Сенбі, 11 Шілде 2026
Әдебиет 778 0 пікір 9 Шілде, 2026 сағат 13:58

80-жылдардағы Қытай әдебиетінің ауаны

Сурет: сайт мұрағатынан алынды.

1976 жылы он жылдық "мәдени революция" аяқталып, Қытай ресми түрде шекарасын әлемге ашты. 1978 жылдан бастап реформалар мен ашық есік саясатын жүзеге асырды. Коммунистік партия өз ұлтының жағдайына сүйене отырып, ғылыми және ұтымды түрде шешім қабылдап, партия мен елдің назарын жаңа кезеңге, яғни, "таптық күрестен" "экономикалық құрылысқа" ауыстырды. Бұл перспективадағы өзгеріс және саяси жағдайдың тұрақтануы сөзсіз әдеби ортаға, жазушылардың шығармашылық бағытына өз әсерін берді.

Дэн Сяопин басшылығындағы Қытай Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің 11-шақырылымының III пленумы ( 18-22 желтоқсан 1978 жыл) және де Бүкілқытайлық әдебиет пен өнер қызметкерлерінің IV құрылтайы (30 қазан 1979 жыл) болды. Құрылытай тақырыбы "繁荣文艺创作 - әдебиет-көркемөнер жасампаздығын дамыту" болды. Чжоу Янның (ең ықпалды әдебиет сыншысы, идеолог) баяндама жасады, социалистік әдебиет пен өнерді одан әрі дамыту туралы ұсыныстарын ортаға қойды және соңғы бірнеше жыл ішінде жазылған жақсы әдеби және көркем шығармаларды жоғары бағалады. Бұл жазушыларға бұдан кейін шығармашылық процесте "не жазу керек және қалай жазу керек?" деген сұрақтарға итермелеп, оң рөл атқарды. Мұнда, ең алдымен, экономикалық реформа жүргізуге шақырумен қатар, басшылық зиялы қауымды «сананы азат етуге, ойлауды өзгертуге» шақырды. Осылайша, кезінде қоғамдық өмірден қудаланған зиялы қауымның бұрынғы атақ-даңқын қалпына келтіру үшін жасалған алғашқы қадам болды. Әдебиет мемлекет ісі сондықтан оны жасайтын қаламгерлерді әділ түрде марапаттау, оларға қаржылай сыйлық беру мәселесі ортаға қойылды.

Қытай жазушылар одағы ең үздік романдарға Мау Дүң атындағы әдеби сыйлық, тарихи дастандарға Яау Шүегін атындағы әдеби сыйлық, кино саласындағыларға Ша Ян атындағы әдеби сыйлық, драма майталмандарына Цау уй атындағы сыйлықты беруді ұйғарды, сонымен бірге Бейжиңдік шығармаларға Лау Шы атындағы әдеби сыйлық, повесть, очерк, өлең, сан ун, араласпа жанрдағы шығармаға, аударма майталмандарына Лу Шүн атындағы әдеби сыйлықты беруді бекітті. Мұның ішінде Мау Дүн және Лу Шүн атындағы сыйлықтар мемлекттік деңгейдегі өте үлкен сыйлықтар. Сонымен қатар өлке (район) деңгейінде Жау Шаули, Биң Шын, Го Моро сынды қаламгерлер атындағы әдеби сыйлықтар да тағайындалды. Бұл әдебиет сахнасына жақсы туындылармен бірге жаңа ағымдарды алып келді. Жаңа әдеби газет-журналдар пайда болды.

1980 жылы партия Орталық Комитеті "文艺为人民服务,为社会主义服务 әдебиет пен өнер халық пен социализмге қызмет етеді" деген жалпы ұранын ұсынды. Осы ұрандардан кейін қытай әдебиетшілері «жаңа әдебиет» жасауға талпынды. Қытай әдебиеті “伤痕-жаралы әдебиет”, “反思-кері ойлау” “改革文学-реформа әдебиеті”сынды кезеңдерден өтіп, жаңа ағым “寻根文学-тамырын іздеушілер” әдебиетіне ұласты, осыдан кейін қытай әдебиетінде үлкен өзгерістер басталды.

