Жұма, 22 Қараша 2024
Ғибырат 15895 18 пікір 23 Шілде, 2021 сағат 14:43

Зейнеп Ахметова: Мен аманат арқалап жүрген адаммын

Жуырда Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы, этнограф Зейнеп Ахметова Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Мақаншы ауылындағы орталық кітапханада оқырмандарымен кездесті. Біз сол кездесуде айтылған жазушының кейбір ойлары мен естеліктерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік...


Небір марқасқалардың ұрпағы ана тілінен мақұрым қалды

Аллаға шүкір, қазір екі немерем бар. Олар да Момышұлы болып жазылады. Әйтеуір, ең бастысы, адам болса, қазақ болса деп тілейміз. Өйткені небір марқасқалардың балалары қазақ бола алмай, дүбәра күйі қалды. Үш -төрт ұрпағы ана тілінен мақұрым қалғандар бар. Соларға қараймын да Құдайға тәубе қыламын. Атаның аманаты қанша айтқанмен орындалып жатыр. Немерелері қазақша оқыды. Ержан да кеңес өкіметінің кезінде-ақ қазақ мектебіне барды.

Ержанды қазақ мектебіне бергенде Бақытжанның жолдастары: «Сендер-ақ бүйректен сирақ шығарып жүресіңдер. Мына бала кейін түкке жарамай қалады. Қызмет істей алмайды», – дегенде Бақытжан: «Істемесе істемесін, қазақ болсын. Мен көрген қорлықты, мен көрген азапты көрмесін», – деді. Өйткені оның әкесі соғыстан кейін де Мәскеуде жүрді. Ата соғыс уақытымен қосқанда, отбасына 14 жылдан кейін бірақ келген. Жылына бір рет демалысқа келіп кеткені болмаса, әскери қызметте болған. Бақытжан нағыз әкенің керек кезінде әкесіз өскен. Ол кезде қалада қазақ мектебі жоқ. 7 жастағы баланы қай мектепке берсе, сонда оқиды ғой. Сөйтіп, орыс тілінде оқыды, орыстардың арасында өсті. Кітабының бәрін орысша жазды.
Бірақ жаздық каникул кезінде ата Бақытжанды міндетті түрде ауылға жіберетін болған. Сол кезде, мысалы Тәжібаевтың баласы, Мүсіреповтың қыздары, Мұқановтың балалары небір лагерьлерде демалады. Ал ата Бақытжанды плацкарт вагонға салып, Жуалыға айдап жібереді екен.
Сонда Бақытжан: «Мыналар менен ақшасын аяды деп жылап бара жатам, әке-шешемді боқтап бара жатам», – дейді. Енді баланың аты – бала, ауылда есекке мінеді, ауылдың балаларымен араласады.

Кейін Бақытжан айтады ғой: «Әкем қандай данышпан болған. Мені керемет демалыс орындарына апаруға мүмкіндігі әбден болды. Бірақ туған жердің, ата-бабасының кіндік қаны тамған жердің топырағына аунасын, ана тілі құлағына сіңсін дегені екен ғой», – деп. Қарап отырсақ, онымен бірге оқыған марқасқалардың балаларының ішінде дәл Бақытжандай қазақша сөйлей алатын адам болмапты...

Қазақстан «Бодандық тойын» тойлап жатқанда, атамыз 4 күн көмусіз жатты

1982 жылы Қазақстанда Ресей империясының құрамына қосылғанымызға 250 жыл толуына орай дүркіреген той өтті. Мен мұны «Бодандық тойы» деп атаймын. Оған СССР-дың атақтыларының барлығы келді. Сол той өтіп жатқанда ата қайтыс болды. Ертесінде Қазақстанда РФСР-дың мәдени күндері өтті. Сөйтті де ата 4 күн көмусіз жатты. Ал, бізді ештеңеге араластырмады. Адам моральдық жағынан қалай жаншылады, қандай азап! Мұны ешкім түсінбейді. Қазір болса, ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ, «кетші әрі» дер едік. Ол кезде жүйе сондай, заң басқа. Халықтың өз батырымен қоштасуы керек дегендей…

Біз бір күнде құрыған жоқпыз, жайлап-жайлап осындай қарапайым дүниелермен құртудан басталды. «Тасын ала берсе, тау да таусылады» дейді.

