Қытайдың «Халық газеті»: Қазақша нұсқа неге шықты?
Қытайдың «Жэньминь жибао» сайты 1 қыркүйек күні аталмыш сайттың осы күннен бастап «ақпарат таратудың өңірлік, оқырмандық, мазмұндық өрісін кеңейту» үшін суашили, италия, қазақ тілдеріндегі (криллица әліпбиінде) нұсқасын қосқандығын хабарлады.
Осы арада пайдаланушылар caны қазақ тілін неше орап кететін тілдердің назарға ілікпей, қазақ тілінің қытайлық ақпараттардың «халықаралық таралымын күшейту мен жақсартудағы маңыздылығының» неге шығандап кеткендігі қызығушылық тудырып отыр.
Аталмыш хабарда бұл шараның «қытайлық хикаялар мен қытай үнін әлемге жеткізу, өңірлерге жеткізу, жұрттарға жеткізудей халықаралық тарату қызметінің талабынан» туындап отырғаны айтылады. Демек, бұл - басы ашық, ақпараттық басып алу тәсілі. Заманның ағымына сай технологиялық және ақпараттық соғыстың біртіндеп байырғы дәстүрлі соғыс тәсілдері мен құралдардың орынын басып келе жатқаны анық. Өте-мөте ақпараттық шабуылдың адамдардың санасы мен танымын игерудегі алымдылығы мен икемділігі күннен күнге дәлелденіп келеді.
ҚКП органы саналатын сайт, міне, осы үдерісті қапысыз пайдаланып қалуды қолға алған. Әр қадамымызды қалт жібермей бағып отырған ірге көрші, оның экономикалық жетістіктеріне онсыз да ауызын ашып отырған халыққа қытайдың «ұлылығы» мен табыстарын онан сайын тықпалағысы келеді. Оның үстіне мұндай үлгіні, яғни Ресейдің тура осындай тәсілмен - тіл және ақпараттық басыммен Қазақстанның рухани кеңістігін тырп еткізбей шеңгелдеп отырғанын көріп отыр. Қазақ тіліне мұндай мәртебе, өте-мөте, оның Қытайдың экономикалық отарына айналуға шақ тұрған қара құрлықтағы Танзания, Кения, Уганда елдерінің мемлекеттік тілі болған суахили тілімен бірдей берілуі, жақсылықтың нышаны емес. Қазақстанның геосаяси және геоэкономикалық орналасуы мен энергетикалық мүмкіндіктері шығыс көршінің ауызының суын құрытып келе жатқаны жасырын емес. Бұл да сол мүмкіндіктерге қол салудың алыстан ойластырылған әдісі-дүр. Соңғы жылдары елімізде қытайға қарсы пиғылдың белең алып тұрғаны тағы бар. Қытай осы тәсілмен болмысынан аңқау және популизмге бой алдырып отырған қазақ қоғамын алдарқатқысы келетін де сыңайлы.
Ораты келгенде айта кетерлігі, Қытай әлем желіге өзінің мүддесін насихаттап, Қазақстанның ұңғыл-шұңғылын қайыра таныстыратын платформалар мен медия қосымшаларын ебін тауып әлдеқашан орнатып үлгерген. Олар әсіресе қытайлық бизнес қауымының Қазақстанға енуіне әжептәуір қолғабыс жасауда. Мұндай құралдардың біз білетіндерінен мыналар бар. «哈萨克斯坦商务投资平台» , «中亚丝路», «哈萨克斯坦丝路经济», «哈萨克斯坦新观察». Қытайдан көшіп келген қандастардың бірсыпырасы мен қытайдағы қазақтар осы көздерден суаттанады. Міне, бұл да ақпараттық шабуылдың пәрменді құралы болып табылады.
Тақырыпқа орай:
Мұқаметхан Қонарбай
Abai.kz