Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 4583 4 пікір 1 Қазан, 2021 сағат 15:10

Қазақ радиосының 100 жылдығына арналған жиын өтті

2021 жылы қазан айының 1 күні Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазмедиа орталығының» Киноконцерт залында  Қазақ радиосының 100 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Шара тиісті карантин талаптарына сай және телетүсірілім форматында өтті.

 Жиында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың құттықтау хаттары оқылды. Айта кету керек, биыл Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақ радиосы құрылған 1 қазан «Радио күні» датасы ретінде белгіленіп, бүгін алғаш рет атап өтілуде.

Қазақ радиосы ұжымын құттықтау хатында Елбасы халқымыздың талайлы тарихы мен шежіресі эфирде қамтылып,  аумалы-төкпелі кезеңдерде ел өміріндегі маңызды оқиғалар жұртшылыққа жедел жеткізілгенін  ерекше атап өтті. «Бір ғасыр ішінде осы қарашаңырақта еңбек еткен майталман журналистер мен көрнекті қайраткерлер көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, өшпес із қалдырды. Әуе толқынында көптеген бағдарламалар төл мәдениетімізді насихаттауға, ана тілімізді дәріптеуге, ұлт санасын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосып, қазақ руханиятының алтын қорын қалыптастырды. Қазіргі таңда Қазақ радиосы еліміздегі заман талабына сай дамыған іргелі ақпарат құралының бірі де бірегейі. Радио алдағы уақытта да жақсылықтың жаршысы болып, талғамы биік тыңдарман қауымды танымдық хабарлармен, тағылымды бағдарламалармен қуанта береді деп сенемін» делінген Елбасы құттықтауында.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың құттықтауында «Қазақ радиосының жылнамасы - халқымыздың 100 жылда жүріп өткен жолының айнасы. Радио алғаш құрылған күннен бастап ел мүддесіне қызмет етіп келеді. Қазір де Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті мен ұлттық құндылықтарды жастардың санасына сіңіруге сүбелі үлес қосуда. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тұспа-тұс келген бүгінгі мерейтойдың орын бөлек. Биылдан бастап 1-ші қазан «Радио күні» болып бекітілді. Мұның өзі бұл саланың ақпарат айдынындағы  рөлі ерекше екенін аңғартады. Қазақ радиосы келешекте де мағыналы әрі мазмұнды хабарларымен ұлттың жадын жаңғыртып, мемлекетімізді нығайтуға ат салыса береді деп сенемін», - делінген.

Салтанатты жиында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі А. Ғ. Балаева  Қазақ радиосын мерейтойымен құттықтай келе, оның таралым аумағын кеңейту мақсатында шекара маңындағы аумақтарда радиохабар таратудың мемлекеттік желісін дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданып, конкурс негізінде Қазақ радиосына 107 радиожиілік спектрі бөлінгенін айтты.

Оның нақты мысалы ретінде жиын барысында ШҚО, Тарбағатай ауданы, Көкжыра елді мекенінде жаңа радиожиілік  іске қосылды.

Шара барысында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы Қазақ радиосының студияларынан сахнаға тікелей қосылым  жасалды. Мерекелік кеште бейнематериалдар мен музыкалық нөмірлер қойылды. Қазақ радиосының «Алтын қорында»  сақталған  Б. Момышұлы, Қ. Қайсенов, М. Әуезов, А. Жұбановтың үнтаспаға жазылған сұхбаттарынан үзінділер берілді.

Салтанатты кеш ресми бөлім, «Бастау кезеңі», «Даму дәуірі», «Жаңа белес» дегенбөлімдерінен  тұрды. Әр бөлімде  Қазақ радиосының  тарихи хронологиясы таныстырылды.

Мерекелік шараға орталық мемлекеттік орган басшылары, радио ардагерлері мен Қазақ радиос ұжымы және ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, БАҚ басшылары, қоғам қайраткерлері қатысты.

Анықтама:

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың ұсынысымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1 қазан «Радио күні» болып белгіленді және биыл алғаш рет аталып өтуде. Қазақ радиосының 100 жылдығы аясында радио тарихымен тығыз байланысты Нұр-Сұлтан мен Қызылорда қалаларындағы және ТМД елдерінің мәдени астанасы болған Шымкент қаласындағы  көшелерге «Қазақ радиосы» атауы берілді. Сондай-ақ Елордадағы көпқабатты үйлердің қасбетіне радионың мерейтойына арналған мурал (стрит арт) салынды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы көшеге диктор Ә. Байжанбаевтың есімі де берілді.  Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде  аудитория, зертханалық радиостудия ашылды.

Тарихы:

Қазақ радиосы 1921 жылдың 1 қазанында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен ақпарат тарата бастады. Қазақ радиосының Алтын қорында ұлт зиялыларының сұхбаттары мен дәрістері сақтаулы. Мерейтой қарсаңында олардың баралығы сандық форматқа көшіріліп, тыңдаушыларға ұсынылып келеді. Қазақ радиосы бүгінде 7 тілде хабар тарататын және сағат сайын екі тілде жедел жаңалық жеткізетін елдегі ең ежелгі бұқаралық ақпарат құралдарының бірі.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321