Қандасқа қол ұшын созған Қазақстан
Президент халық үніне құлақ асатын мемлекет концепциясын жариялаған еді. Бұл дегеніміз халықтың мұңі мен мұқтаждығын тыңдап, шынайы әр мәселесіне көңіл бөлуді білдіреді. Халықтың үні тек іште емес, ел сыртында да шығып жатыр. Қазақтың жерінен қиын қыстау заманда бас сауғалап кетуге мәжбүр болған қандастар әлем елдерінде тарыдай шашылып, бүгінде 5 млнды құрайды. Бұл бір Сингапур халқымен тең санды білдіреді. Этникалық қазақтар тұратын елдің бірі Ауғанстан. Ауғанстандағы 1979-1989 жылғы соғыс, артынша елді тәлібтердің басып алуы мен оны Батыстық коалиция күштерінің талқандауы, 2021 жылы НАТО күштерінің Ауғанстаннан шығарылуы мен «Талибан» қозғалысының қайта күш алып, елді қайта жаулауы бұл елде қанша қазақ бар деген сұрақтарға нақты жауап табуды қиындатты. Демографтар түрлі ақпараттарды айтуда. Кейбірі 30 мың десе, енді бірі олардың саны 200 отбасыдан аспайды дейді. Бұл тұрғыдан қарама-қайшылықтар көп. «Талибан» қозғалысы елді жаулап алғаннан кейін Ауғанстандағы қазақтар тарихи отандарына қоныс аударып, елге көшуге көмек көрсетуін сұрап жатыр. Мазари-Шариф, Қандағар, Кабул және басқа да аймақтардан көмек сұраған видеолар саны артты.
Ауғанстанда тұратын этникалық қазақтар Талибан билік басына келгеннен кейін адам төзгісіз жағдайға шағымданады. Олардың әңгімелері бойынша, олар күнкөрісі нашарлап, тамақсыз қалды, тіпті көшеге шыға алмайды. Адамдар Қазақстан билігі оларды эвакуациялайды деп үміттенеді және оны тезірек жасауды сұрайды. Қазақстанда тұрып жатқан оралмандар да туыстарын, этникалық қазақтарды Ауғанстаннан көшіруді сұрап отыр.
Мазари-Шариф соңғы бірнеше аптада Талибан билікті тез басып алған қалалардың бірі болды. Бұл тек әскери сарапшылар үшін ғана емес, Ауғанстан халқы үшін де күтпеген жағдай болатын. Өткен жексенбіде болған Кабулды алғаннан бері Пәнджшер провинциясын қоспағанда, Талибан бүкіл Ауғанстанды басқарып тұр. Президент Ашраф Ғани елден қашып кетті, Ауғанстанда құқықтық тәртіпсіздік орнады. Міне, осы ретте ондағы қазақтарды елге жеткізу аса маңызды. Мазари-Шариф Өзбекстанмен шекаралас, сондықтан аталмыш аймақтағы қазақтарды Өзбекстан аумағы арқылы эвакуациялауға болады деген де болжамдар айтылуда.
Қазақстан билігі Ауғанстандағы қазақ қандастарға арнайы қол ұшын созу мәселесін қарастыратынын жариялады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы этникалық қазақтарға көмек көрсетуді және мүмкіндігінше оларды тарихи отанына қайтаруды тапсырды. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қазір Ауғанстанда этникалық қазақтардың 15-ке жуық отбасы тұрады. Бұл шамамен 200 адам.
«Ауғанстандағы этникалық қазақтардың үндеуіне байланысты Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігіне қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барынша көмек көрсетуді және олардың тарихи отанына қайтып оралуын тапсырды», - дейді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Ауғанстандағы қандастарды елімізге жеткізу мәселесі бойынша арнайы комиссия қүрылды, ол комиссия Кабулдегі Қазақстан Республикасы елшілігінің негізінде жұмысын жасады. Комиссияның жұмысы мен құрылуы бойынша «Отандастар қоры» мәлімдеген болатын. Комиссияның жұмысы көп және жүйелі. Ол Ауғанстандағы қандастарды тіркейді, құжаттарын қабылдайды және рәсімдейді. Сонымен қатар комиссияның бір міндеті басқа ұлттардың қазақ болып кіріп кетпеуін де анықтау. Ол үшін ру, қазақ дәстүрін білу, қазақ сөздерін білу сынды тағы басқа шарттарды қадағалайды. Комиссияға тізімдер тек Ауғанстаннан емес, Қазақстандағы әр өңірдегі қазақтардан да түскен. Себебі олардың кейбірі Қазақстанға көшу бағдарламасы бойынша қоныс аударып, Ауғанстанда қалған жақындарын елге әкелуге тырысып жүрген жандардың мәліметі. Қандастардың елімізге жеткізілуін жан-жақты негізде Сыртқы істер министрлігі қадағалап отыр.
Abai.kz