Сенбі, 23 Қараша 2024
Ел іші... 7785 64 пікір 22 Қыркүйек, 2021 сағат 10:26

«Мен «алматынец» емес, «алматинецпін»

Редакциядан: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның кез келген азаматы құқылы. Мақала спикері Олжас Сүлейменовтің Алматы атауына қатысты ойлары редакция көзқарасын білдірмейді. Десе де, пікір алуандығы үшін ақын Олжас Сүлейменовтің кезекті сұхбатын Abai.kz оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн көрдік.


АТАЛУЫ КЕРЕМЕТ ҚАЛА ЕДІ...

Олжас Сүлейменов: қала, білім және талибандар туралы

Осыдан бір ай бұрын, Семей полигонының жабылғанына отыз жыл толуына орай, «Вечерний Almaty» газетінде белгілі қазақстандық жазушы, ақын, ғалым және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен сұхбат жарияланған еді. Оны көптеген бұқаралық ақпарат құралдары көшіріп басты. Жарияланымдағы Олжас Омарұлының «Алматы қаласының атауын Алма-Атаға ауыстыру қажет» деген тұжырымы қоғамда біраз дүрбелең туғызды. Бұл идеяның қарсыластары әлеуметтік желілерді қолданушылар арасында сауалнама ұйымдастырды. Сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі Олжас Омарұлының ұсынысына қолдау білдірген.

Осыған орай, біз Олжас Омарұлы Сүлейменовке жолығып, әңгімені отандастарымыздың бір бөлігі үшін тым ауыр тиетін сауалдан бастауды жөн көрдік.

– Олжас Омарұлы, Сіз соңғы жылда­ры біздің қаламыздың атауына қатысты жиі әңгіме қозғап жүрсіз. Оңтүстік мега­полисті Алматы немесе Алма-Ата деп атау мәселесі қоғамда әрдайым белгілі бір пікірталас туғызатыны сөзсіз. Алайда, Сіздің соңғы тұжырымыңыз интернет-кеңістікті «жарып» жібергендей әсер ал­дық. Мүмкін бұл осыдан тура жүз жыл бұрын Верный қаласын Алма-Ата қала­сы деп қайта атау туралы жарлыққа қол қойылғанына байланысты да шығар. Ораз Жандосов қала атын өзгерту тура­лы жарлыққа қол қояр кезде, менің бі­луімше, бірнеше атаулардың нұсқалары болған көрінеді. Ол өзінің бір естелігінде сол нұсқалардың арасынан нағыз қазақ­ша атау болады деп тек «Алма-Ата» нұс­қасын таңдағанын айтыпты деседі, өйт­кені бұл атауды дыбысталуы бойынша құлаққа жағымды естілетін қазақша ең әдемі атау деген екен. Сонда бұл екеуінің қайсысы қазақы мақамға жақын болға­ны? Алматы мен Алма-Ата атауларына қандай сипаттама берер едіңіз?

– Алма-Ата – таза қазақша атау. Алма­ның атасы, алма және ата – әлемдегі ең көне алма. Мұны біздің ғалымдар дәлелдеп те қойған. Сиверс алмасы – Жер бетіндегі ең ежелгі заман алмасы. Жаһанда одан басқа жабайы өнім жоқ, сондықтан Алма-Ата атауының қазақы төркініне ешкім дау айта алмайды. Үлкен ескі алма, Аталар алмасы, Алмалардың атасы. Міне, осы арқылы біз барша әлемге осынау інжілдік жемістің жалғыз Отаны – Алма-Ата екенін мәлім­дейміз. Адам-ата мен Хауа-ананы еске түсіріңіз.

Мен Нью-Йорк қаласын «Үлкен Алма» деп атайтынын білемін, бірақ сол Нью-Йоркке қарағанда мұндай атауға біздің қала­ның құқығы көбірек қой. Мен ол қалада болдым және бірде-бір алма ағашын көр­медім. Бірақ олар өздерін солай атайды. Біз қала атауының жүз жылдық мерейтойы де­ген сыйлықтан неге бас тартуымыз керек. Сондықтан Алма-Атадан басқаша атаудың болуы мүмкін емес.

Алматы атауы маған ұнамайды, неге? Біріншіден, «ты» – сын есім жұрнағы – қы­тайша, ал «лы» жұрнағы – жалпытүркілік. Алмалы деп – алма жемісі көп өсетін жерді атаған. Жергілікті тұрғындар солай атайтын болған. Ал «ты» – жоңғарлар мен қалмақтар Қытайдан әкелген жұрнақ.

