Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2622 0 пікір 23 Қыркүйек, 2021 сағат 10:22

Алматы облысы орталығының Талдықорған қаласына көшірілгеніне 20 жыл

Талдықорған қаласының қайтадан облыс орталығына  айналғанына биыл 20 жыл толып отыр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл шара жаңарып, жасарған шаһарымыздың дамуындағы жаңа бір кезеңнің  көрінісі ретінде қала тұрғындары мен қонақтарының қуанышын еселеуде.

Соның жарқын көрінісі «Аяулы алақан» аллеясы деуге болады.  Ондағы ақ халатты абзал жандарға деген алғыстың нышаны ретінде қойылған «Аяулы алақан» мүсіні жобасының авторы, басқа емес Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың өзі болды. Мүсіндегі қос алақанның ортасында  жапырағы жайқалған жас ағаш өсіп тұр. Бұл жан жылуының әр тіршілік иесіне өмір сыйлай алатынын көрсетеді.

– Пандемияның алғашқы күндерінен-ақ Елбасы үндеуімен еліміз бір кісідей бірігіп, індетті жеңуге жұмылды. Бұл қиын жағдайда алдыңғы қатарда күрескен – медицина қызметкерлері болды. «Аяулы алақан» ескерткіші – аса қауіпті індетпен бетпе-бет келген медицина саласы қызметкерлерінің құрметіне арналады. Бұл – жаһандық дертке қарсы күрескен ақ халатты жандарға деген ел құрметінің белгісі. Сондай-ақ, халықтың адал перзенттеріне ыстық ықыласының көрінісі. Ескерткіш ел басына қиындық туған сәтте қаһармандық көрсеткен жандардың рухына тағзым ету орнына айналады,– деді ашылу рәсімінде Амандық  Ғаббасұлы.

Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, Жетісу өңірінде пандемиямен күреске жұмылдырылған  31 медициналық ұйымның төртеуі Талдықорған қаласында орналасқан. Амбулаториялық және стационарлық деңгейде 3455 медицина қызметкері, оның ішінде 851 дәрігер және 2604 кіші және орта буын дәрігері тартылды. Пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен барлығы 13,8 млрд. теңге бөлініп, медициналық жабдықтармен жарақтандыру жетпіс тоғыздан тоқсан пайызға дейін өсті. Соның нәтижесінде коронавирус пен пневмониядан 51 мыңнан астам адам жазылып шықты.

Жалпы, медицина қызметкерлерінің ерен ерлігіне арналған негізі мүсін «Шығыс» шағын ауданындағы модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының жанына орнатылды. Қоладан жасалған бұл мүсінінң биіктігі – 1,2, ұзындығы – 3,8, ені –2,8 метр.

«Тіл және Тәуелсіздік»

Мерейтой кезінде Алматы облысының тілдерді дамыту басқармасы ҚР Суретшілер Одағының аймақтық филиалымен бірлесіп бүкіл ел деңгейінде тұңғыш рет «Тіл және Тәуелсіздік» атты республикалық көрме-байқауын өткізді. Биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шараның мақсты – тәуелсіздіктің символына айналған мемлекеттік тілге деген қызығушылық пен құрметті  бейнелеу өнерінде көрсету.  Елге, жерге деген сүйіспеншілікті қылқалам шеберлерінің «Тіл және Тәуелсіздік» тақырыбындағы суреттері арқылы  насихаттау. Оған 109 қатысушы 164 туындысын ұсынды. Олардың арасында Сейсенхан Махамбет, Өсербай Шуранов, Марат Әбдіреев секілді республикалық, халықаралық, байқаулардың жеңімпаздары мен өнер мектептерінің оқушылары болды. Мәселен, қатысушылардың ең үлкені Түркістан облысы Түлкібас ауданының 66 жастағы тұрғыны болса, ең кіші қатысушы Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының 9 жастағы тұрғыны.

Өнерпаздар Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе, Алматы облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан қатысты. Туындылар майлы бояу, акварель, гризаль, шыны, импато сондай-ақ, сәндік қолданбалы өнер стиліндегі жұмыстар болды. Қазылардың бағалауы бойынша  бас жүлдені Марат Абдреев жеңіп алды.

Талдықорғанда суға жүзуден чемпиондар дайындалуда

Республикадағы бірегей спорт кешенінде  жүзуден 7 мен 15 жас аралығындағылар арасында өткен қалалық турнир соның бір айғағы десек болады. Облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары арасынан еркін әдіспен жүзуден 50 метрлік сайыста қыздар арасынан Дария Тоқтархан,  Саида Елемес пен Аяжан Айнабекова, ұлдар арасында Жәңгірхан Амантай, Богдан Поддубный, Шыңғыс Тұрғанов өз топтарында үздік шықты. Ал,  100 метрлік сайыста Сламғазы Аруна мен Ерсін Амантайұлы жеңімпаз атанды.

