Ғұлама
Арқалы ақынымыз Қадыр Мырза Әлі: «Біздің тарих, бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп тауып-ақ айтқандай кеңес заманында қазақ тарихына жеткілікті көңіл бөлінбеді. Барлық мектептерде 5-сыныпта «Ежелгі дүние тарихынан» бастап, жоғары сыныптарда «КСРО тарихы» деген пән оқытылды. Қадыр ақын айтқан «Қазақ ССР тарихы» оқулығы 9-сыныпта ғана қосымша пән ретінде жүргізілді.
Ата тарихының ақтаңдақтары тәуелсіздік алғаннан кейін ғана түгенделе бастады. Осы жауапты да сауапты істің басы-қасында ғұлама ғалым, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев болды. Ол 10-сынып оқушыларына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығынан бастап, ұлт тарихының қилы кезеңдеріне арналған көптеген ғылыми, танымдық еңбектер жазды.
Ғұламаның енді бір айдан соң атап өтілетін 90 жылдық мерейтойы қарсаңында шәкірті, академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің эссесін оқырман назарына ұсынамыз.
Редакциядан
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД
«Менің ағаларым» циклынан
Ғалым – ұрпақ тәрбиешісі,
ғұлама – ұлт ұстазы.
Сұлтан САНЖАР,
ортағасырлық сопы
ҒҰЛАМА
Қашанда талантқа бай халқымызда ғалымдар аз болған емес, ғылыми қызметкерлер одан да көп, ал ғұламалар сирек. Сирек қана емес – некен-саяқ, мыңнан, миллионнан бipey десе де болғaндaй. Мен үшін бүкіл ғұмырын ғылымға арнаған ғұламалар дегенде арғыда – әл-Фараби, кешегіде Ә.Mapғұландар ойға оралар болса, кейінгіде академик Манаш Қозыбаев келеді көз алдыма.
Университет бітіргеннен кейін алдын-ала келісім бойынша Партия тарихы институтына баруға тиіс едім. Әлдебір мықтылардың туысы алдымды орап кетуіне байланысты екі ай теміржолшылар газетінде жұмыс істеп, 1983 жылдың 14 қаңтарында Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясына келдім. Келдім де осы мекемеде табан аудармастан он жыл қызмет істедім.
Өзіміз «қара шаңырақ» деп атап кеткен Қазақ энциклопедиясының ол кездегі бас редакторы академик Манаш Қозыбаев болатын. Университетті кеше ғана бітірген адамда не өмірбаян болушы еді, сондықтан мектептен бастап университет қабырғасында жүріп жазған ұзын саны жүзге жуықтайтын жазған-сызғандарымды түп-түгелімен академиктің алдына жайып салдым.
Бас редактор соларды бір парақтап шығып, бүйірдегі селектордың самсаған нүктелерінің бірін басты. Лып етіп есіктен енген орта бойлы, жасы қырықты еркін еңсерген сымбатты азаматқа қарап:
– Мына жігітті екі ай сынақ мерзіммен жұмысқа қабылдайық. Сапасы қалай болатынын кейін көрсете жатар, бірақ ізденгіштігі көрініп тұр. Энциклопедияда жастар жағы тым аз. Осыны да естен шығармаған жөн.
Академик «ендігі шаруаны өздерің тындырыңдар» деген сыңаймен сөзін қысқа қайырды.
Кейін білдім, әлгі қағілез орынбасар, қызметін өз атымен толық атағанда – бас редактордың бірінші орынбасары, профессор Ахмет Оспанұлы Мусинов болып шықты. Менің Манаш ағамен алғаш танысуым осыдан басталды.
Ертесінде ашық партия жиналысы болды. Бұл өзі тоқыраудың атасы атанған Брежнев бақилық болғанымен, партияның қауқары әлі мықты кез еді. Бәрі бірінші басшының ыңғайына жығылатын сол заманның өзінде Манаш Қабашұлы басқаратын мекемеде демократиялық үрдістер біршама орныға бастаған екен. Оны жиналыста сөз алған редакция меңгерушілерінің бірінің мына бір сөзінен аңғардым:
– Манаш Қабашұлы, авторлар бізге мақала жазудан, ал біз оларды сіздің ескертпелеріңізбен кейін қайтарудан шаршадық. Сіз үшін мүйізі қарағайдай доктор, профессор, тіпті кейде өзіңіз сияқты академиктер де ылғи «мырқымбай» болып шығады. Сонда мырқымбай емес авторды қайдан табамыз, – деп зіл тастап аяқтады сөзін әлгі шешен.
