Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 5129 1 пікір 26 Тамыз, 2021 сағат 12:26

Шидің жаңа саясаты. Қытай «бірдей баю» жолына түспек

«Бірдей баю - социализмнің мәндік сипаты, осы заманданудың қытайлық үлгісінің маңызды белгісі. Ендеше халықтың мүддесін мұрат тұтқан даму идеологиясында табанды тұрып, сапалы даму барысында бірге баюды жеделдетуіміз керек». Бұл 2021 жылы 17 тамызда шақырылған ҚКП қаржы-экономика жиналысында мемлекет төрағасы Ши Жипиннің алға қойған мақсаты.

Ши өз баяндамасында «партияның тарихи сабақтарды қорыта, кедейліктің социализм емес екендігін тани келе, бір бөлім адамдардың және бірқыдыру өңірлердің алдымен баюларына жол бергенін, сөйтіп қоғамдық өндіргіш күштердің дамуына қол жеткізгендігін» ескерте отыра, «18-нші съезден кейін (Ши билікті алған съезд-автор) партияның тұтас халықтың бірдей баюын мейілінше маңызды орынға қойғанын, сондай-ақ пәрменді шаралар қабылдап халықтың тұрмысын жақсартып, кедейлікке қарсы жеңісті шайқас ашып, дөңгелек дәулетті қоғам орнатқандығын, осылайша бірдей баюды іске асыруға тамаша негіз қалап қойғандығын» сенімді дәріптейді.

ҚКП-ның қаржы-экономика жиналысы өткен мерзімдердің жетістіктері мен келеңсіздіктерін қорытындылау негізінде, келесі қаржылық жылдағы, тіпті, келесі бір мезгілдегі мемлекеттің экономикалық саясатын бағыттап отыратын маңызды жиналыс. Оны шақыратын ҚКП қаржы-экономика комитеті, төрағасы Ши Жинпиң. Осының өзі-ақ Қытайдың «бірдей баю» жолына шындап бағыт алғанын аңғартса керек. Билік партиясының ел тұрғындарын «бірдей баюға» жетелеуі, әсілінде, талас тудырмауға тиіс игі шара. Мәселе, мұнда мақсат етіліп қойылып отырған «бірдей баю» айтылымы ҚКП-ның Ши төраға болғалы үдей түскен солшылдық бағытына сай, мемлекетті таза марксизмдік ұстындағы социалистік қалыпқа итермелеп бара жатқандығында болып отыр.