 – Менің осы спортта жүргеніме 4 жыл болды. Бүгінгі жеңісім ең алыдмен  мені баптаған жаттықтырушымның еңбегі деп білемін. Енді Ақтөбе қаласында өтетін республикалық чемпионтқа қатысатын боламыз, – дейді Аруна Сламғазы.

«Болашақ» шағын ауданында көппәтерлі үй пайдалануға берілді

«Болашақ» шағын ауданындағы  55 пәтер бар бұл үйдің жалпы ауданы 5 мың шаршы метрден асады.  Тұрғындарды мерекемен құттықтап, жаңа пәтердің кілтін табыстауға облыс әкімі Амандық Баталов өзі арнайы келді.

– Талдықорғанда соңғы 20 жылда аймақтағы барлық салалар бойынша өсу қарқыны орын алды. Қала жан-жақты дамыды. Жаңадан шағын аудандар ашылып, түрлі әлеуметтік нысандар бой көтерді. Бұның барлығын жасау үшін, қазынаға түсетін салықтың көлемі де артуы керек. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 860 млрд. теңгені құрап отыр. Осының арқасында бүгінгі деңгейге жетіп отырмыз. Елбасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауы да қазіргі нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отырғанын атап өткен жөн,–  деді онда  А. Баталов.

«Шаңырақ» тұрғын үй бағдарламасының қатысушысы ретінде жаңа пәтерге ие болған бір тұрғынның анасы Нүкен Құлбайқызы: «Балам бүгін құтты шаңырағының кілтін қолына алды. Бұл қоныс тойды ұзақ уақыт күттік. 2005 жылы шаңырақ көтерген оның  бүгінде 4 перзенті бар. Балаларым үшін өте қуаныштымын. Баспаналары берекелі болсын. Бүгін тіпті қуанғаннан көзіме жас алып отырмын», –  дегенді айтты.

Талдықорғанда эко-автобустар қолданысқа берілді

Жыл өткен сайын көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында қалада автобус паркі жаңартылып келеді. Бұл жолы «Жетісу» ӘКК арқылы жалпы сомасы 2,3 млрд.теңгеден асатын газбен жүретін 55 экологиялық автобус сатып алынды, олар тасымалдаушыларға 4% өсіммен 7 жылға лизингке беріледі. «Ютонг» маркалы 32 автобус мереке қарсаңында қала тұрғындарына пайдалануға берілді. Қалған 23 автобус та жыл соңына дейін Талдықорған көшелерімен жұртшылыққа қызмет көрсететін болады.

Бірнеше күн бойы жаңа автобустар қалалық бағыттар бойынша сыналды. Жалпы, олар барлық заманауи талаптарға жауап береді. Олардың кейбіреулері – 10 метр, басқалары – 8,5 метр, жолаушылар сыйымдылығы 55-тен 67 орынға дейін қарастырылған. Онда бейнебақылау, кондиционерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды отырғызу-түсіру үшін қайырмалы платформалар көзделген. Сондай-ақ, электронды билеттеу жүйесі орнатылған. Жалпы алғанда, автобустар бұрынғыға қарағанда әлдеқайда кең, оларда мүгедектер арбасына арналған орындар да бар. Алғашқы автобустар жолаушылар ағыны ең көп маршруттарға жіберіледі. Ал олардың қаншалықты жайлы және ыңғайлы екенін Сіздер, құрметті талдықорғандықтар, өздеріңіз бағалай аласыздар,  – деді алғашқы партияны тапсыру кезінде  аймақ басшысы. Оның айтуынша, автожолдарды жөндеу және қалалық инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғасатын болады. Сатып алынған автобустарға жанармай құю үшін қалада автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясы салынып, іске қосылды.

Жетісудың жүрегіне баланатын Талдықорған жыл санап түрленіп, түлеп келеді.  Соңғы 20 жылдағы жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Сандарды сөйлетсек, 2001 жылы Талдықорғандықтар саны 100 мыңның айналасында болса, қазір 2 есе өсті. Аумағы 4 есеге өсті. 20 жыл ішінде жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемі 17 млрд.-тан 94 млрд. теңгеге жетті. Жеке индустриялық аймақтың іргесі қаланды. Шағын және орта бизнес өркендеді. Келбеті келісті, сәулетті сұлу нысандар дамылсыз салынды. Шаһар әлі де түрленіп, дами бермек.

Айман Асыл

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364