Бас редактордың маңдайы тырысып, қабағы түйілгенде онсыз да қою қастарының арасы одан әрі қосыла жаздап, ерекше сұстанып, қаһарланып кетеді екен. Сөйтсе де ақылын ашуға жеңдірмей, әліптің артын бағып отырды. Бірақ қорытынды сөз алғанда:
– Мне не понятно почему Вы ищете только негативный оттенок в этом весьма популярном у казахов имени. Между прочим, он – собирательный образ казахского крестьянства при социализме, главная цель которого – строительство коммунизма. Поэтому Мыркымбай вполне положительный герой нашей литературы, – деп кекесін мен мысқыл араласқан сөзбен әлгіні біржолата тұқыртып тастады.
Бір қараған адамға Мырқымбай – қазақ шаруасының жиынтық бейнесі. Ал «совет халқы» деп кеңестік ғалымдар айдар таққан жаңа тарихи қауымдастықтың жұмысшы, шаруа және интеллигенцияның «мызғымас» одағынан құралатыны сол заманның мектеп оқушысына да мәлім тұжырым болатын. Сондықтан академиктің бұл уәжіне жартымды жауап қайтаруға оның әріптесінің әддісі де қалмады. Сөз арасынан, тіпті оның ығынан-ақ ымды түсінетін халқымыз үшін «мырқымбай» – аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен, қорасындағы бес ешкі, он саулықтың күтімінен басқа ештеңемен жұмысы жоқ кәдімгі қара табан шаруа. Сондықтан алғаш Бейімбет сомдаған образды Манаш аға қағып алып, оның қырық жамаулы шоқпытын қаратаяқ киетін костюмге айырбастай қойып, энциклопедия сияқты ұлттың бас кітабына дүмбілез дүниелерін тықпалайтын кейбір әріптестеріне қарата айтуы академиктің шымшыма сөздің де шебері екендігін аңғартса керек.
Міне, менің Манаш ағамен кейін жиырма жылға созылып, ағалы-інілі ағайындық пен рухани туыстыққа ұласқан таныстығымның алғашқы екі күнінен алған әсерім осындай болды.
Кейін жақын араласа келе байқадым: оның өмipiнің дені аңыз-әңгімелердегі дегдар жандардың тағдырына ұқсас екен. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен, баланы қойып, қарақан басты сақтау қиынға айналған заманда Қозыбай әулеті Қабаш отбасында Қабдусұлтан есімді бала, жай ғана бала емес, болашақтағы қaзaқтың ғұлaмacы бoлaтын нысаналы сәби дүниеге келеді. Мұхамедқанафияның – Шоқан, Ибрагимнің Абай аталғаны сияқты Қабдусұлтан кейін Манаш атанды.
М.Қозыбаев ата-ана, бауырларымен бірге
Осы оқиғадан жарты ғасырдан астам уақыт өткенде ақиқат шындық бұғауланып, темір шымылдықтың ар жағында ұсталған, оны айтуға да, жазуға да тыйым салынған заңды тас-талқан етіп, қазақ халқының тең жартысынан астамын жалмаған голощекиндік геноцидтің қанқұйлы болмысын ашып көрсеткен академик М.Қозыбаевтың мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды.
Осы екі оқиғаның арасында қаншалықты байланыс барын қайдам, әйтеуір ғұламаның сол мақаласы қараорман қазақ халқын дүр сілкіндірген, республика баспасөзінде шынайы жариялылыққа жол салған батыл қадам болды.
Академик Козыбаев – ең алдымен, тарихшы. Қадым замандар мен көне ғасырлар қойнауынан бастау алатын қазақ тарихының түпкі атасы – шежіре. Шежіре жеті атаны білуден басталады. Ата-баба дәстүрінің желісін бұзбай Қозыбай әулетінің шежіресін таратар болсақ, оның гносеологиялық тізбегі төмендегідей болып шығады: Қозыбай – Сатыбалды – Күсен – Сейтімбет – Ерназар – Аққошқар – Құдайқұл – Матақай. Матақай – ежелден Қараертісті ен жайлаған Абақ Керейден тарайтын іргелі ата. Өткен ғасырда түгін тартсаң майы шығатын Ертіс өңірінің ең шұрайлы жерлері орыс мұжығына тартып әперіліп, жергілікті халық ата-қонысынан зорлықпен көшірілген кезде Қозыбай әулеті Қостанай өлкесіне қопарыла көшеді.
