Былтыр берілген ғимарат биыл құлағалы тұр
Қас пен көздің арасында үйіндіге айналған Қарағандыдағы көп қабатты үйдің «тағдырына» таңдайын тақылдатып, жағасын ұстамаған жан қалмады. Алайда мұндай сұмдық оқиғаның «сыңары» жоқ дегенге қазір ешкім де имандай илана қоймас. Өйткені сапасы тым төмен, пайдаланылмай жатып жарамсыз болып қалған нысандардың саны артпаса, кемитін түрі жоқ. Оңтүстіктің оңтүстігі есептелетін Мақтаарал ауданында осындай бір сапасыз нысанға қатысты даудың түндігі түрілді.
Мақтаарал ауданы Иіржар ауылдық округіндегі Алаш елді мекені тұрғындарының көптен күткен фельдшерлік-акушерлік бекеттің пайдалануға берілгеніне қуанғаны былтыр ғана болатын. Қуаныштары су сепкендей басылды. Себебі су жаңа ғимарат апатты жағдайда.
«Мақтаарал ауданы Мырзакент емханасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты бұл бекеттің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 22 715 682 теңге бөлінген болатын. Мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізген облыстық құрылыс басқармасының басшылары ғимаратты салуға үміткер «ҚСО Бірлік» ЖШС-ның, яғни «жарысқа жалғыз түскен» мердігердің мүмкіндігіне имандай сеніп, бір көзден сатып алу тәсілімен жеңімпаз жариялаған. Сөйтіп, тапсырыс беруші мен орындаушының арасында ақпанның 14-і күні келісімшарт түзіліп, тиісті басшылар тарапынан шиырып тұрып қол қойылады. Жауапкершілікті міндетіне алған компания құрылысты сәуірдің алғашқы күнінен бастап, тамыздың соңында тапсыруға уағдаласады. Мерзім жағына келгенде мердігер компания тарапынан ешқандай кемшілік орын алмайды. Құрылыс жұмыстарын тіпті белгіленген мерзімнен де бұрын аяқтап, тамыздың 4-інде мемлекеттік қабылдаудан өтіп үлгереді. Алайда атам қазақ «асыққан - сайтанның тірлігі» деп бекер айтпаған екен. «ҚСО Бірлік» ЖШС уақыт жағынан ұтамын деп жүріп, сапа жағын естен шығарып алған секілді.
- «Ауыл тұрғындарының денсаулығын көтеруге жұмыс істеуі тиіс бұл ғимараттың құрылысын тексеру ісі арнайы сот-құрылыс сараптамасының, өзге де білікті мамандардың қатысуымен жүргізілді. Олар ғимараттың негізгі конструкциялары құрылыс жобасынан едәуір ауытқып кеткендігін анықтады. «Мердігер «ҚСО Бірлік» ЖШС-мен «Алаш» фельдшерлік-акушерлік бекеті ғимаратына жүргізген құрылыс жұмыстары жоба-смета мен Ф2,ФЗ құжаттарына сәйкес емес. Орындалмаған құрылыс жұмыстарының құны 2 598 529 теңге болып бекітілген. Тексеруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі ретінде қатысқан Мақтаарал ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Б.Абдазимовтың 27.04.2012 жылғы қорытындысында «Алаш» фельдшерлік-акушерлік бекетінің ғимараты қазіргі уақытта қолданысқа жарамсыз және апатты жағдайда екені көрсетілген». Бұл - сот-құрылыс сарапшысының келтірген тұжырымы», - дейді Мақтаарал ауданының прокуроры Хали Маматаев.
Тағы да прокуратураның анықтамасына назар салайық. «Тексеру барысында тапсырыс беруші ОҚО құрылыс басқармасынан алынған құжаттарға қарау жүргізілгенде 2011 жылдың сәуір айында ғимараттың іргетасы құрылыс жобасынан ауытқып, атқарылған құрылыс жұмыстарына толтырылған Ф.12 құжатында тек қана мердігердің өкілі Қ.Төлегеновтің қолы қойылып, мөрі басылған. Ал техникалық байқаушы мекеменің өкілі Б.Қаңтаров пен тапсырыс беруші мекеменің өкілі М.Байымбетовтың қолдары қойылмаған. Тапсырыс беруші мекеменің өкілі С.Икрамов пен техникалық байқаушы мекеменің директоры А.Балабеков осы заңсыздыққа қарамастан, Ф.13 құжатына қол қойып, мөр басып, 6 871 502 теңге мемлекет қаржысын мердігерге заңсыз аударғандары анықталды. Сонымен қатар, тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы мен «Оңтүстік құрылыс сараптама аумақтық орталық» ЖШС арасында 22.02.2011 жылы 97-санды келісімшарт түзілген. Тапсырысшының өкілдері С.Икрамов пен М.Байымбетов осы келісімшартта көзделген, яғни орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарына іріктемелі тәртіппен кем өлшем жүргізу, кез келген уақытта инженердің орындаған жұмыстарының барысын және сапасын тексеру жайлы және ҚР Азаматтық кодексінде қаралған құқықтарынан қасақана бас тартып, мердігердің жұмысына мүлдем қадағалау жүргізбеген. А.Балабеков басшылық жасайтын «Оңтүстік құрылыс сараптама аумақтық орталық» ЖШС-нің өз міндеттерін толық орындамауының салдарынан «Алаш» ФАБ ғимаратының құрылыс жұмыстары, ғимараттың іргетасын орнатуға дайындық кезеңдері инжинирингтік қызмет көрсетушінің қатысуынсыз жүргізілген».
Көріп отырғандарыңыздай, құрылыс сапасының мүлдем сын көтермейтініне бақылаушы мекемелердің өз ісіне жауапсыздықпен қарауы негіз болып отыр. Құрылыс сапасын қадағалаушы ең басты мекеме облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінен осы құрылыстың сапасын қадағалауға бекітілген бас маман тарапынан да қадағалау мүлде жүргізілмеген. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кететіні» дәлелденген дүние. Ал неліктен бақылаудың босаңсып кеткені бөлек әңгіме. Бәлкім, көпшілік арасында «жеңдер» деген қосымша атауға ие болған тендерді өткізетін мекеме басшыларының «пайыз» алатыны жөніндегі ел арасында желдей ескен әңгіменің астарында бір шындық бар ма екен? Бақылаушы мекемелердің өз міндетіне немқұрайды қарауының да, жалған құжаттарға жол берілуінің де түпкілікті себебі осы «пайызға» тікелей қатысы бар ма деген күдікті ой кімді де болса мазаласа керек-ті. Осы күдіктің астарында бір шындық болса, құрылыс сапасына қатысты бұл сорақылықтан жуық арада құтыла алмасымыз анық.
Ортақ қазынаның 22 715 682 теңгесін құрдымға жіберген бұл іске қатысты тиісті лауазым иелерінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдарын жүргізу үшін облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар тобына жолданды.
Шадияр МОЛДАБЕК, Оңтүстік Қазақстан облысы
«Алаш айнасы» газеті