Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
IV
Тарбағатай полкы өз күшіне сенбегендіктен атқылай беріп шығындап алған Буыршынға іле-шала Іледен бір полк жетті. Қарсы шабуылдағы алғашқы осы сәтсіздіктің тәжірибе-себептерін жинақтай ойланған қолбасшылар қаританы жайып салып, баталион дәрежелі офицерлердің кеңейтілген жиынын ашты. Буыршын - Сарсүмбе тас жолының Сарсүмбедегі жау көздеріне көрінетін «қасқа жолдарын» түгел көрсетті де, алпыс автомобиль солардың әрқайсысынан он рет көрініп түсуі қажеттігін айтты.
- Азаматтар, осылай жөңкілсек, біздің бір жарым полктык қосын жау көзіне неше полк болып көрінетінін түсінесіңдер ме?! - деп жымиды Дәлелқан.
- «Он бес полк», «он бес полк», -десіп офицерлер қарқылдай күлді.
- Жаужы қорқыта аламыз ғой, солай ма?! Өзі қорқытатын көп қол үрейленбейді, өзі үрейленбесе мылтық кезенбеген адамды ата бермейді, жауыз ниеті болмаса қырғындамай басады, солай ғой?! Ал, сапар сәтті болсын, жүріс ымырт жабыла басталады!...
IV
Тарбағатай полкы өз күшіне сенбегендіктен атқылай беріп шығындап алған Буыршынға іле-шала Іледен бір полк жетті. Қарсы шабуылдағы алғашқы осы сәтсіздіктің тәжірибе-себептерін жинақтай ойланған қолбасшылар қаританы жайып салып, баталион дәрежелі офицерлердің кеңейтілген жиынын ашты. Буыршын - Сарсүмбе тас жолының Сарсүмбедегі жау көздеріне көрінетін «қасқа жолдарын» түгел көрсетті де, алпыс автомобиль солардың әрқайсысынан он рет көрініп түсуі қажеттігін айтты.
- Азаматтар, осылай жөңкілсек, біздің бір жарым полктык қосын жау көзіне неше полк болып көрінетінін түсінесіңдер ме?! - деп жымиды Дәлелқан.
- «Он бес полк», «он бес полк», -десіп офицерлер қарқылдай күлді.
- Жаужы қорқыта аламыз ғой, солай ма?! Өзі қорқытатын көп қол үрейленбейді, өзі үрейленбесе мылтық кезенбеген адамды ата бермейді, жауыз ниеті болмаса қырғындамай басады, солай ғой?! Ал, сапар сәтті болсын, жүріс ымырт жабыла басталады!...
Сарсүмбеге жорықты ымырт жабыла жүргізді сөйтіп. Алпыс автомобиль әр кезеңнен «көздерін» бадырайта жарқыратып түсіп, түсе сала «жұмып» қайта айналып шығып, қайта бадырайтып түсе берді. Түнде жарқыраған бұл «көп көз» Сарсүмбеден қарап жатқан жаудың көзін суыра бадырайтты. «Ақшамнан таң бозарғанға дейін үздіксіз ағылған сансыз көп автомобиль» қай батырды қаймықтырмасын, жау топ-тобымен суырыла зытты. «Шабуылға Совет қызыл армиясы түгел шықты», «коммунистер құртпай тұрғанда көшіңдер, қашыңдар... мал біткенді Бәйтікке, Бәйтікке» дей қашты.
Сарсүмбені ұрыс емес, осы жүріс қайтарды. «Қас батырлар» мен «бас батырлар» енді қаша соғысты. «Тоса соғысу», «боса соғысу», «тосын соғу», «қылт етпеден қыра соғу», «бұлт етпеден жыра соғу» секілді Шың Шысай мен Гоминдаңды ақыл-естен тандырған бұл жаңылтпаш тактикаларға Дәлелқан жаңылмай, дәл жауап бере қуды. Өкшелеп қуа соғып, алды-артын буа соғып апарып Шіңгілден ары ығыстырды. «Батырлар» зорлап-жарлап айдай қашқан көп ауылын, елін-құдіретін қу далаға, құба салаға, құмды шөлге тастай қашты. Халықсыз қас батырлық пен бас батырлық түгіл іші қуыс бос батырлық та болмайтындығын түсінбейтін керең Бәйтіктің Ерен қамалына қайта беттеді.
Төрт-бес күннің алдында ғана шекараның тұс-тұсынан өте қорғанған армия бөлімшелері сол тұс-тұстарынан қайта шығып, түре қуысып еді, Шіңгілден өте ұштаса келіп түгенделді, бекемделе түсті. Түгендеуге келмегені - «Іле атты полкы» екен, бұл полктың басқа аудандардағы бөлімшелері тоз-тоз болып жойылыпты да, Нүсіпқан полковник бастап Шіңгіл шекарасынан өтіп кеткен екі скадроны ғана қалыпты.
Мұны естіген Үсеннің «қырандығы» қайта от алды, кертартпалар жағынан өлтірілгендерінің ішінде рулас-туыстары бар екен.
- Қап, алпыс Керей, қолыма енді түссеңдер едің! - деп басын шайқап-шайқап жіберді. Бүкіс танауы тағы да шодырая түсті. Біз Буыршын - Жеменей жолын тосқан үш тәулік ішінде алпыс шақты адам ұстап, Жеменей сақшысының тергеп анықтауына жөнелтіп едік. Соларды аман ұстап, аман жолдағанымызға ызаланды, - бұзылғандарға енді ара түсуші болса өзін де қосып атамын! -деп кіжінді.
Осы жеңіс хабарымен бірге жаңа міндеттің бұйрығы да жетті бізге: Оспаншылар иенге шашып кеткен ауылдарды тауып, өз жерлеріне қайтару жорығына біздің ротаны да бөліпті. Буыршынға сол күні-ақ жеттік. Баталион штабы бізге мықты, күйлі аттарды ыңғайлаған екен. Үліңгір көлінің оңтүстігіндегі жылы көлден өте жайылатын шептің құм кезер, ең шеткі қанаты болғандығымыз үшін біздің ротаға молынан, алты түйелік азық-түлік керуені тиді. Алдымен оңтүстікке-Үліңгір көлнің батыс жағалауына қарай тартты жол бастаушымыз.
Сол бетімізбен жылы көлден елу-алпыс шақырымдай, алыстап барып, шығыс-оңтүстікке бұрыла шеп жайдық, қиырлап барып Бәйтікке дейін шарламақпыз.
