Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 4417 35 пікір 11 Қазан, 2021 сағат 12:18

Жапонияның жаңа басшысы: Курильді қайтарамыз!

Жапонияның жаңа премьер-министрі Фумио Кисида билікке келе сала, Ресеймен шешілмеген аумақтық тұтастық мәселесін реттеуге кірісетінін мәлімдеді. Билік тізгінін алған Фумио жұма күні өзінің бағдарламасын таныстыру барысында Куриль мәселесін де көтерді. 

"Мен Ресеймен бейбіт келісімге келіп, солтүсітк аймақтарымызды, яғни Куриль мәселесін шешу жолында жүйелі жұмыс атқармақпын", - деді Кисида. Ол аумақтық тұтастық мәселесін түбегейлі шешпей, ешқандай бейбіт келісім жайлы айтуға болмайтынын да айта кетті.

Жапонияның жаңа басшысы билікке келе сала Ресей президентімен телефон арқылы сөйлесті. 7-қазан күні Фумио Кисида мен Владимир Путин арасында алғашқы пікір алмасулар болып, жапон премьері онда аумақтық тұтастық мәселесін де көтерді. Телефонмен сөйлесу барысында тараптар бейбіт келісімге келу үшін өзара келіссөздерді тоқтатпаудың маңыздылығын атап өтті.

Жапон басшысы кез келген келісімнің басты мақсаты аумақтық тұтастық мәселесін толық шешуге бағытталуы тиіс деген көзқарасынан тайқымайтынын жеткізді. Оның пікірінше Итуруп, Кунашир, Шикотан мен Хабомаи аралдарының мәселесі шешілмей, ешқандай келісім жайлы сөз болуы мүмкін емес.

"Біз Ресеймен келіссөзерді жүргізу барысында Жапонияға тиесілі төрт арал бойынша қатаң позицияны ұстанатын боламыз. Бұл мәселе бойынша біздің бағытымыз ешқашан өзгермек емес", - деді Кисида. Жапония ұзақ жылдар бойы Кунашир, Шикотан, Итуруп және Хабомаи аралдарын қайтару бойынша ұмыстар жүргізіп келеді.  Бұл аралдар 1855 жылғы екі ел арасындағы "Сауда трактатына"  байланысты Жапонияға тиесілі, Токио сол келісімдерді алға тартуда. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін КСРО мен Жапония арасында бейбіт келісім жасалуы тиіс болатын, алайда аралдардың мәселесі оны түбегейлі іске асыруға кедергі болды.

1956 жылы КСРО мен Жапония өзара декларацияға қол қойып, онда Мәскеу төрт аралдың екеуін Жапонияға қайтару мәселесін қарастыратынын айтты. КСРО сол арқылы мәселені толық шешемін деп санады, ал Жапония екі аралдың қайтарылу мәселесін бейбіт келісімге бастайтын бір жл деп қана атап өтті. Мәскеу әлі күнге дейін аралдар Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтиесі және оны талқылау мүмкін емес деп санайды.

2020 жылы Ресей Конституциясын өзгертті. Өзгерген конституцияға сәйкес, Мәскеу өз аумағын өзгеге беру бойынша келісім жүргізе алмайды. Бұл Токио мен Мәскеу арасындағы келіссөздерді жүргізуді қиындатып жіберді. Куриль аралдары бойынша бұрынғы премьер Абэ мен Есихидэ қатаң позиция ұстанған болатын, ал жаңа басшы тіпті қатаң курс ұстанатынын нақты айтты.

Куриль аралдары мәселесі аталмыш аймақтағы шиеленісті болашақта арттырып жіберуі бек мүмкін. Оңтүстік Шығыс Азия мен Жапон және Қытай теңіздері соңғы екі айда қақтығыс ошағына айналды. Қытай Тайваньға сес көрсетіп, әуе кеңістігін күнара бұзуда. Солтүстік Корея жаңа зымыран түрлерін сынаса, Оңтүстік Корея сүңгуір қайықтан зымырандар жіберіп жатыр. Жапония өзінің аумақтық тұтастығын нық қорғайтынын білдіріп, екі бірдей ірі жаттығу өткізді. Қытай елімен аралдар үшін қақтығысып жатқан Токио, Ресеймен Куриль мәселесін бейбіт реттеуге, тіпті ол үшін экономикалық келісімдер жасауға да баратынын аңғартуда. Жаңа премьердің ұраны да нақты, ол "Курильді қайтарамыз!" деген ұран.

Abai.kz

35 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394