Байденнің уәдесі, Қытайдың ескертпесі
АҚШ президенті Джо Байден Қытаймен қырғи-қабақ соғысқа ұмтылмайтынын айтты. Ол бұл туралы бейсенбіде Балтиморда өткен қоғамдық жиналыста мәлімдеген.
«Мен әлемнің өзге басшыларымен салыстырғанда Симен көп келіссөздер жүргізген едім. Сіздер адамдардың Байден Қытаймен жаңа қырғи-қабақ соғыс бастағасы келеді деген сөздерін естіп жүрсіздер. Мен Қытаймен қырғи-қабақтыққа барғым келмейді. Мен Қытайдың бір дүниені нақты түсінгенін қалаймын: Біз шегінбейміз және өз көзқарасымыздан ешқашан бас тартпаймыз», - деді Байден.
Байден тілшілердің «Қытай Тайваньға басып кірсе, оны АҚШ қорғай ма» деген сұраққа да жауап берді. «Әлбетте, біздің өз міндеттемелеріміз бар», - деді ол.
Байден жиын барысында Ресей мен Қытай әскерінен қорқудың қажет еместігін де айта кеткен.
«Қытай, Ресей және бүкіл әлем бізде аса қуатты әскердің барын жақсы біледі. Басқа державалар бізді басып озады деп қорықпаңыздар. Уайымдайтын бір-ақ нәрсе бар. Олар елеулі қателіктерге итермелейтін шаралар қабылдауы мүмкін», - деді президент.
Қытай билігі болса, АҚШ-ты жағдайды ушықтыруда деп айыптап отыр. Қытайдың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Чжан Джун Америка Құрама Штаттарын Қытайдың ішкі істеріне араласпауды, Тайвань туралы шу шығаруды және Қытайдың егемендігі мен территориялық тұтастығына нұқсан келтіруге тырысуды тоқтатуға шақырды. Ол мұндай әрекеттің аса қауіпті болуы мүмкін екендігін де атап өтті.
«Әлемнің кей елдері Тайваньға қатысты шу шығарып, Қытай суверенитеті мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіруге тырысып, ішкі ісімізге араласып отыр. Тайваньдағы демократиялық партиялар да Тайвань тәуелсіздігі дегенді көтеріп отыр. Алайда бұның барлығы қате және дұрыс емес. Олар ешқашан оған қол жеткізбейді. АҚШ кейде жағдайды ушықтыратын әрекеттерге баруда. Вашингтон ондай әрекеттерден аулақ болуы тиіс», – деді Чжан. Оның айтуынша, АҚШ қақтығыс болса одан ешқандай өзіне тиімді пайдана көрмейді, ал Қытай әскері сыртқы қауіптерге дайын дейді.
Тайванның ұлттық қауіпсіздік бюросының басшысы Чэнь Митун алдағы бір жыл ішінде Қытайдың соғыс ашуы екіталай деген пікірде. Ол Бейжің оған дайын емес деген ойда. Бұған дейін Тайвань қорғаныс министрі 2025 жылға қарай Қытай Тайваньға басып кіретініне сенімді екенін мәлімдеген болатын.
Қытай билігі соңғы екі ай ішінде Тайвань маңында қауіпті маневрлар жасауға көшті. Екі ай ішінде Тайвань әуе кеңістігін Қытайдың барлаушы және шабуылдаушы 150 ұшағы бұзып кірсе, 54 кемесі Тайвань су айлағына кіріп кеткен. Жағдай соңғы 40 жыл ішіндегі ең қауіпті шиеленіс шегіне жетті.
Abai.kz