Көнекөз қариялардың айтуынша, Қозыбай ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен ғана емес, абыройлы ісімен де елге танылған, айтулы азаматтардың бірі болыпты. Қазақ жүрген жерде аңғалдық пен аңқаулықтың қоса жүретіні белгілі емес пе? Кедейліктің тауқыметі әбден жанына батқан Қозыбай жарлы ауылды жарылқау үшін татар көпесінен алған несиесін елге таратады. Кесімді мерзім бітіп, қарызды қайтаруға келгенде, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен несиенің ұшығын да таппаған Қозыбайды итжеккенге айдағалы тұрған жерінен әйгілі Торсан бай алып қалады. Ертіс пен Тобылдың арасына қайың шоқпармен жол салған батыр атаның баласы осылайша Торсанның барымташылар тобынан бір-ақ шығады. Әуелгіде түн баласында тыным таппай үйір-үйір жылқыны алдыға салып айдай жөнелгенді қызық көретін жас бөрі бірте-бірте торуылшылар тобырынан іргесін аулақ салып, бөлініп шығады. Қанша тырнағын батырса да, жалғыз жүріп жол табуды жөн санаған жас батырға Торсан еш қайран қыла алмайды. Өз алдына отау тігіп, шаңырақ көтерген Қозыбай Әбілмәжін, Әбіл, Қабаш, Сәкен атты төрт ұл, Бибі, Биғайша дейтін екі қыз сүйіп, кейін халқына қадірлі, еліне сыйлы, абыройлы ауыл ағасы атанады. Міне, осы Қозыбай атаның Әбіл атты ұлынан Қазақстанның көрнекті қайраткер перзенті, Социалистік Еңбек Ері Оразалы Қозыбаев шықса, одан кейінгі Қабаш атты баласынан академик Манаш Қозыбаев пен профессор Сағымбай Қозыбаев дүниеге келді.
М.Қозыбаевтың оқушы және студент кезі
Жалпы Қозыбай әулетінің атақ-мансап, абырой-бедел жағынан келгенде жазмышқа да, Жаратушыға да айтар өкпесі жоқ болар деймін. Қабаш ақсақал да Қостанай өңіріне белгілі адамдардың бірі болды. Ұлы Отан соғысы кезінде қалтасының ең соңғы тиынына дейін қағып, майдан қорына ұшақ жасауға 190 мың сом ақша қосты. Осындай ата өнегесінен оқ жонып өскен Манаш жастайынан зерек, оқу-білімге құштар, ынталы болып жетілді. Университетті үздік бітірген талантты жасқа мемлекеттік комиссия аспирантурада қалуды ұсынады. Бірақ кіндік қаны тамған жерге қарай алып ұшқан жас көңіл ғалымды Қостанай педагогика институтына алып келді. Университетті енді ғана тәмамдаған жас маман арада жарты жыл өтпей жатып-ақ ассистенттіктен аға оқытушылыққа өтеді. Пединститутта ұстаздық жасай жүріп, ғылыми жұмыспен айналысты. Қостанайдың тарихы, Қостанай даласында өткен Азамат соғысының проблемалары туралы алғашқы ғылыми еңбектері жарияланады. Көп ұзамай талантты тарихшы Партия тарихы институтына шақырылады.
Тарихқа қиянат жүрмейді. Алайда ол жылдары осы қағида аяққа басылып, тарих саясаттың, коммунистік идеологияның қамытын сүйреді. Сондықтан жас Манаштың келімсек отаршылдар озбыр саясатының бетпердесін сыпыруға арналған талпынысынан ештеңе шықпады. Өйткені алпысыншы жылдардың басында орныққан хрущевтік жылымықтың ғұмыры тым қысқа болды. Осы кезде оған Ғылым академиясының сол кездегі вице-президенті Сақтаған Бәйішев ақылын айтты:
– Қарағым Манаш, талабың да, талпынысың да жақсы. Талантың да бір басыңа жетіп артылады. Қазақ тарихының ақтаңдағын ашам деген ниетің де дұрыс. Бірақ оған әлі ертелеу. Әр нәрсенің өз уақыты болады. Түбі оған да жетерсің, ал қазір менің ақылымды тыңдасаң, қазақ тарихының қаралы кезеңінің бірі – Ұлы Отан соғысы. Қазақтың адалдығын, батырлығын әлемге танытқан қатал сынның бірі осы. Бұл туралы өзің жақсы жазып жүрсің. Осы жазғандарыңды жүйелесең, дайын диссертация болып шығады, – деген.
Ұстаз ақылы шәкірт жүрегіне бірден ұялады. Сөйтіп ол Сақтаған Бәйішевтің жетекшілігімен 1962 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. Оппоненттері де әйгілі Ермахан Бекмаханов пен Ақай Нүсіпбековтер болды. Жас ғалымның диссертациясына өте жоғары баға беріліп, оған осы тақырыпты кеңейту арқылы докторлық диссертация қорғау ұсынылды.
Арада екі жыл өткенде Манаш Қозыбаев докторлық диссертациясын тәмамдап, соның негізінде көлемі 20 баспа табақтық монография шығарды. Бұл туынды көрнекті кеңес тарихшысы Ю.В.Арутюнянның пікірінше, осы проблемаға арналған еңбектердің ең көрнектілерінің бірі ретінде атап өтілді. Бірақ жас ғалымның тым батыл көзқарастары «әлдекімдерді» секем алдырғандықтан, докторлық диссертацияны қорғау кейінге қалдырылды.