Мәселен, бізде Мойынты стансасы бар, ол Мойынлы болуы керек еді. Мен дәл осындай тағы бірнеше географиялық нүкте­лерді атай аламын. Бұл маңызды емес, ұсақ-түйек атаулар. Бір ғана осындай ірі елдіме­кен бар. Ол – Қарағанды. Қараған, мен бұл туралы арнайы айналысқанмын, жылқылар жақсы көретін шөп. Осы шөп өсетін жерді сондықтан да Қарағанды деп атап кеткен. Алайда, қазақша Қарағанды деп те айта бермейді, Караганда деп атау қалыптасып кеткен. Оған себеп, кез келген атау соңында­ғы «ы» дыбысы сол атаудың тонусын төмен­детіп жібереді. Сондықтан да болар, зама­науи әлем тілдерінің көпшілігінде «ы» дыбысы жоқ. Бұл өзі бір ерекше көмейден шығатын жартылай дауысты дыбыс. Әдетте, тілдік тұрғыдан артта қалған халықтар «ы» дыбысы бар және «ы» дыбысына толы сөз­дерді қолданады. Бұл туралы тіл білімі оқулықтарының бірінде: «ы» дыбысы көбі­несе тек даму жағынан артта қалған тілдер­де қолданылады» деп көрсетілген. Мен мұны шамамен жиырма бес жасымда жа­дымда сақтап қалғанмын.

Атауында «ы» дыбысы айтылатын бір сұлу қала бар, ол – Бакы. Бұл әзербайжан тілінде, ал барлық басқа тілдерде оны – Баку деп атайды. Тәуелсіз халық өз таңдауын осылайша жасап қойған, олар қаланың әзер­байжанша аталуын жалпыға бірдей және әлем бойынша қолданысқа енгізейік деп талап етпейді.

Ал қазір «Алматы» атауының жақтау­шылары болса бакиндіктер бас тартқан жолмен жүруді талап етеді. Олар айтылуы қиындау бұл атаумен өз республикасы мен өз қаласының беделін түсіретінін түсінген. Баку атауы өте жақсы айтылады, әрі дыбыс­талуы да керемет және әркім оп-оңай айта алады. Ал Бакы сөзін әзербайжандықтар­дың өздерінің ішінде екінің бірі еркін айта алмайды. Алматы атауы да сол сияқты.

Мен ұдайы өзімді «алматынец» емес, «алматинецпін» деп таныстырамын, «Алма­ты» деп ауылды атауға болады, ал екі мил­лиондық қала үшін әмбебап, жалпыадамзат­тық атау керек. Әрі ол төрт ашық дауысты дыбыстары бар, құлаққа жағымды естілетін, айтылуы да әдемі атау болғаны жөн. Орта Азия қалаларының бірде-бірінің атауында жалпыәлемдік төрт ашық дауысты дыбыс жоқ. Ашхабад пен Самарқандты алайық, көңілге қонымды, сүйкімді естілетін атау­лар. Ал Алма-Ата атауы бұлардан да үй­лесімді, әлдеқайда ұтымды, керемет есті­леді. Тіпті, пікірталастыруға да келмейді.

– Олжас Омарұлы, қаланың атауы туралы дау тек этимологиялық тұрғыда ғана болып отырған жоқ қой. Алматы атауы 1993 жылғы ҚР Конституциясын­да жазылған. Қоғамдық талқылау болған жоқ, мәселенің мән-мәнісін ешкім ешкім­нен сұрамады да. Яғни бұл атаудың лиги­тимді еместігі жайлы күмән әлі күнге дейін бар. 2019 жылы сұхбаттарыңыздың бірінде, Президентпен жеке сөйлескен кезіңізде, осы мәселе қозғалғанын тілге тиек еттіңіз. Ол кісі бұл мәселені халық шешуі керек деп айтты дедіңіз. Қаланың атын өзгерту үшін қазір не істеу керек деп ойлайсыз?

– Кейде халықпен ақылдаспастан, қала­лардың атауын бес минуттың ішінде-ақ өз­герте салатын сәттер болады. Ал біз бүгін мұны, ең алдымен, қазақстандықтармен, алматылықтармен, көпшілікпен ақылдасып көргіміз келеді. Егер Президент халықты тыңдаса – әрине, тыңдауы керек – ол көпшіліктің пікірін еститіні сөзсіз және егер Жарлыққа қол қою керек болса, қолын да қояды деп ойлаймын.

