Семей полигоны: Совет қылмысын ұмытпаған жөн
Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толды. ХХ ғасырда Қазақтың басына түскен зор қасірет қолдан жасалған еді. Адам өмірі мен табиғатқа келтірілген зиянның ауқымын елестетудің өзі қорқынышты.
Жалпы алғанда 1948-1991 жылдар аралығында бұнда 500-ге жуық сынақ жүргізілген. Олардың әрқайсының қуаты Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Хиросима мен Нагасакиге тасталған атом бомбасынан он тіпті жүз есе жойқын болды. Сондағысы алғашқы жылдары Совет басшылығы ядролық жарылыстар туралы жергілікті халыққа мүлде ескертпеген. Ал 1953 жылдан бастап адамдар мен мал радиоактивті заттардың таралу аймағынан уақытша ғана көшірілді. Алайда сонда да жарылыстан кейінгі улы заттардың зардабы туралы ақпарат берілмеді. Осының бәрі тұтас аймақ халқының денсаулығына, экологияға өлшеусіз және ұзақ мерзімді нұқсан келтірді.
Сондықтан қолынан қан тамған Совет билігіне қарсы шығып Семей сынақ алаңын жабу туралы талап 1980-жылдар аяғында жалпыұлттық Невада-Семей қозғалысына ұласты. Нәтижесінде Мәскеудің сесіне қарамастан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың полигонды жабу туралы жарлығы тәуелсіздігін әлі алмаған Қазақ елінің дербес шешімі болды. Бұл қадам үлкен халықаралық мәнге де ие болды - әлем елдері тажал қарудың сынақтарына бірінен кейін бірі мораторийлер жариялап жатты. Әлбетте 40 жылдан астам мерзімде жасалған жарылыстардың салдары әлі күнге шейін сезіледі. Бұл ретте тиісті залалсыздандыру шаралары әлі де алда. Компенсация, айықтыру мен осы іске халықаралық әлеуетті жұмылдыру өз алдына күн тәртібінде тұр. Десе де осыдан 30 жыл бұрын қабылданған шешімнің маңызын, сондай-ақ Семей полигоны сынды озбыр Совет империясының қылмыстарын ешқашан ұмытпаған жөн.
Расул Жұмалы
Abai.kz