Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2001 0 пікір 8 Қыркүйек, 2021 сағат 10:38

Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау

Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Зайырлы елімізде адам құқығы Заңмен қорғалып, оның өміріне қолсұғушылыққа жол берілмейді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында осыған ерекше мән беріп келеді. Биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында да саяси жаңғыру мен адам құқығын қорғауға ерекше басымдық берді.

Президент саяси реформаларды өзгертіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша жүйелі жұмыс жүргізгелі бері елеулі өзгерістер орын алуда. Атап айтар болсақ, митинг өткізу үшін алдын-ала ескерту қағидаты жазылған жаңа заң қабылданды, партиялардың Мәжіліске өту шегі 5 пайызға дейін төмендеді, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Оның қатарында ауыл әкімдерін сайлау да бар. Бұл маңызды қадам болып, соның нәтижесінде ауыл халқының, яғни қазақстандықтардың 40 пайыздан астамының мүддесіне тікелей ықпал етпек. Ендігі жерде аталған жүйе жалғасын тауып, 2024 жылдан бастап аудан әкімін жергілікті халық сайлап алатын болады.

Бұл туралы: «Мемлекеттілігімізді нығайта түсу үшін барлық өзгерісті еліміздің өзіне тән ерекшелігін ескере отырып, біртіндеп жүзеге асырамыз. Бұл – мықты, әділ әрі озық мемлекет құрудың бірден-бір дұрыс жолы. Азаматтарымыз бұл ұстанымды қолдап отыр», - дейді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен адам құқығын қорғау саласын әрдайым жеке-дара бөліп қарайтынымды білесіздер. Біз соңғы екі жылда бұл бағытта едәуір ілгері бастық», - деп атап, құқық қорғау жүйесіндегі елеулі өзгерістерге тоқталды. Ең алдымен, биыл қаңтар айында Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы Екінші Факультативтік Хаттаманы ратификациялау туралы заңға қол қойғанын, енді Қылмыстық кодекстің нормаларын Екінші Факультативтік Хаттаманың ережелерімен үйлестіру керектігін алға тартты. Бұған қатысты тиісті заң жылдың соңына дейін қабылданбақшы.

Ал жақында адам құқығын қорғау жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, онда гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге басымдық берілген. Одан бөлек, сот қызметінің заманауи үлгісі енгізіліп, артық сот үдерістері қысқартылуда. Оған қоса, балаларға, оның ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қарсы жыныстық қылмыстың алдын алу, өскелең ұрпақты есірткі заттарынан сақтау, сыбайластыққа жол бермеу, адвокаттардың құқығын қорғауға қатысты пәрменді тапсырмаларды жүктеді. Сол арқылы адамдар құқығы қорғалып, қауіпсіздік қамтамасыз етілмек.

Жалпы, саяси реформаларға елеулі өзгерістер енгізу халықты мемлекет басқару ісіне барынша тартуға оң ықпал етсе, адам құқықтарын қорғау саласын жетілдіру қауіпсіз қоғам қалыптастырудың алғышарты болмақ.

Сақбекова Әдемі, саясаттанушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391