Парламенттегі Тіл саясаты: Кеше, бүгін, ертең
«... Әрине, ең бір қиын кезеңдерде ұлтты қонжыратпаудың қуатты қаруы болған қазақ тілі бүгінгі азат өмірімізде де ұлтты тұтастандырудың тетігі болуға тиіс».
Н.Назарбаев
Белгілі бір мемлекеттегі тіл саясаты туралы сөз сөз болған шақта ең алдымен оның ұлттық құрамын қаперге алуға тиіспіз. Осы мәселе еліміздегі партиялар тарапынан жіті назарға алынған алынып та келеді. Қазақстан көп ұлтты мемлекеттен бір ұлтты мемлекетке айнала бастағаны дау тудырмайтын шындыққа айнала бастады. Осыған байланысты мемлекеттік тілдің қанат жаюына парламенттегі әр партия өз үлесін қосып жатыр. Бұрын «Қазақстан Халық партиясының» сайтты бір ғана орыс тіліне басымдық берсе, енді мемлекеттік тілдегі материалдары ана тілімізде сауатты да мазмұнды болып сайлаушыларын қуантып отыр https://qhp.kz/kk/ .
Әлемде КХДР (99,1% кәрістер), Оңтүстік Корея (98,8% кәрістер), Жапония (98,5% жапондар), Армения (98,1% армяндар), Бангладеш (98% бенгалдар), Польша (96,7% поляктар) сияқты моноэтникалық мемлекет емес, десек те, 19 млн. аса халқы бар елде, яғни бір шаңырақтың астында саны млн. Асатын қазақ (70,9%) пен орыстан (17,3%) басқа ұзын саны 100 және 50, 30 мыңнан асатын ондаған ұлт өкілдері өмір сүреді. Осы соңғыларын нақтылай айтсақ, өзбектер 3,2%-ды, украиндар 1,5%-ды, ұйғырлар 1,4%-ды, татарлар 1,1%-ды құрайды. Бұған 178 мың неміс, 112 мың түрік, 110 мың әзербайжан, 108 мың кәріс, 72 мың дүнген, 54 мың беларусь, 48 мың тәжік, 46 мың күрд, 33 мың шешен, 30 мың поляк ұлтының өкілдері титулды ұлтпен берекесі жараса өмір сүріп жатыр. 200 мыңнан астам (қырғыз, молдован, еврей, т.б.) өзге ұлт өкілдері және бар. Демек, бір өңірде бір тілділік, қалған жерлерде қос тілділік пен үш тілділік орын алған Қазақстанда тіл саясатына мемлекет тұрғысынан мән бермеу үлкен қателік болар еді.
Осыдан 7 жыл бұрын сол кездегі «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті Айқын газетіне берген сұхбатында: «Елбасымыз, "Нұр Отан" партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында біз мемлекеттік тіл мәселесінде үлкен табыстарға қол жеткіздік. Мемлекет басшысы қазақ тілінің дамуына барлық қажетті құқықтық, ұйымдастырушылық, қаржылық жағдайды жасап берді. Тілдің статусы Конституцияда көрсетілген. Тіл туралы арнайы заң бар. Мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Қыруар қаржы бөлініп жатыр...
... Дегенмен, қолда бар мүмкіндіктерге қарамастан мемлекеттік тілдің жағдайы қоғамда өзінің көкейкестілігін жоғалтпай келеді. Бұл бір жағынан, тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттағы ішкі жағдайдың ерекшеліктерін, басқа да толып жатқан этносаяси және қалыптасқан менталдық факторларды ескерсек, объективті құбылыс. Ал екінші жағынан алсақ, түбінде мәселе өзіміздің, тиісті өкілетті органдардың енжарлығына, науқаншылдыққа әуестігіне, орындаушылық тәртібінің болмауына келіп тіреледі. Бұған БАҚ құралдарындағы сан-алуан мақалалар мен жарияланымдар, ұлт зиялыларының жанайқайы, алысқа бармай-ақ қоялық, партия поштасына толассыз келіп түсіп жатқан азаматтарымыздың хаттары мен арыз-шағымдары куә. Мемлекеттік тіл туралы бағдарламада 2020 жылы халқымыздың 95% қазақша сөйлейтін болады деп межеленді. Ол жөнінде жария түрде айтылды» деген болатын https://qazaquni.kz/news/21395-n-r-otan-memlekettik-tildi-ayalama- .