Билікке Ши жайғасқалы, Қытайдың 80-жылдардан басталатын реформа жетістіктеріне кепіл болған «марксизм теориялары мен Қытайдың әмәли жағдайын ұштастыра» байытылған, аса прагматикалық сарындағы және өте-мөте өміршең Дэн идеологиясы шетке ысырылып қалып барады. Шынтуайтында ҚКП-ның өзі дәл осы идеологияның арқасында билікте қала беруге мұрсат тауып келе жатқан-ды. Бұл жерде мәселенің таза идеологиялық-бағдарлық мәнінен бөлек, Шидің билікте жалғасты қалуын қамтамасыздандырудың тактикалық есептерінің де құлағы қылтияды. Азаматтардың «бірдей баюының», мерзімі келер жылға орайласып тұрған партия мен мемлекеттің басшысын бекітетін ҚКП 20-ншы съездіне бір жыл қалғанда дәріптелуі тегіннен тегін емес. Оның астары мынада. Қытайдың өткен реформалау дәуіріндегі қауырт дамуы тұсында, «бір бөлім адамдардың баюына жол беру» саясатының арқасында, шынымен де ол елде жеке байлығы кішігірім елдерді қалпағымен ұрып аларлық ауқатты адамдар шықты. Либералды экономикалық саясаттың теріс нәтижесі ретінде елдегі екі үйекке жіктелу аса қарқын алды. Қоғамдық байлықтың аз санды адамдардың қолына шоғырлану үрдісі үдей түсті. Тұрғындардың баспаналы болу, емделу, бала оқыту сықылды өмірлік сұраныстарын қанағаттандыру шиелене берді. Бұл өз кезегінде былайғы бұқараның наразылығын тудырды. Осы көңіл-күйді дәп басқан партияның саяси технологтары конституциядан мемлекет басшысының билікте қалу мерзімін алып тастаған Шидің аузына «бірдей баю» концепциясын салып отыр. Тақылеттес тактиканың Ши билігінің заңдылығы мен өнімділігін халықтың санасына жеткізуде осыған дейін де орасан пайдаға асқаны дәлелденген де. Ол - жемқорлыққа қарсы күрес тұсында (2012-2018жж.) қолданылған. Жаң Зымың мен Ху Жинтао билігі тұсында Қытайда жемқорлық пен билік-бизнес айырбасы өте-мөте асқынып кеткені соншалық, қоғамда ҚКП билігіне құқықтық және  мөралдық тұрғыдан да күдікті ауан қалыптаса бастаған-ды. Социализм мен компартияның өміршеңдігіне жан ықылым берілген Ши, өз билігінің айбынын партияның мемлекетті осы жемқорлық індетінен сауықтыруға білек түре жұмылдыруын көрсетуден бастаған-ды, және онысы оның бірінші сайланымы мерзімінде жемісті болды да. Бұл батыс сарапшыларының көзімен оның «жемқорлықпен күресі» желеуін тауып саяси қарсыластарын ықтырудың тәсілі деп бағаланып келді. Ол шын да, десе де тұтастай осылай еді деуге келе қоймайды. Ши үшін бұл «күрес» Қытайдың басым көп санды халқының назарын аудару мен олардың ықыласын алудың таптырмас айласы болды. Сол жылдары халық оған риясыз ықыласпен қолдау білдіріп отырды. Компартияның идеологтары, міне, осы тәсілді қайта сайлап жұмсап отыр. 17 тамыздағы жиналыстан бергі БАҚ-дағы және әлемжелідегі қарапайым азаматтардың реакциясына бажайласақ, «бірдей баю» мұраты аңқау жұрттың оң бағасына ілігіп үлгерген сыңайлы.

Енді «бірдей баю» концепциясының өзіне оралсақ. Баяндамада «бірдей баюдың азғантай адамдардың баюын, немесе бәрінің біркелкі баюын емес, тұтас халықтың баюын» меңзейтіндігі және оның «басқыштарға бөлініп іске асырылатыны”» ескертілгенімен, айтылымның қытайдың қалыптасып келе жатқан орта табының, өте-мөте, жеке сектордың алаңын тудырып отыр. Жиналыс құжатында «жоғары табысты бір жүйеге келтіру мен теңшеуді пәрменді іске асыру, заңды табысты құқықтық қорғау, жоғары табысты үйлесімді теңшеу, жоғары табыстылар шоғыры мен кәсіпорындардың қоғамға қайтарым жасауын ынталандыру керектігі» айтылады. Ерте көктемнен бері қарай Қытай билігінің «қадағалауды күшейту», «монополияны тежеу» желеуімен неше жүз миллион тұтынушысы бар және оларға қатысты мейілінше мол информацияға ие, қаржылық қуатты кәсіпорындарды, әсіресе, технологиялық әлеуеті ұшан-теңіз инновациялық кәсіпорындарды тәртіпке шақырып келеді. Олардың бірсыпырасын аса ірі көлемде айыппұл салу (мысалы монополияға жол бергені үшін Alibaba-ға 2.8 млрд$, Meituan-ға 1.0 млрд$ айыппұл төлету), немесе кәсіпкерлік ауқымының мақсаттан алқып кеткендігін ескерту (ҚХР индустрия және цифрландыру минстрлігі Tencent Video, Tencent Maps, iQiyi Inc., IQ, Suning.com. сынды 43 интернет қосымшаларының өз құзыреттерінен артық қолданымдарға жол бергенін тектеп, 25 тамызға дейін түзету жасауға бұйырып отыр) сынды тәсілдермен «жөнге келтірген-ді». «Енеңді дегенін емеуірінен сезген» алпауыт компаниялардың иелері мерзімінен бұрын демалысқа кетуге немесе өз қолдарымен құрған компанияларының басқарушылық мәртебесінен бас тартуға мәжбүр болуда. 2018 жылы қыркүйекте 55 жастағы Ma yun зейнетке шықса, 45 жастағы Liu qiangdong («NASDAQ:JD». 04.2020.), 41 жасаp Huang zheng («Buy Togheter». 03.2021.), 38 жасар Zhang yiming («Dyte Dance». 05.2021.) іркес-тіркес өздерінің басқарма төрағалықтарынан кетті. Кейбіреулері қоғам мен мемлекетке қарыздарлығын мойындап, мемлекетке орасан «қайтарым жасауға» көшті. Мысалы, «Теnсеnт» 18 шілдеде(!) «бірдей баю арнайы жобасын жасақтап» оған 50 млрд юан бөлді. «Buy Togheter» 20 тамызда «ауылшаруашылық саласын  зерттеудің 10 миллиардтық жобасын» жасағанын жариялап, ауыл тұрғындарының баюына болысатынын сүйіншіледі. Мемлекеттің компанияларының басшылық құрамына өз өкілін кіргізіп, кәсіпорынды жақыннан бақылауына көніп жатқандары бір қауым. Мысалы, «Dyte Dance» 2021 жылдың 1 сәуірінде компанияның 1% акциясын мемлекеттік кәсіпорынға ұсынумен бірге, осы кәсіпорыннан бір адамды акционерлер құрамына қабылдап, іс жүзінде оның мемлекеттің атынан қадағалауды іске асыруына мойын ұсынды.