Менің пікірімше, Алматы қаласы атауы­ның жүз жылдық мерейтойына орай, шаһар­дың бұрынғы атауына қайта оралу керек. Біз 1991 жылы барлық жаңа атаулардан бас тартып, ескі атауларға қайта оралған едік қой. Бұл жағдайда да тура жүз жыл бұрын пайда болған ескі «Алма-Ата» атауына ора­лайық.

– Олжас Омарұлы, бүгінгі таңда еліміздің әрбір азаматын толғандырып отырған бір тақырыпты айналып өтуге болмас. ҚР Президенті күні кеше ғана өзі қатысқан ҰҚШҰ-ның өткен кездесуі ая­сында қабылданған барлық бастамалар­ды қолдады. Талибан тарапынан бізге қауіп бар ма және оған қалай қарсы тұру­ға болады?

– Біліммен қарсы тұру керек. Біз бала­лық шақтан, мектептен, университеттен ғылыми білімнің бар екенін, сондай-ақ, діни білімнің бар екенін түсіндіруіміз керек. Бұл екеуі әрқашан бір-бірімен бәсекелестікте дамиды, бәлкім бір-бірімен өзара ықпалдас­тықта болуы да мүмкін, кім біледі? Талқы­лап көрсек қайтеді. Ең бастысы – оларды жалғыз қалдыруға болмайды. Өкінішке қа­рай, бүгінде біз мұның бәрін ғылыми тұрғы­да негіздеуге құлықсызбыз.

Діндердің қалай пайда болғанын мек­тептен бастап оқытқан жөн. Айға, күнге табынушылық қалай басталғанын, одан кейін не болғанын сол кезден-ақ оқыту ке­рек. Балалар мұндай әңгімелердің барлығын зерделеуі тиіс, сонда олар қазіргі кездегі барлық діндер қалай пайда болғанын түсі­нетін болады.

Тайпалардың діндарлары қандай да бір белгілерді – кресті, жарты айды түсіндіруі нәтижесінде діндер пайда болады. Аңыздар арқылы тәрбиелеу де дұрыс, бұл да тәрбие құралы. Бұл бағытта көптеген жақсы бағ­дарлар бар. Мен қырып-жоюға шақыратын бірде-бір дінді естімеппін. Бәрі де бейбіт және жақсы өмір сүрейік дейді. Алайда, қандай да бір себептермен адамдар бір-бірін қырып-жояды. Бұл толық сауатсыздық пен надандықтан туындайтын құбылыс дер едім.

Мұсылмандар өздерінің дінін ең адам­гершілікті, ең толерантты дін дейді. Мен тарихты қарап шықтым, ең толерантты және дінге төзімді тұлға – Бату хан болды, ол христиандықпен күреспеген, шіркеулерге алтын күмбездер салуға рұқсат берген. Ал христиандар сол уақытта барлық ежелгі грек әдебиеті мен өнерінің көзін жойған, өйткені, оларды пұтқа табынушылар деп пайымдаған. Мұсылмандар да өздерінің ілімдерін таратқан кезде солай істеді. Әрбір дін әлемде жеке-дара үстемдік орнатқысы келеді, сол үшін бір-бірімен қақтығысқа түсіп, бір-бірін қырып-жояды. Талибан – бұдан бұрындары болған өрттердің жаңғы­рығы. Мемлекеттер олармен діни тұрғыдан келісім жасай алмайды, олардың сенімдерін өзгерту мүмкін емес, олармен тек қару-жа­рақтың күшімен «сөйлесу» керек. Олар бір нәрсені анық біледі – өздерінен басқалар­дың бәрі бөтен діндегі адамдар, оларды қырып-жою керек. Бала кезден осындай тәрбие алады.

Сондықтан еліміздің алдында үлкен міндет тұр. Мемлекеттер дайын. Талибанды өз аумағында жеңу мүмкін емес – онда тау­лар бар. Америкалықтар Вьетнамды джунгли үшін жеңе алмаған болатын. Таулы жерлерде, джунглиде күрес тым ұзаққа со­зылады. Далалы жерде әрқашан жеңіске жету оңай.

Сондықтан біздер, далалықтар, осы Ере­жені білгеніміз жөн және айналамызға өте мұқият қарауымыз қажет. Дін мәселелерінде де, өзіндік мінез-құлық мәселелерінде де, тәуелсіздік, моноұлттық, көптілділік мәсе­лелерінде де абай болғанымыз жөн. Жазық жерде тұратын адамдар өте сақ болуы керек.

Михаил Буренков 

Abai.kz

64 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394