Тарихи оқиға ретінде 1984 жылы қарашада Ханчжоуда (杭州) өткен "新时期文学的回顾与预测-Жаңа дәуірдегі әдебиет: шолу және болжам" атты конференциясы үлкен маңызға ие болды. Осы конференцияда «сол заманғы әдебиет қай бағытқа бет бұру керек, әдебиетте қандай тақырыптар көтерілу керек» сынды сұрақтар талқыланылып, ұсыныстар айтылды. Кездесуде 1985 жылдан кейінгі тілдік мәселелер, релятивизм, даосизм және мәдени дәстүрлер, сондай-ақ модернизм сияқты көптеген өзекті тақырыптар қозғалды. Қатысушылар негізінен жас және орта жастағы жазушылар мен сыншылар болды, олардың бастылары: Хан Шаогун(韩少功), Ли Туо(李拓), Чжэн И(郑义), Ачең(阿城), Ли Ханю(李杭育), У Лиаң(吴亮), Ли Чиңси(李庆西), Ли Хоңчжэн(季红真), Хуаң Цзыпиң(黄子平), Сюй Цзэдуң (许子东), Чэн Сыхэ(陈思和) сынды әдебиет өкілдері еді, кейінірек олар “知青作家”-Білімді жас жазушылар деп аталды. Ол кезде конференцияның нақты формасы және белгілі бір тақырыбы болған жоқ, тек барлығы өздерін толғандыратын әдеби мәселелер бойынша пікірлесті және әдебиеттегі қазіргі жағдай мен болашақта не жазу туралы өз ойларын білдірді. Алайда, осы кездесуде бәрінің ойындағы тақырыптың бірі - мәдениетті әдеби мүдделердің қатарына қосу, сонымен қатар Батысқа еш негізсіз еліктеуді тоқтату, шығармада адам өмірін нақтылап, тереңдете жазуды бастау, сонымен бірге "Қытайдің ішкі проблемасына" көп көңіл бөлуді дәріптеді. Кездесу барысында А Чэнның «棋王-шахмат королі», Маркестің  «百年孤独-Жүз жылдық жалғыздық» және Ма Юанның «冈底斯的诱惑 -Гандистің азғыруы» сынды шығармалар көпшіліктің назарын аударып, талқыланды. Жазушылар Нобель әдебиет сыйлығын алған «百年孤独-Жүз жылдық жалғыздық» романы негізінде әдебиетті ұлттық мәдениетті дәріптеу мақсатында жазуға шешім қабылдады. "Жүз жылдық жалғыздық" романы Қытай жазушыларын Латын Америкасы мәдениетінің сиқырлы өрнегімен таң қалдырды, сонымен қатар олар өздерінің танымал және дәстүрлі мәдениетін осы романға сүйене отырып зерттей бастады. Осылайша, Латын Америкасындағы сиқырлы реализмді салыстырмалы зерттеу аймақтық мәдени зерттеулердің тағы бір бағытын қалыптастырды. Мысалы, Дэн Нан (邓楠) жаһандану жағдайында ұлттық әдебиет пен ұлттық мәдени сәйкестіліктің ұқсастығын растады, содан кейін олардың арасындағы айырмашылықтарды теориялық инновациялар, метафоралық және символдық әдістерді қолданып анықтады, шығармадығы әңгімелеу әдісіндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтарды қарастырды және дінге деген көзқарасын білдірді. Локализацияға баса назар аудару және өзіндік ерекшелікке ұмтылу, осы арқылы ұқсастықтар мен олардың арасындағы айырмашылықтарды терең түсінуге жол ашты. Тарихи жағдайлардың шектеулеріне байланысты, "Жүз жылдық жалғыздықты" зерделеу барысында қытай жазушылары жазу дағдылары мен тақырыпты таңдауға тым көп көңіл бөлді және ұлттық мәдениеттегі үлкен жетістіктерді білдіру үшін қолданған әдістері үшін бұл жақсы сынақ болды. Дегенмен, қытай жазушыларының көкейінде "Жүз жылдық жалғыздық" романы секілді Нобель сыйлығын жеңіп алу деген мақсат тұрды.

Кездесуден кейін жазушылар бір уақытта "мәдениет" және "ұлт тамыры" туралы теориялық мақалалар жариялады. Олар қытай әдебиеті әлемдік әдебиетпен диалог жүргізу үшін ұлттың мәдени тау жыныстарына терең бойлап кең және терең мәдени қазба жұмыстарын жүргізу керек деп санады; Модернизация процесінің әсері оларды ұлттық мәдени рухтың "шығу тегі" (заттардың "тамыры") іздеумен дәстүрге қазіргі көзқараспен қарауға мәжбүр етті. Өткен әлеуметтік және саяси себептерге байланысты бүлінген ұлттық рухты қалпына келтіріп, "модернизация"процесінің берік негізін қамтамасыз ету керек деген тұжырымға келді.

