Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 3176 5 пікір 5 Қараша, 2021 сағат 13:21

Тоқаевтың үндеуі: Өзгеріс желі мен Қытай қатынасы

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың IV халықаралық импорттық тауарлар көрмесінің ашылу салтанатында бейне үндеу жасады.

Бейнеүндеуді Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай өз тарихындағы маңызды даталарға – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 100 жыл толуына жақындағанын еске салып, сөз бастады. Екі айдан кейін Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Қасым-Жомарт Тоқаев өзара тиімді екіжақты ынтымақтастық кең-байтақ Еуразия континентінде бірлескен даму мен өркендеуге жол ашатынын, елдер арасындағы өзара іс-қимылдың берік іргетасы болып табылатын сауда-экономикалық қарым-қатынастар алдағы уақытта да дами беретінін атап өтті. Президент сондай-ақ коронавирус шектеулері жақын арада алынып, елдер арасындағы сауда бұрынғы күшіне ие болады деп үміттенетінін айтты.

"Өте қиын кезеңге қарамастан, әлем үшін қиын болған 2020 жылдың өзінде екіжақты тауар айналымы бес пайызға артып, 15 миллиард доллар қаржыны құрады. Қытай тілінде "Өзгеріс желі соқса, біреулер қабырға салады, енді бірі жел диірменін тұрғызады" деген мақал бар. Біз пандемия салдарынан туындаған Қазақстан-Қытай шекарасындағы уақытша шектеулер жақын аралықта ашылып, тауар айналымы толық қалпына келеді деп сенеміз" , - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ұлы Жібек жолының тарихын да ұмытқан жоқ.

"Бұл ежелгі сауда жолы Си Цзиньпиннің "Бір белдеу, бір жол" ауқымды бастамасының арқасында қайта жанданды. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға жыл сайын 500 мыңнан астам контейнер тасымалданады. Құрық теңіз порты іске қосылғаннан кейін Ляньюньган-Карс көлік дәлізі бойынша Қорғастан Ыстамбұлға жүктерді жеткізу мерзімі бес есеге – 60 күннен 13 күнге дейін қысқарды. Біз Қорғастан басқа көршілес елдермен жаңа трансшекаралық хаб құрудамыз", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүкіл әлемді шарпыған коронавирустық індет жаһандық сауда байланыстарына айтарлықтай нұқсан келтірді. Сондықтан Қазақстан тұрақты транзиттік бағыттарды нығайту және әртараптандыру, инновациялық логистикалық тәсілдерді енгізу үшін барлық мүдделі тараптармен тығыз жұмыс істеуді жалғастырады.

"Бүгін ашылған Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесі шын мәнінде әлемнің түкпір-түкпірінен экспорттаушыларды біріктіретін орталыққа айналды. Бұл айтулы шараға әлемнің 120-дан астам елінің өндірушілері қатысуда. Бұл Шанхайдағы көрменің Қытайдың алып нарығына "алтын қақпа" қызметін атқаратынын айқын көрсетеді. Көрмеге Қазақстанның 30 ірі тауар өндірушілері қатысуда. Олар 100 миллион доллардан асатын азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге келісім-шарттар жасайды деп күтілуде", - деді Мемлекет басшысы.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы Шанхай көрмесіне қатысушыларға сәттілік тілеп, өзара тиімді сауда қатынастарының көкжиегі кеңейе түсетініне сенім білдірді.

Қытай мен Қазақстан шекарасында бір ай бойы қиындықтар туындауда. Шекара маңында он мыңнан астам көлік электронды кезекте тұр, ал шекара бекеттерінде тұрған көліктер саны жүздеп саналады. Қытай тарапы оны коронавирустың қайта өршуімен байланыстыруда. Себебі шекаралар тек қана Қазақстан тарапымен емес, Қытаймен шекаралас көптеген елдермен жабылған. Алайда тәуелсіз сарапшылар бұның астарында қысым көрсету пиғылы да жатыр дегенді алға тартады.

Ка Мырза

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406