Сонда атаны жерлеп жатқанда шайдай ашық тұрған күн лезде бұзылып, шарт-шұрт найзағай ойнап, алай-дүлей боп кетті. Мен мұны атаның соңғы мінез көрсетуі деп түсіндім...

Зәкеңнің қазасынан кейін Мақпалдың сахнаға шығуына себеп болдым

Қазір шала діндарлар тұмшаланып қап-қара киініп алады. Бұрын қара орамалды күйеуі өлген, жарынан айырылған әйел ғана таққан. Жарының өлгеніне жыл толғаннан кейін барып, басына ашық түсті орамал салғызып, қара орамалын шешкізеді. Мұны қазақта «қаралығын түсіру» деп атаған.
Әнші Мақпал Жүнісова Заманбек қайтыс болғаннан кейін, жүз күн, 3 ай не жұмысқа бара алмай, не сахнаға шыға алмай, не істерін білмей отырып қалды. «Қазақконцерт» оны жұмыстан да шығармақшы болыпты. Зәкеңнің жүз күндігіне берілген асқа марқұм Бақытжан екеуміз барып сонда Мақпалдың қаралығын түсірдік.

«Қарағым, Заманбек секілді азаматтың жыл бойы артын күтіп, қаралық ұстасаң да жарайды. Бірақ қазіргі заман басқа, уақыт басқа. Енді мына Мерейдің әкесі де, шешесі де сенсің. Далаға шығып – еркек, үйге келіп әйел болуға тиіссің. Сенің қолыңнан бар келетіні – ән айту. Ендігі жерде торға түскен торғайдай болып тұншығып отырма. Халқыңның алдына шығып әніңді айт, шеріңді тарқат. Міне, сол үшін бүгін сенің қаралығыңды түсіруге келдік», – деп басындағы қара орамалын шешіп, шеті гүлді ашық түсті әдемі орамал салып, үстіне көйлектік матасын жауып, батамызды бердік.

Содан кейін «Жас қазақтың» журналисі Сәкен Сыбанбай маған хабарласып: «Апа, біз жаспыз ғой, біле бермейміз. Сіз Мақпал Жүнісованың қаралығын түсірді деп естідік. Соның егжей-тегжейін түсіндіріп беріңізші», – деді. Жаңағының барлығын жақсылап түсіндіріп айтып бердім. Өйткені сол кезде Кеңес Дүйсекеевтің 60 жылдығына арналған шығармашылық кеш өткелі жатты. Ал Кеңестің талай әндерін бірінші рет Мақпал орындаған. Концертке шақыртқанда Мақпал «сахнаға шықпаймын, ел не дейді» дегендей өзіне-өзі тосқауыл қойып отырған ғой. Содан мен қаралығын түсіріп, бәрін түсіндіріп айтқаннан кейін Мақпал сол кеште ән салды. Бұрынғыдай емес, кібіртіктеп сахнаға шығып келе жатқанда, залдағы көрерменнің бәрі тікесінен тік тұрып қошемет көрсетті. Өйткені концерт басталғанға дейін «Жас қазақ» газетін кірген адамдардың бәріне таратқан. Сонда ана газетте «қаралық түсірудің» не екені жақсылап түсіндірілген. Оны оқыған адамдар психологиялық тұрғыда дайын отырды ғой. Сол кеште Мақпал жылап тұрып әнін айтып, шерін тарқатты. Залдағы көпшілік: «Біз сенімен біргеміз», – деп айқайлап, қошемет көрсетті. Сөйтіп, Мақпал ары қарай концертіне шықты да кетті. Бұл да – көп жерде ұмытылған ата-бабамыздың салты...

Президентпен кездесу

Біраз жыл бұрын мен Нұрекеңмен кездесуге шақырылдым. Кездесуде протокол бойынша, президентпен бокал соғыстырып, шампан ішілуі керек. Ал, мен мүлде рюмке ұстамайтын адаммын. Ешқашан ішімдіктің дәмін татып көрмегем. Президент бәрімен соғыстырып келіп, маған келгенде: «Ой, сіздің бокалыңыз...», – деді. Мен: «Нұреке, мен бокал ұстамаушы едім», – дедім. «Ұстамай-ақ қойыңыз, ұстамағаныңыз жақсы», – деді Елбасы.