Көптен бері тамшы тамбаған қағыр дала, тағы сортаң, күлгін құмайт, аса шаңқимаса да бағжия қараған ерте күздің күні, кусеп жатқан сирек сексеуіл, мықыр жыңғыл, қырықбуын қылтандар - қаусап жеткен күркелі босқын ауылдардың дамылдайтын мекеніне айналыпты, дамылдайтын ғана емес, тынысы мәңгі тоқтап, біржолата тыным алатын «о дүниесі» болыпты. Ұрты суалып, шалқалай жатқан кемпір-шал, «су-сулап» шырылдаған жас бала, көз жанары сөніп, төрт аяқтай түрегелген нәрестелі әйелдер көрінді. Атысу дайындығымен мылтық кезене жеткен жауынгерлерге: «азаматтарым-ай», «ағатайларым-ай», «сендерді де аман көретін күніміз бар екен-ау» десіп, шулай қарсы алды, «су бер, ағатай, су бер» десіп балалар құшақтайды тіземді...
- Мұндай шөлге неге қаштыңдар?
- Қарақтарым-ай, «Қабанға ерген балшыққа, бұланға ерген шешекке аунайды» деуші еді ғой, -деп кемпір-шал боздайды. - Ергеніміздің қабан екенін білмей қашыппыз, кешіріңдер бізді.
- Мықтыларың қайда?! - деп Үсен түксиді, атуға жарайтын ешкімін таба алмай, әрқайсысына бір төнеді, мылтықтарың қайда?!
- Оларды қалдыра ма, біз боспай тұрғанда зорлап алып кеткен.
- Атыспайтын өздерің не үшін бостыңдар? -деп сұрадым мен.
- Азаматтары құйыршық болып кеткен бізді сендер қырарсыңдар.. қорқып қаштық... сорланғанға шоқпар өш емес пе, шырақтарым, құтқарыңдар бізді, құтқара көріңдер!...
Жол бастаушыларымыздың жақын маңнан су табу-таба алму жағдайларына қарап сусындатып, көшіріп қайтара бердік, өзі қайтып барғандарға үкіметтің тиіспейтіндігін түсіндіріп, жол қағаз беріп көшірдік.
Кегін қайтара алмай Үсен тұнжырады да, Нұрияның ауылынан хабар таба алмай мен тұнжырадым. Ол ауылды Оспан бұрынырақ көшіріп, Бәйтікке жөнелткенін естігенде мен назаландым да, «сұңқарын» бір түні қасқыр алып кеткенде Үсен назаланды.
Ілгері жүрген сайын қасқыр көбейе түсті, түнеген жерлерімізде маңайлап келіп ұлып, қоршай қалып ұлып ұйықтатпауды шығарды. Мылтық атуға «біз мұндалап» жау қоршауына түсуден сақтандық. Тұс-тұсқа күзет кезегіне тұрған жауынгерлер қалжаурап қалғып, қасқырдың «қалжағына» айнала берді. Ұйықтап қалған бір күзетшімізді жаралап кеткен түні тым қатерлі мазаққа қалғанымызды біліп, күзетті қос-қостан қойдық. Оған да сенбей, офицерлер кезекпен айналып жүретін болды.
Сол кезекшілік бір түні таң алдында тиді маған. Жеті жердегі күзетшіні сөзбен сергітіп, соңғы күзет орнында тіршілік белгісі білінбеген соң жер бауырлап еппен жақындадым. Күзетшінің бірі отырып, мылтығына сүйене ұйықтапты да, бірі жатып ұйықтапты. Сұры жерден түнде сұры қасқыр байқалсын ба, жатқанының маңынан жылтылдаған «ширақ» көбірек көрінді де, отырғанының алдынан «қос шырақ», артынан «қос шырақ» көрінді, - қасқырдың көздері. Тағы бірнеше «шырақ» сырт жақтан жылтырап жақындап келеді. Тегі, «жатқаны қайда барар дейсің, отырғанын алдымен жаркемдейік» дегенге келіскен тәрізді, отырған күзетшінің алды-артындағы екеуі жер бауырлап жақындай түсті, маған да айқын көрінді: алдындағысы жауынгерімнің асыранды күшігіне «еркелеп», құйрығын бұлаңдата берді де, сырт жақтағысы тіпті жақындап, ыршуға дайындалғандай, күржие қалды. Ол арқасынан сап ете түсіп өзіне жалт қаратқанда, алдындағысы алқымына ала түспек екен.
- Шошыма! - деген дауысыммен көзеулі германкамның дауысы қоса шықты, өзіме айқын көрініп жатқан алдыңғыны аттым, қасқыр қаңқ ете түсті де, екі күзетші қатар ыршыды, арт жағынан зыта жөнелгендерді байқамай, оқ тиген қасқырға қатар шанышты штиктерін.
- Кім оқ шығарған?! -деп Үсен ұйықтап жатқан ротасының дәл ортасынан ақыра түрегелді.
- Мен, жолдас капитан! Оқ шығарған Биғабіл, оқ жұтқан Оспанның дәл өзіндей көкжалы!
- Жауға хабар бергенің бе бұл?!
- Таң бозарды, екі аяқтысы да, төрт абақтысы да енді келе алмайды, бәрің ұйықта!
Қасқырдың неліктен мұншалық дәніге басынғанын осының күндізіндегі жүрісте түсіндік:
Алдымыздан бұлдырап көрінген Жетім шағылға жақындап қалғанымызда, оң жақ бүйірден біздің екі барлаушы шапқылап жетті. Тұсымыздағы құмның опаң қойнауында үйме-жүйме көп күркелі ауыл отыр екен. «Қанша баспаласақ та адам иә мал баласы көрінбеді» деді. Құралды бандылардың тұрағы болып бізді көре бекінген болар деген оймен түйені шөгертіп тастап қанаттас келе жатқан взводтарымызды жиыстырдық, сақтықпен жүруге бұйырып қойнаудағы ауылдың жан-жағына бөлімшелер жөнелттік. «Батыр» командиріміз жиырма шақты күркенің желкесінен қыдия келіп пулимет құрды да, білегін сыбанып жіберіп атуға өзі дайындалды. Біздің айыр қалпақтарымыз ауылдың әр тұсындағы қыраттардан қылтиып, құралдарын кезей үңілді. Ал жатпаймысың. Қыбыр еткен ештеңе көрінбегендіктен алдымызға қараудан артымызға жалтақтауымыз көбейді. «Бір бөлімшені бастап сен кір» деп маған бұйырды Үсен. Сайлауыт ондықтың бірін бастап, ауылға құлдай жөнелдім.
