Белгілі өнер қайраткері, актер, ақын, Қазақстанның халық артисі Шахан Мусиннің (1913 - 1999) қиырдағы Колымада өткен ауыр азапты тағдыры, сонда да сағының сынбағаны, сексен алты жас ғұмыр кешіп, өнердегі, өмірдегі өз биігін бағындырып кеткені кімді де болса таңдандырғандай.
Шахаң туралы қалам тербеу ойымызда жоқ тұғын. Қайбір күні редакциямызға келген Мұрат Исин деген әскери зейнеткер ақсақал түрткі болды. Көзінде қара көзілдірік, тіп-тік, қимылы ширақ, сыптай боп киінген Мұрат ақсақалдың сексен жаста екеніне, өзі айтпаса, сенуіңіз қиын. Ұзақ жылдар еліміздің сыртқы барлау қызметінде еңбек еткен. Қысқасы, қатаң тәртіпке бағынып өскен, бет-әлпетін бұлжытпай ұстайтын әскери адам екені бірден аңғарылады. Әйтсе де іштей толқып, толғанып келгенін аңғардық. Оны аңғартқан - біздің сезімталдығымыз емес, бұл кісінің ақынжандылығы. Өлең жазады екен. «Түсіме Шахан аға кірді» деп, оқушы дәптеріне жазылған отыз шумақ өлеңін ұсынды: Оқыдың ба сен Шаханның нәзік, мұңды жырларын? Ұға алдың ба тар қапастан шерткен шерлі сырларын? Байқадың ба бойындағы әртүрлі өнер қырларын? Азаматтық ар-ұятын жоғары ұстап тұрғанын?!. Осылай басталатын ұзақ өлеңінде өршіл өнер иесінің азапты ғұмырын сырлы сөздермен әдемі өре білген ағамыз «мен ақын емеспін ғой» деп кішіпейілділік танытты. Әскери жолды емес, ақындықты шындап қуғандай болса, біраз жерге шапқандай екен-ау дедік. Мұрат ақсақал Шахан Мусинмен бірі - аға, бірі - іні болып, әрі жерлес, әрі рухтас ретінде сәлемі түзу болыпты. «Мұндай кісі туралы міндетті түрде жазу керек!» деп, «Арыс» баспасынан шыққан «Өлең. Өмір. Өнер» атты Шахан Мусиннің жырлары мен жазбалары, ол кісі туралы естеліктер, өлең-арнаулар жинақталған кітапты қолыма ұстатты.
* * * Шахан Мусиннің «Майлықара» («Наркомға хат») деген тұңғыш өлеңі 1932 жылы терең тебіреністен, күйініштен туған. Бұл туралы ол естелігінде «Сол күндері Майлықараға бара жатып, қайтып келе жатып, тақыр жолдың бірде оң жағында, бірде сол жағында, кейде жақын, кейде алыс, айдалада әр жерде, азып-тозып, аштан өліп, іріп-шіріп, қарға-құзғынға жем болып жатқан азаматтардың өлімтігін мына мен сорлы өз көзіммен көрдім» дейді. Сөйтіп, осы 16 жол өлеңі үшін 18 жыл айдауда болады. Ең алғаш 1936 жылы түрмеге қамалады. Көп өтпей, Қиыр Шығыстағы «Колымадан» бір-ақ шығады. Сол жерде он жыл ауыр азапты айдауда болып, 1946 жылы туған жеріне оралып, бұрын өзі істеген Семей театрына орналасады. 1948 жылы тағы да ұсталып, Сібір өлкесіне мәңгі бақи жер аударылады. Колымада аштықтан үш рет ісініп, үш рет өлім аузынан қалады. «Аштан ісіне бастадым. Жалпы, ісік дегенге саусағыңды бассаң, шұңқыр пайда болады да, саусақты алған соң, шұңқыр толып, адам терісі орнына келеді ғой, ал аштан ісінгенде, бармақ батқан шұңқыр орнына келмей, сол күйінде ойылып тұрады екен» деп жазады Мусин. Сталин өліп, Берия атылған соң, 1954 жылы ғана босанып, сол 1954 жылдан өмірінің ақыры 1999 жылға дейін табаны күректей 45 жыл театр сахнасынан түспейді. Осылайша жиырма жылдай айдауда болса да, Шахаңның сексенге келгенше тісі түгел, қимылы ширақ болыпты. Бірде атақты ақын Қалижан Бекхожин: «Шахан, сен осы түріңді көп бермей, аса қартаймай қалай сақталып жүрсің?» десе, Шахаң: «Е, етті бұзылып кетпес үшін мұздатқышта сақтайды ғой, мені де 20 жылдай 40-50 градустық аязы бар, қысы 9 айға созылатын суық жерде сақтады, екіншіден, диета сақтаған адам көп ауырмай, қартаймай жүреді дейді ғой, мені сан жылдар аш құрсақ ұстады, үшіншіден, ешкім ұрып-соғып кетпесін, нервісі тиыш болсын деп, 10 жылдап төрт бұрыштан мылтық ұстап күзетіп тұрды, мен сақталмай, кім сақталады?! Менімен бірге болсаң, сен де қартаймас едің» депті. Міне, қайсар қайрат, рух мықтылығы! Он сегіз жыл көрген азабына юмормен қарау - тек Шахаң сынды жандардың қолынан келсе керек. «Сері ағамыз бұл аралықты саналы түрде өшіріп жіберген. Он сегіз жыл көрген қорлығын ұйықтап тұрғандай ішкі сарайынан сызып тастаған. Сонда жаңағы «он сегіз жыл өмірім бекер өтті-ау!» дейтіндей ақжарқын жанның жүзінде қандайда бір мұң, маңдайында сызат, бетінде әжім жатпайтын, тіпті іштей бір өкініш сездірмейтін еді-ау! Қашанда жарқырап, сұп-сұлу, тап-таза, мұнтаздай күйінде, үсті-басының қыры кетпей, мойнынан галстугы түспей, бәтеңкесінің бауы үзілмей, қобырамай, салақтық жасамай, жинақы, әдемі жүріп қазақ өнерінің нар тұлғасы көз алдымызда пәниден бақиға өтті» дейді әріптес інісі Тұңғышбай Жаманқұлов. Шахаңның қырық жылдай отасқан жан жары, Алаштың әйгілі ғалым қызы, профессор Рәбиға Сыздықова «Шахан шерткен сыр» атты толғанысында асыл жарымен қалай танысып, табысқанын терең сипаттап жазады. Біз бұл жазбадан Шахан Мусиннің өмір тауқыметі сағын сындыра алмаған кісілігін, тектілігін танимыз. Тағдыр табыстырған қос аққудың бір шаңырақ астындағы өмірі - тұнып тұрған тағылым, өнеге. Осындай терең сырлы Шахан Мусин әлемімен танысуыма сеп болған жоғарыдағы Мұрат Исин ақсақалға үлкен рақмет!
Төреғали ТӘШЕНОВ
|