Бұл жолы да ағалық ақылын айтқан академик С.Бәйішев болды. Сәкең монографиядағы ғалымның советтік идеология стандартына сыймаған кейбір ойларын тігісін жатқызыңқырап, партияның әкімшілдік-әміршілдік қызметін сынаудан гөрі, халықтың майданға қосқан үлесіне баса назар аударуды ұсынды. Ұстаз кеңесі бойынша «жуасытылған» диссертация араға аттай бес жыл салынып, 1969 жылы ойдағыдай қорғалды. Келесі жылы тарих ғылымының докторы М.Қозыбаевтың «Қазақстан – майдан арсеналы» атты монографиясы жарық көрді. Онда қазақ сахарасының байлығы да, еңбек ресурстары да, малы да, жаны да майдан үшін, жеңіс үшін жұмсалғаны жан-жақты көрсетілді. Соғыс кезінде әрбір бесінші қазақ майданға аттанып, әрбір оныншы адам еңбек армиясына алыныпты. Басқаша айтқанда, республика халқының төрттен бірі майдан мүддесіне жұмылдырылған. Жұбан ақын айтқандай «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы осы жылдары тағы да қансырап қалды. Өзінің батыл ғылыми тұжырымдарының кемелдігімен, көл-көсір фактологиялық негізде жазылған бұл еңбек Отан соғысы тарихына елеулі үлес болып енді.
Тарихшылардың XII Халықаралық конгресінде. Мәскеу, 1970
Отыз сегізінде ғылым докторы, отыз тоғызында профессор атанған ғалымның бұдан кейінгі өмірі де «соқтықпалы, соқпақсыз» кезеңдерден өтті. Әрине, бүгінгі күнде отызында ғылым докторы болып жатқандар да аз емес. Ол кезде отыздың ішінде қорғау «орда бұзумен» бірдей саналатын еді.
Академик Қозыбаев өмірінің белесті кезеңдерінің бірі Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясымен байланысты.
– Бұл өзі 1980 жылдың мамыр айында болған еді. Мені энциклопедияға бас редактор етіп тағайындар алдында сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев қабылдады. Димекеңнің қазақ тарихы, әдебиеті мен мәдениетінен хабары мол адам екеніне сол жолы тағы да көзім жетті. Көптеген көргенді ақыл-кеңестер беріп, қазақ ғылымы мен мәдениетін өзге халықтар, тіпті, әлем жұртшылығы танып-білу үшін энциклопедиялық басылымдарды орыс тілінде де шығару керектігін айтты. Димекеңнің сол сөзінен кейін Бас редакция қазақ және орыс тілдерінде төрт томдық Қазақ КСР Қысқаша энциклопедиясын шығаруға кірісті. Біздің бұл кітабымыз дүние жүзінің 38 еліне тарады, – деуші еді Мәкең энциклопедиядағы қызметі жайлы.
Менің энциклопедияға қызметке тұрғаныма жарты жыл өткенде, яғни 1983 жылдың 9 тамызында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросында Қазақ кеңес энциклопедиясының жұмысы да қаралды. Бұл еліміздің тоқырау тұманынан әлі арыла қоймаған кезі еді. Бюрода бас редактор М.Қозыбаев «Қазақ КСР» қысқаша энциклопедиясына А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Мұстафа Шоқай, т.б. қазақтың ардагер азаматтарының өмірбаянын енгізу туралы мәселе қойды. Ол кездері жазуды қойып, есімдерін айтуға тыйым салынған қазақтың біртуар перзенттерінің өмірін энциклопедияға кіргізу туралы мәселе көтеру ерлікпен пара-пар еді.
Академик Манаш Қозыбаев жұмыс үстінде
Бюро болардың алдында Мәкең біздерге өзге республикалардың ұлттық энциклопедияларында, Үлкен Кеңес Энциклопедиясының басылымдарында жарияланған контрреволюциялық қозғалыс басшылары, сол кездері жаппай «ұлтшыл» деген желеумен айыпталған ақын-жазушылар, ақ казактар қозғалысының жетекшілері туралы материалдар жинауды тапсырды. Солардың негізінде қанша кеңес өкіметіне қарсы болса да, ел тарихында елеулі із қалдырған қазақ қайраткерлерінің қызметіне сын көзбен әділ бағасын беріп, энциклопедияға енгізу қажеттігі туралы ұсыныс әзірледі. Онда қазақ оқырмандары аталған азаматтар өмірін шет елдерде басылған басылымдардан емес, республиканың өз энциклопедиясынан оқығаны жөн екендігі дәлелденді.
– Бюроны Димекеңнің өзі жүргізді. Энциклопедияның ұсынысын айта келіп, кімде қандай пікір барын сұрады. Бюрода сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Б.Әшімовтің жанында Орталық Комитеттің жас хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев отырды. Нұрекеңнің өз пікірін еш бүкпесіз, ашық айтатын батыл азамат екенін сол жолы анық байқадым. Ол энциклопедияның ұсынысын қолдап, аталған азаматтар жөнінде объективті тұрғыдан жазылған есімнамалық материалдарды кітапқа кіргізу туралы пікірін батыл дәлелдеп шықты. Өкінішке қарай, Нұрекең қанша қолдау көрсетсе де талқылау барысында біздің ұсынысымыз өтпей қалды, – деп еді Манаш аға.