Жер ошақ немесе көп екені белгісіз, ойран-асыр қазылған үймелер көрінген, ең үлкен қорқынышымыз солар еді. Ең шеткі бірінің далдасынан ертоқымды аттың қаңқа сүйегі арсиғанда орнымнан ытқып тұрдым. Таяздағы су иісін сезген жануар тарпып-тарпып су шығара алмай қалжырап жатқанда, осы тарпыған жерінде қасқырға жем болған. Қазылған екінші бір тереңірек шұңқырдың қасынан екі адамның қаңқасы көрінді енді. Ышқына жүгірдік күркелер жаққа, шашылып жатқан адам сүйегі, мал сүйегі, саусақтар, бақайшықтар, төгілген қан-жын дақтары...
Әр күркенің есігінен үңіле қарап ыршып жүрміз. Сасық-қаңсық иістер қолқаны қойып жан-жүректі түйрегендей. Бір үйдегі ірілі-ұсақты бар адамның сүйегі қасқырдың қарақшы тісінен ұсақталып араласып кетіпті, неше адам екенін де айырып болар емес. Ұзын қара бұрымды, қысқа бурыл бұрымды бастар мен сиреген қырма ақ шашты бастардан ғана кімнің кімі екенін байқағандайсың. Қанды кимешек-шлауыш, қызыл желек, шошақ тымақ, дал-дұл болған қара, қоңыр, қызыл көйлек-штандар, осы араласып-айқасып жатқан сүйектердікі ғой...
- Тірі қалғаның бар ма, құтқарайық, - деп айқай салып едім, дауысым боздай шықты, -шыға ғой, су бар! - дедім де еңіреп жібердім. Бір есіктен сынған домбыра мен қанға боялған бесікті көріп тіпті егілдім.
- Жауды осылай жылап жоқтайтын кім едің ей, нең еді бұлар сенің? - деп зілдене жетті Үсен артымнан, - жауынгерлерге беретін тәрбиең осы ма политрук жолдас?!
- Қасқыр екеуіңнің кектерің әлі де қайтпады ма? - деп мен де зілдене қарадым, - бұлар менің Нұрияшымның шыққан үйі, әке-шешесі, әпеке-сіңілісі, бауырлары!
Темекісін орай тұрып, мырс-мырс күле сұрады Үсен:
- Нұрияшың кім еді тағы да? Әлияны құшақтап шыққаның өтірік болғаны ғой!
«Әкесіне қосып Нұрияштың өзін қанға дәл осылай бояған гоминдаңға енді шешесі, бауыр-туғандары қашып бара жатыр-ау, -деген аса назалы ойға кеттім мен, - адам санасының жетілуі неткен машақат еді? Оспанның ісін қарашы! Өз өмірінде пір тұта сенетін Есімқан, Ырысбай сынды мықты ұстаздарын алдап ұстатып өлтіріскен Жанымханның арам жүрегі мен қанды қолын көре жүріп, енді соны пір тұтқаны қайткені екен? Өзіне ілескен туыстарын осы қасқырлардай қанды ауыз гоминдаңға қырғыза жүріп сегіз жыл соғысып, енді сол жауының бөлтірігіне айналуы, «қалғанын тағы қыр» дегендей, жау апанына бастай жөнелуі - адам санасының ісі ме? Көрген-білгені, өмірден түйгені қайда мұның...?»
- Қайран елдің енді қасқырға жем болғаны-ай! - деп күлкіші Ыбырай поручик түйіле түсті. Атқа мініп, Жетімтөбе жаққа қайта беттедік.
- Өлгеніңді... өздері ақымақ, -деп Үсен оған қарап түйілді, - бала-шағасын қасқырға жем қылып, қай мұратына жетпек екен?
- Жоқ, қарулы азаматтары бізден қорқып қашып, көштері иенде қалған ғой. Бұларды қасқырға жем қылған біз болдық!
- Үсен зекіріп жіберді паручикке:
- Өшір үніңді, бұларды гоминдаңға сатылдырған да біз бе екенбіз?
- Біз емеспіз «тақсыр», ол белгілі ғой, - деп енді жымия сөйледі поручик, - осы ауылдың қарулы азаматтары бар болса жаңа сіз-ақ қырар едіңіз, олар сол мінезіңізді біліп қашқан. Бұларды қасқырдың қыруына біздің де себепші болуымыз сол емес пе?
Қып-қызыл Үсен сұрлана қайрылып, маузерін суырып алғанда, поручик атын тебініп қалып, маған тығыла күлді. Мен танысқалы командиріне қарсы сөйлегені осы еді. Мен де күле қорғадым:
- Сабыр, сабыр жолдас капитан! «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына!» бұл өзіңіздің туысыңыз емес пе? Осы сапарда қасқырды қасқыр жегенін көрдіңіз бе? - дедім. Үсен мырс ете түсіп, қаруын қабына қайта салды, - Ыбырайдың осы сөзіндегі шыншылдыққа разы болуымыз керек. Бірақ, бұл жәйтке біз қылмыскер емеспіз, соғыс қозғаушы, бүліншілік салушы жау қылмыскер! Ыбырай жолдас, осыны қосып айтсаңыз, командир маузерінің іші кеппейтін еді, жіберіп қоя жаздамады ма?
- Рас, сөзімде шалалық қалыпты, -деп жымыңдады поручик, - енді бір білгенімді айтайын: түнде қасқырлардың бізді басынатын болып құтыруына осы марқұмдар себепші болыпты, тым дәніктіріп жіберіпті, халінен кеткен адам, көріп отырса да, қасқырға қайрат көрсете ала ма, осылардың көзін жаудыратып қойып жей берген екен. Қасекең ақымақтар бізді де сондай азық деп құтрыпты ғой!
- Иә, солай, - деп күрсіндім мен, - соғыста ет хоректі махлұқтардың бәрі құтырады, бәрі де адам етіне құнығады. Соғысқа қатынасқан адам да солай құнығады екен. Бірақ, жазықты-жазықсыздығына, зәбірлі-зәбірсіздігіне қарамай құнығу адамгершілікке жатпайды.
Үсен күлімсірей қарады маған:
- Сен қу тағы да мені шымшыладың ба, қалай?
- Сіздің өзіңізді шымшыламаймын ғой, «бұл елге ара түсушілердің өзін де атамын» деген сөзіңізді шымшыласам ұят болмас. Онан соң пікір білдірген досыңызға да мылтық кезей қоятыныңызды шымшылау ғана емес, жұлып алып тастау қажет.
Үсен үзеңгідегі аяғымды аяғымен түртіп қалып күбірледі:
- Домбытуым ғой, айтпай-ақ қой бұл жерде.
- Бұлай домбыту соғыс кезінде өзіңізге қатерлі болмай ма? - деп мен сыбырладым, - өшігіп кеткен жауынгерлеріңіздің бірі артыңыздан басып қалса, қайтесіз?
