13 құжат: Путин мен Тоқаев не талқылады?
Ресей мен Қазақстан арасындағы 28-30 қыркүйекте өткен екі елдің өңіраралық ынтымақтастығының XVII форумы кеше аяқталды. 30 қыркүйек күні форумға екі ел президенттері де қатысты. Форум пандемиялық жағдайға байланысты онлайн форматта өтті. Биылғы форумның басты тақырыбы экологиялық жобалар болды.
Жыл соңына дейін Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 20 млрд доллардан асуы тиіс. Бұл жаңа рекорд болмақ. Соңғы уақытта Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас, барыс-келіс саны еселеп артты. Қыркүйектің басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Қиыр Шығысында өткен «Шығыс экономикалық форумына» қатысқан болатын. Онда Қазақстан басшысы түрлі сұрақтарға жауап беріп, Қазақстанға АЭС салу қажеттілігі жайлы да өз ойын айтты.
Кездесудің басты тақырыбының бірі экология болды. Путин Ресейде экологияны жақсарту бойынша жасалып жатқан шаралар жайлы мәлімдеді. Ал президент Тоқаев Қазақстандағы электр энергиясының басым бөлігі көмірден алынатынын, оның үлесі қазір 70%-дан жоғары екенін, алайда, 2060 жылға қарай Қазақстан оны толық қауіпсіз, ауаны ластамайтын энергия көзіне алмастыру қажеттігін атап өтті. Бұл атомды игеру тақырыбын жанап өтті. Ол бойынша Ресей басшысы Путин былай деді:
«Бейбіт атом саласына келсек. Менің қазақстандық әріптесім және досым бұл туралы айтқан еді. Біз көршілес елдердің, біздің одақтастарымыздың жоспарларына мұқият қарап отырамыз. Ресей біздің серіктестерге (оның ішінде Қазақстанға да) атом элетр станцияларын салуға шешім қабылдап жатса, оны салуға қолдау көрсетуге дайын», – деді Путин.
Ресей басшысы Ресейде көмірдің үлесін азайтып, толық газдандыру жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
«2035 жылға қарай газ өндіру және газдандыру жұмыстары үлкен қарқынға ие болмақ, сондықтан қазақстандық әріптестерімізді осы салада серіктестікке, бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз», - деді Ресей басшысы.
Ресеймен форум барысында трансшекаралық өзендер мәселесі де қозғалды. Соңғы уақытта Каспийдің су деңгейі төмендеп, Ресейден бастауын алатын өзендер тартылудың алдында тұр. Қазақстан басшысы Тоқаев 2030 жылға қарай БҰҰ-ның мәліметіне сәйкес, әлем елдеріндегі су тапшылығы 40%-ға жететінін айтып, суды үнемдеу саясатын бірлесе жасауға, трансшекаралық су көздерін мұқият жүйелеуді ұсынды. Жайық өзенінің су деңгейі тым төмендеп кетуі Қазақстан мен Ресей тұрғындарына аса қауіпті екенін де айта кетті.
Тоқаев 2019 жылы Ресей мен Қазақстан арасында Жайық өзенін сақтап қалуға қатысты келісім жасалғанын, аталмыш келісімнің мұқият орындалуын қадағалау қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар, трансшекаралық өзендердің бойына су қоймаларын салудың қажеттігін бірлесе мақұлдасуды қарастыру қажет деді. Тоқаев су көздерін тиімді пайдаланбау Арал апатына ұқсас жағдайды қалыптастыратынын мысал етіп, Өзбекстан мен Қазақстан бірлесе отырып 1,5 млн гектар жерге сексеуіл егуді іске асырып жатқанын айтты. Ресей мен Қазақстан да өзендерді игеру бойынша ортақ жобалар болу керектігін меңзеді.
Президент Тоқаев Қазақстанның жер бедерінде орманның тым аздығын, бар болғаны 11% екенін айтты. Алайда табиғат жағдайын өзгерту үшін 2025 жылға дейін 2 млрд ағаш егу жұмыстары басталғанын да айта кетті. Ал Путин керісінше Ресейде орманның тым көп екенін айтып, екі елдің биологиялық алуан түрлігін сақтау жобаларын бірлесе жасауға шақырды.
Тоқаев Кспий теңізінде тюленьдердің құрып кету қаупін көтерді. Каспий тюлені Ресей мен Қазақстанда да Қызыл Кітапқа енгізілген жануарға жатады. Оны сақтап қалу үшін Каспийде қорғалатын аймақтар жасауды ұсыныс ретінде тастады.
Балқаш маңында жолбарысты жерсіндіру және өсіру бойынша аздаған пікіралмасу болды. Путиннің сұрағына тұшымды жауап бере алмаған экология министрінің орнына Тоқаев өзі нақты жауап берді.
«Қазақстанда жолбарыстар болған. Бұл дала жолбарыстары, ежелгі дәуірде олар азуы алты қарыс жолбарыс (саблезуб) болған. Отызыншы жылдары да кездескен. Соғыстан кейін жойылып кеткен. Біз оны қалпына келтіру жұмыстарын жасап жатырмыз және ол жобаны маңызды санаймыз. Оны тұран жолбарысы деп атаған», - деді. Әрине министрдің еліміздегі басты экологиялық жобаның бірін нақты айта алмауы әлеуметтік желіде көптеген сынға арқау болды.
Форум аясында 13 құжатқа қол қойылды. Құжаттар экологияны жақсарту, өзендерді тиімді игеру, киік пен тюленьді сақтау және басқа да тақырыптарды қозғайды. Келесі форум Ресейдің Орынбор қаласында 2022 жылы өтеді.
Abai.kz