Манаш ағаның тұсында Қазақ энциклопедиясы жаңа тақырыптарды игере бастады. Алматы мен Қарағандыға арналған тұңғыш аймақтық энциклопедиялар жарық көрді. Бұрын тек қазақ тілінде ғана басылып, республика шекарасымен тұйықталып келген ұлттық энциклопедия енді орыс тілінде де шығарыла бастады. «Ол кім? Бұл не?» атты үш томдық балалар энциклопедиясын шығару қолға алынып, ауыл шаруашылығы, үй-тұрмысы энциклопедияларының сөзтізбесі жасалды. Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағын шығару мәселесіне де қозғау түсті. Манаш аға қолға алған бұл жобалардың басым көпшілігі оның ізбасары, академик Р.Нұрғали тұсында жарасты жалғасын тауып, өз оқырмандарымен қауышып жатты.
Ақынжанды аға әдебиетшілер қауымымен де етене араласты. Солардың ішінде, әсіресе Ғабаңмен – қазақ әдебиетінің көрнекті классигі Ғабит Мүсіреповпен достығы ерекше атап өтуге тұрарлық.
– Ғабаңмен ең алғаш 1969 жылы «Алматы» санаторийінде таныстым. Енді ғана докторлық диссертациямды қорғаған кезім еді. Ғабаң құттықтап, қайырлы болсын айтты. Кейін жиі араласып тұрдық. Бір күні кешкілік Ғабаң үйге телефон шалып: «Манаш, сен энциклопедияны басқарып отырсың ғой, маған мұхиттардағы, теңіздердегі толқынның жайы, оның пайда болуы, түрлері, әсер ету күші жайлы ғылыми еңбектер керек болып тұрғаны», – дегені. Ертесінде белгілі географ-маман Жолдасбек Адаевқа Ғабаңның өтінішін жеткізіп, екеулеп толқын туралы бір құшақ кітап жинап, Ғабаңа апардық. Өзі шешіле қоймаған соң біз неге екенін сұрамастан кетіп қалдық. Ертесінде Ғабаң тағы телефон шалып, үйіне шақырды. Түн бойы оқып шыққан болу керек, көзі қызарыңқырап тұр екен.
– Манашжан, ағамызға не болған деп таңданып отырған боларсың. «Жат қолынданы» аяқтаған кезде мынандай бір қызық ой келді. Қоғам атаулыда болатын қозғалыс теңіз бетіндегі толқын сияқты екен. Абайдың «Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер», – деуінде керемет философиялық мағына бар. Мына сен әкелген кітаптарды қарап, осыған тағы көз жеткізіп, қайран қалып отырмын. Казақ қоғамының кейінгі бір ғасырдағы тарихын алып қарашы. Шоқан, Ыбырай, Абай – бір толқын, Ахмет, Міржақып, Мағжан – екінші толқын, «алыптар тобы» деп жүрген мына біздерің – үшінші толқын, осылай кете барады. Осыларға қозғау салған – отаршылдық қыспағы. Үлкен мұхиттарда да солай көрінеді. Дауыл толқын тудырады, ал толқын теңізді шайқайды. Қызық емес пе. Осы туралы философиялық негізде бірдеңе жазсам деймін, – деп Ғабаң өзінің даналығын тағы бір танытып өтті. Шындығында толқынды талай көріп жүрсек те оған мұндай мағына сыйғызу ойға келмеген екен. Ғабаң соны философ көзімен көре білді, бірақ ойындағысын жүзеге асыруға уақыты жетпеді, – деп аяқтаған еді Мәкең Ғабаңмен арада болған осы бір қызық оқиға туралы.
Сөз зергері Ғабеңмен бірге, 1982 жыл
Ғабаң «Жат қолынданы» аяқтаған кезде қолжазбасын Мәкеңе оқытқанын, Манаш інісінің жанашыр көңілден шыққан тарихшы-ғалым ретіндегі кейбір ескертпелерін кірбіңсіз қабыл алып, бітіп тұрған қолжазбасына бірсыпыра толықтырулар енгізгенін қаламгер қауымы ұмыта қоймаған болар.
Манаш аға үлкен, кіші деп бөлмей жанына жақын жандардың бәрін құшағына алды. Ағаның сондай мейірі мен шапағатына бөленген жандардың бірі болғаным үшін өзімді әлі күнге бақытты сезінемін...