Үсен жауапсыз қызарып, төмен қарай берді.
Қасқырға жем болған босқындардың сүйегін ілгері жүрген сайын жиі көріп, жиі күрсінетін болдық. Қасқыр тіпті көбейді, соңымыздан баспалап еріп келе жатқандарына жол-жөнекей қосылып көбейетін сияқты. Көбейген сайын обыға түсті. Жұтынып жүрген сансыз ажалдан атқыламай құтылу мүмкіндігі болмай қалды. Түндерді тарсылдата өткізіп жүріп құмнан шықтық.
Сирек бұталы тақыр далаға күн еңкейіп қалғанда ілініп едік. Жол бастаушыларымыз біраз жүрсек бұлаққа жететінімізді айтты. Көліктеріміз таң атқалы су татпаған. Алдымен бір ондық шолғыншы жіберіп, соңынан аяңдадық.
«Біраз» делінген жерге ымырт үйрілгенше жете алмадық. Алдымызда тарс-тұрыс атыс бола кетті бір кезде.
- Поручик Ыбырай! -деп капитан саңқ ете түсті, - көмекке бар, взводыңмен тез жет!
Іле-шала арт жағымыздан да тарсылдады. Соңымыздан қорғай ілесуге төрт жауынгер қалған, олардың аттан түсе атысқаны байқалды.
- Ыбырай, тоқта! - деді командир айғай салып, -барма, керуенді қорғаңдар! Шөгер түйені!
Аттан түсе қалды өзі. Оң жағымыздан да атыс бастала кетті соның арасында. Бұл тұсымызда бір ондық шарлаушы, бір жеңіл пулимет бар еді. Олар шу дегеннен-ақ сақылдатып жіберді. Сол жағымызда толық бір взвод бар. Жау аса көп болмаса бұл тұстан тиісе алмауы мүмкін.
- Арт жаққа көмек жіберіңіз, -дедім мен. Үсен аспанға қаратып үш ракетаны іркес-тіркес атты. Бұл - сапарға шығардағы кілісіміміз бойынша қанаттас ротадан шұғыл көмек сұрау белгісі болатын. Есі шығып кеткен сияқты, менің талабымды жауапсыз қалдырып, әр жаққа бір ұмтылып жүр. Сол қанаттағы взводымыздың шапқылап келе жатқаны естілді. Ол жаққа бір бөлімшесін ғана қалдырыпты. Күлкіші поручик сықылдап тағы бір күліп жіберді де, үш жауынгерін бір жеңіл пулиметпен арт жаққа жаяу жөнелте қойды.
Пулимет атылып жатқан оң жағымыз тына қалды, бұлаққа кеткен шолғыншылар анда-санда автомат тырылдатып қояды. Бізге бірер хабаршы келмеуіне қарағанда, қоршауда қалған сияқты.
- Жолдас командир, бұлаққа кеткендерге үлкен көмек керек, - дедім тағы.
- Бір отделениемен өзің бар, «туысқандарыңды» тілге көндіріп тоқтата аларсың... Басқа барлық күшпен керуенді, оқ-дәріні, азық-түлікті қорғауымыз қажет!
- Біріншіден, «туысқандарымыз» қарулы күшпен басылмаса, бұл жағдайда тілге келе қоймайды. Екіншіден, осы түнде суды тартып ала алмасақ, аттар қырылады, қатқан бөлке мен тары-талқаның, оқ-дәрің жау қолында қалады. Бұлақты қайтсек те алуымыз қажет.
«Тақсырдың» екі жағынан екі взвод командирі чес беріп, мені қуаттап еді, ол ерегесе түсті:
- Бұйрық бұзылмайды, бір отделениемен ғана барсын! - деп қолын бір-ақ сермеді де, соңын жайма-шуақтай түсті, - болмай бара жатса артынан көрмейміз бе?
Керуен үшін емес, өзін қорғау үшін ғана бар күшті иіріп ұстап, қоршауға түскелі тұрғанына ызам қатты келсе де, күлкішімнің таңдап қосқан бір ондығын бастай жөнелдім. «Мен аттан түскенде сендер де сол жеткен жерлеріңе түсе қалыңдар» дей жорттым.
Шолғыншылар қоршалып атысып жатқан майданға жақындап барып түсу үшін ат қабырғасына бар икеміммен жабыса шаптым. Түн қараңғы болса да үйреністі көзіме адам жау көрінетіндей тесіле қарап келемін. Жарым жолға жете бергенімде мылтық тарс ете түсті. Оң жақ тұсымнан басымнан көзепті, қалпағым ұшып кетті. Оқ тигендей бейнемен өзім де ұшып түстім. Автомат үстіне түскен қабырғам мен сол жақ шынтағымның сәл ауырғаны ғана байқалды. Үріккен аттың шылбырына жан дәрмен жабысып, сүйретіле барып шидің түбірінен ұстап тоқтаттым. Сирек ши түбірлі, тақыр жусанды дала екен. Көзім шұбартып, қарайғанның барлығы қымырлап төніп келе жатқандай шошыну мезеті лезде өте шықты, өмір таласы соншалық тез айықтырғандай. Жан-жағыма үңіліп, бір шұқанақшаға аунап түстім. Атым тыңырақ, күтімді еді, серіктерімнен ұзаңқырап кеткен екенмін, құласыммен-ақ аттан бәрі де түсіп, менің маңайымды атқылай берді. Жауды маған жақындатпау үшін атып жатқандықтарын түсіндім. Жырынды, тақыс банды сол бір атудан басқа оқ шығармады.
- Осы шарқидың құралы да өзімдікі, - деп бәсең үнмен сөйледі бірі, еңбектеп келе жатқан сияқты, -түсірген өзім ғой?
- Менің атым арықтап жүр еді.
- Әй анау қасқырлары бере қояр ма екен? -деді үшінші біреуі, - бізден көп, құралдары мықты көрінеді.
- Осының өзі атының шылбырынан тартқандай болды ғой жаңа, байқайықшы, -деді екінші сөйлегені.
- Тез алу керек, кісім, арттағылары келіп қалмасын.
Бірінші болып сөйлегені осы сөзбен өндіршектей көтерілгенде, автоматты ағытып кеп қалдым, «Алла-Алла» десіп қайта бұқты, біріне де тигізе алмаған сияқтымын.
Бұл жаудың аз екені сөздерінен де байқалды, бұлаққа барған шолғыншыларды жайғастырып болғанша негізгі күшімізді бөгей тұру үшін келгені болса керек.
- Атпаңдар! - деп дауыстадым серіктеріме, - өздері азғантай екен, қоршалып та болған шығар?
- Бұл - қоршаңдар дегенім еді.
