164,1 млрд доллар: Қазақстан кімдерге қарыз?
Бір жылдың ішінде Қазақстанның сыртқы қарызы 11 миллиард долларға көбейген. Ұлттық банктің дерегінше, 2021 жылдың 1 сәуіріндегі есеп бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызы – 164,1 миллиард долларға жеткен.
LS сайтының жазуы бойынша, былтыр Қазақстанның сыртқы қарызының жалпы сомасы – 152,7 миллиард долларды құраған. Яғни, бір жыл ішінде қарыз көлемі 11,4 миллиард долларға немесе 7,4 пайызға артқан.
Сонымен, Қазақстан кімдерге қарыз? Қанша қарыз? Қараңыз:
Қазақстан билігі қарыз елдердің алғашқы үштігінде – Нидерланды, Ұлыбритания мен АҚШ тұр екен.
Нидерландыға – 44,3 млрд доллар қарызбыз. Былтыр бұл сома 44,1 млрд доллар болған. Онан соң Ұлыбританияға – 22,6 млрд доллар берешекпіз. Былтырғымен салыстырғанда қарыз ақшамыз 13 пайызға өскен (былтыр 20 млрд доллар болған). Сосын АҚШ-қа 13,5 млрд доллар қарызбыз. Былтыр 12,9 млрд доллар болған, бұл сома.
Сонымен қатар, Францияға – 11,9 млрд доллар (былтыр 11,6 млрд), Халықаралық ұйымдарға – 11,5 млрд доллар (былтыр 9,8 млрд), Бермуд аралдарына – 10,1 млрд доллар (былтыр 7,7 млрд), Қытайға – 9,79 млрд доллар (былтыр 9,75 млрд), Ресейге – 9,2 млрд доллар (былтыр 8,7 млрд), Жапонияға – 5,6 млрд доллар, Гонконгқа – 4 млрд доллар (былтыр 3,7 млрд) қарыз екенбіз.
Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, осыған дейін маусым айында Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова ханым Мәжіліске келіп, есеп берген еді. Ол кезде Годунова ел қарызы өсіп, Ұлттық қор таусылуға жақын екенін айтқан.
Оның сөздерінен кейін іле-шала ҚР Қаржы министрі Ержан Жамаубаев Үкіметте есеп беріп, «Ұлттық қорда 58,5 млрд доллар ақша бар», деп сөйлеген.
Ал осының алдында Abai.kz ақпараттық порталына берген сұхбатында белгілі экономист Мақсат Халық мемлекеттің сыртқы қарызы 167 млрд доллар екенін айтқан.
«Осы қарыздардың ішінде мән беретін қарыз – ол Үкіметтің өз қарызы. 13 млрд доллар. Осы 14 млрд доллар өте маңызды қарыз. Мемлекет басымен жауап беретін қарыз.
Және бір мән беретін мәселе 40 млрд доллардан астам қарыз – өзге де секторлардың қарызы деп тұр. Сол түсініксіз болатын. Оның ішінде квазимемлекеттік сектор отыр. Осы жылы жариялады. Квазимемлекеттік сектор қарызы – 21 млрд долларға жуық екен. Қалған 19 млрд долар өзге секторларға тиесілі. Оны да анықтау керек. Міне, осы қарыздарға мемлекет тікелей жауап беретін қарыздар»,- деген болатын.
Экономистің айтуынша, Ұлттық қордың қазір қалған қаржысы 57 млрд доллар. Ал, өткен жылы 63 млрд доллар болыпты.
Abai.kz