Енді тіл бағытында партиялар мен мәжіліс депутаттары өз партияларының қазақ тілді көпшілік арасында имиджін қалыптастыруда не істеп жатыр. Осы уақытқа дейін не тындырды деген сауалдарға жауап іздеп көрелік. Қазір тіл саясатына қатысты «Nur Otan» мен «Қазақстан Халық партиясы» либералды, ал, «Ақжол» партиясы өз кезегінде радикалды әм консервативтік бағыт ұстап, әрқайсы өз сайлаушыларының көңілін тауып, жағымды саяси имидж қалыптастыру үстінде.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында, басқа да алқалы жиындарда жасаған баяндамаларында мемлекеттік тілді дамыту мәселесін үнемі басты назарда ұстап келді. 2006 жылғы 11 мамырда «Ана тілі» газетіне берген «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» сұхбатында қазақ тілінің тағдыры, бүгінгі дамуы мен болашағы жайында айта келіп:
«– Үш бірдей мәселені бағдар ғып ұстану керек.
Біріншіден, Тіл туралы Заңды қайта қарап, қажет болса замана талабына сай өзгерістер енгізу;
Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тілі 50 пайыздан кем қолданысқа түспеуі керек.
Үшіншіден, 2010 жылға дейін жасалған Тілдерді дамыту туралы бағдарламаға тиісті толықтырулар енгізіп, әр облыстың мемлекеттік тілге көшу кестесін қатаң қабылау қажет.
Міне, осы шаралар толық іске асқанда ғана Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде деп нық сеніммен айта аламыз» деп мемлекеттік тілдің даму болашағы мен заңнамалық тектіктерін саяси партияларға нақтылап берді.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан тіл саясатын мықтап қолға алды. Тіл саясатына қатысты мәселелер 1997 жылы 11 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заң аясында реттеледі. Ал, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын Тіл саясаты комитеті, өңірлерде Тілдерді дамыту басқармалары бар. Бұған тіл саясатына қатысты қабылданған бағдарламаларды қосыңыз. Дегенмен, елдің ұлттық құрамы да мемлекеттік тілге кері әсер етіп жатқанын жоққа шығара алмайсыз. Айталық, қазақтар аз қоныстанған Солтүстік Қазақстан (49,5%-ы – орыстар, 35%-ы – қазақтар), Қостанай (40,9%-ы – орыстар, 40,7%-ы – қазақтар) облыстарында мемлекеттік тіл мәселесі өзекті саналады. Яғни, тілдерге қатысты бұған дейін қабылданған бағдарламалардың заңды жалғасы саналатын Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы осы мақсатта қабылданды. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, өзге ұлт өкілдерінің тілін дамыту көзделеді. Осы бағдарламалардың жүзеге асуына парламенттегі партиялар өз үлестерін қосты.
Жасыратын жоқ осы Бағдарлама аясындағы жүйелі жұмыстардың арқасында алға қойылған бұл міндеттер біртіндеп орындалып келеді. Осылайша, тіл саясатында оң өзгерістер байқалады. Мысалы, қазақ тіліндегі мектептің саны 1991 жылы 2 768 болса, қазір 3 789 мектеп таза мемлекеттік тілде білім береді. Қазақ балабақшаларының да саны еселеп артқаны қуантады. Олардың саны 1991 жылы 1 748 болса, 2015 жылы 5 709 қазақ балабақшасы тіркелген екен. Бұл алға басқандық деп шүкірлік қылып айта аламыз.