Бас редактор М.Қозыбаевтың басшылығымен 1985 жылы Алматыда он бес одақтас республика энциклопедияларының бас редакторлары бас қосқан үлкен ғылыми-практикалық конференция болды. Оның күн тәртібін талқылау кезінде академик маған революцияға дейінгі орыс энциклопедияларындағы қазақ тақырыбы жайында шағын баяндама жасауды тапсырды. Конференция басталмас бұрын өзі оқып шығып:
– Ал, Мұхтар, бүгіннен бастап осы тақырыпты бұрқылдат. Түбі саған кандидаттық диссертация болайын деп тұр екен. Құдай қаласа, өзім жетекші боламын, – деді жігерлендіріп.
Шындығында кейін Манаш Қабашұлының жауапты редакторлығымен «Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежіресі» деген монографиям жарық көріп, арада біраз уақыт салып академик төрағалық еткен ғылыми кеңесте «Орыс энциклопедияларындағы Қазақстан тарихының саяси-әлеуметтік проблемалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым.
Энциклопедияда қызмет істеген кезде әріптестерім мені «жоғары мәртебелінің адъютанты» деп әзілдейтін. Біреулердің мысқыл үшін шығарған осы лақабына ешуақытта намыстанған емеспін. Өйткені көзі тірісінде-ақ жоғары мәртебелі ғалым атанған жанға көмекші болудың өзі кез келген шәкірт үшін мәртебе болатын.
Украинаға сапары кезінде 1983 жылы ұшақ бортында жүрегі қысылып, инфаркт алғанына қарамастан ағамыз өмірінің соңына дейін жан аямай қызмет істеді. Ауруханада жатып-ақ құшақ-құшақ қолжазбаларды қарап шығатын. Мәкеңнің жай қарап шыққанының өзі қағаз бетіндегі қып-қызыл майдан болушы еді. Талмаураған жанарына дәрі тамызып, түннің бір уағына дейін тапжылмай отырып жұмыс істеуші еді, жарықтық.
Манаш аға энциклопедияға алғаш келген жылғы мына бір оқиға есімнен кетпейді. Бір күні редакция меңгерушісі Жүрғали Ертілесұлы маған «Ұлы Отан соғысы» деген мақаланы редакциялауды тапсырды. Мақаланың көлемі 18 мың таңба екен, ал сөзтізбеде ол 25 мың деп көрсетілген (әдетте баспада қолжазба көлемі баспа табақпен, газетте жолмен өлшенсе, сөйлемге ғана емес, сөзге де салмақ салатын энциклопедиялық мақаланың көлемі таңбамен айқындалатын).
Мақала қолға тиісімен-ақ мен академик М.Қозыбаевтың «Қазақстан – майдан арсеналы» деп аталатын кереқарыс монографиясын алдыма жайып салып, ондағы қилы деректерді сыналап енгізе отырып, мақаланың көлемін сөзтізбеде белгіленген мөлшерге жеткізіп, бастығыма ұсындым. Жеделдете қарап шыққан Жүрекең:
– Дұрыс редакциялаған екенсің. Енді авторына апарып бере ғой, – деп жұмбақ жымиыспен бетіме бажайлай қарады. Ары қарай менің жүзімдегі «авторы кім еді?» деген сұрақты айтқызбай-ақ түсініп: – Бұл мақаланың авторы Манаш Қабашұлы, – деп сөзін нақтылай түсті.
Кабинетке келе сала болған оқиғаны әріптестеріме баяндадым.
– Бала құрыдың. Нең бар еді бас редактордың мақаласына қол тигізіп. Не болса да енді шегінерге жер жоқ. Бар енді бастыққа, бірақ деректерді өз кітабынан алғаныңды айтуды ұмытпа, – деп ақылын айтты сақа редактор Ораз Жиреншин.
Шындығында шегінерге жер қалмады, академиктің кабинетіне кірген бойда алдын-ала дайындаған сөздердің бәрін ұмытып: «Сіздің мақалаңыз бойынша келіп едім», – деп қойып қалмасым бар ма. Бас көтермей қолжазба оқып отырған академик мезгілсіз мазасын алғаныма кейіді ме, әлде әлдеқашан болды-біттіге санап қойған мақаласы туралы әңгімеге ренжіді ме тұмсығының ұшына әрең ілініп тұрған көзілдірігін жұлып алып:
– И что вызывает у тебя моя статья, – деді қатқылдау дауыспен.
Не деп жауап бергенім есімде жоқ, бірақ ертесінде Жүрғали аға кабинетіне шақырып, бір жапырақ қағазды көрсеткені әлі күнге дейін санада сайрап тұр. Онда Мәкеңнің маржандай жазуымен мынандай сөздер жазылыпты: «Жүреке! Мақала жаман шықпаған сияқты. Қаламақының төрттен бірін редактордың атына жазыңыз». Сол тілдей қағаздың пәрменімен 68 сом алып, әріптестеріммен дуылдаса жуғаным әлі күнге дейін ұмытылар емес.
