Педагогтардың жоғарғы миссиясы – ағартушылық
2021 жылы Қ.Тоқаев үшінші жыл саяси дәстүрге сәйкес ел Президенті ретінде халыққа Жолдауын арнап, әлеуметтік-экономикалық дамудың проблемалары мен даму жолдарына тоқталды. Сондай-ақ, Жолдауда білім беру сапасын арттыру және кәсібилендіру міндеті басымдық етіп алынды.
Білім сапасының төмендігі мемлекеттің рухани және ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретіні рас. Жолдауда қазіргі білім берудегі басты тренд инклюзивті білімге назар аударылды, өйткені ол білім берудің ұлттық тұжырымдамасын модельдеуге арналады. Қазақстанда білім құндылығы мен оған деген ұмтылыс әрқашан басқа салалардан қалмай келе жатыр. Соңғы жылдардағы кәсіби білім беру және ғылым салаларындағы проблемалар зияткерлік бағытты қайта қарау керектігін көрсетеді. Сондықтан тұлғалық даму мен қалыптасу, кәсіби деңгейді нығайту, алған білімді пайдалануға ғана емес, оларды таратуға да ықпал ететін білімге азаматтар бірдей қол жеткізу керек екені айтылды. Жолдауда айтылғандай, педагогтардың жоғарғы миссиясы – ағартушылық.
Бұл миссия қазақстандық мәдени құндылықтар жүйесін қалыптастыратын білім беру және тәрбиемен байланысты, ал олардың иерархиясында білімнің құндылығы басым болмақ. Н.Л. Сейтахметованың ойынша, білім тек маманды ғана емес, адам мен жеке тұлғаны қалыптастыруы керек. Сапалы білім мектептен басталады. Әсіресе, ауылдық жерлерде мектептер санын ұлғайту, оларды салу – білім беру проблемаларын шешудің жолы. Өткен жылдар ішінде ғалымдар мен педагогтар айтарлықтай қолдауға ие болып, түрлі гранттар мен стипендиялар бөлінді. Бірақ гуманитарлық ғылымны бәсекелік қабілетін күшейту үшін мемлекеттің қолдауын арттыра беру қажет. Сапа, кәсібилік, ғылым мен білімнің интеграциясы, білім беру ресурстарына тең қолжетімділігі, педагогтер мен ғалымдардың кадр дайындаудағы жауапкершілігі – осының барлығы инклюзивті білімнің құрамдас бөлігі болып саналады.
ҚР Президенті Жолдаудағы сөзінде: «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін» деп нақты тапсырма берді. Әрине бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. Бірақ елімізде бірнеше ауысымды мектептердің мәселесі мен материалдық-техникалық базасы әлі шешімін тапқан жоқ. Дегенмен биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдау Президенттің алдыңғы реформаларды ары қарай жалғастыру, жетілдіру және проблемаларды шешу бағытына арналатынына сенемін.
Мадина Әшім, республикалық дебат ойындарының бірнеше мәрте жеңімпазы
Abai.kz