- Не дейді мынау? - деп біреуі арт жағына бүкшеңдей жөнелгенде, төртеуі төрт жерден бүкшеңдеді, - бар-жоғы бесеу екен. Мені маңайлатып қорғай атқылаған екі жауынгер жетіп амандығымды сұрады. Бірнешеуі шегінген жау тосқауылшыларының алдынан орай жөнеліпті. Келген бұл екеуін бұлақ жағынан оқ шығарып тосуға жібердім де, өзім ұмтылып өкшелей қудым, аттарына қарай еркін жүгіртпей, бұқтыра атқылап қойып, сөйлей ердім:
- Атпаңдар, атпаңдар! Милары болса өздері-ақ беріледі. Біз бұларды өлтіру үшін емес, иеннен өз еліне қайтарып, тыныш орналастыруға жиып жүрміз ғой, атпаңдар, атпаңдар! Мылтықтарыңды тастап, қол көтерсеңдерші, ей, бекер өлесіңдер ғой!
Бір сәтте қарсы алдарынан да, оң-солынан да біздің мылтық, автоматтар атылды.
- Әне, айтпадым ба? - дедім мен, - құтылар жайларың қалмады, тастаңдар мылтықтарыңды! Біз сендердің қаңғырып шөлде қалған көштеріңді құтқаруға шыққан баталионбыз. Қасқырдан аман қалған ауылдарың апаттан құтылды, өз жерлеріне, қоныстарына қайтты. Аса үлкен қылмыстарың болмаса сендерді де құтқарамыз, құралдарыңды тапсырсаңдар болғаны!
Күбір-күбір сөйлескен бесеуінің бірі даңғырлай сұрады:
- Ей, азамат, осы айтқаның рас па?
- Ып-рас, бұл - қолбасшымыз - Дәлелқанның тапсырған міндеті. Зор қылмыстыларыңнан басқаларың жазаланбайсыңдар! Себебі, бізге бәрінен де халықтың бүтіндігі, амандығы керек. Сөйлеп отырған - осы келе жатқан қолдың саяси жетекшісі, азаматтық ар-намысымен уағда беріп отырған да сол.
- Өзіңді біз аттық қой, оған не дейсің?
- Қалпағым мен төбе шашым ғана кетті ғой! Мың садаға болсын сендерден! Өзі де гоминдаңның қорлауынан, қинауынан ағарған шаш болатын, енді қара шаш шығады, оқасы жоқ, сендерді атпай құтқарсақ болғаны...
Қоршап жақындаған жауынгерлер түгел күлгенде, дауыстары дірілдей түрегелді бесеуі.
- Ал, міне, бесеуімізде бес мылтық қана бар еді, құдайға тапсырдық, - десіп қолдарын көтерді...
Қысқаша тергей салып, бұл бастау маңындағы бандының ыңғай мылтықты отыз шақты ғана адам екенін анықтай сала ротаға хабаршы шаптырдым. Аман ұстау үшін тез қоршау керек болды. Керуеніміздің тұс-тұсынан оқ шығарып, құқай көрсетіп жүргендер солардың он шақтысы екен. Негізгі күшімізді осылай тоқтата тұрып, алдыңғы шолғыншы бөлімшеміздегі мықты құралдарды түсірмек, керуенімізді алмақ көрінеді. Біздің шөлде, қасқырмен атысып келе жатқанымызды барлаушылары арқылы біліп жатыпты. Әбден қалжырап, діңкеміз құри жеткенде суатты бермей құртпақ екен.
Тұтқындарға айтылар сөзді әбден түсіндіріп, өз аттарына мінгіздік те. Аяқтарын ат бауырынан мықтап байлап, жетектей жөнелдік. Бастаудағы негізгі күшіне өздерін сөйлетпекпін. Ротадан жіберілген көмектің екі жағымыздан орағытып, жаудың ту сыртынан қоршауға кетіп бара жатқаны байқалды. Біз жақындап барып, аттарды түйе сала шеп жайып жата қалдық.
Шолғыншы бөлімшені бастау басына түсіріп алып қоршаған екен, әлі атқыласып жатыр.
- Ал, сөйлеңіз, -дедім бірінші болып мылтық тастаған шалға, - жаңағы үйреткенімді қатты дауыстап сөйлеңіз!
- Ой азаматтар, батырлар... атпаңдар, кісілерім, мылтық атпаңдар! -деп барылдай жөнелді шалым, - пулиметтары құрулы деймін, атпаңдар... қоршап болды бізді, оқ шығармаңдар... бұлар - біздің жауымыз емес, қаңғып шөлде қалған, қасқырға жем болған ауылдарымызды қорғап, сусындатып, елге қайтарып келе жатқан құтқарушы керуен екен. Атпаңдар, мылтық атпаңдар, жазым қылмаңдар, кісілерім...
- Қап, мына кәрі иттің қылғы-ай! - деп қалды жаудың бірі, - қолға түскен соң ит болып үріп тұрғаны ғой, қарашы, бесеуі қатар тұр, атып тастаңдаршы өздерін!
Бұл әлде қандай бір таныс дауыс болып естілді маған.
- Атсаңдар өздерің қырыласыңдар, -деп мен зекідім, - осы жатқандарың он бес-жиырма шақты ғана адамсыңдар. Ажал шақырмаңдар өздеріңе! Бала-шағаны аман көрулерің керек шығар?...
Аржақтарынан орап келіп жеткен біздің жауынгерлердің автоматтары екі-үш жерден тырылдап қоя берді осы сәтте. Мен көтеріле айқайладым:
- Атпаңдар, атыспаңдар! Екі жақ та оқ шығармасын!
Өкпе тұстағы біздің бір автомат еселеп тағы сақылдатып қоя берген соң қасымдағы жауынгерге бұйырып, үш тал от оқты сол тұстан асыра жіберттім, майданды жарқылдатып көрсете зулады. «Құдай» қараңғышылықта атыстырып, ат қағыстырып қойған «құйыршық» пен «шарқилар» жақындаса, таяу-таяу жатқан екен. Жым-жырт тына қалды.
Араларын күбір-сыбыр кеулеген бандылар мылтықтарын тастап, қол көтере шұбады да, менің алдыма келіп тізілді.
Бозарып таң білінді. Тұтқындарға маузерін жалаңаштай жеткен Үсенді штап бастығы мен взвод командирлерінің көмегінде әрең тоқтатып, алдымен өз жауынгерлерімізді түгендеттім. Керуен маңындағыларды қоса есептегенде бес жауынгер қаза болып, төртеуі жараланыпты. Қаза болғандардың үшеуін керуеннің оң бүйірі мен артынан тұтқиыл тиген жау тосқауылшылары атыпты да, екеуіне бастауда қоршалғанда оқ тиіпті. Жараланғандардың үшеуі тағы да осы қоршалғандардан. Жеңіл жараланған екен, атыстан тоқтамай қорғаныпты. Ауыр жараланған төртінші «қыран» командиріміздің автоматынан жараланғанын, аяғына екі жерден оқ тигенін өзі айтты.