Үйге келгеннен кейін, бір топ әңгіме тыңдаймыз деп келгендердің ішінде Шәмшә Беркімбаева «Нең кетер еді, ең болмаса өтіріктен болсын соғыстыра салмадың ба. Ондай мүмкіндік бола бере ме?» - деп ұрсып жатыр маған. Сосын, мен: «Әй, Шәмен, біріншіден Құдай көріп тұр. Екіншіден, шампан ішкендердің ешқайсысы есінде қалмайды, ішпеген мен қалам есінде» – деп әзілдедім.

Сол кездесудің алдында жаттап алыңыздар деп бәрімізге бір әннің мәтінін берді. Онысы «Весна на заречной улице» деген орыстың ескі киносындағы ән. Оны президент жақсы көреді екен. Президент жақсы көретін қазақтың небір әйбәт әндері бар ғой. Сосын қағазын қайтарып беріп: «Мен орыстың әнін айтпақ түгілі, сөзін сөйлей алмаймын», – деп ән мәтіні жазылған қағазды қайтарып бердім.

Сонда Президент аппаратындағылардың ең жынымды ұстатқаны – маған президентке сәлем салғызбақ болғандары. «Келген әйелдердің бәрі сәлем жасай ма?» – десем: «Жоқ, сіз ғана», – дейді. Сонда 16 келіншектің арасында жалғыз зейнеткер маған сәлем салғызбақ. Мен бас тарттым. Себебін түсіндірмедім де. Ол жерде журналистер, фотографтар қаптап жүр. Мен президентке сәлем салсам, жан-жағымнан түсіреді. Содан кейін, интернеті бар, газеті бар, бәріне береді. Сосын: «Басы ешкімге иілмеген Баукеңнің келіні президенттің кішкентай сыйлығы үшін, тағзым етіп жатыр», – деп тұрып жазады. Ана Әбішті қалай жазды. Соның бәрі ол кісіге қалай ауыр тигеніне ешкім мән бермеді. Ал Әбіштің отбасында қолдан сүю – дағдылы нәрсе. Мына жерде мені де сөйтер еді. Мені қойшы, атамның аты қосылып айтылар еді...

«Президентті мақтаңыз», – дейді. Мақтамайтынымды айттым. «Менсіз де Пайғамбар мен Құдайға теңеп мақтап қойғандар жеткілікті. Ұят емес пе? 5 жастағы бала құсатып арқасынан қаққандай. Менің мақтауыма мұқтаж боп тұр ма ол кісі?» – дедім. Президент мені мақтасын деп тапсырма бермеген шығар...

Сөйтіп, Нұрекеңмен кездесуде не өлең айтпадым, не мақтамадым, не сәлем жасамадым. Кейін Президент аппаратындағылар мен сияқты қырсықтан құтылғанына қуанған шығар...

Мен аманат арқалап жүрген адаммын

Ата: «Балам, ұлттық құндылықтарды, ұлттың қадір-қасиетін мен саған айтам, сен балаңа айтасың. Ол өзінің баласына айтады. Сөйтіп, бір әулетте қазақтың қадір-қасиеті сақталады», – дейтін. Үстелді тарс еткізіп ұрып: «Көзіме тура қара. Алдыңда қазулы көр тұрса да шындықты айтқын. Жақсы адамның жақсылығын айт, бірақ, жағымпазданба. Жаман адамның жамандығын бетіне бассаң да, жала жаппа. Қатарыңнан ассаң да, халықтан аспайсың, халықтың алдында басыңды иіп жүр», – дейтін. Сол өсиетпен шамам келгенше ел-жұрттың алдында басымды иіп, үйде отырып-ақ, қазаққа, халыққа қарлығаштың қанатымен су сепкендей септігімді тигізіп, ұлттық рухтың өзегінен жастарға нәр беріп, солар білсе екен деп жүрмін.
Былай қарағанда, кімге кім келін болмай жатыр. Небір атақты адамдардың келіндері бар. Бірақ, оларды ешкім де білмейді. Мені біледі. Көшеде кетіп бара жатсам таниды, суретке түседі. Соның бәрі менің ерекшелігім дейсіздер ме? Оның барлығы атаның биік рухы, қасиетті әруағы. Біраз жыл болса да, сол кісінің қолына су құйып беріп, шайын қайнатып, үлгі-өнегесін тыңдағанымның арқасы, сол кісінің сөздерін жастарға жеткізуге тырысқаным үшін ғана мені халық танып, біліп жатыр. Олай болса, бұл үлкен жауапкершілік... Аманат арқалаған адаммын дейтінім сол.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5328