1980 жылдың ортасына қарай әдебиеттің дамуының жаңа сатысына көтерілуі байқалды. Бұндай бетбұрысқа қытай қоғамының шетелдің әдеби аудармаларымен және батыс мәдениеті жөніндегі еңбектермен, философиясымен, өнерімен танысуы болды. Бұл өзгерістер әдебиеттегі жаңа рухтың пайда болуына себепкер болды. Бірнеше ондаған жылдықтардағы әлем әдебиетінің даму процесінен шеткері қалған қытай әдебиеті тек 1980 жылдың ортасына қарай белсенді «қабылдаушы» рөлін ойнай бастады. Батыстың әлем әдебиетіндегі қалыптасып қойған даму сатыларын тез үйреніп, өздерінің қалып қойған жерлерін аз уақыттың ішінде жедел түрде толтыруға кірісті.

Бәрінен бұрын, жаңа сана ағымына және творчестволық тәсілдерге ілтипат білдірген ақындар болды, оған дәлел 1980 жылдың басында модернистік тәсілдерді белсенді  қолданатын «朦胧诗派тұманды поэзия» ағымы пайда болды. Оның негізгін қалаған Гу Чэң, Бэй Даолар болды. Жаңа поэзияның өзегі болып, 1980 жылдың ортасына қарай «жаңа толқын поэзиясы» қалыптасты, бұл ағым өз арнасын кеңейтті. Оның дарынды өкілдеріне Цзян Хэ, Шу Тин және Лян Сяобин болды. Осы кезең поэзиясының сипаттамасына адам тағдырына бүкіл әлемдік көзқарас, адам мен табиғаттың философиялық санаттық үйлесімділігі, олардың қатар өмір сүруі мен өзара әсері кіреді. Сонымен қатар, ақындардың назары өз шығармашылықтарында көрініс берген мифтер мен аңыздарға, мәдениет мұрасына ауды.

Осыған ұқсас тенденциялар көркем проза саласында да көрініс берді.

Жастық шақтары шалғай жатқан таулы ауыл-аймақтарда өткен жазушылар қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі және мәдениетін байланыстыра отырып жазды. Бұл топта Мо Ян, А Чэн, Цзя Пинва, Ли Ханъю, Чжан Чэнчжи, Ван Аньи деген жазушылар жарқ етіп көрінді. Дәл осы уақытта сюжетті прозада модернизмді «қара қалжың», «сана ағымы» сияқты әдістеріне сай қабылдаған жас жазушылар пайда болды. Бұл жас жазушылардың қатарына Лю Сола, Сюй Син, Чэнь Жань деген жазушы ханымдар пайда болды. Олардың шығармашылықтарында өмірге деген реніш, әке мен бала арасындағы қатынаста мораль және адамгершілік деп ескі дәстүрді ұстанған көзқарасқа наразылықтарын байқаймыз. Мо Янның, Цань Сюэнің, Ма Юанның, Ван Шоның, Су Туңның, Юй Хуаның, Чэнь Цуняның шығармашылықтары модернизм мен постмодернизмнің тәсілдерін қайта жасаудың жаңа белесін көрсетті. Олардың авангардты прозасын айрықша дербес стильде және тілдің шұрайлығы ерекшелеп тұрды.

1980 жылдың ортасына қарай қытай драмасы саласында да жаңа жетістіктер, «эксперименталды театр» деген құбылыстар пайда болады. Дәстүрлі қытай реализмін, оның батыстық үлгілерімен ұшырасқан кезіндегі, қайта қалыптастыру, және әдебиеттің жаңа көркем тәсілдермен танысуы қазіргі қытай әдебиеті драмасын едәуір жаңа сатыға шығарды. Алғашқы «эксперименталды драмалардың» қатарына Ша Есинның, Цзин Фусяның, Ма Чжунцзюанның пьесаларын жатқызамыз. Эксперименталды драманың одан әрі дамуына қатты әсер еткен Гао Синцзянның  модернизмнің айқын кескіндерін көрсеткен «Автобус аялдамасы» деген пьесасы болды. Кейінірек Гао Синцзян өзінің талантын көркем прозада да көрсетіп, 2000 жылы бірінші қытай жазушысы ретінде Нобель әдебиет сыйлығына ие болады. Қытайда 1980 жылдың ортасына қарай Гао Синцзяннан басқа Лю Шуган және Ван Пэйгун деген сияқты драматург-экспериментаторлар өздерін көрсете білді. 1980 жылдың екінші жартысында драматургияда мазмұнының шынайылығы модернизмге тән көркем техникамен үйлесе білді.