Үсен осыны естіген соң ғана бәсеңсіді. Тоқтамай атылған соңғы автомат осы «тақсырдікі» болып шықты. Жау қоршауында жатқан өз жауынгерінің аяғына екі жерден сонда тиген екен.
Рота жауынгерлерінен осы жәйттерді жазып алып, күзет астында отырған тұтқындардың алдына келгенімде жерге жарық түсіп, төңірек толық айқындалып еді.
- Жалпы нешеу едіңдер, бастықтарың кім?
- Жалпы отыз екі құйыршықпыз, - деді әлгі өзім сөйлеткен шал, - бастығымыз әне, аты - Бердібек. Ей батыр, өзің... сөйлесеңші, бәрін мен біле бермеймін ғой?
Батыр аталған орта жасты, шоқша сақал сәл тұқырыңқырап, қозғала күрсінді:
- Әйтеуір, осы бастау басына... тосқауылға бастық болып... жол бастап келгеніме бола батыр аталғаным ғой... әйтпесе, үкіметіміздің саясында ғана теперіштен әрең құтылып, енді ғана жарық көріп, тыныштық тапқан ауыл адамы едік, Құдай осылай етті, -деп алып кідірді, мен де күрсіндім бұл сөзіне. Бәр тұтқын жүзіме телміре қарап, кеңшілік дәметіп отырғандай, төбесі оқтан үйтілген жалаң ақ басымды бір изеп күрсінуімнен өздеріне зор жылу-рахым күткен сияқты, - мына ақсақал дұрыс айтты, жалпы отыз екі кісі болатынбыз, -деп еселеді бастығы, - он үш шолғыншыңыз желе жортып шыға келгенін алыстан көріп жасырындық. Аттарымыз мына сырт жақтағы ойпатта шідер тұсаумен жүрген, көрінбепті. Шолғыншыларыңыз суға келе бас қойғанда қоршай атқыладық. Олар да сатырлатып, жуырда берілмеуге бекінген соң сіздерді бөгей тұруға он бес кісі тосқауылшы жібергенбіз. Мына бесеуін қолға түсіріпсіздер, оны әлі қайтпады. Өлді ме, қашып кетті ме, білмедік.
- Өлгеніңді... біздің керуеннен әлі дәмеленіп жүр екен ғой? - деп Үсен зіркілдей жөнелді, - ей, Ыбырай, бар, қырып тастап келіңдер, ол жердегілерге айт осы бұйрығымды. Тұтқынның керегі жоқ бізге, тірі ұстаушы болмаңдар! Бұл иттің балалары, өздері атқанды былай қойғанда, өзімізді өзімізге атқызбады ма? Тоқтат политрук, сөзді мына пулиметқа бер!
Өз құдіретін көрсеткісі келе ақырған айбынды сары ала командирдің бұл сөзінен тұтқындар түгел қалтырады. Мен де сақылдаған қатал дауыспен сөйледім:
- Сіздер қазір біздің емес, қолбасшы уәлилеріңіз Дәлелқанның алдындасыздар. Сол кісінің қамқорлық бұйрығымен тірі отырсыздар. Соғыс тоқтаған соң қорқу да, қорқыту да қате! Ал «батыр», сөйлей беріңіз!
- Сөйтіп, осы бұлақ басында қалғанымыз он жеті едік, үшеуі оққа ұшты. Мына бесеуімен он тоғыз болып алдыларыңызда отырмыз. Мұның да екеуі жаралы, әрең отыр. Алсаңыздар міне бас, жаздық-жаңылдық, кісі өлтірістік...
Жаралы екеуін өз жаралыларымызбен қоса емдеуді рота санитарына тапсырдым да, қайта сөйледім:
- Соғыс деген өлтірісу деген сөз. Мұндайда қарсысындағы жауға оқ атпаған жауынгер жазаланады, бұл - соғыс заңы. Сондықтан, соғыста атысқа түсіп кісі өлтірген жауынгер жайшылықтағы кісі өлтірушімен тең жазаланбайды. Енді бізден өлген, жараланған жауынгерлерді атқан кім-кімдер екенін айтып беріңдер! Атушының өзі «мен» деп шықса тіпті жақсы. Өтірік айтудан ғана қорқыңыздар!
Бастау басында қаза болған екі жауынгерге құнікер екі банды өздіктерінен қол көтеріп түрегелді де, жараланғандарды атушы екі банды талқымен анықталды. Арттағыларымыз Ыбырай взводы да қайтып келіп, он бандының табылғандығын айтты.
Жайбарақат жайнап күн шықты.
- Төртеуің былай шық! -деп Үсен маузерін тағы да суыра түрегелді. Төрт жау қалтырай-тәнтіректей шығып тізіле бастады.
- Командир жолдас, төртеуін атамыз ба? -деп, алты атарды мен де суырып, алдына тұра қалдым, - үкімнің әділ болуы шарт, офицерлерді жиып талқылайық.
Жүзім суынып кеткен сияқты, алты атарым мен өзіме кезек қарады командир. Штап бастығы арамызға тұра қалды.
- Не керек саған, анықталып болмады ма? -деп зекіді Үсен.
- Анықталмағаны әлі көп, - дей сала рота офицерлерін түгел шақырдым. Олар келіп тізіле қалғанда қайта сұрадым командирімнен, - адам атқандардың бәрін атайық па?!
- Менен бұйрық бәрі атылсын!
- Мына төртеуін атпай болмас, жолдас политрук!
- Өйтпей жауынгерлер кегі қайтпайды! -десіп офицерлер командирінің бұйрығын жақтай берді.
- Олай болса, командир бұйрығын орындаушы мен болайын, -деп жымидым мен, - жауынгер Әділқанды екі жерінен атушыны қосыңдар ана төртеуіне! Банды мергендер қарсы атысқан жауларын атса, бұл мерген өзінің бұйрығын орындап жатқан өз жауынгерлерін атты. Қайсысының күнәсі ауыр?! Рота командирі капитан Үсеннің бұйрығы бойынша адам атқан бесеуінің «бәрі атылсын!...» қосыңдар анау төртеуіне!
