Дайдидау
(«Қозғайсың қатып қалған іштің дертін»)
Қазақстанға сіңірген ерекше жетістігі үшін берілетін «Қазақстанның Еңбек Ері» деген атақ бар. Осы алтын жұлдыз Димаш Құдайбергеннің кеудесінде жарқырау керек.
Иә, оны «әлі жас қой» дейтіндер де табылады. Жоқ, кешіріңіз, Димаш жас емес, тіпті жас болып та көрген емес. Керісінше, өнер арқылы қазақты дүние жүзіне танытудың жолын тапқан және сондай миссия бұйырған, жер жүзінің тыңдармандарына таңдай қақтырып, үніне тамсандырған теңдесі жоқ құбылысты дер кезінде бағалай алмай отырған біздің әрекетіміз - қылмыспен пара-пар. Кеңес Одағы қалыптастырған сана стереотиптерін күл-парша ететін уақыт жетті. Шын мәнінде бұл атаққа Димаш зәру емес, қайта әлгінің дәрежесін көтере түсу үшін Димаш сол атағыңа керегіп тұр. Қазір әлемнің қай түкпірінде болсын Димаштың есімі қазақ деген сөздің синонимі әрі символы ретінде қабылданады. Бұл дегенің ғажап қой, біз секілді аз ұлтқа одан артық не керек, Сіз қалай ойлайсыз, отандас?
***
Егер жадым жаңылыстырмаса, бұл Димаш жайындағы алғашқы мақала, болмаса соның қатарында...
Мына заманда кімді, немен таңғалдыруға болады деп ойлаймыз ғой кейде. Құдайдың құдіреті, ол да мүмкін емес нәрсе болмай шықты. Тек өнер өлкесіндегі қаранөсер жауыннан кейін қаптап шыға келетін құрқұлақтай арзанқол өнерпазға, бірінен екіншісі айнымайтын құбатөбел орындаушыға, күнкөрістің күйін шерткен базбіреулерге құлағымыз да, құлқымыз да бейімделіп бара жатқаны болмаса. Соның салдарынан таңдайы жарылып, маңдайы жарқырап туған қас таланттарымызды тани алмай келеміз. «Шөп те өлең, шөңге де өлең, өлең де өлең» болған мына заманы түспегір оларды шындап тануға, мойындауға құлықты емес. Оны айтасыз, аса таланттылардың сорына талантсыздарды өсіруден бір жаңылмай-ақ келеміз. Әзірге бұл жағынан алдымызға жан салып, қара түсірер түріміз жоқ.
Өмірге жүз жылда бір-ақ рет келетін өте сирек өнерпаздар болады. Солардың ішіндегі әншілері ән өнері үшін, тек ән айту үшін ғана туады. Егер туған топырағы қадірін білмесе, Мәскеу мен Еуропаның жалаңдаған менеджерлері қазір-ақ қағып алып кетуі ғажап емес оларды. Кешегі келмеске кеткен Кеңес Одағының тұсында мұндай ерекше жаратылған жандарға өкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, мемлекет өзінің әкелік қамқорлығына алушы еді. Мына «балапан басына, тұрымтай тұсына» кетіп, жақсы мен жасықты ажырата алмай тұрған абыржы кезеңде біртуар талантқа қазір кімнің емешегі езіле қояр дейсің. Сөйтіп жүріп, күндердің бір күнінде сені де қу құлқынның құлына, саясаттың қатардағы сарбазына айналдырып алмасақ болғаны ғой.
Егер мен бірдеңе білсем, мына бозбала қазақ деген ат төбеліндей халықтың бағына туған. Дәл осындай деңгейдегі бұлбұл көмейді көрмегеніме көп жылдың жүзі болған екен. Оның дауысында дәуірлердің қасиет тұнған сағым-дірілі, бағзыда қалып кеткен асыл рухымыздың күбірі, суырыпсалма орындаушылыққа құрылған ерекше икем, өзегімізді жайлаған өрт пен өкінішті сыртқа алып шығатын қасиет тұрғандай болып көрінеді маған. Мен оны қайталап тыңдаған сайын соны сеземін. Содан соң жан дүнием алай-түлей арпалысты күй кешіп, күйзелген санам сан саққа кетіп, жүйкемді тарам-тарам ой басады. Ол ән айтып тұрғанда қазақтың ер кезі, баяғы салтанаты мен бағы басында тұрған берендігі, болмысы биік бекзада шағы елестейді көз алдыма. Әр елдің тілінде айтқан өрелі әніне әлемдегі тыңдаушылар дүр сілкініп, дүрілдете қол соғып, тілін түсінбесе де, табиғатын таныған биік талғамды жандар риясыз риза болуда. Ал енді біздің бауырлардың не ойлағаны бар екенін қайдам, әзірге бірі емес, бәрі де үнсіз, құдды бір ауыздарына мұздай су ұрттап алғандай.
Оған қиятын атағың мен даңқың болса ертең емес, бүгін бер дер едім. Ол осы жасында-ақ әкесіндей өнерпаздардың айта алмағанын бір ғана «Дайдидау» әнімен жеткізіп берді. Мен мұның осыншама сұлу, биік, шерлі ән екенін Димаш орындағаннан кейін ғана сезіне бастағандаймын. Соған қарағанда, бұған дейін нағыз орындаушысынан тыңдай алмағанмын ғой. Ал сен болсаң, бұл қарапайым әннің иін қандырып мың бұрадың, Димашжан. Мен сенің орындауыңдағы осы әнді тыңдап отырып, бүгінгі сахналастарың мен келешек ізіңді басқысы келетін әнші бауырларыңа кәдімгідей жаным ашыды. Сенен кейін олар бұл әнді қайтіп айтады енді. Әй, бірақ біздің дауасыздар айта береді. Өзіңнен кейінгілерге орын қалдырмай, ән әлеміндегі барша кеңістік атаулыны нәзіктік пен сұлулыққа, жігер мен жасынға толтырып, жеріне жеткізіп шегелеп жібердің ғой, айналайын. Шын өнерпаздығың мен ерекше сойың осы болмысыңнан-ақ байқалады.
Иә, бізде әнші көп, бірақ сен сияқты Жаратқан жалғыздың өзі жер бетіне ән айту үшін жіберген құбылыстар мүлдем жоқтың қасы. Сен және сен сияқтылар туса тек дәуірлер аралатып, жылдарды тыныстатып қана келуі мүмкін мына жарық жалғанның жүзіне. Ешкімге ұқсамайтын ғажап дауысыңдағы жылт еткен сәулеге, сол арқылы болмысың мен сұлу табиғатыңа, өзегіңдегі биік талғамыңа тәнті болдым. Сен біздің бағымызға туған баласың, тек өзіңді таланттылардың тәлкек тағдырынан сақтасын. Көпке топырақ шаша алмаспыз, сені әлде де көретін, танитын көз табылатын шығар деп үміттенемін. Әлем көріп, дүние жүзі танығанды біз бағалай алмайтындай бұл қазаққа не көрініпті соншама. Сені қолдайтын, қадіріңді білетін ұлтымыздың қалжа жеп туған талай ұл-қыздары жүрген шығар арамызда. Қолымда болса, мен саған бәрін де қазір, бүгін-ертең еншілер едім, әттең... Ал сен болсаң дәл осы қалпыңмен-ақ тым биіксің. Неге екенін қайдам, әйтеуір сен сахна төрінде тұрып «Дайдидауды» шырқағанда мына жалғаншыңның көмескі жарығы бір түрлі сәулелене түсетін сияқты.
Берік Жүсіпов,
фольклортанушы
Abai.kz