Қалың елі қаламгерді еске алды...
Қостанай қаласында ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Нағашыбай Мұқатовты еске алуға арналған «Қазақтың қарапайым бір ұлымын» кеш болды.
Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының «Жастар сарайында» өткен осы іс-шара өңірлік телекомпания дайындаған шағын фильммен басталды.
Журналист, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысындағы өкілі Жанұзақ Аязбеков көп жыл бойы Н.Мұқатовпен бірге қызмет жасағанын айта келіп: «Біздің Нағашыбай үлкенді де, кішіні де жатсынбайтын, бәрін өзінің құрдасындай көретін, өзінің жан-дүниесін ешкімнен жасырмайтын ғажап адам болды. Ол өмірде жар таңдау мен мамандық таңдауда қателеспеген. Ол журналистика – менің тағдырым деп ұғына білді. «Қайранкөлдің қаһарманы» атты телеочеркі республикалық байқауда бас жүлдені жеңіп алды. Ол хабарға екі қолын снаряд жұлып кеткен соғыс және еңбек ардагерінің ғұмыры арқау болған. Журналист ретінде кейінгі толқынға үлгі көрсетті»,- деді.

Сурет: Дәуренбек Әбдібек.
Астанадан танымал ақын Серік Тұрғынбек, Жезқазған қаласынан Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актері, режиссер Досжан Жанботаев бейнеүндеу жолдап, Н.Оразбайұлы туралы ой-пікірлерін білдірді.
Осы кеште ғалым Қалқаман ЖАҚЫП және ақын, журналист Ақылбек ШАЯХМЕТ өз естеліктерімен бөлісті. «Нағашыбай сегіз қырлы, бір сырлы азамат болды. Көңіліне қонған көрікті ойлары жүрегінен жыр болып шықты. Асқақтата ән де шырқады. Ғылымға ден қойып, Қайнекей Жармағанбетовтің әдеби бай мұрасын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. «Қазыналы Қайнекей» деген ғылыми монография жазды»,- деді А.Шаяхмет.
Белгілі журналист Гүлжібек Бекмұхамедова: «Нағашыбай Оразбайұлы ерекше дарын иесі, адамгершілігі мол әрі парасатты адам, кәсіби біліктілігі жоғары журналист еді. Әріптестері арасында сыйлы болды. Облыстық телеарнаның қазақ редакциясын басқарды. Сол тұста Қостанай өңірінің өнері мен мәдениетінің дамуына мол үлес қосты. Небір талантты жастардың бағын ашты. Соңында қалған мұрасы ұрпаққа жалғаса береді»,- деді.

Сурет: Дәуренбек Әбдібек.
Кеш барысында Қостанай педагогикалық колледжінің студенттері ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. Н.Мұқатовтың сөзіне жазылған Бақытжан Сәуекеновтің «Ағасы бар інілер бақытты», «Қызым менің – қызғалдағым» атты әндер шырқалды. Сондай-ақ Амангелді Досжановтың «Ұрпақтар жыры» әнін автордың өзі орындады.
Көп жыл телеоператор болып қызмет атқарған Манарбек Есенжолов: «Телехабар дайындау мақсатында Нағашыбай ағамен бірге облыстың көптеген аудандарында болдық. Маңызды іс-шараларды түсірдік. Мысалы, 1995 жылы Қостанай облыс делегациясы құрамында Абай Құнанбайұлының 150 жылдығын түсіру үшін Семей өңіріне іссапармен бардық. Жұмысына өте жауапты, ұқыпты адам еді. Жасы кішілерді өз інісіндей санайды. Маған «ананы түсір, мынаны түсір» деп айтпайтын. Мен ол кісінің көкейдегі ойын түсініп тұрамын. Дайындаған телефильмдерін көзі қарақты көрермен асыға күтетін. Әр бағдарламасының мазмұны терең, адамға ой салатын еді»,- деді.
Қаламгердің ізін жалғап келе жатқан тележурналист Дәуренбек ӘБДІБЕК: «Ашық, аңқылдаған кісі еді. Кейінгі толқын – мына бізді өзімсініп, жақын тартып тұратын. Сөзге келгенде төгіліп, бөгелмейтін. Тыңдағанды жалықтырмайды. Домбыраны ала салып, «Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты!» деп шырқап сала бергенде, ашық дауысы құлақ құрышын қандыра-тұғын. Талай кештерді жүргізді. Соның бірінде маған сөз бергенде «дәурені бөлек Дәуренбек» деп ерекше екпінмен, мені көптің алдында көтермелеп сахнаға шақырды. Марқайып қалатынмын. Ол кісінің осындай ағалық мейірімі мен жанашырлығын сезіне білдік»,- деп еске алды.
Кештен кейін ақынның рухына бағышталып, құран оқылды. Асқа жиналғандар алдында еңбек ардагері Абдолла Жанғабылов, мәдениет қайраткері Римма Ғайсенова, Ы.Алтынсарин мұражайының қызметкері Шынар Сұлтанқызы, ағасы Жарасбай Мұқатов, досы Қабылтай Ноғаев көректі ақын жөнінде ой толғады.
Қаламгердің ұлы Қанат Мұқатов: «Танымалдығы, ақындығы бір бөлек, үйде әке ретінде кішіпейіл, жұмсақ адам болатын. Жекіп ұрысқанын, жаман сөз айтқанын көрген жоқпын. Ол елі үшін дарынды қаламгер, біз үшін қамқор әке, немерелері үшін қадірлі ата болды»,- дей келіп, жиналғандарға ризашылығын білдірді.
Ақынға арналған еске алу кеші мен жылдық асын Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайының директоры, ақын Марғұлан Оспанов және тележурналист Заңғар Санай жүргізді.
Ы.Алтынсарин мұражайы көрме ұйымдастырып, ақынның ұстап тұтқан заттарын, кітаптары мен марапаттарын көпшілік назарына ұсынды.
Айта кету керек, Нағашыбай Мұқатов еліміздің радиосы мен теледидары саласында 40 жылға жуық қызмет жасады. Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайының директоры болды. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде болашақ журналистерге дәріс берді. Қаламгердің поэзия, сатиралық және балаларға арналған 20-ға жуық кітаптары жарық көрген. Республикалық теледидар хабарлары фестивалінде үш мәрте жүлдегер болды. Ол Қостанай облыстық меценаттар клубы тағайындаған «Қазына» сыйлығының үш мәрте иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қостанай қаласының құрметті азаматы атанды.
Айбатыр Сейтақ,
ақын, журналист.
Астана – Қостанай – Астана.
Abai.kz