1980 жылдың соңына қарай шыққан шығармаларда үйлесімді өмір сүрген көркем тәсілдерді алу және ұлттық әдеби дәстүрлер, басында қытай сыншылдарының кейбір терминологиялық келіспеушіліктерін тудырған, алайда ол әдебиеттің көпбағдарлы бейнесін көрсетті. Әдебиет шынайы өмірді бейнелеуге, әлеуметтік өзгерістер мен халықтың тұрмысын шынайы көрсетуге бағытталды. Жазушылар заманауи өмірдің ағымын сезініп, қоғамның әртүрлі қырын көркем шығармалар арқылы жеткізді. Қалалардың қарқынды дамуы мен ауылдық жерлердегі реформалардың ауқымдылығы, қарапайым халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен ірі әлеуметтік мәселелердің талқылануы – осы кезеңдегі реалистік әдебиеттің басты тақырыптары болды. 1980 жылдың екінші жартысындағы авангардтық прозаға қарағанда, әдеби тілде күрделендірілген және астарлы стильден шегіну байқалды. 1990 жылғы шығармалардың көпшілігінің тілі халықтың шынайы тілінің көрінісін берді, кейде біраз тұрпайы, дегенмен де халықтың жүрегіне бірден түсінікті, жете қоятын тіл болды.

Тақырыптық тұрғыдан, реформа үдерісін сипаттау маңызды ерекшелікке айналды. Мысалы, Цзян Цзылунның «Чжао фабрика директоры қызметке кірісті»атты шығармасы реформа дәуірінде пайда болған жаңашыл тұлғаларды бейнелеп, ескі мен жаңаның қақтығысын айқын көрсетті. Бұл шығарма өзгерістерге ұмтылған жандардың батылдығын сипаттай отырып, сол кездегі қоғамның жаңаруға деген ынтасын бейнеледі. Сонымен қатар, қоғамның төменгі таптағы адамдардың өмірі туралы жазылған шығармалар да өзектілігін жоғалтпады. Лу Яоның «Қарапайым әлем» атты романы заман ағынында қарапайым адамдардың басынан өткен қиындықтарды кең көлемде суреттейді. Шығармадағы Сунь Шаоань, Сунь Шаопин сияқты кейіпкерлер арқылы жазушы кедейлік пен қиыншылықтарға қарсы күрестің көрінісін шебер жеткізіп, адамның жігері мен рухани сұлулығын бейнелейді. Бұл туынды қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарының өмірі мен рухани болмысын терең түсінуге мүмкіндік береді.

1980 жылдан кейінгі әдебиеттің қайта құрылуының алғашқы кезеңіндегі барлық әдебиетшілерді екі топқа бөліп қарастыруға болады: шығармашылыққа қайта оралғандар және жаңадан бастаушылар. Алғашқы кезеңде әдебиетшілерден қызуқандылық байқалды, себебі олар өз дәуірінің құрған торына түсіп қалған аңдар секілді болды. Ортақ тақырыбы өздері көрген трагедиялық тақырып болды. Әсіресе, «шрамдар ағысын» құрып, одан кейін ол «бұрынғы туралы ой-толғанысқа» айналған көркем прозада көрініс берді. Оның негізгі өкілдері Ван Мэн, Цун Вэйси, Фэн Цзицай, Чжан Сянь, Гао Сяошэн, Чжан Сяньлян, Ли Говэнь болды.

Реформаларға арналған курстардың пайда болуы қоғамда соған сай саяси-экономикалық басымдылықты құрылуына алып келді. Сол себептен Қытайдың әдебиет саласындағы  саяси мәселелердегі шындықтың айтылуы таңғаларлық жағдай емес. Елдегі қайта құрылу – реформалар туралы түсініктерді арқау еткен әдебиет ағымы пайда болды. Оны алғашқы өкілі Цзян Цзылун болса, «реформа әдебиетінің» жарық өкілдерінің ішінен Кэ Юньлуның, Чжан Цзеннің, Ли Говэняның, Гао Сяошэннің, Чжан Сяньлянндар еді, олар өмір жолдарындағы қиыншылықтары мен жетістіктерін бейнелеген еңбектерін атауға болады.