Біздің портал осы орайда кезінде «Нұр Отан» мемлекеттік тіл мен басқа тілдердің дамуын, мәдени әралуандық пен рухани құндылықтарды қолдауды, халықтың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтауды қолдайды! https://abai.kz/post/78877 деп жазған болатын.
Тіл ұлттың негізгі белгісі ретінде халықтың болмыс-бітімінің сақталуында шешуші рөл атқарады, оның рухани мәдениетінің бір бөлігі болып табылады, сондықтан да тіл өзіне деген құрметті талап етеді.
Адамзат тарихының сандаған ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі көрсеткендей қоғам мен мемлекет құрылымындағы күрделі құбылыс – тіл мәселесі болып табылады.
«Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры» деген ұранды ұстанған қазақ халқы ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді. Өйткені ана тілі мәселесі – сол тілде жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, болашағын танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі. Елдіктің негізгі шарттары, түптеп келгенде мемлекет тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенеді.
Ата-бабамыз мұраға қалдырған ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілу жолын сөз еткенде, тарихты айналып өтуге болмайды.
Елімізді ХХ ғасырда жетпіс жыл бойы билеген әкімшіл-әміршіл жүйенің ұстанған ұлт саясаты республикамызды мекендеген халықтардың табиғи даму заңдылықтарына ықпал етіп, туған тілінен, тарихы мен мәдениетінен айрылудың қатерлі жағдайына душар етті.
Қазақ тілінде іс жүргізу мәселесін «Nur Otan», «Ақжол» мен «Қазақстан Халық партиясы» партиясы саяси имиджін көтеруде тиімді пайдаланып жүр.
Біздің порталымыз осы мәселеге қатысты көптеген материалдар жариялап, онда мемлекттік тілдің құлдырауы мен дамуының 70 жылдық тарихын тізбектеді. Енді сол жарияланған материалымыздың ұзын-ырғасын қысқаша төмендегідей тізбектей кетейік. Сонымен...
Қазақ тілінде іс жүргізу мәселесін сөз еткенде, тағы да тарихқа тереңірек үңілуге туралы келеді. Бұл мәселе сонау 1920-30 жылдары оңды шешіліп, бірқатар тәжірибе жинақталғаны белгілі жайт. Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы мен Халық Комиссарлары Кеңесі сол жылдарда конституциялық нормаларға сәйкес қазақ тілінде іс жүргізудің қалыптасуы мен дамуына жәрдемдесетін бірқатар қаулылар қабылдады: Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1921 жылғы 2 ақпандағы «Қазақ және орыс тілдерін республикалық мемлекеттік мекемелерінде қолдану туралы» декреті, 1923 жылғы 20 қарашадағы «Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу туралы» декреті қазақ тілінде іс жүргізудің алғашқы заңды құжаттары болды.
Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті КСРО Орталық Атқару Комитеті Ұлттар Кеңесі Төралқасының 1927 жылғы 26 тамыздағы мәжілісінде жасаған «Республика мемлекеттік аппаратын тұрғылықтандыру туралы» баяндамасында қазақ тілінде іс жүргізудің республикадағы жайын әңгімелеп, оны одақтық деңгейде мәселе етіп көтерді. Қазақ тілінде іс жүргізуді республикалық деңгейде дұрыс шешу мәселесі Қазақ өлкелік партия комитетінің 1929 жылы 11-16 желтоқсанда өткен V Пленумында қаралып, қаулы-қарарында ерекше көңіл бөлінді.
Алайда, ХХ ғасырдың 20-жылдары ортасынан бастап халықтардың тең құқықтығының принциптері, КСРО-дағы ұлттардың өз мәдениеті мен тілін дамыту құқығы шектеле бастады. Тіл саясаты өрескел бұрмаланып, оның орнына Сталиннің ұлттарды ұлттық рухани қазынасынан айыруды көздейтін «біртұтас кеңес халқын жасау» саясаты орнықты. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті халықтың және Кеңес Одағында, соның ішінде қазіргі Қазақстан Республикасында тұратын ұлттық топтардың мүдделері ескерілмей жүргізілді.
