсіресе соның ішінде әскери салада да қазақ батырларының ерлігі мен үлгі-өнегелерін наси­хат­тауда кемшілік бары жасырын емес. Қол бастаған батыр­лардың соғыс жүргізу айла-тәсілдері де ауыз әде­биеті мен жыр-дастандарда тұнып тұр. Қазақ жыр­ларында кездесетін әскери шен-шекпендер мен қару-жарақ атауларын, тарихи ұғым-түсініктерді қайта жаңғыртып, бүгінгі өмірге қайта оралту - басты мәселе. Шетелдің қаңсығын таңсық көргенше өз төл сөз тіркестеріміз бен тарихи атауларымызды тірілту үшін ендігі кезекте жүйелі оқулықтар жазылып, арнайы пән бағдарламаға енгізілуі керек. Қазіргі жас буынның қабылдауына жеңіл болу үшін аудио-видео, суреттік слайд-шоу, сұрақ-жауап және тағы басқа оқыту меха­низм­дері пайдаланылғаны абзал. Ұлттық таным-түсі­нігі қалыптасқан білікті де білімді оқытушыларға ба­рын­ша жағдай жасай отырып, сапалы мамандар қатарын арттыру жолында сүбелі жұмыс жасалғаны жөн.

Тарихшы, этнограф, әскери-тарихи тақы­рып­та қалам тербейтін жазушы, жыршы-жыраулармен кездесу арқылы да ұлттық сана-сезімді оятуға, жыр-дастандардың мағынасын ашуға белгілі бір дәрежеде мүмкіндік бар. Дамыған елдер өздерінің ұлт қорғандарына арнап көркем және деректі фильмдердің неше атасын түсіріп тастаған. Қазақ батырлары мен жыр-дастан кейіпкерле­рінің аңыз бен ақиқатын айыратын деректі фильмдерге тапсырыс беріліп, оны аталған арнайы пәнде көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Осы пәннің аясында рухты көтеретін күй­лер мен әндер де тыңдалып, олардың шығу тарихы айтылғаны жөн сияқты. 

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ, жыршы-жырау:

- Арғы тарихқа көз жүгіртсек, ата-бабаларымыз батырлар жырына, ауыз әде­биетіне қатты мән берген. Осы жырлар­дан халықтың жауынгерлік рухы, соғыс жүргізу, қару-жарақты қолдану әдіс-тәсілдері, батырдың астындағы атының сипатына дейін кездестіруге болады. Мұнда соғыс тәжірибесі жинақталған. Жырлар арқылы жас баланың санасына «не үшін соғысамын?» деген ұғымдардың жауабын сіңіретін болған. Ата-бабалары­мыз біреудің жерін тартып алмаған, жау­ла­маған. Ондай соғыстар сәтсіз аяқталып отырған. Шапқыншылардан өз жерін азат етуге келгенде батырларымыз ерліктің шыңына шыққан. Өзінің жанын да аямай­тын батырлықтың арқасында жауын жеңіп отырған. Осының бәрі батырлар жырын­да, жорық жырларында көрініс табады. Жырларымыз арқылы ел қорғайтын жү­рек­ті батырлар тәрбиеленген. Әскериле­ріміз Терминаторды емес, Қобыландыны, Алпамысты, Қаракерей Қабанбайды, Қан­жығалы Бөгенбайды, Ақжолтай Ағыбайды, Олжабай батырды үлгі етуі керек. Қан майдан кезінде Керей ер Жәнібек батыр Абылай ханға астындағы атын түсіп берген. Абылай хан: «Жолдасын жауға тастаған хан атанбаймын, сені тастап кетпеймін» дегенде, Жәнібек: «Мен өлсем, бір қатыннан тағы батыр ұл туар, халыққа қиындықта жол табатын хан керек», - депті. Ханнан пай­да табайын деп емес, хан халыққа керек екенін сезініп, басын бәйгеге тіккен. Ахил­лес­тің өкшесінен оқ өтеді, Алпамыс­тың оқ өтетін бірде-бір жері жоқ. Отқа салса - жан­байды, суға  салса - батпайды. Қобыланды батыр Қараманға еріп, Көбектің жылқысын аламын деп барғанда жеңіліс тапты. Әділетсіздіктен күш беріп тұрған аруағы айнып кеткен. Өз елін қорғаған кезде күші қайтып келеді. Жырларымызда осындай ұлы ойлар, ірі образдар, кесек мінездер тұнып тұр.

Мұхамеджан ӘБДІБЕКОВ, Құрлық әскерлері әскери институтының білім сапасын бағалу бөлімінің бастығы:

- Қазіргі балалар айтқанды тыңдамай­ды, көргенді қайталайды. Батыр бабала­рымыздың ерлігін насихаттау қажет. Негізі, тәрбиелік жұмыстар мысқылдап болсын жасалып жатыр. Тәрбие идеологиялық, патриоттық, этикалық-эстетикалық, құ­қық­тық, сана-сезімдік, еңбек және әскери болып бірнеше  бағыттарға бөлінеді. Оқу бағдарламасына жыр-дастандар мен жорық жырларын қайтіп арнайы пән ретінде кіргізуге болады? Өйткені бізде оқулық құралдары жоқ. Сабақты жүргізу әдіс-тәсілдері қалыптаспаған. «Қазақстан тарихы» оқулығында орын алған тарихи тұлғалар барынша айтылып, насихатталуда. Жас сарбаздарды ұлттық тәрбиеге бейім­дейтін көрнекі құралдар жазылса, құба-құп болар еді.

Арман ӘУБӘКІР

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5396