- Нағыз әділдік осы, -деп күлкіші Ыбырай бастады да, офицерлер ду күлді, сазарып тұрып қалған командирден бұйрығын қайтарып алуды өтіне күлісті. Маған көз қиығымен суық қарап, мырс ете түсті Үсен. Маузерін қабына тыға сала жүріп кеткенде, мен де алты атарды тыға салып, қатарласа аяңдадым. Іштегі ашуы кернеп, мығым денесіне симай келе жатқандай, дөңес мұрнынан демін жиі алды.
- Командир жолдас, маған ашуланып келесіз бе, қандай жаманшылығым болса да айтыңызшы қане, жуынып тазарайын.
- Аса әдепсіздік істеп қоятының болмаса, жақсы азаматсың ғой, не керек сұрап, жуып-шайып...
- Дұрыс, әдебімді әділетке құрбан ете салатын мінезім бар екені рас, ол үшін әрқандай жазаға дайынмын... Сіз осы сапарда әдепсіздікті былай қойып, бүкіл адамгершілік атауына мылтық кезеніп келесіз, жауды да, досты да атпақ боласыз, жараланған жауынгерлеріміздің төрттен бірін өзіңіз аттыңыз, көп жауға шабуыл жасауға аз адам жіберіп, рота политругын де мерт ете жаздадыңыз, алты түйе мен өзіңізді қорғауға ротаны түгел иірдіңіз, ротаңызға дөп келген отыз шақты ғана бандыға бола қатерден құтқару белгісін беріп, жауынгерлік міндеттегі қанаттас ротаны көмекке шақырдыңыз. Олар келе қалса өз міндеттерінің сәтсіздікке ұшырағаны үшін сізбен есептескен болар еді... бір минут тоса тұрыңыз... сөйлеп болайын... соғыста командир бұйрығы заң есептеледі, солай емес пе? Жоғары қолбасшылықтың бұйрығын орындауыма үздіксіз қарсы шыққан, тіпті өзіңіздің дәл жаңағы бұйрығыңызды да орындатпай қойған сіздің алдыңызда әдеп сақтасам, заңға қарсылық болмай ма? Осыларды ойласаңыз, менің «әдепсіздігіме» кешірім етесіз деп сенемін. Енді мына тұтқындарды жоғарыға жолдайтын материал дайындайын, мәселелерін соғыс комиссиясы шешеді.
Рота командирі су басында отырып қалды да, мен аяңдап тұтқындар алдына бардым. Адам атқан төртеу атылу уақытын тосып әлі дірдектеп тұр. Аты-жөндері мен қылмыстарын анықтап жазып алдым да, серіктеріне қосылып отыруға бұйырдым. Күрсінісе тарап барып, өзді-өз орындарына сылқ-сылқ түсті. Рахымет жаудыра күңгірлесті көпшілік тұтқын. Нысанаға менің басымды алып, төбе шашымды үйткен «белсенді» шалым орнынан ыршып тұрды:
- Шыққыр көзім осындай азаматтың басын да көздепті-ау!... Сені атқан мен едім, шырағым, өшіре салшы осы суалғанымды, екі дүниеде обалым жоқ. Ата сал мені, өкінішім тарқасын, - деп соңғы сөзіне келгенде айқайлай өтінді.
- Отырңыз, қолға түскен адамды ату ұқығы жоқ бізде және алдымен берілдіңіз, отырыңыз... отырыңыз! - деп ақыра бұйырдым.
Енді бәрінің аты-жөнін, мекенін, ұлтын, жасын, ауқатын, қолға түсу позициясын, өзі тапсырған қылмыстарын түгел қосып толықтап тізімдеуге кірісіп едім, ең соңында «Сәбит» дейтін біреудің аты шыға келді. Бұға отырыпты өзі. Тым бәсең үнмен атады атын. Мұрт қойып, шошақ тымақ кигеннен басқа парқы жоқ сабақтасым - «үнсіз күреңнің» дәл өзі. Гоминдаңға тыңшы болып, сабақтастарын іштен жей келе қорыққанынан маған да «тыңшы» болып еді ғой?!
- Қай Сәбитсің? -дей елеңдей түрегелдім, - «үнсіз күрең», «бұқпа» Сәбитпісің ей? Бәсе... таңға жақын мына шал атыспай берілуге шақырғанда, «қолға түскен соң ит болып үріп тұрғаны ғой, атып тастаңдаршы өздерін» деп кіжінген таныс үн сенікі болды ғой? Қалай, аман-есен жүрмісің, сабақтас? Тұр орныңнан! Екі құйрықты сайқал тыңшы, шық былай!...
Қаншалық кәрлі дауыспен ақырсам да Сәбит күлімсіреп, бейғамси түрегеліп, шетке шыға тіктелді, Үрімжідегі жасырын ұйымның соңғы кезеңінде маған істеп берген қызметін медеу еткендей, менен артықша қаталдық күтпейтін бейғамсу еді бұл.
- Туған еліңе, өз сабақтастарыңа істеген қаскүнемдіктеріңнен айныған сол уағдаңмен тұрсаң еді ғой, әттегене! -деп кейи қарадым жүзіне, - екі жылдың ішінде-ақ сол оңбаған қалпыңа қайтып келіпсің-ау гоминдаңның күшігі!... Енді қалай сенуге болар саған? Халыққа ғана емес, өз антыңа да опасыздық істегенде кімге опа бермексің?!
Бастау жаққа жалт қарасам, офицерлер мен Үсен келіп, желкемнен қарап тұр екен. Солай қайрылып, чес бере баяндадым:
- Жолдас командир, гоминдаң тыңшысы, төңкеріске екінші рет қарсы қимыл көрсеткен екі жүзді опасыз, тоңмойын сатқынға осы майданда, осы айғақ алдында өлім жазасы берілуін талап етемін! Түндегі қоршауымызда қол көтеруге шақырушы серіктерін атуға бұйырған осы!
Бұл талабымды ести сала шар ете түсті Сәбит, Үсеннің маузері шаңқ ете түсті...
- Сендерге берер сабағымыз осы ғана, - дедім мен тұтқындарға, - көтерген осы қолдарыңмен екінші рет мылтық кезенсеңдер мына Сәбиттің артынан кетесіңдер. Жерлеріңе аман қайтарамыз, аман жету-жетпеу өздеріңнен. Айдаушыларға бағыну шарт!
Өлгендерімізді аза жиынымен жаназа шығартып жерледік, бандылардың да бұл ғұрпына рұқсат әпердім.
Қанаттас ротадан Үсеннің сұраған көмегі сәскеде, жұмыс аяқтай бастаған кезде жетті. Өздерін елу неше банды түн бойы қоршап, таң бозарғанда қуылған соң ғана бір взводын әрең жіберіпті. Жаудан жиырма шақты жауынгері шығындалған екен. Көмекке келген взводтың командирінен рапорт қабылдаған Үсен маған қарап көзін қысып-қысып жіберді. «Біздің жаудың санын айтып қоюдан сақтан» дегені еді.