Бір қараған адамға мұнда тұрған ештеңе жоқ сияқты. Ал парасатпен пайымдар болсақ осының өзі-ақ қарапайымдық пен әділдіктің шынайы үлгісі емес пе. Мақала өзінікі, оған қосылған дерек те өз кітабынан алынған. Менікі тек жетпеген көлемді академиктің өз еңбегімен толықтыру ғана. Басқа біреу болса «мені түзейтін сен кім едің», – деп көкеңді көзіңе көрсетуі де әбден мүмкін ғой. Ал Манаш аға мүлде басқаша істеді. Оның бұл әрекеті, бір жағынан қызметкерінің шығармашылық ізденісін құптау болса, екіншіден, университетті кеше ғана бітірген шала құрсақ шәкіртіне аға дастарханынан сыбаға үлестірумен бірдей болатын.
Ғұлама республика ғалымдары ішінде бірінші болып, 1932-33 жылдардағы ашаршылықтың жан түршігерлік трагедиясын ашып көрсеткен «Шындық тағылымы», қазақ жерін отарлап, халқын қанға бөктірген патшаның баскесер жендеті Ермактың жауыздығын әшкерелеген «Аңыз бен ақиқат», ата қоныстың арғы, бергі тарихын саралап, қазақ жеріне көз алартушыларға батыл тойтарыс берген «Азия елдерінің кілті мен қақпасы», ата тарихының өзекті проблемаларын жіктеп-жіліктеп көрсеткен «Ақтаңдақтар ақиқаты» атты сүбелі ғылыми еңбектері арқылы ел құрметіне, оқырман ықыласына бөленді.
«Шындық тағылымы» жазылғандағы мына бір оқиға да күні бүгінгідей көз алдымда. Бұл өзі Компартияның сыры кетсе де, сұсы кетпеген, Қазақстан тәуелсіздігін жариялаудан үш жыл бұрын болған еді. Манаш аға үйіне шақырып, қолжазбасымен таныстырды. Ағамыз ашаршылықтың өзегіңді өртер ащы шындығын текеметін тіліп отырып-ақ жазған екен. Маған бірден ұнады. Байқаймын, жариялауға аздап жүрексінетін сияқты. Қолжазбаның бір данасын академик Салық Зимановқа беріпті. Заңгер досына телефон шалып, қосалқы автор болуды ұсынды. Сәкең турашылдығына басып:
– Еңбек өзіңдікі және уникальный еңбек. Шығар. Жарияла. Білсін, оқысын халық. Қорқатын ештеңе жоқ, – деп досын жігерлендіре сөйледі.
«Қайда жариялаймыз?» деген сұраққа келгенде мен сол кездегі ең батыл да батыр редактор басқаратын «Қазақ әдебиетін» ұсындым. Шерағаңмен жақындығымды білетін Манаш аға мақаланы менің апарып беруімді өтінді. Ол да ер екен: «Мұндай мақаланы біз қуана-қуана басамыз», – деп кезекті нөмірге салып кеп жіберді. Осылайша «Шындық тағылымы» бұрын жабық тақырыптың ақиқатын ашуға арналған аға қаламынан шыққан «Голощекин. Саяси портрет», «Сталин және Қазақстан», «Хрущев және Қазақстан», «Брежнев және Қазақстан» деген тұтас мақалалар сериясына жол ашты.
Еліміз тәуелсіздік тізгінін өз қолына алып, Қазақстан азат ел атанғанда қазақ жұрты қайраткер Қозыбаевтың ұлт мүддесінің ұлы міндеттерін қозғаған үнін талай мәрте Парламент мінбесінен де естіді. Ол үнемі тыңдағанын имандай ұйытып, мігірсіз мойындататын төбе билерге тән кесімді пікірлер айтты.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдарының ғылыми кеңесі. 1991 жыл.
Мұнымен де тоқтамады. Ұлтының көмескілене бастаған тарихи жадын ақтарып, ата тарихының ақтаңдақтарын ашты. Мектеп оқулықтарынан бастап, Мемлекеттік сыйлыққа ие болғaн кесек-кесек ғылыми зерттеулер туғызды. Бip өзi 800-ден астам ғылыми еңбек жазды. Сілтегені семсердей өңшең бір өткір туындыларды дүниеге әкелді. Осы еңбектері үшін оны академик қана емес, адам-академия десе де болғандай.
Ағамыз өмірінің кейінгі он жылында өндіре еңбек етті. Жүрек шіркіннің сонау 80-жылдардың басында-ақ сыр бере бастағанына қарамастан өзі айтатындай бұрқылдата жазды. Реті келген соң атап өту ләзім, талай дастарханды бірге бөлісе жүріп байқағаным: Сара жеңгеміз Мәкеңді баласындай мәпелеп бақты. Ішіп-жем, су-суандарының өзін елеп, екшеп, өзі ғана білетін ерекше диетамен беріп отырды. Ағамыз дүние салған соң да оның есімін ел есінде, ұрпақтар жадында қалдыру үшін қолынан келгенінің бәрін істеді. Жалпы өздері дүниеден ертерек озса да, соңдарында Фарида, Сара, Надлядай жанашыр жарлары қалған Қалтай, Манаш, Камал ағаларымыз бақытты жандар екен.