Әйгілі «Goldman Sachs»-тың 29 шілдедегі есебінше, 2020 жылдың қарашасынан бері реттеуші-қадағалаушы мекемелер монополияға қарсы, қаржылық қауыпсіздік, цифрлық қауіпсіздік, әлеуметтік теңсіздік мәселелері бойынша 50 шақты тексеру-реттеу шараларын атқарыпты. Апта сайын бір іс! Осылардан-ақ Қытай билігінің жоғары табыстылардың табыстарын «жүйеге түсіріп», «теңшей» бастағанын, «қоғамға қайтарым» жасатып үлгергенін байқауға болады. Бірақ оның Ши төрағаның тиісті баяндамасында аталған «үйлесімді теңшеуге» сәйкестігінің сын көтермейтіндігін жоғарыдағы мысалдар-ақ паш етіп бергендей.

Баяндамада «бірдей баюдың» «алғашқы бөліс, қайталай бөліс, үшінші реткі бөлісті үйлесімді қауыштыратын негіздік жүйе жасaқтау» арқылы іске асырылатыны айтылады. Мамандардың тәпсірлеуінше, мұндағы алғашқы бөліс нарықтық қатынастар арқылы, қайталай бөліс мемлекеттік реттеумен, үшінші реткі бөліс салық, әлеуметтік қамсыздандыру, ауыстырып төлеу механизмдерімен іске асырылатын көрінеді. Қолданыстағы тәжірибеден қарағанда, мемлекеттің аталған бөлістің екінші және үшінші кезеңінде, өте-мөте салық және ауыстырып төлеу (шын мәнінде біреудің есебінен біреуді жарылқау) механизмдерін іске қосу барысында бизнеске қолды қатты салып жіберуі кәдік. Оның түпкілікті мақсатының өзі де - ауқаттылардың байлығын ортақ қазанға төңкеру - осында жатыр. Қытайлық бизнес қауымды алаңдатып отырғаны да осы.

Қысқасы, қазірге дейін солшылдық бағыт қоғамдық бір үнділік, идология, партия ішілік тәртіп, дипломатия саласында көрініс беріп келсе, ендігі кезеңде оның тұтас экономикалық өмірге, халықтың күнделікті тұрмысына ойысатын нышаны барған сайын айқындалып келеді.

Мұқаметхан Қонарбай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341