ХХ-ғасырдың 90 жылдарынан соң Қытай мүлде үлкен өзгеріске ұшырады, сауда-саттық экономикасы жанданды, қытай халқының егістік егуге деген махаббатын сауда-саттыққа деген қызығушылығы басып түсті, барша қытай ұлты жаңа нарықтық көзқарастың ішінде өмір сүрді, «Даму деген дау жүрмейтін шындық», «жалпы халықтық ішкі өнім» деген көзқарасты және ғылым арқылы даму бағытын ұстанды, үздіксіз реформа жасау, үздіксіз ортаға бейімделу, үздіксіз алға ілгерілеу деген сияқты түрлі бағыттарда ұрандатты. Осы заман қытай әдебитінде орасан зор өзгеріс пайда болды, бұнда адамдар танымдық жақтан төмендеп, сауда-саттық  экономикасының жетегімен тұтыну мәдениеті қалыптастырды, осылайша осы замандағы мәдениетте, әдебиетте адамдық құқық, азаматтық сана мәселесі көтерілді, шетелде тұратын қытай жазушылары мен шетелдік күштердің ықпалында әдебиет көп бағдарлылыққа бейімделді, адамдардың гуманитарлық рухани сұраныстары сөз бола бастады, әдебиетте ішкі ирімдер төмендеп, бүгінгі жаргон сөздер ене бастады, тұтыну мәдениеті, әдебиетте түрлі түсті ой-толғамдар бейнеленетін болды, жаңа ғасырдың жаңа мәселелері көрініс таба бастады. Әдеби шығармашылықта жазушыларға өз ойындағысын еркін жазуға толығымен мүмкіндік берілді, әдебитте бүгінгі күннің ұсақ-түйек тақырыптары және замандану деп ұятсыздау дүниені жазу өз алдына үрдіске айналды. Сонымен қатар бүгінгі күннің тұтыну мәдениетін дәріптеу басты назарға ұсталды.

ХХ-ғасырдың соңғы мезгілдерінде тек төмен қарап алып кітаби жазғыштықтық өзгеріп, нақты болған істер ғана жазылып, ақпараттық, дидакатипті шығармалар жарыққа шықты. ХХІ-ғасырда жазушыларға материялдық қажет қамтамассыз етіліп, оларға рухани, қоғамдық мәселелерге шындап кірісуге мүмкіндік берілді. Сол себепті де әдебиетке қазіргі заман мәдениеті қатты әсер беріп, әдебиетте көп бағдарлылыққа жол берілді. 1990 жылдарда әдебиет теориясы туралы талас болды, әдебиет жанрларын толықтыратын сахналық қойылымдар, кино, ғаламтор әдебиеті жаңа жанр ретінде қалыптаса бастады.

ҚХР-ның жан-жақты реформаларды жүргізуі 1990 жылдары нарықтық экономиканың қарқынды өсуіне алып келді, ол өз кезегінде қытай әдебиеті тәжірибе жүзінде массалық мәдениеттің көрінісімен соқтығысты. Сол уақытта қытай қоғамының жаңа мазмұнға толы қытай әдебиеті барлық көп түрлі көркем формаларды қолданатын дара шығармашылықты алдыңғы қатарға шығарып, гүлденуге өтті.

Әдебиетті қарапайымдыландыру Қытай шығармашылығында қарапайым адамның тағдырына дәстүрлі түрде көңіл бөлу, халықтың өміріне ешқандай да әсірелемей қарау, күнделікті тіршілікті шектен тыс тәптіштеп жазу-неореализмнің дамуына алып келеді. Әдебиеттану мұндай сипатқа ие шығармашылықтарға табиғилық реализм терминін қолданады. Осындай экзистенциалды прозаның жарқын өкілдері болып Фан Фан, Чи Ли, Лю Чжэньюнь, Лю Хэн, Цю Хуадун деген жазушылар болды.

1990 жылдары Қытайда ең алғаш өз шығармаларын көптеген табынушыларының әділ сотына шығаратын «әдебиет желісі» пайда болды.

1990 жылдарда мақсаты көрермендермен тығыз эмоционалды көпір құру, кіші театрлар үшін қозғалыстар байқалды. Эксперименталды театрлар бұл кезде постмодернистік драматургияға сүйенді. Бұл салада бағыт беріп отырған Мэн Цзинхуй мен Го Шисин болды. Ал қалған ұстанымдар неореализмді қолдаушылардың қолында болады.

1990 жылдары публицистикалық шығармашылық сахнаға шықты. Басқа жанрларда жүрген көптеген авторлар публицистикалық бағытқа ауысты. Бұл жанрда Юй Цю, Чжан Чэнчжи және Цзя Пинваның еңбектері ерекше айтылады. Соңғы он жылдықтағы әдебиет ерекше динамикалық және жемісті дамуын көрсетті, сол себептен, өткен онжылдықты – қытай әдебиетінің дамуының ең маңызды кезеңі деп айтуға әбден болады.

Нұрхалық Абдырақын,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Қытайтану кафедрасының ассистент профессоры

Abai.kz

0 пікір