Ердің еңбегі көзі тірісінде еленгені қандай жақсы. Манаш ағамыздың еңбегі ғылыми қауымнан да, Елбасы тарапынан да жоғары баға алды. Ол Ұлттық Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының, Мемлекеттік сыйлықтың, Президенттің Бeйбiтшiлiк және рухани келісім сыйлығының лауреаты атанды. Көзі жұмылғанша ұлтының ұлағатын ту eтiп өттi. Тәуелсіздігіміздің он жылдығы қарсаңында ел зиялыларымен бipгe Елбасында болып: «Ұлттық мүдде, елдің амандығы – ұлы мақсат. Ұлттың ұлағаттығы, тәуелсіздіктің баяндылығы, елдің амандығы – ең басты ұлттық мүдде», – деген еді.
Тіпті оның мақалаларының тақырыбынан да ұлттық рух пен ел мүддесі менмұндалап тұратын. «Ездікті қойып, елдікті ойлайық», «Ой түбі – ел мұңы», «Ел мүддесі қашанда жоғары», «Сөз түйіні – ел тағдыры», «Халқымыз өр халық, болашағы мол халық», «Ел тектілігін жоғалтпаса дейміз» деген сияқты тақырыптар осының айқын айғағы болса керек.
Академик ғалым қазақ тарихының арғы-бергі тұлғаларынан тұратын тұтас бір портреттер галереясын да жазып қалдырды. Абылай, Кенесары, Бұқар жырау, Абай, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, М.Ғабдулин, І.Есенберлин, С.Зиманов туралы мақала, эсселері ақынжанды академиктің қаламгерлік қабілет-қарымын танытатын туындылар. Қашанда әсемдеп, сәндеп, ұйқаспен ұйытып, өлеңмен өріп сөйлейтін ағамыз реті келгенде өзі де өлең-жырды төгіп-төгіп тастайтын.
Хан Кене дегенде ойыңа түседі. Ұлы даланың соңғы арыстан әміршісінің саясат саудасына түскен әзиз басын жоқтап Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбының қаншама музей, қорларына сауал салып, талай мәрте іздеуші жіберді. 1994 жылы «Атамұра» корпорациясының қаржыландыруымен Қырғызстанның Тоқмақ қаласының маңына арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, төрт жерден ұлы ханның ұлық мүрдесін іздеген қазба жұмыстарын жүргізді. Абылай бабамыздың сүйегін ақ жуып, арулап қасиетті Қожа-Ахмет Ясауи кесенесіне қайта жерлеудің де басы-қасында Манаш аға жүрді.
Ғұлама біткен дүниауи тірліктен ада, жан мен тәні тек тазалықтан, тұнықтықтан тұратын жан болмайтын ба еді. Академик Манаш Қозыбаев та сондай кіршіксіз сезім иeci болып өтті дүниеден.
Ағамызды соңғы сапарға шығаруды ұйымдастыратын үкімет комиссиясын басқаруды да менің маңдайыма жазыпты. Өзі дүниеден өтсе де елім деп еңіреген ер Манаштың есімі ел жадында қалды. Бүгінде Солтүстік Қазақстан университеті академик Манаш Қозыбаевтың есімімен аталады. Өзі оқыған университетте оның атында аудитория да ашылды.
Солтүстік Қазақстан университетінің алдындағы Манаш Қозыбаев бюстіне гүл қоюшылар
...Жақында Алматыда болдым. Елбасының резиденциясынан кештете жаяу шығып, буддалық шығыстың ұлы перзенті М.Ганди атындағы көшемен жоғары өрлеп, мұсылман шығысының ұлы ғұламасы Әл-Фараби даңғылына қарай беттедім. Оң жақтағы бірыңғай жарқыраған шыныдан салынған іркес-тіркес, ығы-жығы, иықтаса, шынтақтаса салынған бейне бір футуристік картинадағыдай жаңа архитектуралық кешенді тамашалап біраз тұрған соң, назарымды сол жақтағы жатағандау үйлерге аудардым. Оның қабырғасындағы «академик Манаш Қозыбаев атындағы көше» деген сөз көзіме оттай басылды. Батар күннің қып-қызыл шапағымен алаулап жанып тұрған сияқты. Санама: «е, о дүниеде жатып-ақ өркениеттердің арасын жалғап жатыр екенсің ғой, қайран аға», – деген ой оралды. Сол сәтте көз алдымдағы жатаған үйдің өзі биіктеп бара жатты...
«Егемен Қазақстан»,
18 наурыз 2005 жыл
Abai.kz