Мәдениет министрлігі біздің пікірімізді ескермей отыр
Тәуелсіздік алдық еркіндікке қол жеткіздік десек те, елге елеулі тұлғалардың есімін білім ошақтары мен мәдениет мекемелеріне т.б. нысандарға беруде зор кедергіге тап болып отырмыз. Бәріне Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінде жасалған тізім тосқауыл болып отыр.
2018 жылы ШҚО Өскемен қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлаухан Аухадиев Күршім ауданының мәдениет саласына 20 жылға жуық уақыт жетекшілік еткен Қабдолла Тұраров есімін аудандық мәдениет үйіне берілуін көтерген болатын https://egemen.kz/article/167264-madeniet-uyine-esimi-berilse . Берілмеді. Бірақ тап осындай жағдайға 2019-2021 жылдары Бородулиха мен Аягөз ауданы да тап болды. Мәселені тарқатып айтсақ, Ж.Елебековтің алғашқы шәкірттерінің бірі, дәстүрлі халық әндерінің шебер орындаушысы 1975 жылдан өмірінің соңына дейін Семей облысы филармониясының әншісі болған бұрынғы Белағаш, қазіргі Бородулиха ауданының тумасы Мәдениет Ешекеевке жерлестерінің атынан аудандық мәдениет үйіне бермек болған аудандық әкімшіліктің тұмсығы тасқа соғылды.
Тап осындай жағдайға Аягөз аудандық әкімшілігі де ұшырап отыр. Айғыз ауылының тұрғындары жергілікті мектепке атақты күйші Жүнісбай Стамбаевтың жиені қазақ жазушысы, кинодраматург, күйші, әдебиет және музыка сыншысы, мифология, тарих және этнография зерттеушісі, домбыра шебері, қазақ тілінен орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне тәржіме жасаған аудармашы Таласбек Әсемқұловтың есімін бере алмай отыр.
Бұл бір ШҚО - дағы жағдай емес, барша облыстар кісі есімін беруде ұшырап отырған жағдай. Тек өкініштісі Мәдениет және спорт министрлігінде жасалған тізімнің арқасында ешкімге белгісіз есімдер білім ошақтары мен мәдениет ошақтарына тоқтаусыз беріліп жатыр.
Ал, оны жасауда жергілікті жердегі өнер адамдары мен зиялы қауымның пікірінің ескерілмеуін немен түсіндіреміз. Тізім Ата Заң емес, оны қайта қарауға болмай ма деген сұрау Қара Тұрандықтарды (ШҚО мен Павлодар облыстарының тұрғындарын) пұшайман етіп отыр.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz