АЯКӨЗ: ҚАРАБАЙ-ҚОДАР АЛЬЯНСЫ ЖӘНЕ... АУЫЗСУ СИНДРОМЫ немесе аудан орталығы тұрғындарының әбден титығына тиген мәселе
Атамыз қазақ «Қара судың қадірін – шөлдегенде білерсің» деп жатады. Бір жұтым судың қадірін Шығыс Қазақстан өңірінде Аякөздің жұртынан артық білетін ажалды пенде табылмайтыны рас. Мұнда ауызсу проблемасы шешілмегелі қай заман?!
Қазақ табиғатынан жалтақой ма, әлде күшік кезінен бастан соғып, шөміштен қағып әбден қорқытып тастағандықтан ба, әйтеуір біз барғанда ауызсуға жарымай еріндері әбден кезерген Шыңқожа батыр ауылының жұрты су мұңын шерткендерімен, бізге бір ғана мынадай шарт қойды: газет бетінде аты-жөнімізді атай көрмеңіздер. Қинала-қинала келістік.
Жо-жоқ, адамзат баласы жаратылғаннан бері бұл мәселе өз шешімін таппады деу - тарихқа қиянат. Әнеу бір жылдары, осыдан 1500 жылдар шамасы бұрын Әділ - Аттилла патша қалың жұрты -түркілерге Төр Алтай тарлық ете бастаған соң мұздай қаруланған жарты миллион жасағын бастап Батысқа бет түзейді емес пе, сол шақта 90 мың жылқысын “құр-құрлаған“ Қарабай осы Аякөз өңіріне кеп аяқ суытыпты. Сыңсыған қалың жылқысы шөлден қаталаған кезде жаны мұрнының ұшына келген Қарекең “батерге“ жар дегенде жалғыз қызы Баянды ұсынып, дүлей қара күш иесі Қодарға сандаған құдық қазғызып, мәселені өте ілкімділікпен шешкен екен. Осыдан мың жарым жыл бұрынғы Қарабайдың кәсіпкерлік қасиеті содан бергі әкімдерге қонбағанын қайтерсіз.

Айтатындары мынау: «ауыл төңірегінде жарқырай ағып жатқан жалғыз ғана Нарын өзеншесі бар, ол құрғақшылық жылдары мүлдем тартылып қалады, осы биыл жылып аққан боп жатыр. Шілде туа онысы да таусылады. Құбыр арқылы келетін су тәулігіне бір-ақ сағат беріледі. Мал да, адам да жарымаймыз. Осыған не шара?» деп кеуіп қалған алақандарын жаяды.
«Түйенің танығаны – жапырақ», түйткілге жауап алу мақсатымен осы өңірдегі атқарушы биліктің құлағын ұстап отырған ауыл әкіміне жетейік.
Әлібек Тоқбаев, Нарын ауылдық округінің әкімі:
- Ауызсу – бұл өңірдің қасіреті. Округке төрт елді мекен кірсе, орталығы Шыңқожада 280 шаңырақ, 1200-дей жан бар. Ауылдағы 9 шақырымдық су құбырын жаңартуға деп 2007-2008 жылдарға 70 миллион теңге облыстық бюджеттен бөлінген. Оны тендерден «Тайлтранс» ЖШС-і ұтып алып (төрағасы С.Құлахметов), жұмыс жасады. Полиэтилен құбырлар тартылды. Алайда, олардың жұмыстарында ақау болғаны қазірде анықталып отыр. Ол серіктестік бүгінде Сарыарқа ауылында осындай шаруамен шұғылданып жатыр, оларға ескертілген, ақауды реттеуге уәде беріп отыр.
Су көзі ауылдан 1,5 шақырым жерде, 45 метр тереңдіктен 3 сутартқыш арқылы ауылға жіберілуге тиісті, алайда қазір сол сутартқыштардың біреуі ғана қызмет атқарып тұр. Екеуінде ақау бар. Сутартқыштар бір сағат жұмыс істесе 100 тонна су қуалайды. Әрине, жаз кезінде бұл су аздық етеді: ауылда қаншама жан, қаншама мал осы суға қарап отыр. 35 құдықтың (колонка) 30-ы жұмыс істеді. Ауылдағы суды реттеуші - Қадырбаев Орынғали деген шаруа қожалығының төрағасы. Жоғарыда аталған ақаулар реттелген соң су мәселесін аудандық «Ауыл сулары» мекемесінің құзырына бермекпіз...