- По, осыншалық ерте келгендерің-ай! -деп Үсен енді көмекшілерді кекеткенде Ыбырай қарқылдай күлді. Елеңдей сұрады көмекші поручик:
- Сіздермен соғысқан қанша жау екен?... Қолға жиырма шақтысын түсіргенсіздер ме, қалай?!
- Негізгі көпшілігі осы, - деп өзіне естіртпей, әдейі күңкілдеген Ыбырайға «тақсыр» капитаны адырая қарап, зекіріп жіберіп қайырды жауабын:
- Кет, бар да жуын!... Бізді толық құралданған жүз жиырма шақты қамаған. Жиырма екісін алып қалдым, қалғаны тоз-тоз болып жоғалды.
- Біздің оң жағымызда отыз бандымен соғысқан бір «қыран рота» алпыс банды қамаған ротадан шұғыл көмек сұрапты, - деп Ыбырай кетіп бара жатып қарқылдай күлді. Бастауға жете айқайлады сонан соң, - келіңдер рота, взвод командирлері! Сүйікті политруктің басы аман қалғанына той жасаймын!...
Ол сақтап келе жатқан бір бөтелке ақ арағын көмекке келген взвод командирі мен жеті адамның шөңкесіне бөліп құйды. Менің еңбегімді жер-суға сиғызбай мақтап алды да, өз ыдысын «жасасынмен» басынан асыра көтеріп жіберіп қағып салды. Жерлесінің бұл тостынан «батыр» командир томсырайып үлпершектей талаурай қалып еді. Мақтаншақ адамға күншілдік қосыла бітетіндігін осы шырайдан анықтап, бәсеңдетуге мен тырыстым:
- Менде бұл айтқандай зор қабілет болса, осы шайқаста ротамыздан мұншалық шығын шығар ма еді? Даңқ құрбан болған, жараланған жолдастарға, жалпы жауынгерлерімізге, сонан соң «батыр» командирімізге тән, -деп көтердім шөңкемді.
Үсеннің сыздаған қарны енді сәл босағандай, ырғалып қойды. Күншілдігін байқатпау үшін мені өзі де көпшіктей салғысы келген сияқты:
- Конвой Мұрат, әкел менің бакалашкамды, әлгі бір бөтелке коньякті де әкел! «Тентектің бір аяғы сегіз, бір аяғы тоғыз» деген, Ыбырайдың бұл ниеті деген жерімнен шықты, политругым де батыр шықты бүгін, тойлағанымыз дұрыс! Батырым, аман қалғаның үшін ішелік бүгін!
- Сіз тұрғанда маған батырлық қайда? -дегенімде сыр білмейтін қонақтан басқасы түгел күлді, - басымнан масаша ызылдап өткен бір ғана оқтан төбе құйқам әлі шымырлап жүр, менен қандай батыр шықпақ? Сіздің «батырлықтан» тіпті шошыдым, ойпыр-ай, көзсіз ер екенсіз-ау!
- Өзім өлсем де әйтеуір керуенді бермеуге тырысқаным ғой, - деп батырлыққа бір саңлау таба қойғандай ұмтыла түскен «тақсырын» Ыбырай поручик тағы бір іліп тастады:
- Түйеден қорған жасап ала қойып, үш ракета ұшырғанда мен де шошыдым. «Қорықсаңдар маңайыма жат» дегендей ротаны тапжылдырмай иіруден үлкен батырлық бар ма?
- Ей, сен далбырламашы енді! -деп Үсен Ыбырайға түйіле қарап қойды да, мен үшін тост көтеру сөзіне кірісті:
- Алдына келе қалған жауын атудан қорқатын бұл жігіт бүгін елеулі ерлік көрсетті. Ротамызға қосылғанына бір ай болып қалды. Бұл - біздің ротамыздың жауынгерлік тұрмысының, соғыс тәрбиесінің шынықтыруы, қане, Биғабілдің басының аман қалуына, өмірінің ұзын болуына командирі арнап құйған арақты бәріміз бір-ақ көтерелік!
- «Бұл жігіт» демей «политрук жолдас» десеңіз, «ротамыздың жаны болды» деп анықтасаңыз ғана ішеміз! -деп Ыбырай ерленгенін толық көрсете, көтеріле сөйлеп қалды. Арақты да, сөзді де тоқтату үшін мен сөйледім:
- Жолдастар, тостты маған арнауларыңызға үлкен рахымет! Батырлыққа таласар жайым жоқ, өмірге таласар жайым болды. Осы тосты дәл осы жерде арақ ішпеу үшін ғана көтерелік. Бұл - қатерлі бастау. Бұл - жау тосын тиетін жау, арақ - қатерлі жерде қатыра ұйықтататын жау, келіңдер, осы сапардан қайтқанша ішпеу үшін ішелік!
Офицерлер ду күлісті де, бірдей көтерісіп тастап өз орындарына тарады. Өзіміздің үш мықты жауынгерге тұтқындарды айдатып, көмекке келген взводпен бірге жөнелттік.
Кезегі жеткен бір ұйқыға жата қалып едім, Үсеннің зіркілдеген бұйрықтары оятты. Түс ауып күн еңіске тартыпты, Шіңгілге қайтуға баталион штабынан бұйрық келген екен, зіркіл тез жөнелудің зіркілі болып шықты.
Бәйтікке жақындағандығымызды, бұдан былай иенде қалған босқын көш емес, ыңғай құралды жау қарсы алатынын біліп шақыртыпты, ротаның өмір талабы шұғыл аттандырды.
* * *
Әділетті тергеушім, өзіңізге пайдасыз бірер адам өлтіруімді сіз өнімді қылмыс деп, әрине, ескере қоймайсыз, күнделікті тұрмысыңызда темекінің тұқылы қай жерде қалмаған. Бірақ сіздің қолғанат үшін таңдайтыныңыз осы «үнсіз күрең» Сәбит тұлғалас хайуандар ғой. Мұндай аса бағалы хайуанды атқызушыны айналайын дей қоймассыз.
Бұл тарауда өмір сүруге, тірі қалуға қаншалық тырысатыным, яғни ең зор қылмысым әшкереленді: ат қабырғасына жабысуым да, қалпағым ұшып түсісімен оқ тигендей ұшып түсуім де көпе-көрнеу тірі қалу үшін тырбану емей немене? Жасай түсуге, яғни қылмыс өткізе түсуге бұлай өршелене талаптанудан зор қылмыс бар ма?
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»