Қазақ тілінің индустриясы дамыған республикада жетекші тіл бола алмауына кедергі жасаған объективті және субъективті факторлар болды. Көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов қынжыла жазғандай: «қазақтар ірі кәсіпорындарына бармағандықтан тіліміз өндіріс тілі бола алмады». Сондықтан, Қазақстанның өнеркәсіп саласында орыс тілділердің үстемдігі орнықты.
Ұлы Отан соғысы жылдары, Тың игеру саясаты Қазақстандағы жергілікті ұлт – қазақтарды өз туған жерінде аз ұлтқа айналдырып, қазақ тілінің өрісін тарылтты.
Туған тіл төңірегіндегі келелі әңгіме, тартысты күрес 1989 жылы наурызда өрістеп ақыры 1989 жылы тамызда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық комиссиясы дайындаған «Қазақ ССР-індегі тіл саясаты мен тіл құрылысының концепциясы» жобасы тұңғыш рет жарияланып, «Қазақ тілінің бұрын да мемлекеттік тіл ретінде белгіленгені мәлім, бірақ ұлт саясатындағы қиғаштықтардың салдарынан саяси, мемлекетік, ғылыми және мәдени өмірде лайықты дәрежеде қолданылмай келді,» – деп бұл мәселедегі істің нақтылы жайы ашық атап көрсетілді және «Міне сондықтан да қазақ тілінің мемлекеттік органдарда, қоғамдық ұйымдарда, ғылым, мәдениет, білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінде, қызмет көрсету саласында кеңінен қоданылуына және барынша дамытылуына қазақ тілінде арнаулы орта және жоғары білім алу үшін жағдай жасау, оны үйренгісі келетін жұрттың бәріне мүмкіндік туғызу туралы қамқорлықты республика өз мойнына алуы үшін қазақ тілін қорғау және дамыту мақсатында оны Қазақ ССР-інің мемлекеттік тілі деп ресми түрде, конституция жүзінде тану керек,» – деп қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру мәселесі алғаш рет ресми құжат ретінде жұртшылық талқысына ұсынылды.
Тіл мәселесінің мемлекеттік деңгейде талқыға түсіп, жұртшылық арасында жаппай саяси тақырыпқа айналуы республика көлемінде қазақ тілін мемлекеттік тіл деп тануға себеп болды. Осы талаптар мен ұсыныстар нәтижесінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің сессиясы 1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ ССР-інің Тіл туралы заңын қабылдап, оның 1-бабында «Қазақ тілі Қазақ ССР-інің мемлекеттік тілі болып табылады» /12/ деп көрсетілді. Осылайша, халықтың көптен күткен арманы орындалды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен бұл заң 1990 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енгізілді. Бұл тарихи оқиға 1980-ші жылдардың соңына қарай қоғамдық өмірде орныға түскен әлеуметтік әділет принциптерінің бір жеңісі, қоғамтанушы ғалымдар мен көпшіліктің туған тіл жөніндегі талап-тілектері мен ұсыныстарын аса мұқият зерттеп қорытындылаудың нәтижесі болды.
Республикада Тіл туралы заң қабылданғаннан кейін ғана 1990 жылдың 24 сәуірінде «ССРО халықтарының тілдері туралы» КСРО заңы қабылданып, онда тілдердің құқықтық мәртебесі нақтылы анықталды. Осы заңның 4-бабында: «Одақтас, автономиялы республикалар тілдерінің праволық статусын анықтауға, соның ішінде оларды мемлекеттік тілдер ретінде белгілеуге праволы» деп атап көрсетілді.