Ауыл әкімі мемлекеттік қызметкер әрі жергілікті жердегі билік өкілі болғандықтан мұң қотырын қасымайтыны белгілі. Әйтпесе, бұл өңірде егіншілікпен, көкөніс өсірумен шұғылданып, нәпақасын айырам деу-әбестік, неге десеңіз аймақ жартылай шөлейтті өңірге жатқызылады. Округтегі тұрғындарда бүгінгі күні 20000-нан астам қой-ешкі, 3000 бастан астам ірі қара, 800 бастай жылқы бар екен. Бағанағы 100 тонна суды адамдарды былай қойғанда, қай малдың аузынан табуға болады. Ал, 45-50 метр тереңдіктегі суды қазып шығарып, жекеменшік құдық жасап алуға ауылдағы халықтың қалтасы жұқа. Әйтеуір, бүкіл саналы ғұмыры осы ауылда өткен, жұртының жан жарасын күншілік жерден көретін ауыл әкімі Әлекең:
- Әнеу бір-екі сутартқышты міндетті түрде іске қосқызамын, сонда барып су мәселесінің бұлты сейіледі, - деп қалды. Лайым солай болса екен!
Халқының саны 38-40 мыңға жетіп қалатын Аякөз қаласындағы су мәселесі облысты қойып, республикадағы ең құдіретті деген мінбелерден сан айтылған. Әлі айтылып жатыр, айтыла да беретін сияқты.
Былтырғы жылы су және жылу құбырларын тартып, қала жұртының қатқан мұзын майдай ерітеміз, судың астында балықша жүзетін болады деп сандаған миллион теңгелік тендерді облыста ұтып алған «Құмаров және К» деген ЖШС Аякөздің қылшығын аламыз деп былшығын алған көрінеді. Құбырларды жаңарту үшін көшелер қопарылған, күзде әлгі серіктестік көшелерді асфальт жабындымен бүркемелеген екен, қызықты қараңыз, көшелер ойылып-ойылып түсіп кеткен көрінеді. Содан Аякөздің халық ең көп жүретін Абай бульварынан мәшінді қойып, жаяу қатынаудың өзі қияметке айналған. Әйтеуір қала әкімі Сейілбек Ысқақов әлгі серіктестіктің былтырғы күзгі апаш-құпаш шаруаларынан сезіктеніп қаладағы ақсақал, қарасақалдардан, «Нұр Отан» ХДП-сынан комиссия жасақтап, әлгілердің тапсыру актісіне қол қоймай, тиесілі 15 миллион теңгені бермепті. Сол дұрыс болған көрінеді, қала көшелерін айыпкер серіктестік қайтара жөндеуден өткізіп жатыр екен. Ал, жаңарған құбырлардың жай-күйі қалай екен?
Сейілбек Ысқақов, Аякөз қаласының әкімі:
- Тұрғындардың суға, көшеге деген наразылықтары орынды. Биліктегі біз де наразымыз. Қаладағы су мәселесі, әй, ғасырлар бойы айтылып келе жатқан шығар. Нәтижесі аз боп тұр-ау.
Жерасты суы 70-80 метр тереңдікте. Сутартқыштар қаланың шетінде, олар 7-еу, соның 4-еуі істеп тұр. Жалпы қаланы сумен толық қамту үшін 11 сутартқыш қажет. Қаланы сумен қамтуды 3 кезеңге бөлгеміз, биыл сәтін салса соның екінші кезеңі аяқталатын шығар. Алайда, біткен шаруаның өзінде кемістіктер көп. Мәселен, өткен жылы қойылған 30 құдықтың (колонка) қыста 27-сі істемей, қатып қалды. Мердігерлер - «Құмаров және К» серіктестігі оның себебін былай деп түсіндіріп: «біз климатты ескермей жылы өңірлерге қойылатын құдық құбырларын қойып жіберіппіз» дейді. Биыл қайта ауыстырып жатыр.
Қазіргі күні біз тек қаланың орталығын сумен толық қамтумен шұғылданып жатырмыз. Ал, қаланың шет жақтарын сумен қанағаттандыру үшін әлі де 750 миллион теңгедей қаржы қажет. Жалпы Аякөз қаласын толық қамту үшін 60-тан астам құдық (колонка) керек, ал оған қыруар қаржы қажет екені бесенеден белгілі. «Жол картасы» бойынша қаланың жылу, су құбырларын, қазандықтарды ағымдағы жөндеуден өткізу, абаттандыруға деп республикалық және жергілікті бюджеттен 161 млн. теңге бөлінген. Соны қай жыртыққа жамайтынымызды білмей отырмыз...
Түйін
Аякөздің орталық көшесі – Абай бульвары астаң-кестең. Жол жабылған. Іргесіндегі базардан шыққан қалың жұрт аттап-бұттап, секіре басып, әйтеуір ебін тауып өз бағыттарына жол алып барады. Асфальтқа қажетті битумның сапасын, климатқа сәйкес құбырдың түрін ажырата алмайтын «Құмаров және К» серіктестігінің облыстық тендерден қалай өтіп кеткендігіне апам да аң-таң, Аякөздің көмпіс жұрты да аң-таң.
Шіркін, Баян сұлудың әкесі Қарабайдай бес-алты кәсіпкер болғанда ғой, Аякөз өңіріне бұлақты қойып теңіз келер ме еді, қайтер еді?!
Әлібек Қаңтарбаев
“Дидар” облыстық газеті (Өскемен)