Қазақ тілінің мәртебесін жүзеге асыруға елеулі ықпал еткен фактор оның мемлекеттік мәртебесінің Қазақстан Республикасының 1993 жылғы қаңтарда қабылданған Негізгі Заңы – Конституциясында нақтылануы болды. Онда «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп танылды. Бұл бап Қазақстан Республикасының жаңадан қабылданған 1995 жылғы Конституциясында да қайталанды.
Осы орайда «Ақжол» партиясы тарапынан үнемі айтылатын қазақ тілі республика азаматтарын топтастырудың мықты іргетасы болары кәміл. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрметтеуге, оны үйреніп, білуге бейім болғаны абзал. Өйткені, қазақ тілі - еліміздегі халықтардың басым бөлігінің тілі. Болашақта мемлекеттік тіл ретінде оның мәртебесі біздің елімізде қоғам биігінен көрінуге тиіс.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді жетік меңгерген мамандар барлық салада толық қамтамасыз етілді деуге әлі ертерек. Қай тұлғаның болса да жұмысқа қабылданар алдында мемлекеттік тілді білуі және іс қағаздарымен жұмыс жасай алуы туралы мәселелер ескерілер болса, біршама атқарылар шаралар өзінің оң шешімін табатыны сөзсіз.
Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметте бірлі-жарым кісі ғана емес, барлық адам білуге міндетті. Мемлекеттік тілді білмейтінге мемлекеттік қызмет бермеу керек. Ол бұл қызметке әлі дайын емес, оның өзі азаматы болып табылатын елдің Ата заңын, мемлекеттік тілін, ел иесі – ұлтты сыйлау сезімі оянбаған. Ол – шектеулі ғана қабілеттегі менмен адам. Ол бұл елді Отаным деп сезінбейді. «Уақыт керек» деген сөз - алдамшы сөз деген пікірлері жұртшылықтың ыстық ықыласына бөлене бастады.
Қазақстандағы 2009 жылғы санақ 1,8 млн өзге ұлттың мемлекеттік тілді меңгергенін көрсетті. Ал, қазақ тілін үйренушілер қатарының артуына 2008 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Мемлекеттік тілді дамыту қоры да өзіндік үлесін қосып келеді. Қор құрылғалы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған 200-ден астам іс-шара мен қоғамдық жобаларды жүзеге асырды. Бұған елімізде тұңғыш рет қазақ тілін онлайн режимінде тегін үйрететін «Soyle.kz» интернет-порталы, «Tattialma.kz» танымдық балалар әдебиеті сайты, «Abaialemi.kz» тұңғыш энциклопедиялық онлайн порталы, «Qazaqstan 3D» веб-сайты мен мобильді қосымшасы, «Кім білгіш?» атты тұңғыш интеллектуалды мобильді ойыны, смартфондар мен планшеттерге арналған латын әріптерімен қазақша пернетақта «Qazaq Latyn Keyboard», іс қағаздарды, ресми құжаттарды мемлекеттік тілде сауатты әзірлеу және еркін жаза білуге үйрететін «Resmihat.kz» ақпараттық-анықтамалық порталы жатады. Саяси партияларда осы бағытта өз үлестерін тиісінше қосып жатыр.
Осылайша, азаттық алған 30 жылда Қазақстанда тұратын ұлттардың тіліне назар аударылып, мемлекеттік тілге басымдық беріліп келеді. Сөйтіп, 10 аса ірі диаспора өкілдеріне құт мекен болған Қазақстанда партиялар Тіл саясатын жіті назарда ұстап, өз сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыратын ахуал қалыптастырып отыр. Оған тіл саясатына қатысты Қазақстанда қабылданған заңдар мен бағдарламалар дәлел бола алады. Ал, жылдан жылға қазақ санының артуының парламенттегі партиялар тарапынан осы бастан ескеріле бастауы түбі мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонатынына оларға өз дауысын берген қазақ тілді ортадағы сайлаушылар жүрегіне нық сенім ұялатады.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz